Тілімізде сүліктей сору, сүліктей қадалу, сүлік сор­ғандай бозару, сүліктей сұлу деген тіркестер бар.

Сүліктей соруды, әдетте, елді аяусыз қанау мағынасында көбірек қолданады, омыраудағы баланың қайта-қайта қақтап емгенін де «сүліктей сорып қоймадың ғой» деп жатады аналарымыз. Сүліктей қадалу тіл қолдану дағдымызда көбінде қадалған жерінен қан алу мағынасында жұмсалады. Ал сүлік сор­ғандай бозарды деген тіркес тілімізде «өңі қашты, қуқыл тартты, бозарды» деген мәнде алынса, сүліктей сұлу сөзі көбінде жараған жүйрік аттарға қаратылып айтылады. Ендеше осы тіркестердегі теңеу ретінде алынған сүлік сөзінің түпкі мағынасы не?
Сүлік дегеніміз – суда тіршілік ететін жұмыр денелі, қара түсті қан сор­ғыш құрт (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 751 бет, Алматы, 2008 жыл). Ол жып-жылтыр, қап-қара (мөлдір қара) болады. Өте жабысқақ, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын ерекшелікке ие болғандықтан, қазақ емшілігінде денедегі залалды қанды тазарту үшін сүлікпен емдеу әдісі жиі қолданылады. Яғни сүлікті адамның денесіне қоя берсе, қай жерде қанды сарысу болса, сол жерден барып қадалады, әбден сорып болған соң оны тұзды суға салса, сорған арам қанды қайта құсып тастайды. Сүлікпен емдеу дегеніміз, міне, осы. Тіліміздегі «сүліктей сору, сүліктей қадалу» деген тіркестер де сүліктің осы бір қасиетіне қаратылып айтылғаны анық. Бірақ «сүліктей сұлу» сөзіндегі «сүлік» сөзін құйттай құртпен шатастыруға болмайды.
«Наурызбай бас бәйгеге тігілген сүліктей қара су жорғаны жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқанды (I.Есен­­берлин, «Қа­һар»). Осы сөйлемдегі сүлік сөзінің мағыналық және дыбыстық ерекшелігіне қарағанда, түсіндірме сөздікте сүлік сөзінің барлық мағынасы толық ашылмаған тәрізді. Себебі сүліктей сөзі түркі жазбаларында көп кездеседі. Күлтегін ескерткішінде «сілік қыз оғлуң күң болты» деген сөз бар. «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігінде де сілік сөзі сұлу, таза, асыл, әсем, көркем мағынасында түсіндірілген. Осыған қарағанда, сүлік сөзі әуелде сіліг немесе сілік деп айтылса, уақыт озған сайын сөздің тұлғасында өзгеріс болып, әуелгі мағынасы көмескіленіп, сүлік деп айтылып кеткен сияқты.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

astana-akshamy