Бабамның басы қалған құла қырда,

Боздайды сексеуілдер құба құмда.

Қорқыттың қобызының мұң мен зары,

Құйылған ұждан болып, құлағыма

Тауындай Жиделінің туған арман,

Қазақтың домбырасын тыңда ғалам!

Сорғалап қос ішектен «Серпер», «Адай»,

Жеткізді бозшолақтар жылдан аман.

Домбыра абыздардың аманаты,

Жүзінде алдаспанның зар жылаған.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан»

Өшкен от, көшкен жұрттан ән құраған.

Балбалдар, ғұндар жатқан даласында,

Бауырына басқан байтақ, бар асылды.

Кісінеп күреңіндей Күлтегіннің,

Тауысар «Балбырауын» тағатыңды.

Қан тамса Махамбеттің садағынан,

Тебініп ер Исатай салар ұран.

Жұлқынып «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан»

Төгілер домбырамның шанағынан.

Сусыған сүлей дүние саусағымнан,

Дүлділдей кермедегі тау сағынған.

Төркіндеп «Төремұрат» кетті әне енді,

Бұйырған маңдай бағым балшағымнан.

Есімде ер Көкшенің бал бұлағы,

Бал бұлағы шөлімді қандырады.

Қанымда тулап жатыр толағай күй,

«Сарыарқа» жалған дүние қалды бәрі.

Күй қалықтап құстардың қанатында,

Қанатында қамалып қалатын ән.

Күй ақиқат, намыстың көк байрағы,

Қазақ деген домбыра, дара тұлға.

Күй халықтың тарихы, арттағыға,

Үркіп кеткен жұлдыздай аспаныңа.

Дауға шешім, жауына кешірімді,

Төбе биі секілді қақпағылда.

Рухыма ұлылықты құяды ақ таң,

Көкірегіме күй болып сияды аспан.

Қарапайым қазақтың домбырасы,

Он сегіз мың ғаламды ұялатқан.

Көңілінен ұшырса күйші үміт,

Бөрі тұрар белдеуде, ұйқылы ұлып.

Құлагердей зымырап құба түзде,

Төрт құбыла ән жұтсын, күй сіміріп.

Ғаламат дауыл соғар, қанымды алып,

Жанартаудай лапылдап жанып-жанып.

Құлындай ойнақтаған мамырдағы,

Тым сиқыр «Әлқиса» күй арымдағып.

Һәм сағыныш домбыра, сенде сауғам,

Сенде сауғам сарпалдаң тербе сарман.

Сақтаған сақ бабамның сан тарихын,

Теңдеусіз, тәлімдермен теңдесе алғам.

Осындай қасиет бар шанағыңда,

Шабыт қуған жыраулар жалғасуда.

Қия бассам атаның соқпағынан,

Пенделіктен періштем ар басуда.

О, домбырам! Байрағым көтеретін,

Күй болып күмбірлесе көшелі түн.

Өнердің кір келтірсем өзегіне,

Әз елім, кәрі жанды кешірерсің.

Қажыдым, туған жерден күй кешемін,

Күй кешемін, таулармен тілдесемін.

Қазақтай қоңыр мінез домбырамды,

Қажымас қайрат жатыр, күйде сенім.

О менің Оғыз әуен, О Тұраным!

Шырқырап шындықты айтам, шошымағын.

Туған жер топырағың қымбат маған,

Басығұт, бауыры Балқаш шоқыларым.

Құдіретін танытқан ғұмыры ұлттың,

Уыз емген ұрпағы ұлылықтың.

Жан жүрегім домбыра үзбес үміт,

Күй дейтін құдыретке құнығыппын.

Ақын,зерттеуші Сағатбек Ахметқажиұлы 1974 жылы маусым айында Шығыс Түркістанның Алтай аймағында дүниеге келген. 2010 жылы мамырда Қазақстанға оралған.     

Қытайдан және елімізде шығатын газет,журналдарда 300-ден аса шығармалары жарық көрген. «Көкжал түн» , «О, Ағажай» атты жеке жыр жинақтарының авторы. «Сезім тамшылары», «Қанас меруерттері», «Қылбұрау» деген алманақтарда шығармалары шыққан.Осы тұстан «Аманат», «Мұзбалақ», «Баба жолы», «Қылбұрау», «Сәуір бұлты», «Жыр-шежіре», «Сыбызғы сазы», «Көкжиекті күн сәуле» , «Құлан иек» қатарлы кітаптарды құрастырған.Қазір Ақмола обылысы Ерейментау ауданы Тайбай ауылында тұрады