СОҚЫР ТЕКЕ – жас жеткіншектердің көзін шүберекпен байлап ойнайтын қазақы ортада кең таралған қызықты ойындарының бірі. Соқыр теке ойыны туралы ең алғашқы деректерді Ә.Диваев пен М.Гуннер береді.

Соқыртеке ойыны. ҚР МОМ материалдары бойынша суретті салған Б. Досымов

Ә.Диваев бұл ойынның «Соқыр ешкі» деп те аталатындығына ден қояды. Аталмыш ойынды ойнауға жиналған балалар аяқтарын алға созып, қатарласа жерге отырады. Сосын әркім өз аяғын, нақтырақ айтқанда, екі қолдарын тізелерінің үстіне қойып, барынша ысқылай бастайды. Осылайша, тізелерін ысқылап отырып, уақала, уқала немесе ысқылауда, ысқылауда деп жамырап дауыстап қайталай береді. Арада біраз уақыт өткен соң, олар бәрі бірдей орындарынан тез түрегеледі. Ойыншылар осылай жылдам тұрғанда, кімнің аяғынан сықырлаған дыбыс шықса, сол ойыншыны Соқыр теке деп белгілейді де, оның көзін шүберекпен байлайды. Ал басқа ойыншылар жан-жаққа бытырап, шашылып Соқыр текеден қашады. Ойын шарты бойынша Соқыр теке қашқан ойыншылардың кез келген біреуін ұстап, оның кім екенін дәл табуға тиіс болды. Егер дәл тапса, ендігі жерде ұсталған бала Соқыр теке болып ойын жалғаса береді.

Жоғарыда аталған Ә.Диваевтан басқа авторлардың айтуынша Соқыр теке ойыны төмендегідей: ойыншылар ашық, көгалды алаңқайға жиналған соң Соқыр теке ойынын жүргізуші бастайды. Ол ойыншыларға шеңбер жасап отыруды бұйырады. Ойыншылар жайғасқан соң, ол тұрамыз немесе тұрыңдар деп айқай салғанда отырғандар тез тұруы керек. Үлгермей орнынан басқалардан кеш тұрған ойыншы Соқыр теке болады. Жүргізуші Соқыр теке аталған ойыншыны ортаға шығарып, көзін орамалмен байлайды да, жоғарыдағы нұсқа бойынша ойын жалғаса береді.

Сонымен, көнеден бастау алатын Соқыр теке немесе Ә.Диваевтің айтуынша «соқыр ешкі» деп аталған ойын дәстүрлі ортада қазақ балаларының қызықты ойыны болған. Соқыр теке Ойыны қазіргі кезде де жас жеткіншектердің сүйікті ойындарының бірі болып саналады.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Диваев А. Древние игры киргизской молодежи // ТВ. 1907. №54. С.346-547;
  • Гуннер М. Сборник казахских национальных игр и развлечений. Алма-Ата: ЦК ЛКСМ Казахстана, 1938;
  • Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Қазақстан, 1978;
  • Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: Рауан, 1991;
  • ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» Энциклопедия 5 том, PDF нұсқасынан алынды

6alash ұсынады