Филология ғылымдарының докторы, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР әлеуметтің ғылымдар академиясының академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, терминолог Өмірзақ Айтбайұлы осыдан 7-8 жыл бұрын қытай мемлекеттік тіл комитетінің арнайы шақыруымен қытайға барып, тіл зерттеу, атау-терминдерді аудару сияқты түйіндер төңірегінде қытай мамандарымен ой ортақтасып қайтқан еді. 

Көп өмірін, маңдай терін қазақ тілін зерттеуге арнаған ардақты тұлға 83 жасында дүниеден озды. «Тумақ сүндет, өлмек парыз» болса да, артына өшпес із, мол мұра қалдырған Өмірзақ Айтбайұлының қазасы күллі қазаққа ортақ. Газетіміздің бұл номерінде Қалиакбар Үсемханұлының Өмірзақ Айтбайұлының қытайға жасаған сапары кезіндегі сұхбатын ұсынып отырмыз. Сұхбат Ертерек жазып алынғанымен, көтерген мәселелер бүгінгі күнде де өте өзекті. 

Талант туған топырақтан дариды

– Сіз алғашқы еңбек жолыңызды журналистикадан бастапсыз. Ал тіл зерттеу жолына қалай түстіңіз?

 Мен Отырар қаласында туыппын. Отырар қазақтың ең атақты өркениет ошағы, отырарды көне арап тілінде фараб деп атайды. Александриядағы Кітапханадан кейінгі екінші үлкен Кітапхана Отырар қаласында болған. Отырардан Әл-Фарабидей отыз шақты ғалымның шығуы сол Кітапханаға байланысты болса керек. Тағдыр маған сол отырардай қасиетті өңірде туылуды жазған екен, отырардың қасиеті топырағына кіндік қаным төгілген соң ба, ұлы Әл-Фарабидей болмасам да, сол қасиетті бабалардың тағылымын тірлігіме тірек қылып өстім. Өмірімді туған халқымның тілін, мәдениетін зерттеуге арнадым. Туған өлкемде сауатымды ашып, кейін бұрынғы Киров атындағы мемлекеттің университетінің филология факультетінде қазақ тілі мамандығы бойынша 5 жыл оқыдым. Онда Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Сімет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ыбырайым Маманов, Зейнолла Қабылов сияқты ұлы ғұламалардың алдын көрдім, солардан тәрбие алдым. Мұхтар Әуезов пен Бейсенбай Кенжебаев мені әдебиет жағына бейімдесе, Сімет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ыбырайым Мамановтар тіл жағына қарай бейімдей жүрді. Университетті бітіретін кезде «Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерінің жағдайы» жөнінде диссертация қорғадым Балақаев пен Мамановтың жетекшілігінде. Мектеп бітіруге таяғанда, «Социалистік Қазақстан» газетінің басшылары жұмысқа шақырды. Газетте 3 жарым жыл істедім. Бірақ газетте істеп жүрген кезде менің көкейімнен ғылым кетпей қойды да, ағалардың кеңесімен Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтына ауыстым.

Ал мамандық жағындағы зерттеу жұмысымды фразеологизмдерді зерттеуден бастадым. Мақал-мәтелдердің бір тілден енді бір тілге аударғандағы қауқарын анықтау жөнінде ізденіс жасап, Максим Горькийдің шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қазақ тіліндегі берілу тәсілдерін зерттедім. Бұл өте ауыр жұмыс болды, Горькийдің бір шығармасының 2-3 аудармашы аударған аударма нұсқалары кезігеді, бәрін оқып, орысшасы мен қазақшасын салыстыру керек. Бұл жұмысымды онан ары ауырлатты. Десе де, көздеген көмбеме жетіп, диссертациямды ойдағыдай қорғадым. Кейін «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деген зерттеу еңбегімді жарияладым.

– Халықаралық қазақ тілі қоғамы қалай құрылды? Қоғамды құруға түрткі болған кімдер?

– Бірде академик Әбдіуәли Қайдаров академиядағы жастардың басын қосып, «Елімізде қазақ тілінің қолданыс аясы барған сайын тарайып барады, неге қазақ тілі халқымыз үшін істейтін қауқарынан айырылып қалды? ? бұл мәселені біз көтермегенде кім көтерді? ? ал бұл мәселені көтеру үшін халық атынан сөйлейтін республикалық қазақ тілі қоғамын құрсақ қайтеді» деп бастама көтерді. Сөйтіп, 1989 жылы 22 қазанда мәжіліс ашып, республиканың жер-жерінен уәкіл шақырып, осы мәселені талқыладық. Қайдаров қазақ тілінің халы жөнінде баяндама жасады. Болашақ қоғамның жарғысы мен бағдарламасы жөнінде мен баяндама жасадым. Біздің ұрсынымызды уәкілдер қуана қолдады. Десе де, әлдекімдердің нұсқауымен Қазақстанда көп ұлттың өкілдері тұратынын ескеріп, солардың көңіліне қарай отырып, қоғамды қазақ тілі қоғамы емес, ана тілі қоғамы деп ашайық деген пікір көтерілді. Зал тым-тырс. Бір уақытта бір кәріс келіншек орнынан тұрып: «Мен бір нәрсені түсінбей тұрмын, біздің бүгін талқыға салғанымыз қазақ тілінің тағдыры. Қазақстандағы басты тіл де қазақ тілі. Ендеше, біз неге қазақ тілінен қашамыз? қоғамның атын неге «қазақ тілі қоғамы» деп қоймаймыз? неге «ана тілі» дейміз?» өз көзқарасын білдірген еді, зал толы жұрт шу етіп қолдай жөнелді. Сонымен қоғамның аты «Қазақ тілі қоғамы» болып тұрақтанып, ресми құрылды. Бұл қоғамның құрылуына үкімет басшысы, Яғни министрлер кабинеттінің сол кездегі бастығы Н. Назарбаев пен идеология саласына жауапты секретар хатшы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен қолдау көрсетті. Келесі жылы, Яғни 1990 жылы 22 наурыз күні қоғам атынан «Ана тілі» газетін шығардық. Содан бастап шетелдерде қазақ тілі ұйымын құра бастадық. Ал біз 1992 жылға дейін республикалық қазақ тілі қоғамы болып келдік те, 1992 жылдан бері президенттің Мақұлдауымен «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» деп аталып кеттік.

– Термин жасауда нелерге көңіл бөлу керек? шетел тіліндегі атауларды өз қалпында қабылдау керек пе?

– Термин дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда, атау сөздер. Әр бір тілдің қауқары ғылымға қызмет ету мұршасымен анықталып отырады. Біздің қазақ тілі ғылымға қаншалықты қызмет ете алып жатыр? алдағы уақытта қаншалық қызмет ете алады? қазақ тілінде қаншалықты терминдер жасалды? қалай жасалды? мұның принциптері қалай? деген мәселерді бір-бірлеп зерттегенде қазақтың бір туары Ахмет Байтұрсыновқа барып тірелесің. Қазақ тілінің ғылыми мәртебесін көтеруге Байтұрсыновтай ат салысқан адам жоқ. «Өзінің төрт-ақ кластық білім бар еді, артына төрт университетті бітіргендей мұра тастап кетті» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, орыстар Ломоносовпен мақтанса, біздің Байтұрсыновты «Қазақтың Ломоносовы» деп айтуға болады. Өйткені ол жоқтан барды жасаған адам. Ол кезде қазақтың дені сауатсыз болатын, сол сауатсыз елден сауатты елдің деңгейіндегі атау, терминдерді алып шығу дегеніңіз ғажап құбылыс емес пе?! қараңғы жатқан қазағын ағарту үшін неше түрлі оқулықтар жасады. Осы оқулықтарды қарап отырсаңыз кісінің ойына келмейтін сөздерді тауып алған. Зат есім, сын есім, бастауыш, баяндауыш деген атаулар қандай керемет? бұлар бұрын қазақтың қолданысында болмаған сөздер болғанымен, бірақ түбірінің бәрі қазақтың тілдік қорында бар сөздер, соған жалғау, жұрнақтарды қосып ойнатып жібергенде керемет терминдер туындатқан. Міне бұл Ахмет Байтұрсыновтың даналығының, біліктілігінің белгісі. Көзі тірісінде Ахаң қазаққа бәрін беруге тырысқан, бірақ ол өзіндегі бар мүмкіншілігін пайдалана алған жоқ. Көп өмірі қудалаумен өтті. Десе де, ол қазақ тіліндегі терминдерің жасалу жолдарын, принциптерін көрсетіп беріп кетті. Ең өкініштісі, Ахмет Байтұрсынов көрсетіп берген сол дәстүрді біз жалғастыра алмадық. Ахмет Байтұрсыновты 30-40 жыл бойы қайырып қойып, мәскеудің нұсқауымен емле Ережемізді өзгертіп алдық. Онда «Орыс тіліндегі халықаралық терминдері сол қалпында бұзбай қабылдайық» деп бектік. Міне бұл ең үлкен қателігіміздің бірі. Сөйтіп, қазақ тілінің арасында бөгде тілдер қаптап кетті, оның қалай еніп кеткенін өзіміз де байқамай қалдық. Оған етіміз әбден үйреніп, ыңғайланып алғанымыз сонша, әлі күнге дейін содан арыла алмай, іргемізді аулаққа сала алмай келеміз.

Сонау өткен ғасырдың 60-, 70 жылдарының өзінде Кеңесбаев, Балақаев, Мұсабаевтар 2 томдық түсіндірме сөздік шығарса, 70-, 80 жылдардың аралығында 10 томдық түсіндірме сөздікпен айналысты біздің ғалымдар. Сол сөздіктерді алып қарасаңыз мөлшерін 60 пайызы қазақтың өз сөзі емес, басқа жақтан орыстар арқылы келген терминдер. Бұл нені көрсетеді? біз шетелдермен байланыс жасай отырып, сөз алмасып жатамыз, сөз алмасу арқылы тілдің даму көздері ашылады. Бірақ, онымен бірге, тілдегі шетел атауларының көбеюі тілдің дамуын теріс бағытқа айналдырады. Бұл дегеніңіз тілді дамыту емес, тілдің тынысын тарылту, қадамыңды қысқарту. Жоғарыда айтқанымыздай, сол күйінде қабылдайтын, тиісуге болмайтын интернационалдық терминдерде қандай керемет бар? ешқандай керемет жоқ, асса сол терминдердің шыққан мекені бар, белгілі бір ұлттың тіл қолданысында, белгілі бір жағдайға байланысты туындаған қарапайым сөздер ғана. Ендеше, бұл қарапайым сөздерді қазақ тіліне аударса болмай ма?! әрине, болады, оларды аударуға қазақ тілінің қауқары жетіп-ақ тұр. Міне осы түйінді танып жеткен аудармашыларымыз соңғы кездері бұрын тиесуге болмайды деп қарап келген интернационалдық терминдердің жілігін шағып отырып аударып, қазақ тіліне сіңіріп жіберді. Мәселен, жарғы, құжат, бағдарлама сөздерін қазір қолданып жүрміз, бұрын бұлардың бәрі «Аударуға келмейтін» сөздер болатын. Міне бұл бізге термин қабылдауда өте абайлау керек екенін, термин жасауда көп ізденудің қажеттілігін, аударуға болатын сөздерді мүмкін бар аударып, өз тілімізге сіңіріп әкету шарт екенін ұғындырды. Әрине, аударуға болмайтын сөздер де бар, өйткені біздің тұрмыс-тіршілігімізде ондай ұғым, ондай мағына болмаған сөздер болуы мүмкін. Оларды аударып берудің қажеті шамалы. Бірақ оны да қазақ тілінің заңдылағына икемдеп алсақ құба-құп.

Қазір терминолог көбейіп кетті. Олар тілдің қамын, ана тілінің жағдайын ойлап, сол негізде пікір туындатудың орнына жеке термин жасағысы келеді. Бұл жерде әрбір ұлт ең алдымен тілінің заңдылығы нені талап етеді? соған сәйкесуі керек. Әсте өзге тілден келетін терминнің тағдырын ойламау керек термин қабылдауда. Оны аударып алуға өз тіліміздің мүмкіндігі жетеме деп алдымен тілдік қорымызға үңілуіміз шарт. Термин қабылдаудағы ғылыми негіз дегеніміз осы. Жиып айтқанда, термин жасауда, біріншіден, өз тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалануымыз керек. Қайдаровтың зерттеуінше, қазақ тіліндегі өлі түбірлер көп сақталған екен, осының әсерінде қазақ тілі көп шұбарланбаған. Міне бұл қазақ тілінің аса бай тіл әрі термин жасауға мүмкіндігі мол тіл екенін көрсетеді. Екеншіден, қазақ тілінің қуаты термин жасауға жетпей қалған жағдайда түркі тілдес халықтардан алуымыз керек. Түркі тілдес халықтардың тілі біздің үлкен байлығымыз. Бұл тілдер қазір басқа-басқа болғанымен, түп тегі бір. Ендеше, неге осы байлықтан пайдаланбасқа?! мәселен, ұйғырлар аэроплан десе, біз ұшақ деп алдық. Бұл түріктің сөзі. Бірақ қазақ тілінің табиғатымен біте қайнасып тұрған атау. Демек, термин жасауда туыс тілдерден сөз қабылдасақ, терминдеріміз түрлене, қуаттана, әлдене түседі. Үшіншіден, кейбір аударуға келмейтін халықаралық терминдерін үркудің, оны аударамыз деп зорланудың қажеті жоқ. Қазақ тілінің бір кереметі кезінде орыс тілінен енген терминдерді қазақ тіліне сіңіріп әкетті. Араптың, парыстың да талай тілін өз тіліміздің заңдылығына үйлестіріп алдық. Міне осы принциптерді неге қолданбаймыз?! мысалы, ғылым, білім, мұғалім деген сөздің бәрі арап тілінен енген сөздер. Бұл атауларды біздің тіліміз өз табиғатына бейімдеп әкеткен. Міне бұл да қазақ тілінің қуаттылығы.

– «Қазақ тілінің өрісі тар, өзге ұлттардың сөзін дәп басып бейнелеуге  қазақ тілінің қуаты жетпейді» деп соғатындар да бар ғой. 

– Осы сөзді айтқызып отырған отбасы тәрбиесіндегі текті тәрбиені жіберіп алғанымыздың қасіреті. «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны алады» дейді атамыз қазақ. Ұяда қазақ тілінің уызына жарымаған ұрпақ есейгенде қазақ тілінде сөйлеп жырғартпайды. Бала күнде тілден мәйек алмаған адам есейгенде де мандымайды. Міне солар қазақ тілі кедей, өрісі тар, бейнелеу қуаты нашар деген сөзді айтып жүргендер. Біле білсек, түркі тілдерінің негізгі байлығы қазақ тілінде жатыр. Қазақ тілінің байлығы ұшан теңіз. Бірақ біз соны толық пайдалана алмай жүріп, қазақ тіліне мін тағамыз. Соңғы кездері әр ұлт өзінің сөздік қорын зерттеп, қанша сөзі барын есептей бастады. Соның бірі орыстар. Олар қазір 500 мың сөзіміз бар дегенді айтады. Ал қазақ тілінде қанша сөз бар? Әбдуәли Қайдаров қазақ тілінің қоржынында миллионға жуық сөз бар дегенді айтады. Ал осынша байлықты біз толық игере алдық па? әуелі, қазақша сөйлей алады дегендердің өзі қаншалық сөз біледі?! мысалы, сөздік қорды зерттеген мамандар абыз Абайдың қолданған сөзі жеті мың сөз айналасында деп көрсетеді. Бірақ бұған қарап Абай тілге кедей екен деп қалмаңыз, Абайдың ұлылығы қазақ тіліндегі ең шұрайлы тілдерді қолдана білгендігінде. Ал Мұхтар Әуезов 17 мыңнан астам сөз пайдаланған екен. Қара сөздің теңізі Мұхтардың өзі 17 мың сөзді пайдалана алғанда, ұзаса 4- 5 мың сөз білетін адамдар өзінің шамасына қарамай «Қазақ тілі кедей» десе шындыққа үйлесе ме?! бұл бері айтсақ ұят, ары айтсақ әбестік емес пе?!

– Туысқан ұлттардан сөз қабылдағанымызда тіл тазалығын да ескермесек болмас?

– Тілдің тазалағы үлкен мәселе. Бұл тілдің мәдениетіне саяды. Әр бір тіл өз сапасын қорғай білуі, тазалығын сақтай білуі керек. Бірақ «Тіл тазалығын сақтаймын, сырттан сөз жолатпаймын» деу де сыңар жақты көзқарас. Қабылдаған сөздер біздің тілімізге дөп келіп, қиюласып жатса, ол Ертең-ақ тілімізге сіңіп кетеді, одан қорқудың қажеті шамалы. Ал қисыны келмей, бұлтиып тұрған сөзді тілге тықпалау ол әбестік. Қазақ тілінің табиғатына жат, сөйлеу мәнерімізге сәйкес келмейтін сөздер қазір біздің тілімізді, сөзімізді бұзып барады. Бұған немқұрайды қарауға болмайды. Қашанда қазақ тілінің ішкі заңдылағын негізге алу керек деп отырғанымның себебі осы.

– Жерлік говорларды тілімізді байыту тұрғысынан сөздіктерімізге енгізу қажет деп ойлайсыз ба?

– Жергілікті Ерекшелікке ие сөздер тіл байлығымыздың бір бөлшегі. Мұны кәсіби лекция деп атайды, Яғни әр қайсы өңірлердегі түрлі шаруашылыққа байланысты туындаған атаулар. Мұны тілдің табиғатын түсінбейтін кейбір мамансымақтар диалект дегісі келеді. Ол диалект емес, керісінше, ол біздің тіліміздің байлығы. Оны біз тіліміздің қолданыс аясына кіргізуміз керек.

– Сіз тілдің дыбыстау мәнері, яғни тілдің музыкалығы дегенге қалай қарайсыз? 

– Жақсы сұрау. Өте нәзік нәрсе. Әрине, әр бір тілдің өзіндік мақамы, әуені бар. Біздің қазақ тілінде де музыкалығы күшті. Әсіресе, дауысты дыбыстар араласқан сөздердің әуезділік, әуендік Ерекшелігі күшті. Міне осындай сөздерді әуендік Ерекшелігіне қарай, Қирағатымен, мақамымен, өзіне тән әуенімен айта білудің өзі тілдің мәдениетіне жатады. Қазір тіліміздің сөйлеу заңдылығына, дыбыстау жүйеміздің Ерекшелігіне үйлеспейтін қиқылдаған, шиқылдаған сөздер, дыбыстар көбейіп, сөйлеу мәдениетімізге, тіл мәдениетімізге ықпал жасай бастады. Құлаққа түрпідей тиеді, тыңдағың келмейді. Кезінде біз Мұхтар Әуезов, Мәулен Балақаевтардың сабағын тыңдадық. Ол кіселердің сөйлеу мәнерінің әдемілігі сонша, тыңдаған сайын тұшынып, сүйініп естисің. Өйткені олардың ауызынан шыққан сөздер адамға өзгеше әсер жасаушы еді. Былайша айтқанда, ол кіселердің сөзінен қазақ тілінің таза музыкалық әуені төгіліп тұратын. Демек, сөйлеу деген бар да, қазақ тілінің дыбыстау заңдылығын ескеріп, әдемі сөйлеу деген бар. Қанша шешен сөйлегеніңмен, сөздің музыкалығына, әуеніне мән бермесең, ол тыңдаушыға татымсыз боп шығады. Сөз қадырын, тіл қадырын, тіл мәдениетін білетін адам тілге, тілдің әуезділегі мәселесіне де мән бермей тұра алмайды. Өйткені тіл дегеніміз ұлттың өзі. Тілсіз ұлт жоқ. Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады».

Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ