Қайшалысқан адамға толы сегіз вагондық жолаушылар пойезінің ең соңғы вагонынан тинген орыныма енді ғана орналасып, қол сомкемдегі күнделікті оқып жүрген Сәбит Мұқановдың «Өмір мектебі» атты эссе романын оқи бастағаным сол еді:

– Ассалаумағалайком, Қанатбек аға! - деген баланың дауысынан кітапқа шұқшиған басымды еріксіз көтердім. Алдымда көзінен от шашқан, он-он бір жас шамасындағы торсық шеке, қара домалақ ұл тұр. Маған қарап ешбір тосырқаусыз жымиып:

– Аға сізді атам шақырады, біз осы вагонның бірінші, екінші орындығында отырмыз, - деді.

– Атаң кім?

– Қазым.

– Қайсы?

– Бурылтоғайдағы қисагер Қазым.

– Ой, айналайын, Қазым атаның баласысың ба? Жарайды атаңа барайық.

Сүйтсем Ақсайдағы азаматтар оларға менің келетінімді алдын ала айтқан екен. Содан ақсақал пойезға шыға немересіне мені іздетіпті.

Вагон толы бейтаныс жандар ортасында екі-үшеуіміз құшақ айқастыра сәлемдесіп, абыр-сабыр болып жатырмыз. Халқымыздың қазыналы Қазымы аталған әйгілі қисагер қарияны бұдан бұрынғы бірнеше қимылдарда сыртынан көріп, өткен жылы Бурылтоғайдың аудандық айтысна ұсыныспен қатынасқан сапарымда аз кем бірге болып, естелік суретке түскеніммен, айызым қанып әңгімелесе алмаған едім.

– Сапарыңыз сәтті болсын, бет алысыңыз қалай?

– Гансудегі Ақсай Қазақ ауданы шақыртыпты, немерем Болатбекті ертіп солай кетіп барамын. Мына жол серігімнің аты Асқар, Көкағаш ауылдық мәдениет понкитінің қызыметкері. Қағылез қария қасындағы немересі мен жол серігі Асқарды да таныстырып үлгірді.

– Жолымыз бір екен, мені де сол Ақсайдағы азаматтар шақыртқасын кетіп барамын. Бұйырса сіздермен бірге болған сапарым олжалы болар, - деп алдағы күндерге болжал жасап жатырмын. Сәл тыныстап алған қария:

– Е, балам, өнер өлтірмейді деген сөзді атаң қазақ бекер айтбаған ғой, бойымыздағы осы бір қасиеттің арқасында қара орман халықтың қошеметіне бөленіп, біраз жердің, елдің дәмін таттық, бұғанда шүкір. Қазіргі беталыстарың жақсы, өнердің сапары алыс, биіл мен сексеннің алтысына шықтым, сондада кәрілікке бой бергім келмейді, - деді күлімдей сөйлеп.

Баяғыда шежіре-шешен қариялардың бірі: «Кәрілік ажарлы кезіңді алады, шаш-сақалыңды ағартып көзіңді алады, бұған өкпелесең егесіп тісіңмен сөзіңді алады, беліңді жаздырмай екі аяғыңа кісен салады. Оғанда көнгің келмесе көрерің мынау деп өзіңді алады» - деген екен. Сол бір сөз көңілімнің көкжиегін шарлап өткенімен селкілдеп келген сексенге сес көрсетіп тұрған, тобықтан қағар тоқсанға да талпынысы ширақы ақсақалға еріксіз сүйіне қарадым.

– Шіркін, Құрманбек нағыз талант еді ғой. Жүрген жерін думанға бөлеп, отырған жерінде өлеңнің ақ жауынын құйып-құйып жібергенде еріксіз таңдай қағушы едік.

– Құрекеңмен қарым қатынасыңыз қою деп естігем, өткен күндерден айта отырыңыз.

– Иә, Құрекең екеміз сексенінші жылдардан бастап араластық. Ол менен он екі жас кіші болғанымен ағалық-інілік, жолдастық әзіл-қалжыңымыз жарасып тұратын. Ақындар айтысына, басқа да ойын тойларға бірге барып жүрдік. Талай қызықтар, естен кетбес күндер болды. Көріспеген күндеріміздің арасы алшақтаған сайын бір-бірімізді сағынып іздейтінбіз. 1994 жылы шілде айының бір күні мен оған пошта арқылы хат жолдап, өз өлеңдерінен бір таспа толтырып беріп жіберуін өтіндім, арада он-он бес күн өтер-өтбесте жауап хаты қолыма тиді. Сүйтсем Құрекең сырқаттанып емханаға жатып қалған екен, ол өз жағдайын хат арқылы өлеңмен былайша баяндапты:

– «Қымбатты, дұғай сәлем, Қазым аға,
Болудан тәңір қақсын жазым аға.
Сыйласу тіршілікте бір ғанибет,
Көз жетбес өмірдің көп, азына да.
Мұрасын бұрынғының сақтап жүрген,
Сарқылмас ұқсаушы едің қазынаға.
Жұбымыз жазылмайтын жыл құсындай,
Бір бардық қоңыр оба сазына да.
Жатқанда больницада хатыңды алдым,
Кім білсін жаман інің жазылама.
Бір таспа дауысыңды жібер депсің,
Халым аз айғайлауға қазір аға.
Ат мінгіз, шапан кигіз деген жоқсың,
Жөн еді жарағаным базынаңа.
Аз сөзбен жағдайымды білдірмесем,
Қалады-ау, ініңе өкпе, назың аға.

Бірге өскен тай-құнандай үйірдегі,
Жарасар ердің ерге күйінгені.

Артының не боларын кім біледі,
Бір науқас шырмап алды биыл мені.
Аманат ағасы айтқан біраз жұмыс,
Сау болса ғазиз басқа қиынба еді.
Алдында ағалардың домбыра алсам,
Тәйір-ай жалғыз таспа бұйымба еді.
Айланбай бір аударып түгетер ем,
Алмасып үн сандықтың тиірмені.
Еліңе менен сәлем шыға алмадым,
Арқаннан таңыр таққан бүйірдегі.

Аманба ел?
Бурылтоғай жеріндегі,
Азамат атқа мінер еліңдегі.
Сарбұлақ сақарасын Сайрандап ек,
Үйректей үліңгірдің көліндегі.
Дариға-ай сізден басқа еш адамнан,
Көзіме бір парша хат көрінбеді.
«Көзден кетсе көңілден болады ұмыт»,
Рас-ау деген тәмсіл тегіндегі.
Оғаштық өткізбеген секілді едім,
Достардың суйтындай көңілдері.
«Бір атым насыбайдан көңіл қалар»,-
Дегені бұрынғының тегінбе еді?!
Аталар көңілден деп айтады екен,
Адамның арымағы, семірмегі.
Қош Қаке, жақсылықпен көрісейік,
Тоғысқан аға-іні едік сенімдері.
Арамыз ешқашанда бөлінбесін,
Саптаспыз бір майданның шебіндегі».

Ақынның жыр жинағынан «Қазымға хат» атты осы өлеңін неше рет оқығанымызды кім білсін, бірақ дәл қазіргідей тебіренбеген екенмін. Күніне жүздеген, мыңдаған адамдар шоғыры ортасында жүрседе өнер адамында болатын рухани жалғыздық, жабығу, сағыну деген тылсым дүние ғой, сол жалғызсыраудан, сағынудан бірін-бірі іздеп, алыстан кісінесетін арғымақ мінез жандар-ай.

Қазекеңнің әкесі Кәлмен өз ортасына сыйлы, қыстаубай ауылдарының молласы болған, көзі ашық, көкірегі ояу жан болса, анасы Бәтима меркіттің құлсары руының іргелі байы Кәден ауылының қызы екен.

Мен он бес жасымнан бастап қиса жаттадым. Қиса-дастанға құмар болуыма әсер еткен нағашы ағаларым Бөкей, Көксеген деген кісілер. Сол кезде жасы отыздың ішндегі азаматтар еді, олар таңды таңға ұрып қиса-дастандарды жатқа айтатын. Сол бір жылдар үркін-қорқынның мезгілі болсада маңайдағы ауылдар қыз ұзатып, келін түсіріп той жасап жатады. Той жасаған ауылдар Бөкей, Көксегендерді арнайы ат жіберіп алдырып кітап айттырады. Соларды көре жүріп менің де қиса-дастанға деген сүйіспеншілігім оянып Ақыт, Арғынбек, Қажет қатарлы ақындардың жырларын нағашыларымның ауызынан жаттай бастадым,- дейді Қазекең.

Осы кезде қасымызға келіп жайғасқан тағы бір сапарласымыз Шинжяң қолданылмалы кәсіптер техникалық иниститутының доценті Болат Заманғажыұлы да әңгімеге араласты:

– Ақсақал қайын жұртыңыз қай ел?

– Мен нағашы ауылымнан қыз алған жанмын, үлкендер Кәбирә (жұбайының аты) екеумізге бесігімізде құдаласқан екен, ол кісі қазір сексен үште, әлі ши орап, сырмақ тігеді. Екі ұл, төрт қызым бар. Шүкір бақытты жанмын.

– Бесікте құда болған дедіңіз бе? Ашалап айтып берсеңіз.

– Иә, бұрынғы кезде аталарымыз бесіктегі баласына бел құда іздейтін болған. Келіні жүкті үлкендер іштегі балаға құдалық жасасып қоятын, ол кезде шешем маған ауыр аяқ, ал нағашым Кәденнің Сүлеймен деген ұлының әйелі де ауыр аяқ екен, осылайша нағашым Кәден мен әкем Кәлмен екеуі бізге бесігімізде құдаласыпты.

– Расында есте қалар оқиғалар екен. Бір қисаны жаттау үшін неше рет оқисыз, қанша қиса-дастан жаттадыңыз?

– Көбінде бір рет ғана оқп шығам, кейбірін екі рет оқимын, оқып болғаннан кейін көзімді жұмып ойлансам шумақ-шумақ болып көз алдымнан өтіп жатады, қазірге дейін бір жүз жиырма жеті дастанды жатқа алыппын.

Тарих көз, қойма жүрек қарияның қасиетіне еріксіз тамсанып бір-бірімізге қарастық. Осылайша шежіре қарттың шешен тілімен шертілген Ырысбай шешеннің тапқыр сөздері, қырықыншы жылдардағы елдің тағдыры жайлы айтылған әңгімелерімен сусындап алты сағаттық жолдың алыстығын да аңғармай аялдамадан түстік.

Әңгімелескен:  Қанатбек Зайтоллаұлы

6alash ұсынады