Биыл күллі қазақтың рухани темірқазығы, ғұлама-ойшыл Абайдың өміріне қатысты үш үлкен айтулы шара қатар келді. Оның бірі – жұмыла жұрт көз тіккен Абайдың 175 жылдық мерейтойы болса, екіншісі – ақынның туған күні 10 тамыз «Абай күні» мерекесі болып бекітілді. Ал үшіншісі биыл 16 қазанда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрылғанына 80 жыл толады. Осы бір айтулы күндер қарсаңында біз аталған қорық-музей директоры, әдебиеттанушы-философ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Тұрдықұл ШАҢБАЙДАН арнайы сұхбат алдық. Музей тарихына, мерейтойға байланысты ақынның туған жерінде атқарылған жұмыстар жайында өрбіген әңгіменің соңы абайтану мәселелеріне де ұласты.

АБАЙ ЕЛІНДЕ ЖАҢАЛЫҚ КӨП

– Тұрдықұл Қасенұлы, Абайдың 175 жылдық мерейтойы атап өтілетін 2020 жылда ақынның туған жеріндегі ең үлкен өзгеріс қандай?

– Хакім Абайдың мерейтой дайындығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Үкімет мол қаржы бөлді. Еліміздің шығысында, Абайдың туған жерінде мерейтой қарсаңындағы қауырт жұмыс жаз айларында толассыз жүрді. Бұл жұмыстардың нәтижесін Абай еліндегі үлкен өзгеріс деп атауға болады. Енді осы жұмыстарды жүйелеп атап өтейін: құрылыс-жөндеу жұмыстары, қайта жаңғырту жұмыстары, музейлендіру және ғылыми-танымдық жұмыстар. Жалпы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі – сегіз экспозициясы (бөлімшелері) бар мәдени-танымдық, тұтас облыс аумағына таралып орналасқан ерекше құрылым. Оларды атап өтетін болсақ, Үржар ауданының Мақаншы ауылында «Әсет Найманбайұлы музей-үйі», Абай ауданында «Шәкір Әбенов музей-үйі», «Көкбай Жанатайұлының музейі», Жидебайдағы «Абайдың музей-үйі», «Жидебай» қорығы, Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы, Бөрілідегі «Мұхтар Әуезов музей-үйі», Семей қаласындағы «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі, «Ахмет Риза мешіті мен медресесі», «Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы» және Абайдың бас музейі. Осылардың барлығында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде мен тек Абай музейіне қатысты жұмыстарды ғана айтып отырмын. Пандемия кезінде тәртіпті сақтай отырып, жұмысқа жұмылдыру оңай болмады. Дегенмен абыроймен атқарып шықтық. Ал қайта жаңғырту жұмыс­тарына келсек, бұл таза құрылыс-жөндеу жұмыстарына жатпайды, бұрыннан бар мәдени құндылықтарды қалпына келтіру, сақтау, жарқыратып жаңарту десек те болады. Яғни, қайта жаңғырту жұмыстарын шығармашылық жұмыс деп атауға болады. Аталған қайта жаңғырту жұмыстарын арнайы маманданған «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкерлері жүргізді. Бұл жұмыстардан кейін музейге өң кіріп, жанданып кетті десем, артық айтқандық емес.
Музейтану саласында «музей ғимаратының жобасы» деген ұғым бар. Ғимараттың дұрыс жобалануы музейдің мазмұнын толықтырады. «Абай музейінің» бас ғимараты кейін­нен арнайы жобаланып салынған ғимаратқа ауысты. Бір-бірімен бірлестікте үндестік тауып тұрған музей ғимараттары академиялық стилімен өзгеше ансамбль құрып, тұтастығымен бүгінде асқақ көрінеді. Ал музейдің ішкі мазмұнына келсек, экспонаттардың орналасуы, тұтас экспозиция мәдениеті жүз пайыз өзгеріске түсіп, ХХІ ғасырдың талабына сай дайындалып жатыр. Мұндағы тачэкрандар, аудигид, 3-D және басқа да цифрлық жаңарулар – музей кешенінің халықаралық талаптарға сай өзгерістерінің көрінісі. Мұнан тыс, жыл басында Семейдегі халықаралық әуежайға Абай есімі берілгені белгілі. Осының бәрі Абай еліндегі үлкен өзгерістер деп атауға болады.
Осы жұмыстардың тиімді жүргізілуіне, Мәдениет және спорт министрлігі толық басшылық жасап, назарында ұстады.

– Абай мұраларын зерттеу және дәріптеу жағында қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар?

– Қазақтың бас ақынының мерейтойына құрмет, ол – тұтас қазақ халқының мәдениетіне, сөз өнеріне деген құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасыр атты мақаласында» бұл мәселеге арнайы тоқталып, «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек» деді. Яғни, ел Президенті музейдің «ғылыми-танымдық орталыққа» айналуын талап етті. Бұл міндет бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Музейге директор болып келгендегі ең бірінші жұмысым да оның ғылыми концепциясын дайындау болды. Ғылыми-танымдық жұмысты екі бағытқа бөліп қарастырған абзал.
Біріншісі – насихат. Яғни, осы қорық-музейдегі барлық жәдігерлер негізінде біз халыққа хакім Абайды дұрыс насихаттауымыз керек. Кеңес дәуірі кезінде Абайды ағартушы деді. Абай ағартушы емес, Абай – хакім, ғұлама-ойшыл, қазақтың бас ақыны! Ендеше бас ақындығының құдіреті қай жерінде, соның барлығын осы қордағы бар жәдігерлерді экспозицияға қойып келушілерге танытуымыз керек. Бұл халықпен жұмыс істеу деген түйінге саяды.
Екіншісі – терең ғылыми талдау, яғни ғылыми нәтижеге ұмтылу. Менің атқарған басты жұмысымның бірі, ол – Абай музейінің ғылыми тұжырымдамасын әзірлеу болды. Ол жеті бағыттан тұрады. Біріншісі – басым бағыт болса, екіншісі – өзекті бағыт, үшіншісі – іргелі бағыт, сосын жастармен жұмыс істеу бағыты, халықаралық қатынастар бағыты деп кете беретін жеті бағыты бар. Мұның ішіндегі негізгі бағыттардың бірі – басым бағыт. Абайтану мәселелеріне арналған бұл бағытта 100 томдық жинақ шығару жоспарланып отыр. Бұл тек қана мерейтойға арналып, өшіп қалатын бір күндік дүние емес. Бұл – ұзаққа кететін үлкен жоспар. Ондай кешенді жұмыс үшін музей қоры жеткілікті. Жыл сайын орта есеппен алғанда жүйелі түрде 10 кітаптан дайындау­ды көздеп отырмыз. Бұл жинақтарды Қазақстанның барлық облыстық кітапханаларына тегін жеткізіп бермекпіз. Сонда Абайтану саласына қызығушылығы бар кез келген қазақстандыққа қолжетімді болады. Осыған қатысты басқа да жоспарларымыз бар. Қазақстан бойынша Абай жолы авто ғылыми-мәдени экспедиция­сын өткізу мақсатымызда бар. Насихаттың барлық тиімді жолын қарастырмақпыз.
Іргелі бағыт бойынша, «Хакім Абай және Алаш алыптары» (Еркіндік пәлсапасы) және басқа да монографиялар дайындалуда. Оқу-әдістемелік бағыт бо­йынша, оқушылар шығармашылығының негізінде «Абайды оқы, таңырқа!» жинағы құрастырылу үстінде. Өзекті мәселелер бағыты бойынша Жидебай қорығына арналған «Жидебай» атласы дайындалып жатыр. Музейтану мәселелеріне арналған буклеттер, кітапшалар, күнтізбелер, ашық хаттарды шығару да қолға алынды. Ағымдық бағытта телехабарлар, лекциялар, сұхбаттар, экспедициялар ұйымдастырылды.

СЕКСЕНДЕГІ СЕРПІЛІС

– Қорық-музейінің тарихына тоқталсаңыз. Биыл 80-ге келген мұражайды алғаш кімдер, қашан, қалай құрды?

– Иә, биыл 16 қазанда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрылғанына 80 жыл толады. Абай музейі – еліміздегі республикалық қорық-музейлердің тұңғышы. Ең алғаш Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша, үкімет қаулысымен, Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай 1940 жылы 16 қазанда Семей қаласында ашылған. Абай музейін ұйымдастыру туралы Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы 1940 жылдың 1 сәуірде жарияланды. Қаулы шыққаннан бастап ақынның мұрасын жинастыру, зерттеу жұмыстары қызу жүре бастады. Осы жұмыстардың басында М.Әуезов пен Қ.Сәтпаев тұрды. Алғашқы экспозиция Бекбай Бәйісовтың үйінде (бұрынғы Загородная көшесі, 83 үй) 16 қазан күні ашылды. Бұл үй – Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі. Музейдің бұл экспозициясы 1940 жылдан 1944 жылға дейін көрермендерді қабылдады.
1944 жылы музей экспозициясы Комиссар көшесі, 132-де орналасқан Әнияр Молдабаевтың үйіне көшірілді. Ә.Молдабаев – Абайдың замандасы, жерлесі әрі шәкірті. Бұл үйді Әниярға Абай балаларымен сатып алып берген.
Музей алғашқы жылдары Оқу Министрлігінің қарауында болды. 1947 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының қарамағына ауыстырылды. Нәтижесінде Абай музейінің екінші экспозициясы Әнияр үйі­нің екінші қабатында бес бөлмеге орналасты. 1947-1951 жылдары музейді абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов басқарды.
1967 жылы 13 мамыр­да Абай музейі қаланың орталығында орналасқан көпес Р.Ершовтың үйіне қоныс аударды. Жөндеу және реэкспозициялық жұмыстар істеліп, бұл үйде музейдің үшінші экспозициясы 1969 жылы маусым айында ашылды. Музейдің үшінші экспозициясы 1975 жылдың тамыз айына дейін көрермендерді қабылдады.
Абай музейінің жаңаша толықтырылған төртінші экспозициясы 1978 жылы 14 сәуірде ашылып, 1993 жылға дейін көрермендерді қабылдады. Әр жылдың жоспары бойынша экспозиция жаңа материалдар және жәдігерлермен толықтырылып тұрды. 1990 жылға дейін Абайдың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музейі­нің құрамына қаладағы бас музеймен бірге Жидебайдағы Абайдың музей-үйі және Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйлері кірді.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1990 жылы 5 сәуірде шыққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №141 қаулы бойынша Абайдың әдеби-­мемориалдық музейі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне айналды. Қорық-музей құрамына Семейдегі қалалық кешен, Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі, Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, 6400 га қорық аймағы кірді. Кейінгі жылдары Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының музейі (1992), Семейдегі «Алаш арыстары-М.Әуезов» музейі (1997), Тақырдағы Көкбай Жанатайұлының музейі (1997), Құндыздыдағы Шәкір Әбенұлының музей-үйі (2003), Жидебайдағы «Шәкәрімнің Саят қорасы» музейлері (2006) қорық құрамына кірді.
Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын мұрасын насихаттау жұмыстары тоқтап қалмау үшін музей құрамына кіргізілген Әнияр Молдабаевтың үйінде 5 бөлмеде 1993 жылы уақытша тұрақты көрме экспозициясы ашылды. Бұл көрме 1995 жылдың 10-шы тамызына дейін (жаңа экспозиция ашылғанша) жұмыс істеді. Семей қаласындағы Абай музейінің экспозициясы соңғы рет 25 жыл бұрын, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңартылды.

– Абайдың 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 80 жылдықты қалай атап өтпексіздер?

– Қазақ еліндегі тұңғыш әдеби-мемориалдық музей болғандықтан, мұражайдың 80 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Әрине, пандемия талабын қатаң ескере отырып. Осы шараға сәйкес «Абай музейі» энциклопедиясы дайындалып жатыр.
Біздің музей – бірбағытты музей емес, ұзақ аты бар музей-қорық. Мысалы, Л.Толстойдың атақты «Ясная Поляна» қорығы 412 гектар болса, Жидебай қорығының аумағы – 6 мың 400 гектар. Ясная-Полянаны дүниежүзі біледі, ал Жидебайды бүкіл әлем біледі деп айта алмаймыз. Сол үшін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясымен» бірлесіп «Жидебай» атты халықаралық атласты үш тілде дайындап жатырмыз.
Тәуелсіз ел болғаннан кейін ауыл маңында қалып қоймай, Абайды халықаралық деңгейге көтеру керек. Әрине, Абай ел ішінде 16 облыста, шетелде барлық елшілікте насихатталып жатыр. Дегенмен де қара шаңырақ болған соң біздің жүгіміз өте ауыр, жауапкершілігіміз де үлкен. Сондықтан Абайды насихаттауға біз бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Мәселен, мәскеулік досым, жазушы, академик Г.Пряхиннің қолдауымен екі кітап Мәскеуден жарық көрді. Біріншісі, «Познания Абая – познания самого себя» деп аталады. Ол кітапты, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт
Тоқаевтың мақаласы ашады. Абайдың «Қара сөздері» кітаптың негізін құрайды. Сондай-ақ онда Ресей мен Қазақстанның көрнекті төрт ғалымының мақаласы берілген. Г.Пряхин екеуміздің Абай өмірінен жазған 45 дерек және Абай музейін ашатын суреттер берілген. Бұл кітап Мәскеу­дегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Екінші кітап – Г.Пряхин екеуміздің бірлесіп жазған «Степной титан» атты кітап. Ол «Художественная литература» баспасынан жарық көрді. Бұйырса, аталған кітап Ресейде 100 мың тиражбен шығатын «Роман-­газетінің» бір нөмірінде толық шықпақ. Бұл жұмыстардың барлығының негізгі мақсаты – Абайтануға жаңа леп, жаңа өріс ашу. Былайша айтқанда, қорық-музейдің салтанатты 80 жылы да Абай тойымен, Абайды насихаттаумен үндесіп жатыр.

АБАЙМЕН ӘЛЕМ ТІЛДЕССІН ДЕСЕК…

– Жаңа өзіңіз Абай қорық-музейінің шетел ақын-жазушыларының музейіндей танымал емес екенін де айтып отырсыз. Мұның себебі неде? Неге біз Абай музейін әлемге әйгілі тарихи орталыққа, Қазақстанға қадам басқан туристер алдымен келетін саяхат нысанына айналдыра алмай отырмыз? Жоспар әлсіз бе, әлде қаржы жеткіліксіз бе?

– Бұл күрделі сұрақ. Өзіңіз білесіз, Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.­Назарбаев осы ширек ғасырда қазақ елін барлық қырынан әлемге танытуға айрықша еңбек етті. Бүгінгі жағдай да жаман емес. Әлемге танылмай отыруының себебі көп, оған талай факторды алға тартуға болады. Дегенмен көп сылтау­ды қойып іске кірісу керек. Кемшілікті өзімізден іздеуіміз керек. Хакім Абайдың даналығы – адамзат баласына ортақ рухани азық. Соны біз дұрыстап дайындап, ұсынуымыз керек. Хакім Абайдың даналығының өзі қаржы, тек әлемдік насихат мәдениетінің жолдарын үйрену қажет. Тәуелсіздікпен бірге жаңаша ойлау мүмкіндігі ашылды.

– Соңғы кездері Абай шығармаларының текс­тологиясы туралы да жиі айтылып жүр. Бұл жөнінде Қайым Мұхамедханұлының айтып, жазып кеткені бар. Сол Қайым ақсақал айтып кеткен текстологиядағы қателіктер неге Абай шығармаларында күні бүгінге дейін түзелмей келеді?

– Қазір текстология төңірегінде әңгіме көп. Біреу біліп айтады, біреу жалпылама айтады. Текстологиялық ғылымның өзіндік методологиялық жолы бар. Оның алтын арнасы, өз жүйе­сі бар. Сонау Мүрсейіттің қолжазбасынан, Әлихан Бөкейханның ықпалымен жарық көрген алғашқы жинақтан, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Зәки Ахметов, Қайым Мұхаметханов тағы басқа көптеген айтулы ғалымдардың терең еңбектерінің ізі бар бұл салада. Бір ұшып, бір қонып істеле салатын жұмыс емес ол. Бұл текстология саласында мәселе жоқ деген сөз емес. Мәселе көп. Бірақ, мәселе ғылыми жолмен шешілуі керек, академиялық талқылаудан өткізіп барып енгізу керек. Абай сөздерін жеке адамның өзінше өзгертіп, жинақ шығаруы ғылым жолы емес, жеңіл айтсақ, ол – әбестік. Апробациядан өткізбей Абай сөздеріне өзгеріс енгізіп шығару, ол – надандық, қатты айтсақ, қауіпті жол. Ғылыми мақала жазып, өз ұсынысын айтса ол басқа мәселе. Абай шығармаларына абай болған жөн. Осы мерейтой қарсаңында, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясындағы «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты» Абайдың үш томдық академиялық басылымын дайындап жатыр. Оның орны бөлек.

– Соңғы кездері «Абайдың мерейтойы» науқаншылдыққа айналып кетпесе игі еді деген күңкіл де айтылып жүр. Жалпы, сіздердің істеп жатқан жұмыстарыңыз науқаншылдықтан аман ба?

– Мен мұны науқаншылық деп түсінбеймін, қайта хакім Абайға деген құштарлық деп ойлаймын. Қайсыбір мектеп болсын, университет, колледж болсын, елшілік, облыс болып хакім Абайға арнап үлкен шаралар өткізіп жатса, неге қуанбасқа?! Науқан бола ма, насихат бола ма, Абайға назар аударудан ешқандай жамандық жоқ. Мысалы, науқанға айналдырып Семейге бірнеше көпір салса да мен қарсы емеспін. Халыққа керек. Ал енді менің жолым – ғылым жолы. Мемлекет басшысы Абай музейі «ғылыми-танымдық орталыққа» айналуы керек екендігін өз мақаласында атап тұрып айтты. Абай музейі мазмұндық салмағы жағынан Гёте, Шекспир, Толстой т.б. музейлерімен деңгейлес болуы керек. Бұл жерде жауапкершілік үлкен. Сондықтан біз науқаншылдыққа бара алмаймыз, біз ұзақ жылдарға кететін ғылыми тұжырымдама жасадық. Мысалы, 100 томдық ғылыми-сериялық жинақ бір жылда дайындалмайды. Бір жылда жасалса қып-қызыл науқан сол болады. Биыл сериялық ғылыми жинақтың 5-10 томын дайындап, олар жарық көрсе, үлкен жетістік.
Сегіз бөлімшесі бар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тағы бір ерекше қыры, қазақ мәдениетінің ірі құбылысы бес таған бір жерге жиылған. Сегіз бөлімшені жоғарыда айттым, ал бес тағанға келсек: біріншісі – хакім Абай, екіншісі – данышпан Шәкәрім, үшіншісі – кемеңгер Мұхтар, төртіншісі – Абайдың ақындық мектебі, бесіншісі – Алаш арыстары. Сондықтан біз біржақтылы тек хакім Абай өз әлемімен ғана шектелмейміз, бұл – бес таған тұтас дүние, рухани әлем. Бұлардың арасында үлкен рухани жалғастық бар. Музейдің жаңа ғылыми концепциясында осы бағыттардың бәрі қарастырылған.

ТОЙДАН КЕЙІН ДЕ ТОЛҒАНЫС КЕРЕК

– Кейбір ғалымдар Абайдың 150 жылдық мерейтойында айтылған мәселелер айтылған жерінде қалып қойды, атап айтқанда, Абай тойы­нан жүйелі қорытынды шығара алмадық деген пікір білдіреді. Ендеше 175 жылдық мерейтойда осы қателікті қайталамау үшін нелерге көңіл бөлу керек деп ойлайсыз?

– Ондай пікір айтса, ол – оның құқығы. Абайдың 150 жылдығы Елбасының ерен еңбегінің арқасында әлемдік деңгейде тойланды. Мен одан қателік көріп тұрған жоқпын. Ал 175 жылдық мерейтойға ХХІ ғасырға көз тастаған жаңаша мақсаттар қойылған. Дана Абайдың көкжиегі көркем. Абай жолынан жақсылық күтем. Абай даналығы – қазақ халқына, қазақстандықтарға, адамзат баласына қоры таусылмайтын қазына.

– Біз сізді белгілі ғалым ретінде ғана емес, энциклопедист-маман ретінде білеміз. «Түркістан» халықаралық энциклопедиясы, «Шәкәрім», «Лев Гумилев» тұлғалық энциклопедиялары, «Ежелгі Қазақстан», «Алтын Орда», «Алаш Аманаты» балалар энциклопедияларын дайындадыңыз. Басқа көптеген айтулы энциклопедияларда қаламыңыздың ізі бар. Абай музейіне басшы болып келгенде, осы бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Сауалыңыз орынды. Биыл Абай музейіне – 80 жыл. Әрі еліміздегі тұңғыш әдеби-­мемориалдық музей. Және музей қызметкерлерінің дені – жастар. Сондықтан, музейге келген соң дайындалған ғылыми концепцияның аясында «Абай музейі» энциклопедия­сын қолға алдым. Ондағы мақсат – музейдің жетістігін бар қырынан ашып көрсету және жас мамандарға мәдениеттің осы бағытының қыр-сырын үйрету.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

«Астана ақшамы» газеті

6alash ұсынады