Мұқа, қымыз туралы өлеңі­ңізді оқығам, енді «Құрттың құдіреті» деген жыр жазуыңызға себеп болатын бір әңгіме айтып берейін, – деп профессор Бостан Шахманов Алматыда ақын Мұхтар Шахановтың шаңырағында мынадай әңгіме айтқанына куә болып едім.

– Астанадағы кезіміз еді, бір күні кеште Алматыдағы ұлым Нұрлан келді. Қасында көмірдей қара негр жігіт бар. «Менің досым, Франциядан, аты – Джон» деп таныстырды. Джон аздап орысша біледі екен, әрнені айтып әңгімелесіп отыр едік, бір уақытта:
– Аға, сіз ауыл шаруашылығы маманы екенсіз, сіз маған 2 тонна құрт тауып бере аласыз ба? – деп қалды.
– Оу, сонша көп құртты қайте­йін деп едің? – дедім таңданысымды жасыра алмай.
– Егер таба алсаңыз, сіз де, мен де бір-ақ күнде миллионерге айналамыз, – деп тіпті қызықтырды. Сөйтсем әңгіме былай екен:
Содан бір-екі жыл бұрын Қазақ­станға француз ғалымы сапарлай келеді. Қазақстаннан қайтарда бір танысы қазақ салты деп бір уыс құртты әлгі ғалымның жанқалтасына салып береді. Ұшақта құрттың дәмін алып, құнығып алған ғалым кейін АҚШ-қа сапарлай барғанда да жанқалтасынан құртты тастамай жүрсе керек, жиын кезінде қасында отырған америкалық досының қалтасына 3-4 құрт сала салады. Әлгі жігіт жиын тараған соң қалтасындағы өмірі көрмеген ақ түсті затты байқайды. Иіскеп көреді, иіс жоқ, «апыр-ау, бұл не нәрсе?» деген оймен әлгі досына телефон шалса, байланыса алмайды. Ол кезде АҚШ-та күйдіргіш вирус тарап жатқан кезі екен де, әлденеден сезіктенген ол құртты лаборатория­лық сараптау­ға береді. Бірақ ойламаған жерден зертхананың тексеру нәтижесі әлгі жігітті қайран қалдырады: «Бұл затта адам денесіне қажетті нәрлі құрамдардың бәрі бар және олар ешқандай өзгеріссіз сақталған, бұл – біздің ұшқыштар үшін табылмайтын азық. Бұл, сірә, не нәрсе?» деген қорытындыны көрген соң дереу Франциядағы досына телефон шалып, мұның не зат екенін, қалай дайындалатынын және дайындау технологиясын сұрайды. Бірақ жүрерде ғана алған сәлемдемесінің әйтеуір жейтін тағам екенін білетін, қалай дайындалатынынан бейхабар ғалым оған жарытып жауап бере алмайды. Десе де, қайдан алғанын айтпай, «көбірек тауып беруге» келіседі. Джон сол ғалымның тапсырмасы бойынша келіпті…
– Ой, мынау рас, үлкен ой арқалаған әңгіме екен, – деп Мұхаң рақаттана күлді…

«Алты малта ас болған» деген тіркес қазақ тілінің сөздік қорында ежелден бар. Ер жүрек бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғағанда, «етігімен қан кешіп, ер тоқымын жастанған» жанталасты күндерде алты малтаны ас етіп, неше күн нәр татпай жүргенін ескерсек, шетелдіктер пәтуасының еш қатесіз екеніне күмәніміз қалмайды. Әрине, құрттың қазақтың тағам мәдениетіндегі орны бөлек. Бір құрттың өзі неше түрлі ауруға ем екенін айтпаған күннің өзінде құрт мүжу баланың жетілуіне де ерекше ықпал етеді.
Бірде қытайлық дәрігерлер әр ұлт балаларының тісіне зерттеу жүргізіп, қазақ балаларының тісі ерекше берік әрі жақсы жетілетінін байқаған. Мұның себебін іздеген мамандар ең соңында қазақ балаларының тісінің берік болуындағы себеп қазақтардың баласына кішкентай кезінен бастап құрт мүжітетінімен байланысты деп қорытынды шығарған. Ал құрттың құрамын тексеріп, зерттеген осы заман ғылымы да оның адам ағзасына аса пайдалы екенін айрықша атап отыр. Алайда сол қасиетті құрт әлі де қазақтардың дастарқанынан аса алмай отыр. Қазақстанға саяхаттай келген туристерге ұлттық тағамымыз ретінде де жүйелі таныстыра алмай жүрміз. Құрт өндіретін зауыттар ұшқындап құрылғанымен, оның дәмі, құнары қолмен жайылған құртқа жетпей тұр. Құрттың құдіретін ұлттың құдіреті ретінде таныстыруды да назардан қағыс қалдырмағанымыз дұрыс.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

"Астана ақшамы"