Мезгіл жаз. Қаратау сырты, Құм мен Шу, кәрі Бетбақты асып, Сарыарқаға сапар шеккен жолаушыларды аудан хатшысы Қожамсүгіров Ахмет бастап төменгі Шу өлкесі – Көкмұрынтой дейтін ел жайлауына жетіп, аялдап жаттық. Қарасаңда Созақтан көшіп-қонған жылқышының үйі. Сырты көкмайса шалғын, одан әрі керілген кең дүние, кеш самалы көңіл сергітті. Сөзден-сөз туындап, әңгіме әңгімеге ұласты.
Айтушы, бұл өлкенің өткен-кеткеніне жетік ел адамы Мәркембаев Сәттібай әңгімені майын тамыза сөйлейді:
-Анау көрінген «Көкмұрынтой» төбенің биігі. – Ақын Исадан қалған «Құралай сұлу» дастанының оқиғасы туған жер. Той төбенің баурайы «армансыз адам» деп аңыз болған батыр Келденнің мекені...
- Е-е, Құралай сұлуын Қамсақтының көлінде жолбарысқа жазым ғып арманда өткен батыр Келден бе?
- Дәл соның өзі.
- Пай-пай, шіркін-ай! Сол оқиғаны мөлдірете жырлап кеткен дауылпаз
ақын Исаға кім жеткен еді.
- Ал енді «Көкмұрын» баурайындағы Тұйық көл қамысында сонау төңкеріс жылдары Арқадағы Бетпақты басып Түркістан асқан Сәкен жанында керемет бір перизат болыпты.
- Сәттібайдың мына сөзі «Оңтүстіктің» сол кездегі редакторы Байтұрсынов Мәдиді елең еткізді.
- Сәкен Сейфуллинді айтамысың?
- Иә, дәл сол Сәкеннің өзі. – Төңкерісшіл бәлшебек ақтардан қашып біздің жаққа келгенде, мына Созақта милиса нәшәндігі Тәукебайдан пана тауып, екеуі арада қыл өтпейтін дос болып кеткен ғой. Әттең сол Тәукебай кейін, отызыншы жылдары «бай баласы», «ұлтшыл, халық жауы» Сейполланың құйыршығы» - деп ұсталып, атылып кетті. Бар сыры өзімен бірге кетті.
Жұрт үнсіз. Менің Сәкеннің романтикалы жұмбақ сырға, сол бір беймәлім сапары жайындағы бар естіп-білгенім солай, құм жұтқан тұманың тұнбасындай тым келте, өкінішпен үзілген-ді.
Арада тұтас бір дәуірді артқа салған қаншама жылдар өтті. Жасы алпыстан асқан, қою шашын тұтас боз қырау шалған, ер кескінді еңселі азамат сөйлеп отыр.
- Мен сізге сонау Сырдарияның арғы жағынан арнайы келіп отырмын. – Мойынымда қаншама жылдардан қалып жатқан әке аманатын айтқалы келдім. – Есімім Бейсембай, сіз бір кезде әңгіме ғып жазған Сәкеннің досы – Тәукебайдың жалғыз ұлымын. Фамилиям Кадиров. – Заман сазымен әке атынан қашып, бір ағайын есімін алғанмын.
Отызыншы жылдардың басында «Бай баласы, датқаның ұрпағы» деп тықыр түскесін әкем жылысып Тәшкен асып Бөке жағына кеткен екен. Ол кезде мен төрт жастамын. Қатал заман құрығы қашқанды құтқарған ба, әкем сол жақта кіре тартып, кәсіпшілікте жүргенде 38 жылы Сейфуллиннің құйыршығы деп ұсталды. Жиырма жылды арқалатып, итжеккенге айдапты. Амалсызға амал не, арада он сегіз жыл өткенде елу алтының көктемінде оралды.
Бірақ дозақтың азабында өткен өмір ұзақ жүрім бермеді. Алты жылдай ел шеті Жетісайдың жерін басып дүниеден өтті. Туған жері алтын бесігі – Созаққа бармақ еді, бара алмады. Кіндік қан тамған елін көре алмады.
Бір күні жұмыстан келсем, ол төсегінің жанында отыр. Қолында «Оңтүстіктің» бір саны. Көңілі толқулы. Сондағы «Сарыарқаның саздары» атты сіздің әңгімеңізді оқыпты.
- Балам, - деді әкем, - мынаны жазған бала біздің созақта өткен жастық шағымыздың шет жағасын қозғапты. Кейінгі жастар қайдан білсін. Келер ұрпаққа өмірдің шындығы керек. Сен іздесең сол газет тілшісін көрерсің, сонда менің атымнан мына әңгімені айтарсың, - деді.
***
Жиырмасыншы жылдың маусым айының ортасы еді. Жаздың күні қызметкерлер Созақ сыртына Төртінші жайлауына көшіп шығып, киіз үйде отырғанбыз. Бір күні кеште үй сыртынан ат дүбірі, артынша – кім бар, деген ер жігіттің жігерлі даусы естілді. Тысқа шықтым. Алдымда ғайыптан түскендей келісті ақбоз арғымақ мінген, қасында қаракөк сәйгүлікте сұлу келіншегі бар бір жас жігіт тұр.
- Маған Созақтағы милиция бастығы Тәукебай керек еді.
- Иә, іздегеніңіз алдыңызда тұр.
- Мен Ақмола жағының қазағы Сейфолла ұлы Садуақаспын – ал мені Сейфуллин Сәкен , - дейді Кеңесер іс бар.
- Сәкен! – жүрегім дір ете түсті. – Ол кез жалынды жас ақын – Сәкеннің есімі қазақ даласын жаңадан шарлап тұрған шағы. Аттан түсіріп, үйге кіргіздік.
- Уақыт тар. Артымызда қуғыншы. Мына жас әйелді осы сәттен бір таса, сенімді жерде сақтау керек. Басына бостандық іздеген, - теңдік іздеген қазақтың қызы, - деді.
Сәкен айтқасын сөз бар ма, тез бәріміз атқа қондық. Мыңжылқы қойнауында бір тас бұлақ жағасында шеткері отырған жесір жеңгеміздің үйіне апардық. – Шіркін, Меруерт десе меруерт. Кіршіксіз жанар, ақша бет, мөлдір көздің өзі екен.
Ертеңіне сәскеде он бес шақты, сойылдарын тақымға басқан, қуғыншы сау ете түсті.
- Қайда Сейполланың бәлшебек баласы. Қайда біздің қалың беріп алған жесіріміз. Шығар, - деп әкіреңдейді. Надан тобырдың сөз ұғары жоқ.
Сөзді ұқпаған тобырдың бетін винтовкенің бастарынан асыра атқан екі оғы қайтарды. Ізімен құмға қарай зытты.
Қуғыннан құтылғасын Сәкен арқа-басы кеңіп, томағасын сыпырған қырандай қыраттанды. Жүзі нұрланып, жадырап, жайнай түсті.
- Бір апта емін-еркін тыныстап, дем алайық, әрі елге шығып, жастарды жаңа өмірдің биік мұраттарына тартайық, - дейді.
Сәкен айтқан соң ел кісілері боп ақыл қосып Мыңжылқының бөгденің көзінен аулақ Балықты әулие шатқалына үш ақбоз үй тігетін болдық. Соның бірі Сәкеннің дем алар орны, екіншісі ас үй, енді біреуіне қосшы-қорықшылар жайғасты.
Осында түнейтін Сәкен әр күні түстен кейін бір мезгіл маңайдағы ауылдарға шығып, жастарды жиып, жалынды сөз сөйлеп, өлеңдерін оқып, оларды ұйымшылдыққа, өнер-білімге, мәдениетке шақырды. Сол күндері мен Сәкеннен жұп жазбай күндіз-түні бірге болдым.
Меруертті паналатқан жеңгенің аулы бұл арадан қозы көші ғана жер. О да таудың бір көркем, тас бұлақты суының жағасында еді. Таяуда, бұлақ бойында зау өскен саялы қаратал тұратын. Сәкен әр кеш ақбоз атына мініп, өзі іңкәр боп табысқан Меруертіне барып жүрді.
Қырқадан ақбоз үйлер көрінеді. Сол сәт үйден шығып, түнгі боз мұнарда ақ көйлегі бозаң тартып сұлу бейне де көрінеді. Сәкен ат шылауын маған ұстатып, белгілі кездесу орны – биік Қараталға жөнеледі. Ақ түн, алып шынар, мөлдір бұлақ, жұлдызды аспан, сырлы кездесудің тілсіз-үнсіз куәсі осы тұл табиғаттың құшағы.
Осылай алты күн өтті. Әр кеш, ай асты, жайлы түнде ат үсті келе жатып, Сәкен ыңырана толғап, қоңыр кешке қосылып, жан адам естімеген бір әннің сазын баяу шырқаумен болды. Бір түн ұйықтамай өлең сөздерін дәптеріне түсірді. Өзі өзімен күбірлей сөйлеп, жиі тысқа шығып, су жағалап, сырлы дүние құшағына берілді.
Соңғы күн, соңғы кеш, Сәкендер ертең жолға шықпақ. Ай туып келеді. Сәкен көңілді.
- Бір апта бірге болдық, Тәуке. Достық істеріңе ризамын. Тынықтық. Ән де келді дүниеге. Оның сөзі мынау, - деп, дәптерін ашып, өлең жолдарын тебірене оқыды.
Келемін тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Ақ боз ат астымдағы сылаң сағым,
Жалтаңдап құлақтарын елеңдетіп.
Соңғы түн, соңғы кеш. Кең дүние күміс нұрға шомып, жым-жырт жатты. Тасбұлақтан Меруерт жанынан қайтқан Сәкен ай маңдайын, кең кеудесін баяу желпіген майда қоңыр самалға тосып, ат үсті баяу әндетіп келеді.
Тау шатқалына кірдім. Айнала биік құзарға еніп, ұзаған сайын Сәкеннің қоңырқай ашық даусы биіктей түсті. Оған айнала төнген құзар тастар, түнгі дүние жаңғырыға үн қосты.
Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,
Маужырап төсегіңде керілмессің.
Ақырын үйден шығып уәделі,
Жеріне келуге сен ерінбессің...
Шіркін, сол бір сәттегі Сәкеннің көңіл күйі қандай еді. Ақбоз аты, үстінде ақ көйлек. Омырауын ашып тастап, айлы түн астында аңырата шырқап келе жатты азамат. Жалған дүние, өтер-кетер деп кім ойлаған.
Таң сазымен Сәкендер аттанды. Суындық асуында қайырыла тұрып қоштастық. Алдағы беймәлім өмір, белгісіз тағдыры күткен кең дүние құшағына құлап, ұзап бара жатқан қос бейнеге қиыла қарап қала берген едім...
Еркінбек ТҰРЫСОВ,
жазушы
14 Қыркүйек 2011, "Алдаспан" газеті

Қайрат Байбосынов - Сәкен Сейфуллин "Тау ішінде"

6alash ұсынады