«Елге ел қосылса құт» дейді қазақ. Ендеше кітапқа кітап қосылса қазына. Әсіресе, қазақ тарихы мен тайпалардың өткен-кеткенінен дерек беретін кітаптар барлыққа келсе, еліміздің тарихының бір бостығы толып, сан түрлі сауалдардың жауабы табылатыны шындық.

Бүгін Алматыдан «Тоқай шежіресі» атты кітаптың баспадан шыққаны туралы ақжарма шүйіншілі хабарды естіп қуанып жатырмыз. Аталған кітаптың алғашқы бір нұсқасы біздің қолымызға тиіп те үлгірді.  Кітаптың аты «Тоқай шежіресі» болғанымен, онда бір рудың ата тек шежіресінен гөрі қазақтың тарихы, әсіресе Арғы бет Алтай, Іле, Тарбатағай, Тәңіртаудағы ежелгі ата қонысына  Абылай ханның тұсында жылжи көшіп, Ертісті өрлей қоныстанған қандастардың үш ғасырға жуық тарихы екшелген көрінеді.

Кітап қолымызға тиісімен, оның айқара беттеріне көз салдық. Онда былай деп жазылған:

Тоқай – Орта жүздің алты арыс елінің бірі керейден (Абақ керей) тарайтын Жәдік руының ұраны болған Жанат батырдан туатын ұрпақ. Сегіз жанаттың бірі саналатын Тоқай руының шежіресі осыған дейін жазылып, баспа бетін көрген жоқ. Темірхан Қайырханұлы оқып, зерттеген тарихи еңбектеріне, ауызша деректерге және аңыздарға сүйене отырып жазған Тоқай руының тұңғыш шежіресін оқырманға ұсынып отыр.

Бұл шежіре кітап ел тарихы туралы ізденушілерге, Қазақтың шығыстағы тарихи ата қоныстары мен ондағы елдің жай-күйін зерттеушілерге,  Тоқай ұрпақтарына, сондай-ақ жалпы көпшілік қауымға арналады.

Міне, осылайша оқырманмен жүздеспеген кітаптың жағымды жаңалығын жұртпен бөлісуді жөн көрдік. Көк түспен безендіріліп, көк тыспен қапталған кітаптың үшінші бетіндегі «Төл шежіре – Төр шежіренің жалғасы» атты алғыс сөзінде ақын Әділет Ахметұлы былай дейді:

Бүгінгі таңда шежіре жазғанның жөні осы екен деп, тарихта өткен бабаларының бәрін батыр, бай, данышпан етіп көрсетіп, өз руының ғана шашбауын көтеріп, ғылыми құны, тарихи негізі жоқ дақпырттық деректерді көлденең тартып, рушылдықтың иісін аңқытып, жалған намысты жалаулатып кітап шығарғандардың қатары молайған тұста, біз «Тоқай шежіресін» оқып отырып, кітап авторының аталып отырған тар өрісті рушылдықтан ада, елім, жерім дегенде еміреніп кететін, тұтас қазақтық идеологияны ту еткен, ұлттық ұлы мемлекетті көркейтудің маңызы мен мәнін жете түсінген, жастайынан өмірдің ыстық-суығын бір кісідей көріп, ауызы дуалы қариялардың әр сөзін құлағына құйып, санасына сақтап, қазіргі уақытта егемен еліне жеткен соң өсеген ұрпаққа өзінің білгенін бойтұмар етіп тарту етсем деген үлкен жүректің, сәулелі арманның иесі екенін аңғардық.

Алғы сөз иесінің айтқаны келіп, оқырманға жол тарту алдында тұрған жаңа басылымның алар асуы биік болсын, бастысы оқырмандар жүрегінен орын алып, өшкіндеп бара жатқан тарих туралы түйткілдердің біріне болса да жауап беретін кітап болсын деп ізгі тілегімізді білдіреміз. Естуге қарағанда, алдағы уақыттарда аталған кітаптың тұсау кесіліп, көпшілікке таныстырылады екен.

Ерзат Еркін

6alash ұсынады