Мың естігеннен бір көрген артық

Күнделікті дағдым бойынша ұйықтар алдында телефонға тағы бір қарағанымда, досымның «Мен  Катонқарағайға баруға билет алып қойдым»-деген жазбасын көрдім де ізгі тілектеріммен қоса смайликтерді жаудырып жібердім. Ертесі ұйқыдан ояна салып, досымның «Бізбен бірге жүр, үлгіресің! группа болуға бір адам кем болып тұрмыз» деген сөзін оқи сала,  сайттан сол ұшаққа билет алдым. Бала-шаға және сан мың тірлікті қайыра салып,, бірден билет алудағы себебім, көптен көкейде жүрген таңсық та таңғажайып мекен – Катонқарағайды көру үшін еді.

Тамыздың екінші жұлдызы таң сәріден Астана әуежайынан ұшқан екеуімізді Өскемен әуежайында тағы бір досымыз күтіп тұр екен. Шағын әуежай шүлен шұғылаға малынып, қонақтарды мамыражай қарсы алып тұрғандай.

Қарт Ертістің бойындағы сәнді қонақ үйге  досымыздың біраз затын алуға бола бұрылдық. Қонақ үйдің кіреберісінде даңғырлап сөйлеп елдің назарын аударған бір шоғыр аспан асты елінің қонақтары кездесті.

Катон мен Өскеменнің арасын «қауындықтың жолына» айландырған майталман шофер әп-сәтте көлігін жүйткітіп, қаланың шетіне ілінді.

Сапардың дайындығымен түні бойы көз ілмеген біздердің шаршаған жанарымызға ұйқы қанша тығылғанымен, аспаны нұрға , даласы дәнге тұнған, саф ауасы тәнге дауа болған мұғжиза табиғат өзіне еріксіз баурап барады…

Жол бойы шоферден елдің , жердің жәйін сұрай отырдым. Іштей тәңіріме сыйынып, қазағыма осыншама дарқан дала, құт мекен сыйлағанына алғыс жаудырып келемін. Арғы беттен келген 9 жылдан бері тек түсімде көретін туған жерімді өңімде көріп тұрғандаймын. Менің туған жерім - Іле облысының жаратылысы да осындай көркем. Облыс орталығы - Құлжа қаласынан шығып аудан орталығына, одан төр жайлауға барғанша ұқсас 5 сағат уақыт кетеді, жол бойы да дәл осындай жазиралы дала, жыра-жықпыт, тау-өзен…

Группамыздағы төртінші серігіміз - Индира ханым бізді Катондағы қара шаңырағында күтіп алды. Қарағайдан салынып, ғасырға жуық уақытты еңсерген еңселі үй сыры кетсе де сыны кетпеген жиһаздарымен, сарғайып кеткен кітаптарымен кісіні баурап, үй иелерінің тектілігін аңғартқандай… Қазір осы үйді ұстап отырған, ұлағатты ұстаз , құрметті зейнеткер - Айнұр ханыммен танысып әңгімелесе келе түйсігімізге тіпті де көз жеткіздік. Айнұр тәтенің қуырдағы, Катонқарағайдың жерлік өнімдерінен дайындаған дәмді асы таңдайымызда, айтқан әдемі әңгімесі жадымызда қалды.

Санаулы күндерімізді мәнді де сәнді өткізу үшін жол жобамызды тастай етіп алғамыз. Екінші күнді киелі Қаракөлді серуендеуге арнадық. Әрқашанда бағалы затқа қол жеткізудің михынаты мол болады емес пе! Қаракөлге баратын жол да сондай екен. Кейде осылай болғаны да дұрыс шығар деп ойлайсың, өйткені екі аяқты мақұлықтың жүрген жері бүлініп кетеді ғой….

Қаракөл аты затына сай екен. Теңіз деңгейінен 1656 метр биіктікке орналасқан көлдің ұзындығы 7 км, ені 0.7 км, тереңдігі 6-7м, жан-жағы орманмен көмкерілген тау жоталарымен қоршалған. Көз алдан Қазақстан, Ресей және Қытай шекарасына орналасқан Достық шыңы менмұндалайды. Айбарлы мұзтау үнемі бұлт жамылып жататындықтан, саяхатшыларға әредікте бір көрінуімен сырлы да сыйлы болыпты. Біз барғанда да табиғат сан құбылып, бірде Аспан-әке көз жасын төксе, бірде Күн-күйеу шұғыласын шашып, пенделерін тәнті етті. Күн салқындау болса да айнадай мөлдір көл суына шомылып, су иесі Сүлейменге сыйынып, ерекше ләззат алдық.

Үшінші күні энергиямыз асып-тасыған төрт желекті көлігіміз бен жүргізушімізді  шыт-жаңадан сайлап, одан да қиын сапарға аттандық. Беталысымыз - Рахман арасаны. Табиғаттың тіл жеткісіз сұлулығы жолдың қиындығынан туатын үрейімізді жеңді. Жол бойы қара өлеңге салып, шофер ағамыздың көңілін көтердік. Пейілденіп кеткен ағамыз арасан жайлы аңызды айтып берді: «Бұрын Рахман атты аңшы осы тауда аң аулап жүріп, садақпен атқан маралдарының қашып барып , көлшік суға түсіп жарақатынан айығатынын байқаған. Аңшы біртіндеп арасан суының емдік қасиетін адамдарға үгіттепті, содан Рахман арасаны атаныпты».

Түс ауа діттеген жерімізге жетіп,айнала табиғатқа көз мейірімізді қандырдық. Кеңес одағы кезінде салынған арасан құрылысын көзден кешірдік. Кезінде бірегей саяхат орны болғаны көрініп тұр. Бізді қуантқаны жол бойы кездестірген ауыр техникалармен жолдың жөнделіп жатқан жәйі болды.

Қарнымыз ашып, түселханаға келгенімізде шофер ағамыз арасан өзенінен аулаған шабақ балықтарды алдымызға тастап, тазалап кешкі ас әзірлеуді бұйырды. Бастабында кірпиязданып, мұрнымызды шүйірсек те ағаның еркек мысы басты, енді бір жағынан шұрылдаған қарнымыз еріксіз астың қамын жасауға мәжбүрледі. Тек тұзбен ғана дәмдендірілген балықты құшырлана жеп, ағаны әңгімеге тартып өткізген кеш те мәңгі есте қалды…

Қаракөлдің салқын суынан кейін, арасанның шипалы жылы суына түсіп, тәніміз де жанымыз да көптен көрмеген рахатты сезінді! Қимастықпен арасаннан аттандық. Арасан, Ақбұлқақ, Бұқтырма өзендерін жағалай еңістеп, аты әйгілі Берел қорық-музейіне бұрылдық. Б.з.д екі жарым мың жыл бұрынғы Сақ дәуірінің жәдігерлерін зиярат етіп, көңіл көкжиегіміз кеңейді. Тарихымызға қанығып, арда Алтайдың тек қазақтың ғана емес, күллі адамзаттың кіндігі екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Үшінші қонақта Катонның орталығын аралап, жерлік өнімдерінен базарлық алдық. Түскі тамағымызды Индира ханымның орналаструы бойынша арғы беттен келген қандас бауырларымыздың дәмханасынан іштік. Сірне піскенше киіз үйде жатып ,Оралхан Бөкей туралы тамаша естеліктер жазылған кітапты аударып-төңкеруге мұрсат болды. Айтпақшы сапарда жүрсек те артта қалған бала-шағадан хал сұрауды ұмытпадық. Сол арада бірге жүрген досымыздың баласы Н.Назарбай университетіне оқуға түскені жәйлі шүйінші хабар келіп, қуанышты тойлап та үлгердік.

Кешкісін ауыл орталығындағы шипалы арасанға тағы бір рет түсіп алдық та ертесі таңсәріден Өскеменге жол тарттық. Көзге таныс белдер артта қалып бара жатыр. Бес күн жатып дәм-тұзын татып, базарлық алғанымызбен, күллі Катонды алып қайта алмайтынымызды айтысып, көргенімізді, түйгенімізді жарыса әңгімелеп, киелі мекеннен алыстап барамыз.

Әрине біраз өкініштер де болды. Қасиетті мұзтаудың етегіне дейін бара алмадық, сол мұзтаудың қыраны-мұзбалақ жазушы Оралхан Бөкейханның музейіне  жол түспеді. Осыларды айта келе: «Алла қаласа келер жылы табиғат түлегенде бала-шағаны алып, киелі өлкеге қайта ат басын бұрамыз»- деп жоспар құрдық.

Тілегіміз орындалғай, әумин!

Зинат Төлеуқызы