Маңдайшасына "Шарбақ үй" деп жазылған бұл мұра қазір Қытайдың Ақсай қазақ автономиялы ауданында мұражайда тұр. Ішіне 4-5 кісі еркін сиятын бұл үй шілікпен тоқылған. Қытай қазақтары тобылғыдан, талдан тоқылған бұйымдарды шарбақ деп атайтындықтан бұған да "шарбақ үй" деп ат берген.

Шын мәніндегі шарбақ сөзінің мәні қандай? Оны мына деректі оқысаңыз білесіз.

«Шарбақ» сөзі қазақ тілінде сөйлеушілердің көбіне-ақ түсінікті болғанмен, оның этимологиялық табиғаты көмескі, сыры белгісіз. Алдымен «Шарбақ» сөзінің тұлғалық құрамын айқындап алу қажет. Бұл сөздің басқа тілден енгенін айтпастан бұрын, оның біріккен сөз екенін көрсеткен жөн: шар және бақ деген сөздер бірігіп барып, жаңа мағыналы лексикалық единица тудырып тұр. Бұл екі сөздің әр қайсысының дербес мағынасы бар сөздер.

Бақ – парсы тілінен кірген (бағ), ол көптеген қазіргі түрік тілдерінде қолданылады. Бағ қазіргі қазақ тілінде бау, бақ, бақша мағынасында жұмсалса, басқа түрік тілдерінде, мысалы өзбек – боғ, боғча, ұйғыр – бағ, түрік – бақ болып қолданылады. Қазақ тілінде сөз соңында ғ ешуақытта айтылып, жазылмайды. «Шар» сөзі де парсы тілінен енген, бұл тілде чеһар немесе чар төрт деген мағына береді. Қазақ тілінде шар айнала, жанжақ, төрт жақ мағыналарында қолданылады, мысалы: Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа (Абай). Сонымен, шарбақ төрт және бау-бақша деген парсы сөздерінің бірігуі арқасында жасалып, жан-жағы, төрт жағы бірдей бау, бақ деген мағынаға ие болған. Бұл екі сөз де парсы сөздері болғанымен, шарбақ парсы тілінде қолданылмайды, ол біріккен сөз болып түрік тілдерінде қалыптасқан.

«Шарбақ» сөзінің шығу тарихы бар, ол тек екі сөздің қалай болса солай бірігуінен жасала қойған жоқ. Бұл сөздің ондай тарихын ашу үшін, басқа түрік тілдерімен салыстыра қараған жөн, өйткені қазіргі түрік тілдерінде шарбақ әр түрлі мағыналарда айтылады, мысалы, қазақ тілінде ол үйді, бау-бақшаны айналдыра қоршаған ауладан басқа төбесі жоқ, сырғауылдан жасалған мал қора деген ұғымды да білдіреді. Өзбек тілінде чарвоқ – күтімсіз, суарылмай қалған бау-бақша, чорвақ, чорвоға дача, қала сыртындағы бау-бақшалы қора-жай (усадьба), қырғыз тілінде шарбақ-қамал, айналасын қорғанмен қоршаған ел отырған жер, қарақалпақ тілінде қаша, дуал, қора, аула, түрікмен тілінде аула, қоршау мағыналарында айтылады. «Шарбақ» сөзі белгілі жағдайда белгілі уақытпен байланысты шыққан, бұл сөз солтүстік түрік тілдерінде (башқұрт, татар чуваш, т.б.) қолданылмайды. Жоғарыда оның бастапқы мағынасы бақты қоршайтын аула емес, бақтың өзі екенін көрсеттік. Сонда ол қандай бақ? Бұған тарихымыз дәл жауап бере алады. Ерте кезде отырықты елдер көрші халықтардың тұтқиыл шабуыл жорықтарынан сақталу мақсатымен қалалардың, елді пункттердің айналасын қоршап, дуал, қабырғалар, қорғандар салғаны тарихта белгілі. Ондай қорғандар І-VІІІ ғасырларда Орта Азияда да болған, өйткені Орта Азияны мекендеген тайпалардың ішінде сол жерде көптеген отырықшы елдер қоныстағанын, сол кездің өзінде-ақ ірі-ірі қалалары болғандығын археологиялық қазбалар ашып, дәлелдеп беріп отыр. Түрік тайпаларының салған қамалдары кампырдивар (кемпір-дуал) деген атпен аталған. Бұл қорғандар басқа көшпелі түрік тайпаларының ойда жоқ кенет шабуылдарының құрбандығы болып кетпеу үшін, оған қарсы бірден-бір қажет қорғаныс еді. Кейін араб басқыншылығы тұсында бұл қамалдар ондай соғыстық қасиетін жойып, тек ұры-қарылардан қорғану қызметін атқаратын болды. Қыштан соғылған қорған, қабырғалар енді қалалардың айналасына салынбай олармен жеке-жеке кварталдарды, көшелерді, үйлерді қоршап жасайтын болған. Ондай дуалдар, мысалы, парсы елінің қалаларында әлі де бар көрінеді. Бұндай қамал, қабырғалардан бірінші безген ІХ-Х ғасырларда Саманид мемлекетін басқарып тұрған Исмаил болды. Ол ІХ ғасырдың аяғында (893-94 ж.ж.) Орта Азия көшпелілерін талқандап, Таразды (қазіргі Жамбыл қаласы) өзіне қаратып, одан кейін Иранның біраз жерін басып алып, күшті мемлекет құрған. Енді маңайдағы көшпелілерден қауіп кемігендіктен, Исмаил жаңадан қамал, қабырғалар салдырмақ тұрсын, бұрыңғылардың өзін қиратуға бұйрық берген. Сол кезде кейбір тарихшылардың жазғандарына қарағанда, Исмаил: «Мен тірі тұрғанда, мұнда ешкім келе алмайды. Бұхар жеріне қорған, қабырға мен боламын!» - деген. Бұл кезде бір жағынан араб, парсы мәдениеті де Орта Азияға жайыла бастайды. Жаңа медреселер, рабат немесе рибаттар (дінді уағыздайтын орын), салтанатты сарайлар салынады. Осы үйлердің айналасына қорған, қабырғалардың орнына ағаш отырғыза бастаған немесе бау-бақша еккен.

Бау-бақша, ағаштардың үйлерді, сарайларды қоршап әдемі көрік беріп тұруы көзделген. Үйдің айналасына бақ (бағ) орнату міндетті бола бастайды. Мысалы, Газневи сұлтаны Масудың Нашапурде (ХІ ғасыр) үш жағынан бақ қоршаған сарайы бар екен, ол төртінші жағын да бақпен қоршау үшін тағы да жер сатып алған. Енді міне Исмаил қираттырған қамал, қабырғалардың орнына үйлердің барлық жағын қоршаған бау-бақшалар пайда болды. Үйлердің төрт жағын да қоршай өскен осындай бақты чарбағ (шарбақ) деп атаған. Бұл сөздің солтүстік түрік тілдерінде қолданылмауы жоғарыда айтылған әрекеттердің сол елдерге жайылмауына, жетпеуіне байланысты.

Шарбақ бір жағынан үйлерді көркейтіп тұрса, екінші жағынан оның стратегиялық та мәні болғанға ұқсайды. Бақтың, ағаштың ішінде тұтқиылдан тиген жаудан жасырынып қалуға, құтылып кетуге болады және бау-бақша жаудың қылыш селтеуіне, найза түйреуіне кедергі келтіреді. Сырттай қарағанда, көркемдік маңызы оның стратегиялық мәнін бүркеп, көрсетпей тұр. Сондықтан да осы әр түрлі қызметіне байланысты «шарбақ» сөзі түрік тілдерінде көп мағынаға ие болды, сөйтіп, оның мағынасы кеңи берді. Кейін бақты қоршаған ауланы да шарбақ деп атап кетті, өйткені оның бір мағынасы «айнала қоршау» еді.

«Білім және еңбек» журналы. 1963ж. №67, 26-27-беттер

6alash ұсынады