Түсіпбек Сіләмқұлұлы 1946 жылы Үрімжі ауданы, Ерентау қойнауында туған. Кішкентайынан әкесінен айырылған ол суырдың терісін сатып, білім алады. Қазақ орта мектебінен 10 сыныпты тамамдағаннан кейін Бейжіңде 6 жыл оқиды. Қытай тілін еркін меңгереді. 1968-1970 жылдары ұсталық өнердің басын бір шалған. Таға соққан, балбал тастар жасаған. Кейіннен қытайша-қазақша биология сөздігін жазып шықты. Ауыл атауларын да бір кітапқа жинақтаған. 1971 жылдан бастап Шинжияң халық баспасында жиырма жылдай редактор қызметін атқарған...

(Түсіпбек Сіләмқұлұлының естеліктері)

Өр Алтайда ақ аю жүр

Анау арктикадағы ақ аю Өр Алтайда бар десе, сенер ме едіңіз? Әй білмеймін. Оны қойып теріден киім киіп, үңгірлерді мекен ететін жабайы адамдар бар деседі әлі күнге.

Алтай қаласы. Кешкі астан кейін қонақ үйге жайғастық. Не заманда есік қағылды. Аштым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деп кірді ширақ жүрісті ақсақал. Алпыс емес, жетпістен асқан Түсіпбек Сіләмқұлұлы. Әлемдегі биік шыңдарды қырық жыл суретке түсіріп, төрткіл дүниеге паш еткен профессор, фотосурет докторы. Ел амандығын сұрасқаннан кейін кеңінен әңгімелестік. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ деп осы кісіні айтуға болатын шығар. Ертіске құятын он екі өзеннің басында үш жыл жүріп, Қазақстанға өтер жеріне дейін суретке түсірген екен.

– Осы күнге дейін аспанмен астасқан Алтай, Хантәңірі, Шөгір шыңдары мен Тарым, жоңғар ойпаттарын араладым. Өлім мен өмірдің ортасында жүрдім, табиғаттың небір тылсым күштерін көрдім, – деп бастады әңгімесін Түсіпбек аға.

– 1994 жыл. Алтайдың солтүстігінде Қанас көлін бетке алдық. Әлемге бұл жерді таныстыру үшін ең биік нүктесі – Достық шоқысын фотоға түсіру керек еді. Көздеген биігім – Қанастың бас жағында. Жолға төрт адам шықтық. Тұрысбек пен Мұратхан жол бастады. Бірі ауданның ауыл шаруашылығын, енді бірі табиғат қорғауды басқарады. Туалардың ішінен де сенімді біреуі бірге жүрді. Үшеуінде үш мылтық. Менің өз «Мылтығым» бар.

Қанастың басына жеткенде, сіркіреп жауын құйды. Қарағайдың түбінен аттап баса алмай қалдық. Сол жерде азығымызды алып шығып әлдендік. Ақкөлге қарай ертеңінде бір-ақ жылжыдық. Кешегі соқпақ жоқ. Бұғының жапырып өткен жолы ғана. Көлденең құлап жатқан қарағайлардан аттың аттап өтуі мұң. Сұлап жатқан ағашты қойып, көк майса шөпті жарып жүрудің өзі қиын. Ақ көбігін аспанға атып жатқан бірнеше өзендерді кештік. Түс ауа ну орманның арасынан ашық алаңқайға шыға келдік, сона мен маса буып тұр. Аспаннан тоқымдай жер көрінбейді. Шаққанда қаныңды суша ағызады. Жолдың машақатын көріп, төрт күн жүрдік.

Бір белестен асқанда Ақкөл жатты. Айнадай көл. Балығы су бетінде шоршиды. Бас аяғы тоғыз шақырым. Адам табаны тимеген көркем табиғат. Айналасы ит тұмсығы өтпес қалың жыныс. Ат үстінде отырғанның өзінде балақтарымыз қызылқат пен қарақатқа боялған. Бұғы-марал өріп жүр. Анаужақпар тастардан «аңқиттаған» суырдың дауысы шықты. Аң-құстары үрке қашпайды. Тайыншадай бір аю бізге қайта-қайта қарайды қызықтап. Суретке түсіріп алдым.

«Мұнда төрт қауіп бар» деп кілт тоқтады жол бастаушымыз. «Біріншіден, найзағай көп түседі, екіншіден, өткел бермес өзен бар. Содан кейін оппа дейді, жер саз. Байқамасақ, сорып әкетуі мүмкін. Төртінші қауіп – Аю. Ұйықтап жатқан немесе қонжығымен жүрген аюға кездэссек, оңай құтылмаспыз» деді де әрқайсымыздың көзімізге тура қарады. Аяңдап келеміз. Жер бетінде осыншалық сұлу жердің барына аң-таңмын. Құстардың сайраған үні, жұпары аңқыған гүлі, бәрі-бәрі шынайы, табиғи.

Аттар көк майсаны бырт-бырт жұлып аяңдайды. Жақыннан өзеннің гүрілі естілген. Асау өзен екен. Баяу жылжитын тұсын барлап келеміз. Тереңдігі бір құдайға ғана аян. Өтсек, өтейік деп Тұрысбек бірінші қойып кетті өзенге. Орта тұсына жетіп үлгірген жоқ, қатты ағыс оны ағыза жөнелді. Жиырма метрдей ағып барып аты ағашқа ілінді. Көптеп көмектесіп шығарып алдық. Оппасын да көрдік. Атым түсіп кетті. Өзім терекке жармасып, шықтым. Бұлқынып қоймаған атты одан әрі сорып әкетіп барады. Басқан жеріміз былқ-былқ етеді. Қасымдағы жігіттер тәжірибелі әйтеуір. Аттың кеудесінен ағаш өткізіп, біраз демалтты да екі атқа арқан байлап суырып алды. Ендігі қауіп – Аю. Ақырған аюға кездессек, аман қалуымыз екі талай. Сондықтан қара шоқының етегіне дейін улап-шулап жүрдік. Жете салысымен аттардың ер-тоқымын алып, маңайға арқандадық. Әбден жауыр болған аттардың үстіне шыбын-шіркей үймелеп мазаларын қашырды.

Түн. Ызғар бар. Аң-құстардың дауысы дәл құлақтың түбінен естіледі. Себелеген жаңбырдан қорғанатын төбемізде шатыр да жоқ. Арқандаулы аттар алаулап жанған Оттың маңынан ұзамайды. Әлде неден үрейленетіндей. Таң ағарып атқанша, кірпік іле алмадық. Ертесінде әрі қарай жүруге мүмкіндік жоқ деп кері тартты бәрі. Ондағысы аттың бәрі жауыр. Бірақ «Достықтың дәл бөктеріне жетіп алып, шегіне алмаймын, – деп кесіп айттым. – Еңбектесемде бір биікке шығып, достықты суретке түсіруім керек». Жол бастаушыларым «Біз көріп отыратын бетпен шық» деп қолыма мылтық ұстатты. Достыққа қарсы жатқан қара шоқыға тігінен тік бес сағат жүрдім. Бес сағат өрге жүруді ойлаңыз… Анандайда достық шоқысы көрінді. Баурайында жөңкіліп бұлт көшіп барады. Көрініс ғажап. Аяғымның астында саусақтай болып кристал тастар шығып тұр. Бір-екеуін сындырып алып, түсіп келе жатсам, етектен бір құмай көрінді. Суда жүзіп барады. Әппақ. 500 метрдей жақындап фотоаппаратпен тартып көрсем – ақ аю. Кәдімгі ақ аю. Алтайда ақ аю барын естігенімізбен, сенбейтінбіз. Көне көздердің айтуынша, арктикадағы аю емес, кәдімгі қоңыр аюдың азған түрі деседі. Бірнеше рет түсірдім Суретке. Адам барын сезді ме, мұзды жағаны жалдай қашты.Қуанышымда шек жоқ. Бойдағы қорқыныш тарқады. Жол таныс. Құлдилап келемін. Сайға түсе бере, аяғымның сіңірі тартылып, орнымда қаттым да қалдым. Амалым қалмаған соң аспанға екі рет мылтық аттым. Тұрысбектер атпен шауып келіп, жатқан жерімнен алып кетті.

Он төрт жылдан кейін Достық шоқысына қайта бардық. Бірақ ақ аюды кездестіре алмадық.

Көз алдымда тау көшті

Хан тәңірі. Биіктігі – 7010 метр. Сонау заңғарды суретке түсіретін биік нүктені іздеп алты жылда 5 мың шақырымды артқа тастадым. Жаман көлікті салдырлатып тағалақ деген фермаға жетіп, Обыл деген бастығымен сөйлестік. Ол жерде қауіп көп деп бұдан әрі жүруімізге үзілді-кесілді қарсы болды. Алған беттен қайтам ба?! Алайда Обыл бір-екі күн тұра тұруымды өтінді. Қайын атасының науқаны, соған көп ұйғырлар келеді екен. Соларды суретке түсіруімді сұрады. Науқанның сауабы тиетінін де айтты. Дегеніндей екі күн күттім. Содан сол таудың сілемдерін бес саусағындай білетін Нұрақын деген ұйғұр аңшымен таныстырып, қолына қағаз жазып берді.

Жолға ерте қамдандық. Нұрақынның қобалжулы қимылына қарап, басып өтер жолымызда небір қорқыныштың күтіп тұрғанын сездім. Артық жүк те алған жоқпыз. Ат тұяғы тасты жолға шақ-шұқ тиіп келеді. Ең шеткі отырған малшының қыстағына жетіп тоқтадық. Обылдың жазып берген қағазын әлгі малшыға ұсынып еді, жалма-жан қорадан бір мал алып шығып бауыздап жіберді. Ап-сәтте сойып, етін бөлшектеп, қапқа салды да Нұрақынға ұстатты.

… Иен таудың ішіне кірдік. Биіктігі көз жетпес шың. Жол жиегі терең шыңырау. Төменде буырқанған дария ағады. Аттан түсіп, жартасты жиектен төменге көз тастадым. Ақ көбікті атқылап аққан өзен үйдей тасты ағызып барады. Өне-бойым шымыр етті. Нұрақынның айтуынша, мұндайда үш адам жүру керек екен. Алда-жалда бір жазатайым оқиғаға ұшырасам, куә болатын біреу болуы керек-ты. Бұл сөзінен кейін Нұрақынның өзінен үрейлене бастадым. Қолындағы мылтығына ұрлана қарап қоямын. Менде 20 киллограмдық аппараттан басқа түк жоқ.

Көз байлана аялдауға тура келді. Қалың қарағайдың түбіндегі бопырға жатайық деп едім, Нұрақын керісінше ашық жерге жайғасты. Найзағайдан сақтанса керек.

… Түн суып барады. Жанған оттың шоғын сиырып, тоқым төсеп сонда жаттық. Тасқа өткен оттың қызуы белді қыздырады. Көз ілініп бара жатқаны сол, төңіректен қасқыр ұлыды. Шырт ұйқыдағы Нұрақын бұл дауысқа елең етпеді. Аңшының мылтығын өз жағыма алып қойдым.

… Шу-шулеп әлі жүріп келеміз. Жүгірген аң, ұшқан құс көрінбеді. Тек аю мен қодастың кепкен тезектері ғана кездеседі аяқ астынан. Кеуіп қалған. Соларды жинап түтін түтеттік. Аю көп екен сөйтсем. Аттарға шабуы мүмкін десті. Сөйтіп, аттарды түтіннің ортасына арқандап қалдырдық та жаяу өрледік. «Денсаулығыңыз бар екен» деп қояды аңшы жігіт ентігін баса алмай. Мектепте он шақырымға жүгіру командасында болған едім. Сол шыныққаннан әлі күнге дейін сергектікті сезінемін.

Табан асты сытыр-сытыр етті. Тұра қаштық. Артымызға бұрылып қарауға мұрша болмады. Қап-қара жердің аспанға атылғанын білемін. Ап-сәтте шаң басылып біз тұрған жерден үлкен көл пайда болды. Мұндайды кім көрген?! Алапат күш. Өлімнің табалдырығында жүргенімізге көзім әбден жетті.

Түндігі түнді сүйген Хан тәңірі әлі көрінбеді. Күннің көзі шақырайып шығып тұр. Мұндайда сәтті сурет шығары сөзсіз. Бірақ қар еріп, көшкін жүру хаупы бар. Жартастардағы анау мұздың бір бөлігі опырылып кетсе де жетіп жатыр. Нұрақын мылтық атып көрді. Дүңк еткен мылтықтың дауысы жақпар тастарды аралап кете берді жаңғырып. Төбеден төніп тұрған мұздар сірескен қалпы. Жүгіре жөнелдік. Қысым жоғары, тез шаршап, терең демала алмаймыз. Өкпені қысады. Ендігі көздегенім – Хан тәңіріне қарама-қарсы қорым бет. Аңшы жігіт «өлесің» деп бұра тартып еді, мен болмадым. Бала-шағасына деп ақша бердім. Құдайдан тілек тілеп сонау мұнартқан биікке беттей беріп едім, айғай салып тоқтатты да «қағаз жазып, қолыңды қой» деді. Мерт болсам, соның жауапқа тартылатыны анық. Сөзге келместен жазып бердім. «Қағаз жазбайды деп ойлап едім, тас жүрек екенсіз» деген қалпы үн-жырғасы түсіп отырып қалды.

Қолға бір-ақ аппарат алдым. Оның өзі – 20 кг. Өрлеп келемін. Егіліп жатқан шағыл тастарда жүріс өнбейді. Бір метр көтерілсем, екі метр сырғып түсемін кейбір жерде. Қара тер деген күртінің сыртына дейін шықты. Белгісіз бір ыс бар сонау биіктікте. Тынысты тарылтады. Мұндайда жан қалтама салып алған құрт пен сарымсақтан жеп отырдым. Көмектесетін сияқты.

Өліп-талып ұшар басына шыққанда жарқ етіп Хан тәңірі көрінді. Балтырымнан бұлт кешіп аспанда қалықтап тұрғандаймын. Қарсы алдымда – алып шың. Ғажап шіркін. Батып бара жатқан күн Тәңір таудың маңдайынан иіскеп тұрғандай. Одан сайын жарқыратады. Сағатыма қарадым. Анау етектен бері төрт сағат жүріппін. Төккен терімнің ақталғаны осы шығар. Фотоаппаратты құрып жіберіп, сатырлатып суретке түсіре бастадым. Аппараттың түймесін жүз рет басып үлгеріппін. Қуанышымда шек жоқ, етекке дейін сырғанап түстім. Нұрақын далбақ қағып алдымнан шығып құшақтай алды. Дереу жиналып, мұзды шатқалдан өтіп үлгіргеніміз сол, гүрс етіп атылды. Қорғаншақтай басымызды көтеріп ізімізге қарасақ, жаңа ғана Сайрап жатқан жол жоқ. Орны оғыр-шоғыр тау болды да қалды. Сонда көрдім таудың көшкенін.

Хан тәңірін түсірген суретім мемлекет бойынша төрт рет сыйлық алды. Еңбектің ақталғаны осы емес пе?!

Шөгір шыңы

Ендігі меже – Кәшмир мен Пакистан шекарасындағы Шөгір шыңы еді. Биіктігі – теңіз деңгейінен 8611 метр. Оған апарар жолдың да соқпағы көп. Көздеген биігім Қашқар аумағына қарайтындықтан, қағаз жұмыстарымды сол жақта реттедім.

1997 жылдың жазы болатын. Ат басын Қарғылық ауданына тіредік. Мінген көлік ары бара алмайтын болды. Сол жерде басшылары жиын ашып, шоферымен қосып биік көлік берді. Тоқтамаған күйі зуылдап шекарадағы «Маза далаға» тарттық. Өздері «Мазалы» деседі екен. Байланыс мүлдем жоқ ол жақта. Жанды шүберекке түйіп, өліммен бетпе-бет келуіміз мүмкін екенін қайта-қайта ескертті. Ол кезде 20 кг жүкпен күніне 20 шақырымды оп-оңай басып өтер едім.

Бұдан әрі көліктің жүрісі баяулап, мотор үні ышқына-ыңырана бастады. Бауыры жерден қандай биік болғанымен, қорым таста қозғалуы қиын екен. Жаяулатып келеміз. Екі әскер жол бастады. Сөйлесуге мұрша жоқ. Ырс-ырс етеміз. Шатқалдың аузына таядық. Төбеден қазандай тастар ұшып келіп алдымызға құлайды. Табан астың дір ете қалады. Төбеңе түссе… біткен жерің сол. Не де болса тар шатқалда тарпаң басып келе жатырмыз. Дәл осындай ажал тырнағынан үш рет аман қалдық. Сол жүргеннен тоқтаусыз Рескем қыстағына жеттік. Бір күн демалып, ауасы мен суына үйреністік. Тақыр тау. Сыздықтап аққан бір бұлақ жоқ. Суды 27 шақырым жерден тасып ішеді екен.

Шыңдарына бұлт байланған тау. Анау иықтан адамдардың қарасы көлбеңдейді. Қыстақ па деп қоямын. Ұқсамайды. Жақындап келеміз. Бір-екеуі маған үрейлене қарады. Киген киімдері тері. Тас дәуірі елестеді. Үңгірлерді паналайды екен. Жол бастап бара жатқан Тұрды «Жабайы адамдар ғой» деп таныстырды. Заманның дамуынан әлде қайда қалыс қалған екен. Тіпті көзілдірігімді көріп, таңғалды. Ертеден бері 21 отбасы, 122 адам тұрақтап қалыпты бұл маңда. Сорайып өскен ағаш жоқ. Үңгірлерді мекендейтіні де сол. Топырағы қорым, керпіш жасауға да жарамайды.

Күн шығар шықпастан сапарымызды одан әрі жалғастырдық. Екі әскер кері қайтып, осы жердің тау-тасын жақсы білетін екі адам алда жүрді. Біреуінің есімі Зиядан екені есімде. Ерттегеніміз есек. Үстінде сырғып отыра алмадым. Үзеңгілестерім байқады ғой деймін, қодасқа ауыстырды. 4 мың метр биіктікте келеміз. Күн тас төбеге шыққанда керіштен шыққан жалын бетті шарпиды. Алаңсыз аяңдап келеміз. Бір кезде гүр етіп өзен ақты алдымыздан. Тасқыны қатты.

Ымырт үйіріле аялдап от жағып отырдық. Күндізгі ыстық жоқ. Түн күрт суытып, қапалақтап қар жауды. Далада жатырмыз. Мызғып бара жатсаң, өне бойыңнан өткен суық ұйқыны қашырады. Одан қалса, тастың өткір қыры арқаға батады. Кейде осынау биікке қай құдай айдап келді деп қоямын. Ұлттық намыс. Басқа не?! Ертеректе бір фото сурет көрмесі өтіп, біреудің екі суреті жүлделі болады. Сондағы бір суретте шылауыш, оның сыртынан шыт тартқан әйел өгізге мініп келеді. Тақырыбы – «Қазақ әйелі». Е-е-ей, әйелді қазақ қашан өгізге мінгізіп еді?! Суреттің авторы – өзге ұлт. Намыстан жарыла жаздадым. Содан бастап мойныма фотоаппарат ілдім. Көркем көріністің бәрі – қазақ тұрған жерде. Шетелдіктер қаңғып келіп біздің жерлерді суретке түсіріп, әлемге әйгілеп жатады. Осыны өзіміз неге танытпаймыз? салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшінде суреттің маңызы зор еді. Мысалы, қыз қууды қазақтың махаббаты деп шатастырып жатады. Шындығында, бұған махаббаттың еш қатысы жоқ. Қазақтың дәстүрі демекші ортеке билететін біреу бар ма қазір?! Баяғыда бір Манастың асуындағы қыстаққа жолшыбай соққам. Жалғыз үй отыр. Киіз үйде шай ішіп отырсақ, түндігінен тау ешкінің лағы қарап тұр. Сөйтсек, сол үйдің баласы ортекені билетеді екен. Бала ысқырып, айқайлап еді, ортекең билей жөнелді. Кейін сол түсірген суретімді үлкен бір бастық көріп «Бейнеге түсіріп бер» деді. Он жылдан кейін барсам бала да, теке де жоқ.

Екінші күн. Малшылардың отбасына жолықтық. Төрт түтін екен. Мынау таудың басында тіршілік етіп не күн туды бастарына?! Бұлардың мекені үңгір де емес, іргесін таспен жиып, төбесін терімен тартып тастаған қос. Құрақ ұшып күтті. Бой жазып бір түнедік.

Шөгір шыңы күншілік жерде ғана. Дәл түбіне таяғанда буырқанған өзен өткел бермеді. Тонна тартатын қодастың өзін жұта салардай. Межелеген шыңым көрініп тұр. Қарама-қарсысындағы биікке шықсам, сәтті сурет түсерін сезіп тұрмын. Нар тәуекел. Күн шығыс жақ бетпен өрлеп кеттік. Тынысымыз тарылып келеді. Бір биігіне шыққанда ми атылып кете жаздайды. Бастың тамыры солқ-солқ соғады. Ұйытқыған жел өкпенің тынысын одан сайын тежейді. Ұшарбасына шықтық. Шөгір менмұндалайды. Фотоаппаратты жартастың жиегіне құрып, кештің батуын екі сағат күттік…

Аппаратым сәтті суреттерге толып, түсіп келеміз. Төменге түссек, ілескен жігітіміз ыс тиіп ес-түссіз қалыпты. Зияданның беті көгеріп кеткен. Терісі сыпырылып түсіп жатыр. Түн ортасында әлгі малшылардың қосына келдік. Қодастың сүтінен ұйытылған ашты айраннан ішіп, бетімізге жақтық. Тәңертеңінде сергектік сезілді…

6alash ұсынды