Бір сұлу қыз өң-тұрқы жөнсал жігіт тапты. Бір қарағанда жігіт қыздан көп үлкен көрінуші еді. Енді қыздың таныстары оны сан-саққа жүгірте бастады. “Жемеседе май жақсы, бермеседе бай жақсы” дегендей бай біреу ғой – деп жорамалдағандар болды. “Бәлкім қыздың басын дуалап алған” шығар деп жанашырлық танытқандар да болды.

Әсілі бұл талдаулардың барлығы орынсыздау еді, деседе көп адамдар өстіп бір қисынға сидыруға тырысатын.

Адамдардың бұндай күрделі ұғымды өздерінің жалаң жорамалдары арқылы түсіндіре салуға тырысуын психологияда “салдардың себебін табудағы жаңсақтық” деп атайды.

“Әр елдің салты басқа” дегендей жорамалдың неше алуаны, соған сай ырымдар мен тиымдар әр өңірде әр басқа кездеседі әрі ол қоғамға, экономикаға да өз әсерін тигізеді. Мысалы қазақ елінде сейсенбіге ұшақ белеті арзандау. Бірақ “жаратушының күнінің бәрі сәт!” деп сейсенбідеде алыс жолға аттана беретіндер бар. Кейде “жолда көлік аз болады” деп сейсенбіде сапарға шуғуды ұнататындар да кездеседі. Бірақ бұлар қалыптасқан менталитетті өзгерте алған емес.

Біздің ауылда бір пысық қарт болды. Әр түрлі ырымға сай өзі “амал” тауып алушы еді. Мысалы: сейсенбі сапарға шығуға тура келсе, дүйсенбі күні атының ерін үйден шығарып қоятын… Өзі “Қазақ ырым едеді, ырымы қырын кетеді, қайсыбірін түгендеп боласың” деп ісін жалғастыра беруші еді.

Бір күні кешқұрым маңызды бір кездесуге көлігіммен асыға аттанып бара жатыр едім, жолды көлденеңінен кесіп бір қара мысық өте шықты. Мен алдыға жүруін жүріп келе жатқаныммен қара мысық жайлы қайдағы ырымдар есіме түсіп сәл екі ойлы болып, көлігімді жол шетіне шығарып сәл іркіліп қалдым. Сол шақта телефоныма “Қайда келдіңіз, біз күтіп отырмыз…” деген хат келді. Мен сәл қорғаншақтасам да алған бетімнен қайтпай кездесуге кете бердім. Кездесу өте сәтті өтті. Аман-есен қайта келіп алдым… Әсілі жолдан кесіп өтіп өз жайына кетіп бара жатқан мысықтың менімен қатысы жоқ еді, бірақ ырымның адамға сіңірген әсерін көрдіңіз бе?…

Сонда осы ырымшылдық деген тек біздің халыққа ғана тән қасиет пе екен деп ойлайтынмын. Кейін кейбір елдерде ғимараттың 13 қабатын 12B деп жазатынын көрдім, үйткені сол халықтың түсінігінде 13 цифыры сәтсіздіктің нышаны екен. Сонда барып бұл өзі адам атаулыға ортақ әлсіздік екеніне де көзім жеткендей болды.

Бір қызығы осындай алдыңғы туылған іс пен соңғы нәтижені байланыстырып ойлау тек ырымшыл ауыл халқына ғана тән ұғым емес, нарық биржасына араласып, цифырлы экономикада жүрген “оқыған әрі бай” адамдарда да кездеседі екен. Тіпті кейбір компанялар арнаулы түрде жарна базарының жағдайын алдын-ала болжай алатын ерекше ақыл-ой иелерін, жарна пірлерін ұсыныс ететін көрінеді.

Кейіндеп Даниел Канеманды осы “Болжампаздардың” есептеуі мен жарна базарының нақтылы жағдайы арасында қандай байланыс барлығын, бұл адамдарға соншама көп ақша төлеп ұсыныс еткенде компаня үшін өнімді болжам жасай алатыны-алмайтыны жайында нақтылы зерттеу жасауға шақырады. Даниел ұзақ уақыт құныттап зерттеу арқылы айтулы мамандардың жорамалы мен нақтылы жарна құнының өрлеп-құлдауында ешқандай сәйкестік болмайтынын дәлелдеп шыққан.

Әрбір тіке түйсікпен қабылдай салатын адам соңғы салдар мен нәтниженің барлығын қарапайым себептерге жаба салуға, сол арқылы өзін алдын ала білетін жандай көрсетуге тырысады.

Ауылымызда бір шағылғыр жаман көлігіміз болды. Ол екі күннің бірінде оталмай қалушы еді. Егер көлікті оталдыра алмай әбігерге түсіп жатқан кезде әжеміз көрсе: “Айтып едім ғой, көліктің басын қыбылаға қаратып тоқтатпайсыңдар да, енді оталдыра алмай тозасыңдар” деп ұрса жөнелетін… Әжеміздің түсінігі сондай рясыз әрі қамқор еді, әжемнің сүйтіп ұрысқаны маған бір түрлі сүйкімді болып көрінетін. Кейіндеп бұлайша салдардың себебін табуға деген жорамалдағыштықтың тек ескі түсініктің көзіндей қарттарда ғана емес, кәдімгі жастардада, тіпті ел басқарған тұлғаларда да үнемі ұшырасатынын байқадық. Осындай жаңсақ ұғым салдарынан үлкен зиян туындайтын жағдайлар да кездеседі екен.

Әсіресе, емшілікте осындай құбылыс жиі қайталанады. Бір дәрі бір өңірдегі, қарайлас жас мөлшеріндегі біраз адамға көрнекті әсер беріп ауыру азабынан құтқаруы мүмкін. Енді сол кісілер кез-келген аурумен ауырған адамға осы дәріні ұсына бастайды. Әрине, пайда таба қояйын деген ниетпен емес, басқалар да мен сияқты ауру азабын тартпасыншы деген адал көңілмен. Бірақ ондай дәріден ауруы айықпай ақшасын бір шашып, уақытын екі өткізіп зиян шегетіндер де жетерлік. Тіпті дәрінің кері әсерінен басқа ауру жамап алу жағдайы да кездеседі. Сондықтан өз басымыздан өткізген, бізге нақтылы көмегін тигізген емнің бәрі басқаларға да солай жақсылық әкелуі екіталай…

Кей адамдарда “баскетболмен айналыссаң бойың өседі, айналыспасаң аласа болып қаласың” деген көзқарас бар, үйткені баскетбол ойнайтындардың көбі сұңғақ бойлы келеді. Бұл енді бойдың биік болуы деген натниженің себебін қарапайым түрде баскетболдан іздеу. Әлемдік баскетбол шеберлерінің ішінде аласа бойлыларда бар, мұны қалай түсіндіруге болады? Әсілі бойы биік адамдар баскетбол ойнағанда ырықтырақ келеді, сондықтан баскетболшылардың көбі биік бойлылардан шығады. Бірақ мұны керісінше ойлау жаңсақтыққа ұрындырар еді.

Сондықтан салдардың себебін анықтау үшін шынайы әсер ету факторы мен нақтылы қағидаларды табу керек.

Кейде дәрі сатушылар:“Бұл дәріні ішсең бір аптада тәуір болып кетесің” дейді. Расында тәуір болуым мүмкін, бірақ дәрі ішпесем де бір аптада тәуір болып кетуім мүмкін ғой деп ойлай бермейміз. Бұны қазақ аңғалдық деп атаған, ал аңғалдық жаңсақтыққа жуық, ақымақтыққа бейім.

FDA(Food and Drug Administration) дың бір дәріге көз жеткізіп толымдылық ұқыған беруі әдетте мынадай тексеру кезеңдерінен өтеді.

  1. Басқаларға қалай әсер беріп жатқанын емес, өндіруші жақ дәрінің құрамы мен ем болу қағидасын түсіндіруі керек. Ғлми түсніктеме болған соң ғана екінші қадамға өтуге болады.
  2. Алғашқы тексеру, бұл сатыда бастысы дәрінің кері әсері, қосымша зияны бар-жоғы анықталады.
  3. Екінші кезеңдік тексеру, дәрі жасаушы бір топ адамға сынақ жасауы мүмкін бірақ сынаққа қатысушылар бір өңірден болуына, замандас болуына болмайды. Тіпті кей қатысушылар арнайы ұйымдастырылған дайын адамдар болуы да мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде барынша кез-келген адамнан, жасы,жынысы, тіпті ұлты мен жасаған мемлекеті де басқа-басқа адамдарға сынақ жасалады. Бұл сынақтарды бір орында жасауға болмайды, сөзсіз әлемнің түкпір-түкпірінде алуан түрлі шарт-жағдайда жасалуы керек. Үйткені шарт-жағдайға қарай адамдардың көңіл-күйі де түрліше болады. Бұл сатыға әрине ұзақ уақыт, қыруар қаражат керек. Соның бәрінен көңілге толымды нәтиже шықса сол дәріні үгіттеуге болама? Жоқ, әлу ерте, енді келесі кезең басталады.
  4. Бұл кезеңде сынамаға қатысушылар группалар арқылы бөлініп тексеріледі. Бұл дәрінің сыртын ұқсас етіп 2 түрлі жасау керек. Бірі шын дәрі, енді бірі сырты ұқсатылған зиансыз уитамин. Сынаққа қатысушылар өзінің қайсы топта екенін және қандай құрамдағы дәрі тұтынғанын білмеуі керек. Тіпті дәрі нәтижесін бақылаушылар да кімнің қандай дәрі ішкенін білмеуі шарт. Мүлдем парықсыз осындай дәрілерді ішкен кезде шын дәрінің нәтижесі басқаша болып шыққанда ғана оның өнімі дәлелденеді.
  5. Бірақ бұл дәріні халыққа ұсынуға әлі ерте, өйткені кей дәрі жүз адамға жақсы әсер бергенімен мың немесе он мың адамға берілген кезде өнімі айтарлықтай болмай қалуы мүмкін. Сондықтан соңғы сынақ осы дәріні қолданудан басқа амалы қалмаған жандарға кеңейтіледі…

Міне бұл 5 кезеңнен сәтті өтуге 10 үміткердің 9ы жетпей қалса таң қалмаймыз. Сондықтан бір дәрінің зертханадан халыққа ұсынылуына дейін 8-10 жыл уақыт және миллиярттаған доллар керек.

Мақаламыздың айтар ойы дәрі өндіру машахаты емес, қайта ғылыми дәлелдеудің күрделілігі. Біз көбінде өзімізге жаққан нәрсені оп-оңай қолдап басқаларға ұсына саламыз, өзімізге жақпағанды зерделеп зерттемей жатып жерге көмеміз. Егер бір адам себеп-салдарлық қатынасты қаншалық қарапайым, үстірт ойласа, соғұрлым соқыр сенімге жуық келеді.

Ғалымдар ауыз ашып себебін айта алмайтын кей күрделі мәселелерге соқыр сенім иелері оңай жауап табады. Үйткені екі құбылысты, екі оқиғаны сәйкестіріп, бірін себепке, енді бірін тәтижеге жори салуға аса бір қабылеттің қажеті жоқ.

-Ықылас Оразбай