Жақында «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толды. Осы оқиғаға орайластырып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің мерейін асырып, аясын кеңейтуге елеулі еңбек сіңірген бір топ адамға алғыс хат жолдады. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, Алғыс хат алушылардың көш басында тұрған мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВПЕН тіл төңірегінде әңгімелескен едік.


Тәуелсіздік қарсаңындағы сілкініс

– Тіл туралы күрес қашан басталды? «Тіл туралы» заңның қабылдануына не түрткі болды?
– Тіл туралы күрес өткен ғасырдың 80-жылдарында басталды. Атап айтқанда, тілдің мәртебесі туралы мәселе ешбір жиыннан қағыс қалып көрген жоқ. Өйткені ол кезде біздің тіліміз, ар-ұжданымыз, мәдениет, тарихымыз табанға тапталды. Қазақ тілі төрге оза алмай, есіктен сығалап қалды. Мәселен, бір аудиторияда 1000 адам отырса, соның 999-ы – қазақ, біреуі орыс болса, бәріміз басымызды шұлғып, орысша сөйледік. Міне, осыдан барып азаматтарымыз өз ана тілінің мәртебесі үшін күреске шықты. Оның басы-қасында халқымыздың үлкен ақыны Мұхтар Шаханов ініміз жүрді. Әрине, тіл үшін көшеде айқайлаған бір басқа да, кеңседе отырып әртүрлі ағымдармен күресу – бір басқа. Менің қасымда сол кезде Сауытбек Абдрахманов, Төлен Әбдіков, Сейіт Қасқабасов сияқты мықты азаматтар болды. Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Колбиннің Қазақстанға басшылыққа келуі ел ішінде үлкен толқу тудырды. «Қазақстанның басшысы қазақ болуы керек» деп наразы­лыққа шыққан жастар Кеңес Одағының сіресіп жатқан сеңін бұзды. Бұл күрестің соңы «Тіл туралы» заңды қабылдау керек деген талаппен ұштасты.
– Заң қабылданған кезде жеңіп тұрып жеңілгендеріңіз қалай?
– Мен 1988 жылдың көктемінде Қазақстан орталық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еді. Заң қабылдау үшін тіл туралы бірнеше кездесулер, жиналыстар өткіздік. Жиын өткіземіз деп естімеген сөзіміз жоқ. Бізге «жиналысты тілдер съезі деп өткізіңдер, қазақ тілі қоғамы демей, тілдер қоғамы деп құрыңдар» деген қатаң тапсырма берілді. Бірақ оған қазақ көнген жоқ. Әбдіуәли Қайдар, Салық Зиманов, Сафуан Шәймерденов, Өмірзақ Айтбаев бастаған академик, ғалым, жазушыларымыз қатты қарсы тұрды. Бұл қазақтың 86-жылдан кейінгі буырқанып толқуы еді. Сонымен «Қазақ тіл қоғамын» құрып тарқадық та, Орталық партия комитетінің екінші хатшысы Ануфриев айтқан тапсырма орындалмай қалды. Ертесіне мені Ануфриев шақырып «Бұл не жағдай?» деді. «Халық солай талап етті, солай шешілді» дедім. Осыдан кейін Шаханов бастаған азаматтар «Тіл туралы» заң қабылдау керек деген талапты көтерді. Бұл бізге «халық талап етіп жатыр» деп айтуымыз­ға өте орынды болды. Бірақ билік басындағылардан аз кедергі көргеніміз жоқ. Олар екі тіл де мемлекет тілі болуы керек дейді. Сол кез ғой Шерхан ағамыздың Парламентте «2 тіл жыланда ғана болады, бізде мемлекет тілі бір тіл болуы керек, ол – қазақ тілі» деп айқайлайтыны. Республиканың түкпір-түкпірінен хат қарша жауып жататын. Сонда хат жазған қазақтың бәрі торғайдай шырылдап өзінің ана тілін сұрайды, басқа ештеңе талап етіп жатқан жоқ. Бұл бізге де үлкен сын болды, сын сағатта халық жағына шығуымыз керек болды. Сонымен қарамағымдағы жігіттерді жиып алып, халық жағында боламыз, мемлекет тілі қазақ тілі ғана болуы керек деп шештік. Елдің талабы күшейе түскен соң, өз атымнан Орталық комитеттің бірінші хатшысына мемлекеттік тіл жөнінде хат дайындатып, хатта мемлекет тілі қазақ тілі болсын деген талапты жазып, Колбинге кірдім. «Мынадан кейін мені орнымда қалдырмайды ғой, қызметтен босатады, қалай дегенде де біз халықтың күресін қолдайық» деп қол астымдағы жігіттермен қош­тасып шықтым. Маған да оңай болған жоқ. Ол кезде Орталық партия комитетінің бірінші хатшысының пікіріне қарсы сөз айту қиын. Колбин апарған хатымды оқып отыр­ды да, хаттың соңындағы мемлекеттік тіл біреу болуы керек, ол тек қазақ тілі болуы шарт деген талапты, оған қол қойған мен екенімді көріп, басы сылқ ете қалды. Біразға дейін үндемей отырды да, аздан соң басын көтеріп «А что тогда с русским языком?» деді. Соңынан «Возможно, так и правильно» деді. Сонымен 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тіл туралы» заң қабылданды. Алайда аңқылдап жүріп Колбиннің, оның төңірегіндегілердің әдіс-айласын аңғармай қалдық. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деп бекіттіріп жіберді. Сөйтіп біз жеңіп тұрып, ойламаған жерден жеңілдік те, орыс тілі ұлт­аралық тіл болып, қазақ тілінен де биік болып шыға келді. Осы заңның кесірінен қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі өспей қалды.
– Егемендік алған, «балапан басына, тұрымтай тұсына» тартқан кезде Колбин кезіндегі заңды бірден өзгертіп жіберуге мүмкіндік болмады ма?
– Ол кезде жағдай басқаша болды. Себебі 7,5 мың шақырым шекарамыз ашық жатты. Арғы жағында қыдиып алып ел отырды. Оның үстіне, тәуелсіздік алған кезде қазақтың саны елімізде 39-ақ пайыз болды. Халықтың санын былай қойғанда, әскердің негізгі құрамы өзге ұлт өкілдері болатын. Мұны ойланбау мүмкін емес. Сөйтіп қысқа жіп күрмеуге келмей қалды.

Тілінен айырылған ұлт елдігінен де айырылады

– Ал қазір ше? Енді кімге жалтақтап отырмыз?
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдай болды. Елбасының «халықтың бірлігі, елдің ынтымағы» деп айтып жүргені де дұрыс. Кешегі ел басқарған билеріміз де ынтымақ, бірлікті дәріптеп келді емес пе?! Дей тұрғанмен, тіліміздің тағдырына назар аудармаса болмайды. Себебі тілінен айырылған ұлт елдігінен де айырылады. Алаш көсемдері де осы тіл мәселесін айтып зарлап өтті. Олар халыққа жау емес еді, керісінше, халықтың нағыз жанашырлары еді. Амал не, халыққа сөзі өтетін білікті адамдардың бәрінің тілін кесті. Ал қазір заманымыз жақсы, тәуелсіз мемлекетпіз. Қазақ тілі туралы тереңдеп ойланатын кез келді. Тіл, ұлт туралы күрес ешқашан тоқтамайды. Қазақтың төзімімен беталды ойнауға болмайды. Қазақтың ойындағысы орындалмай ешқашан тоқтамайды. Біздің табанымыздың астында бабаларымыздың неше қабат қаны жатыр. Олар осы тәуелсіздік үшін күресті. Бірақ олар жете алмады, біз жеттік. Біз соны ұмытпауымыз керек.
Ел-жұртпен ақылдаса отырып, Павлодар, Петропавл қалаларының да атын өзгерту керек еді. Қалың елмен ақылдасса, шешілмейтін мәселе жоқ. Павелдің қазаққа, Қазақстанға не пайдасы тигенін ешкім білмейді. Сол екі қаланың біреуіне Сәтбаевтың, біреуіне Абылай ханның аты сұранып тұрған секілді.
– Бұл айта-айта әбден жауыр болған әңгіме ғой. Бірақ айтумен оңалған ештеңе жоқ секілді. Тек Президент Тоқаевтың «қазақ тілі ұлт­аралық тіл болады» деген сөзі қазаққа үлкен медеу болды.
– Иә, айтудан кенде қалып жатқан жоқ. Бірақ билік батылдық таныта алмай отыр. «Тіл туралы» заңды қабылдаған кезде біз табанды жұмыс жүргіздік. Орыстілділерді, орыс ұлтының өкілдерін жинап бірнеше рет кеңес те өткіздік. Қазақ мемлекеті болған соң мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек деп жөнін айттық, олар да қолдады. Балаларын қазақ мектептеріне берген орыстар да көп болды. Кейін осы үрдісті жалғастыра беру керек еді. Қазір де түсіндіру, үйлестіру жұмыстарын жүргізсе, орыстар қарсы болмайды. Ендігі әңгіме биліктің ақылмен қазақ тілінің ықпалын арттыруға белсенді жұмыс жасауына тіреліп тұр. Солқылдақтықты енді қою керек. Латын әліпбиіне көшуге байланысты қазақ тілі туралы заң қабылдап жіберудің де реті келіп тұр. Бұл заң қабылданса, тілдің мәртебесі бірден өсер еді.
Президенттікке үміткерлердің бәрі де сайлау алдында мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Ендеше мемлекеттік қызмет істеймін дегендердің бәрі де мемлекеттік тілден міндетті түрде емтихан тапсырулары керек. Мемлекеттік қызметке келетін адам міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі керек. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі өседі.

Әліпбидің әлегі елді екіге жармасын…

– Латын әліпбиіне көшу жөнінде не айтасыз? «Ала қойды бөле қырыққан» әліпби елді екіге жармай ма?
– Латын әліпбиіне көшу – өте дұрыс шешім. Бірақ латыншаға қазақ мектептері ғана көшіп, орыс мектептері көшпей, кириллицада қалатын болды деп отыр. Осының салдарынан қаладағы қазақтар балаларын орыс мектептеріне беріп жатыр. Орыс­тілді мектептерде оқитын балалардың дені – қазақ балалары. Сонда бұл қазақ халқын екіге бөлетін болып тұр. Бұл – ұлттың, тілдің тағдырына қатысты үлкен мәселе. Одан соң, орыстілді, қазақтілді деп бөлмей, мектептердің де бір тілге – мемлекеттік тілге көшетін мезгілі жетті.
– Болашақ қолданысқа енейін деп тұрған, шикілігі көп, әбден піспеген әліпбиді оқып жүнжігенше, үйренген кирилл қарпінде қала берейік деп жүргендер де бар.
– Иә, толық кемелденбегені рас та шығар. Бізден бұрын латын әліпбиіне көшкен түркі тілдес бауырларымыз да бірден кемелді, жетілген әліпби жасай алған жоқ. Неше рет өзгертулер енгізіп, кемелдендіру үстінде. Біз де бұдан қашып құтыла алмаймыз. Оны өмір мен уақыт түзетеді. Десе де, әліпби ауыстыру б-ны b-мен ауыстыра салу емес. Ол қазақ тілінің ішкі ерекшелігіне, фонетикалық, грамматикалық заңдылығына бағына отырып жасалуы керек деп есептеймін. Бұл жөнінде, негізінен, тіл мамандарының айтқанын тыңдау керек.

Оқулық –Конституциямен тең

– Қазақ тіліндегі оқулықтар жөнінде не айтасыз? Ата-аналар арасында «оқулықты оқушыны қойып біз түсінбейміз» деген сөзді көп айтады.
– Қазіргі оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні рас. Кеңес өкіметі кезінде оқулықтарды арнаулы мамандар, педагогтар неше рет талқыдан өткізіп отырып жазатын. Мен оқулықты Конституциямен бірдей бағалаймын. Сондықтан оқулық жазатын адамның білімі тіпті терең болуы керек. Ал қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз, кез келген адам оқулық жазады. Оқулық жазғыштар көбейіп кетті. Оқулықтың сапасын тексеретін тек мемлекеттің өзі болуы керек.
– Мектептерде ұлттық тәрбиені күшейтудің қандай амалы бар?
– Ұлттық тәрбие, шынымен, әлсіреді. Халықтың талғамы да төмендеп барады. Ұлттың дәстүрін сақтау үшін ұлттық тәрбиені күшейту керек. Меніңше, ұлттық тәрбиені қайта қалпына келтіру үшін мектептердің, жоғары оқу орындарының бәрінде қазақ әдебиетін оқыту керек. Тәрбие, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің бәрі әдебиеттен келеді. Қазір Ақан серіні, Біржанды, Мұхитты білмейтін жастар өсіп келеді. Адамның ақылына сыймайтын, не сөзінде, не сазында мән жоқ, қазір айтылып, қазір ұмытылатын әндер қаптап барады. Соның салдарынан көпшіліктің талғамы да төмендеген. Осы тұрғыдан алғанда, бағзы замандардан халықпен бірге жасасып келе жатқан ән-күйлерді ұрпақ санасына сіңіріп, ұлықтауды ешқашан естен шығармаудың жөні бөлек.
Қазір қыз-келіншектер де шашын жайып жүруді үлкен сәнге айналдырып алды. Ал шын мәнінде қазақ ұғымында әйелдің шашын жаюы – өте жаман ырым. Бұрын әжелеріміз қыздар шашын жайса «әй, көзіңе бірдеңе көрінейін деп отыр ма, жап шашыңды» дейтін. Жастай жесір қалған қазақ әйелдері ғана шашын жайып жіберіп, бетін тырнап жоқтау айтатын болған. Біз ондайдың шетін көрдік. Қысқасы, ардағынан, бар қымбатынан айырылған жесірлер ғана шашын жайған. Ал қазір көшеде шашын жайып жалбаңдатып жүру қазақ қыздары мен әйелдерінің әдетіне айналды. Ал іргеміздегі түрікмендер мен өзбектер өз ұлттық киімін қазіргі заманға ыңғайлап киюді дәстүрге айналдырды.

Шапан мазаққа айналмасын

 Домбыра мен қобыздың қазіргі насихаты қандай?
– Домбыра мен қобыз – қазақпен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан киеміз, қасиетіміз. Бұл екеуі де – қазақтың сырласы, мұңдасы. Осы құдіретті екі музыка аспабы бір кездері жетімсіреп қалды, осыны ұлықтау жөнінде айтып жүріп, кейін «Қазақстан» каналынан екі хабар өткіздік. Оның бірін Әлқуат Қазақбаев, енді бірін Жанғали Жүзбаев жүргізді. Бұл жұртқа да ұнады. Президентіміз Ұлттық домбыра күнін бекітті. Бірақ ол домбыраны сол күні ғана даңғырлата берумен шектелмеу керек. Бұл мерекеге жыл бойы дайындық жасалып, жоспарлы түрде ұлт мұрасын насихаттауға арналуы керек. «Домбыра дариды, қобыз қонады», домбыра дарыған, қобыз қонған азаматтарды да алақанға салып әлпештеуіміз керек.
Қазіргі домбырашыларға күй тарт десең, домбырасын сабалап ала жөнеледі, күйдің атын, оның тарихын, шығу себебін көбі айтпайды. Күй тарихын кейбіреуі білмейді. Қазақта «күйді мың адам тыңдайды, бір адам түсінеді» деген сөз бар. Егер күйдің аңызын айтпасаң, ол күй түсініксіз болады, екіншіден, халыққа толық жетпейді. Сәкен Сейфуллин қуғын-сүргін көріп тарығып жүргенде еліне келіпті. Елінде атақты бір күйші бар екен (атын ұмыттым), сол кісіден күй тыңдаған екен. Ана кісі әр күйдің тарихын айтып отырып шерткен екен дейді. Сонда Сәкен «ой, шіркін-ай, сіз маған құлынды бие жетектеткендей болдыңыз ғой» деген екен. Күй қадірін білген деген осы.
– Домбыра жиып жүргеніңіздің себебі неде?
– Жас күнімнен күйге бейім өстім. «Толғау», «Қосбасар» деген күйлерім бар. Қазір домбыра жинап жүрмін. Қолымда әртүрлі шебер жасаған 21 домбыра бар. Жұрттың көбі күйді, күйді шертушіні ғана біледі де, домбыра жасаған шеберді ешкім біле бермейді. Сондықтан мықты шеберлердің қолынан шыққан домбыраларды жинай бастадым.
Алматыда домбыра жасайтын Романенко деген атақты шебер болды. Ол кезде мен студент едім. Шеберханасына барып, домбыра жасағанын көріп отыратынмын. Ол кезде домбыраның бағасы 20 рубль еді. Ал біздің шәкіртақымыз 22 рубль болатын, ақшамды қимай бір домбыра сатып алмаппын. Бүгін өкінемін, біраз ақшамды қиып, сол кісінің домбырасын сатып алып қойсамшы деп. Қазір Романенконың домбырасы Страдиваридің скрипкасы секілді бағаланады. Кейін сол кісінің домбырасын елдің қолынан алдым. Ол – Романенконың 1956 жылы жасаған домбырасы. Одан басқа, Мұса Әділовтің 4 домбырасы, Жақсылық Оспанов­тың 4 домбырасы бар. Сұлтанның да, Жолаушының да, Азаттың да, Қазақстанға белгілі өзге шеберлердің домбырасы бар.
– Ұлттық киіміміз де ұмытылып бара жатқан жоқ па?
– Ұлттық құндылық құлдыраған дәуірде ұлттық киімнің де күйі кетіп тұр. Наурыз мерекесі күні ғана еркектер шапан киіп, әйелдер орамал тартады. Жазаласа «ат-шапан айып» кескен, сыйласа «шапан жауып, ат мінгізген» қазақ шапанның рөліне әсте немқұрайды қарамаған. Шапанды кім көрінген жауып, кім көрінген кие бермеген. Бұрын шапан кию деген үлкен абырой болатын. Ата-бабамыз әспеттеп кеткен шапан қазіргі қазақтың арасында мазаққа, келекеге айналып бара жатқаны өкінішті!

Әңгімелескен Қалиакбар Үсемханұлы

"Астана Ақшамы"