Қазақ тарихындағы әйгілі батырлар Қабанбай мен Жәнібектің үнемі бірге болғаны туралы жұрт арасында айтылатын әңгімелер мен аңыздар өте көп.

Шәміс Құмарұлы

Жас кезінде Қабанбай батырдың Жәнібек батыр шыққан Керейдің Сүйіндік ауылында көп жыл жүргені де әңгіме болады. 2006 жылы қыста Мори аудандық тұрақты комитеттің орынбасар меңгерушісі болған Қайдар Әукішұлы ақсақалдың ауырып жатқанын естіп, көңілін сұрағалы бардым.

Қабанбай батыр мен Ер Жәнібек батыр

Бұл кісі әкемнің бірге оқыған сабақтасы әрі құда еді, әңгімелесіп көп отырдым, кетер шағымда ол кісі:

– Жәнібек батыр туралы жазған романыңды оқыдым, сенің Жәнібек батыр туралы роман жазып жүргеніңді білмеппін, білсем бұрынырақ  береді екенмін, бұнда Ақмади ақсақалдың берген Жәнібек батыр туралы дерегі бар,- деп сөмкесінен бүктелген кішкене жұқа қағазға жазылған нәрсені қолыма берді.

Ер Жәнібек романы шығып кеткендіктен, көп деректер қайталана беретіндіктен кейін көрермін деп қатирамның қабына сала салғам. Жақында осы қағаз қолыма ілініп, қайта оқып көрсем Қабанбай батыр мен Жәнібек батырдың туыстық байланысы туралы шағын дерек екен.

Ақмади ақсақалдың руы Сүйндік екенін бұрын естімеген едім. 1988 жылы Ақын Байбосынұлы ағадан ұққамын. Ақмади Мұқаметжанұлы Сүйіндік ішінде Құлмамбет әулеті екен.

Бұл кісі шежіреші, ақын адам болатын, «Жас қасқыр жалтаңға, кәрі қасқыр қалтаңға» қатарлы бірнеше дастан жариялаған.

Бұл ақсақал 1981 жылы қайтыс болып кетіпті, Қайдар ақсақал 2008 жылы қайтыс болды. қолымдағы деректің нақ ақмадидың қолжазбасы ма емес пе анығын білу үшін немересі Мұрат Көкенұлына жазуды үнхат арқылы жолдадым, ол:

– Нақ атамның өз жазуы екен,- деп жауап қайтарды. Және:

– Атам үнемі Қабанбай батырдың біздің елге жиен екенін, біздің елде көп жыл жүргенін, Ыбырай Алтынсариннің әкесі Алтынсарының шешесі Жәнібек батыр бабамыздың туған қызы Әймен  екенін, нағашыларын ұмыттырмау үшін, ұлына өзінің батыр аталары Алты мен Сарының атын жалғап, Алтысары деп ат қойғанын, Алтысары кейін өзгеріп Алтынсарыға айналғанын айтып отыратын,- деді. Мұрат Көкенұлы қазір Мори ауданы, Төптерек  ауылы, Сарымбұлақ қыстағында тұрады.

Ақмади Мұхамеджанұлы

Бейсенғали Садықанұлы мен Зейнолла Сәнік бірлесіп шығарған «Қабанбай» атты кітапта Қабанбай батырдың жас кезінде апайының артынан кетіп Сүйіндік ауылында алты жыл жүргені жазылған еді. Үлкен жақтан Қабанбай батырдың жас кезінде Сүйіндік ауылында болғаны, осы дәлелдермен анықталып тұр.

Мына дерекке негізделгенде Қабанбай батыр ұзатылған апайының ауылында емес, туған нағашысының ауылында жүргені ақылға сиымды секілді, өйткені, жиенін нағашысы бағып алатын жағдай біздің қазақта көп кездеседі, байқаған кісіге Ақмади ақсақалдың дерегінің шындық жағы басым болып тұрған сияқты. Қабдеш Жұмаділұлының «Ер асыл» романы мен Солтан Тәукейұлының «Ақыр Жәнібек» кітабында Жәнібек батырды Қабанбайдың жиені деп жазды. Мен Жәнібек батыр туралы 18 жыл дерек  жинадым. Мұндай деректер кездескен емес. Жәнібек батырдың туған анасы Қадиша Шашапаң тарихтағы әйгілі аналардың бірі.  Ол ұлы жүздегі Үйсіннен шыққан Досымбек  батырдың қызы екені тарихтан мәлім, оны білмейтін кісі өте аз. Мына дерекке қарағанда, қабанбай батыр Жәнібек батырдың жиен ағасы болады. Тағы да жоғарыдағы екі кітапта Қабанбай қалмақ батырын өлтіріп, содан бой тасалап Сүйіндік ауылында жүрді деп жазылады.

Білген кісіге мына сөз Қабанбай батырдың атағына дақ келтіреді деп ойлаймын, Қабанбай өмірінде жан сауғалаған батыр емес. Қабанбайды нағашысының ауылында жүрді деген сөз нанымды болатын сияқты. Ұзақ заманның өтуімен екі батырдың кімі кімге жиен екені алмасып қалған көрінеді.

Сондықтан Қабанбай батыр мен Жәнібек батырдың үнемі бірге жүруі осындай туыстық байланыспен қатысты болса керек. Бұл дерек әлі де ізденуді, зерттеуді қажет ететін деректің көзі екен. Қабанбай батыр мен Ер Жәнібек халқымыздың тарихындағы әйгілі ұлы тұлғалар, сондықтан зерттеуші, маман, жазушыларымыздың ізденіс жасауына ұсындым.

6alash ұсынады