ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ өткізген Жыр тұйғыны, төкпе жырау, айтыскер ақын Таңжарық Жолдыұлының 120 жылдық мерей тойына арналған " БЕЛГІЛІ АЛТЫ АЛАШҚА ЖАЗҒАН ХАТЫМ " атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасында жүлдегер болып марапатталған жыр.

2023 жыл 20 наурыз

КӨКЖАЛ АҚЫН НЕМЕСЕ БІР ШУМАҚ ЖЫР

( Лирикалық поэма )

Таңжарық ақынның аузынан

Талапбек АЗАНБАЙ

Қанатын жайса аспанға қыран керіп,
Жалғанар ұрпаққа ата мұраң берік.
Отырғам ұйқылы ояу, қолда қалам,
Таңда атып қалған екен қылаң беріп.

Білмеймін қайда қалған төзімділік,
Кетіпті мызғып бір сәт көз ілініп.
"Не жатыс, тұр орныңнан" -деді, маған,
Дегендей "айтқан, балам, сөзімді ұқ".

Бұрынғы жалғап дәстүр мұралдыда,
Қолыма тізгінді ұстап жүре алдым ба?
Қазақтың домбырасын бебеулетіп,
Ақсақалды қария тұр алдымда.

Ұмытар кешегі өткен жауызды кім,
Десекте шайқас, майдан нағыз бүгін.
Астында мінген аты - кер төбелі,
Шайнайды шақырлатып ауыздығын.

Бір көрген көз алдымда таныс бейне,
Уақыт мұрса бермес жарыс кейде.
Ақынның шырылдаған ар азабы,
Арманның көнбесі әлі алыс дей ме?

Қалдым мен сәл кідіріп дағдарып тым,
Абыздан кете алады жалтарып кім.
Сен жоқсың мен кеткенде бұл өмірден,
Білмесең ақын атаң - Таңжарықпын.

-Деді де, әлқиссасын бастап сөздің,
Бір ой сап кетті маған тастап көзін.
Ол менің жалын атқан жай оғындай,
Екен ғой қайта келмес асқақ кезім.

Дариға- ай, жылып аққан өмір - өзен,
Өтті ғой бастан талай не бір кезең.
Боздайды ботасы өлген бозінгендей,
Мамасын ашты жырдың емізбесең.

Кетпеген дұшпанына бүгіп белін,
Кезінде менде өзіңдей жігіт едім.
Алдыға қойған үлкен мақсаты бар,
Бір туар азамат ем, үміті елдің.

Соққан жел дауыл болып барады үдеп,
Жалғаса күндестік пен араны кек.
Қасыңа жоламайды достарың да,
Басыңа орнаса егер қара түнек.

Дейсің бе, ата сізді басынды кім,
Жасырып тұр ма өткенді ғасыр бүгін.
Жүректе жазылмайтын бітеу жара,
Қараңғы шері жатыр тас үңгірдің.

Болса да шыққан тауың жасыл биік,
Қарайды қызғанышпен масыл күйіп.
Еріксіз аттан түсіп жол бересің,
Сенікі жөн дегендей басыңды иіп.

Ол кезде оттай жанған сезімді едім,
Қырыққа енді ілінген кезім менің.
Алдыға бөгет болар кім келседе,
Шырылдап шындықты айтып көз ілмедім.

Туған жер арымсың сен қайран Ілем,
Соғыс бір өмір өзі майдан-кілең.
Басымды таумен тасқа кезек ұрып,
Міржақып, Абайда боп сайрадым мен.

Болған соң бір ұрпағы жыршыл ұлттың,
Қамын жеп өткенім жоқ тіршіліктің.
Қаймана қазағым деп кеудемді ұстап,
Қайнадым қазанында кіл шындықтың.

Ұлтшыл деп төңкерісшіл жабат кінә,
Аяқты шалыс бассаң ағад сірә.
Бір түнде Үрімжіге алып келді,
Көгендеп, қойша матап абақтыға.

Көзір сап, қыңқ еткізбей байлап бәрін,
Шу асау жетекке алып тайлақтарын.
Әкепті әр аймақтан біз білмейміз,
Шығатын сорпа бетке қаймақтарын.

Жабылған жала саған күлкі сынды,
Жеткізбес ертең таңға бір күшіңді.
Білмейсің бүгін түнде не боларын,
Егерде тапсырмасаң "қылмысыңды".

Ақ маңдай сүйенішім жырау халық,
Тұрсыңба мен бейбаққа сұрау салып.
Дауысың шырылдаған жетер айға,
Қылтаңнан қинағанда бұрау салып.

Өткенді іздесемде елесімнен,
Кезінде айдарымнан жел есіп ең.
Зарлы үнің шығар сенің ақ тырнақты,
Саусақтың суырғанда көбесінен.

Қараңғы үй, қапас үңгір, суық ызғар,
Шашама қатулы қыс, уын мұз, қар.
Көгерген өлік сасып жатқан жерің,
Қақсаған сүйек шағып буын сыздар.

Салған әр камераға қара құлып,
Шалдырлап әр кез олда алады улып.
Сұраққа ап құлыныңды шығарады,
Сыздаған жазылмаған жараңды ұрып.

Қолда көзір, аяқта шойын кісен,
Ажырғы кеткен қиып мойыныңды іштен.
Бұрынғы келер ме екен қайран күндер,
Көтерер рухың жоқ бойыңды үстем.

Айналаң күбір, сыбыр паң дала мас,
Шырылдап шықса даусың жан жоламас.
Үрпіңнен ши жүгіртіп сұраққа алса,
Көзіңнен жас шығады қан аралас.

Бұзылған біз білмедік заман неден,
Мен екем бұл қапастан аман келген.
Боздақтар талай абыз кетті мерт боп,
Ұлтым деп оза шапқан тәмәм елден.

Естисің шулап елдің жылағанын,
Баратын жер емес бұл, сірә, адамның.
Шашылып бас сүйегі қалды сонда,
*Ақыттай пір тұтатын ғұламаның.

Жетпіске абыз еді жасы келген,
Кіл мықты аға тұтып қасына ерген.
Кітабы шығып **Қазан баспасында,
Аққан бір бұлақ еді тасып өрден.

Жан алғыш Хазрейіл Хақтан келіп,
Дұшпанның тидіме оғы атқан сеніп .
Екі әскер сүйреп түнде алып шықты,
Іргелес камерада жатқан едік.

Жаны бар шығар-шықпас ыңырсыған,
Өте алмас басқа салса тірі сыннан.
Ішіне тартып қанын жүргендер бар,
Бұрынғы өң-сиқы жоқ қыры сынған.

Мінсекте бүгін тұлпар ақтаңгерге,
Орнымыз даяр баба жатқан жерде.
Мен кеттім, ал Таңжарық қош аман бол,
Сәлем айт тірі болсаң арттағы елге.

-Деді де бір күрсінді жиып есін,
Қайтеміз тартса тағдыр жиі кесім.
Алланың құдіретіне бар ма шара,
Берсе өмір жасырарсың сыйын несін.

Қашанда келер басқа өмір, өлім,
Таппаса тұрақтылық көңіл сенім.
Тұрсада тосып ажал алдына кеп,
Тік ұстап жүріп кетті көкірегін.

Алдыға шықты шалқақ басып қадам,
Қарады нұрлы жүзін ашып маған.
Мұқалтып неше жылғы түрме азабы,
Мұжып жеп қайратында жасытпаған.

Не деген тағдыр мынау тасқа ұрылған,
Шалатын алдыменен жасты құрбан.
Домалап бір тамшы жас кірпігімнен,
Қараңғы жердің жүзін басты тұман.

Жегізген қандала мен бүргесіне,
Азабың түсер көрген күнде есіңе.
Сүйегі сан мыңдаған боздақтардың,
Шашылып қалды Үрімжі түрмесінде.

Өткеннің кетпесем де қозғап бәрін,
Бықсымай шоқ боп жанып қозданамын.
Өмірім өтті менің арпалысып,
Үстінде боздап жүріп боз даланың.

Қиылып қыршыныннан қайран өмір,
Басыңнан бақыт құсы тайған небір.
Кіл соғыс алып жейтін рухыңды,
Уақыт қызыл-қырман, майдан-жемір.

Аяғын сын сағатта анық басып,
Қайратын жоғалтпайтын жанып, тасып.
Көрінбей ел-жұртына жүргендер бар,
Әз басын топ ортадан алып қашып.

Өтсе де ел басыннан қиын заман,
Келді ме бір жақсылық биыл балам.
Мұң шаққан Қорқыт ата қобызындай,
Күй шертті сыңсу айтып қиыр далам.

Қашан да елмен бірге асқақ әнім,
Жатсам да қабірінде тас моланың.
Өзіңдей ұрпағымды көріп міне,
Еріксіз жанарымды жасқа малдым.

-Деді де, ғайып болды асыл бірден,
Емін ап бір хиқымет ғасыр күннен.
Кетіпті мызғып біраз көз ілініп,
Селт етіп жұлып алдым басымды мен.

* * * * *

Мыс болып қалмасын деп қолдағы алтын,
Тар кезең, тар қыспақта жол табатын.
Өлеңмен тас түрмені қарс айырған,
Тәкеңдей бар ма бүгін көкжал ақын.

Бекер бір кетпесін деп текке өмірім,
Басқаға заманыңда жек көріндің.
Білдірдің мінезің мен арлан өскен
Екенін бөлтірігі көк бөрінің.

Ұрпағың жоқтап, міне, елің бүгін,
Әлемге шықты асқақтап сенің үнің.
Той болып ұлан асыр алты алашта,
Бұрынғы қайта келді керім күнің.

Өзіңдей енді келмес ақын жырау,
Самайды шалсада ақ, алтын қылау.
Тай мініп ереміз деп соңыңыздан,
Ойылған қызыл шақа тақым мынау.

Қондырған қолға шабыт пірім құсын,
Жазған бұл саған арнап жырым мүсін.
Тотығып тат баспайтын жарқыраған,
Алтынның ерекше бір сынығысың.

Қанжарын сілтеп тілдің, ақ алмастың,
Өлеңмен қиял мініп арман астың.
Зарлатып зарын шертті "түрме қалы",
Тас бауыр қараңғы үңгір, тар қапастың.

Күрсінген мұңайып тау, жылап дала,
Жатса да өткен күннен сыр ақтара.
Сізді осы тас қапастан алып шыққан,
Алдыға жетелеген мұрат қана!

Ақ сұңқар жырдың жүзіп кемесімен,
Таластың кіл мықтының өресімен.
Түсім бе, өңім бе әлде, бір шумақ жыр,
Алдым тек көкжал ақын елесіңнен.

Жүректе жатқан шер боп күйік мынау,
Ала алмас қол жетпейтін биікті жау.
Бабамның бас сүйегін алып келдім,
Не дейсің зерделі ұрпақ сүйіктім ау!!!

Соңы

  • Ақыт Үрімжіұлы: Атақты Қазақ ақыны, діни қайраткері, халық ағартушысы.
    **1891 - 1914 жылдары Қазан баспасында "Жиһанша" ,"Ахиретбаян", "Сәйпілмүлік-Жамал" дастандары, "Абият ғақидия", "Сейітбаттал Ғазы", "Ишан Махмұд" атты кітаптары жарық көрген.

Арқау ұсынды