Ұлар құсы ұясын биік таудың қиясына, ұшар басына салады. Қысы-жазы тау басын мекен ететін отырықшы, дене тұрқы кекілікке ұқсас келетін шағын ғана ұлар ешкімнің мазалағанын, тыныштығын бұзғанын қаламайды. Сондықтан да көзден жырақта, адамнан тасада тіршілік етеді. Ұлар құс торға түссе, дереу өліп қалады. Әлемнің бірде-быр хаюнаттар бақшасынан ұлар көрмейтініміз содан болар.

Тауда ойнаған кекіліктің, қалыңда жүрер бөдененің, тіпті қырғауылдың жұмыртқаларын үй тауығына бастырып, балапандарын қолға үйретуге болады. Шөжелері тегім, нәсілім басқа демей, телмеңдеп, тауықтың соңынан жүгіріп жүреді. Ал ұлар қолға үйренбейді. Жұмыртқасын тауық басып та шығара алмайды, балапанына адам қолы тисе болды – өледі. Қолға түспестігін меңзегені болар, қазақтың қара өлеңінде: «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деген жолдар сақталған.

Алтай және Гималай ұлары кездеседі. Көбіне 5-10 нан топтасып жүріп, тек көктемде ғана жұптасатын олар өте сақ келеді. Тау бөктерінде жайылып жатқанда, біреуі биік құзға шығып, жан-жағын бағдарлап тұрады екен. Егер қауіпты сезсе, айрықша үн шығарып, хабар беретін көрінеді. Қалған құстар мұны естіп, әбігерленіп, шулайтын көрінеді. Тіліміздегі «Ұлардай шулау» деген тұрақты тіркес осындайдан қалыптасса керек. «Қыстың аязды күндерінде тас қуыстарынан пана тауып, топтасып бірін-бірі жылытады. Қар қалың жауған жылдары көбіне таутекенің соңынан еріп отырады. Себебі таутекелер тебіндеп жайылып, қырат беткейлеріндегі қарды тазартып, қанаттылардың азығын тез табуына көмектеседі екен.

Денесінің шағындығы мен жаратылысының нәзіктігіне қарамай, ерімес қар жатар суық құз басын, адам аяғы баспас жартас бетін таңдауы бұл құстың тазалығы мен қиындыққа шыдамдылығын танытса керек.

Ұлар демекші, ұлар етін жеген адамның денесі тазарып, ауру-сырқаудан жазылады дейтін үлкендер.
Ұлар – биік таудың басын мекендейтін құс. Жайлауда сөреге де келіп қонғанын көзіміз көрді. Өте сақ, қорым тастардың арасында жайылып жүргенде көрінбейді. Таудың қарама-қарсы екі бетіне екі адам шығып, құсты үркітіп қарсы ұшырады да, ұтылап қуып, шаршатып қалың қарға кіргенде қуып ұстаған да кездер болды. Кейде, көп жайылатын жолына шөп салып, тұзақ құрып та ұстайды.

Ұлардың еті піскенде аппақ болады. Сорпасы мен етін жеген адамның денсаулығының жақсарғаны туралы әңгімелер көп. Кейде дала дәрігерлері ем жасағанда «Өмірінде бір рет болса да ұлар етін жеген-жемегенін» сұрайды. Соған қарай ем жасайды. Бұл үрдіс қазір кейбір Моңғолия дәрігерлерінде де бар екен.

Кезінде аталарымыз қылыш-найзадан жараланып, еттері орылып кеткенде сағыз топырақтың үстіне от жағады екен. От күйдіріп қыздырған топырақты ыстықтай жараға сеуіп, басып күйдіреді. Сол кезде қан да тоқтайды. Сосын сол жерге үгітілген ұлар етін сеуіп тастайды және ұлардың майын жағады. Жара еш дақсыз жазылады екен.

6alash ұсынды