Қызғыш құс, «Қызғыш анам-ай»!

(Қызырбек Жанасылұлының «Қызғыш ана» күйінен туған ой)


«Қызғыш ана» күйі

авторы және орындаған: Қызырбек Жанасылұлы


Анам сылаған құлағымды, қызғыш тістеп кетті…
– Автор


Ойхой Ертіс, ойхой Қыран, кіндік қарасу сен әлі көз алдымдасың! Сені көлденең көк аттыны қойып, топырағыңа аунап, толқыныңа тоғылтып өскен менен қызғанып, шыр-пыр боп құлағымды тістеп кеткен әлгі бір қызғыш деп аталатын, денесі титтей, жүрегі таудай құсты мәңгі ұмытар емеспін!

Бірде пішен шауып, мая жинап жатқанбыз. Қостай-қостай күпәнә атпен сүйретіп тасылатын. Жол кіндік қарасуды айналып өтетін еді. Бұл қызғыштың бейіш мекені. Міне, ол мен өткен сайын шырылдап, «Ары кет, алыс жүр» дегендей басымнан айналып қалмай-ақ қойды. Ақыры құлағымды тістеп тыныш тапқандай болған еді. Айналайын қызғыш құсым-ай! Сағындым сені. Саған таудай жүрек сыйлаған, анау көлді, мынау жерді менікі, менің балапанымды дегізген теңдессіз аналық мейірімің шығар-ау! Сені әлде кімдер аса қызғаншақ құс деседі. Сонда, сені қызғаншақ қылған не еді? Сен мекен еткен жеріңе, айдын шалқар көліңе өте адал, опалы едің... Содан оны қорисың, қызғанасың. Өйткені, қызғаныштың бойында махаббат жоқ емес. Қызғаныш - махаббат пен адалдыққа құрылса, мынау адамзат асылын «Қызғыштай қоритын» еді... Амал не, көл күзетіп сен қалдың, бел күзетіп атамның мама ағашы қалды... Қыр басында қызғыштай шырылдап анам қалды... Ал, мен тым алыс кеттім... Маханбет жырау саған неге мұң шаққанын енді түсіндім... Иә, ол:

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айрылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаны мен едім.
Мен де айрылдым елімнен;
Көл қорғаны сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған-
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған-
Хан жәңгірдің екпіні.
Айтып-айтпай немене,
Құсарлықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні...- деп толғаған!

Маханбеттің қайғысы мен қапалы көңілі кімде жоқ дейсіз? Қанаты бүтін сұңқар, тұяғы кетілмеген тұлпар барма, бұл жалғанда? Арманға толы фәни дүниенің өзегі сап-сары көлкіген сағыныш! Мына күй соны айтып тұр, соған күңіренеді, соған толқиды, күмбірлейді, үздігеді... Қасиетіңе бас қарт домбыра, айналайын қызағаңның ақылды саусағы сөйле, сөйлей түс! Күймен қанаттанған қиял шіркін, қиянды шарлайды!

Қызғыш құс туралы ойланам. Бұл өзі Азияның барлық өңірінде кездесетін құс. Ғажабы, шөлді жерлерде тіршілік етпейді. Дене тұрқы 30 см-дей, салмағы 200 г. Жон арқасы мен жемсауы қара қоңыр, бауыры ақ түсті. Желкесінде жіңішке қауырсындардан тұратын айдары бар жыл құсы. Наурыз, сәуірде ұшып келіп, су маңындағы шалғынға және батпақты жерлерге құрғақ шөп төсеп, шұқырлап ұя салады. Қошқыл дақты 4 жұмыртқасын мекиены мен қоразы кезектесіп шайқап, 24-29 күнде балапан шығарады. Балапанын өте қорғайтын құс. Сондықтан да ”қызғыштай қору“ деген сөз тіркесі осыған байланысты шыққан болса керек-ті. Қазан, қараша айларында қыстау ұшын Азияның оңтүстігінен ұшып кетеді. Бірақ, жылда мекен еткен жеріне тұрақты келетін құс!

Міне, міне, анау қағыстан Қызғыш құс зарлайды, мынау қағыстан қызғыш ана көз жасын көлдететіп тұр. Беу дүние, беу тілмасатты, құдыреті күшті күй жарықтық! Бірде ұшы-қиры жоқ көк бурыл теңізде шетіне шыға алмай малтығып, қармайын десем атал да жоқ қиын күй кешем! Бірде сол көгілдір теңізден әлдебір аққанат құс аспа алып ұшықандай желпініп, иә болмаса арғымақ мініп арындағандай болам! Иә, өмірдің өзі жетілу мен жемірілу, желпіну мен жер тарту емеспе! Күй-құдырет соны айтып тұр екен-ау!

Аузына тістеген титімдей балығы бар қызғыш көлдің бетіндегі балдырлы аралшаны шыр айналып ұшып жүр. Дәуісі тым зарлы. «Қызғыш» құс паруанадай шыр айналып, балапанын іздейді. Осы көрніске ұзақ қараған домбырашы жігіт ауыр күрсініп, сонау бір жоқшылық жайлаған сүреңсіз жылдарда әкеден жастай жетім қалған бір топ ақ үрпек балапанын «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмайын» деп шыжақ болған, қандай қиындықтар көрседе елең құрлы көрмеген жансебіл жанды, жатса-тұрса, балаларының тілеуін тілейтін аяулы анасы марқұм Бәтіл Ақүрпекқызын сағына еске алды. Ана рухы баласын мәңгі қызғыштай қориды екен-ау! Қораның шетінде ақ жаулығы желбіреп, Барлық тауы жаққа күн салып қарап тұрған анасы көз алдына елестеді. Тұла бойын әлде бір сарын тербетті, домбырасын қолына алды. Сағынышқа оранған күй туды. Күйге қаршыға ағасы «Қызғыш-ана» деп ат қойды. Күй тез арада кең таралды. Өйткені, бұл күйде мұң мен сағыншы басым адамзат ғұмырының тағдыры бар еді!

Бірде, дәм тартып Қоңыробаға бара қалдым. Жайыр мен Барлықтың ортасындағы, түйенің керген төстігіндей кең жазық Қоңыроба деп аталады. Саздаутты көл киктің көзіндей мөлдіреп, жиегі сәбидің еңбегіндей былқылдайды. Сарыалақаз сұңқылдап, қаз-үйрегі қаңқылдап жатқан осынау мекенді жағалай қонған ақбоз үй! Аулақта жылқы пысқырып, желіде құлын кісінеп, сабаның күрпілі үйден-үйге жалғасқан бір шақта, шеткі ақордадан күй күмбірлей жөнелді! Таныс күй, елең еттім. Иә, Қызырбек Жанасылдың «Қызғыш ана» күйі! Әне, Қоңыроба көлін жағалай қызғыш шырылдап жүр. Ол өзінің күйге арқау болғанын білмейді-ау, әттең... Енді бірде, әнші қыз-жігттер «Ақау қызғыш, көңіл бұзғыш, қайда кеттің, япырым-ау, қымыз құйғыш» деп әндетеді! Жаныңды шабыт кернейді. Ел мен жер хақында толғанасың!

Барқыт бел, үш құлстай пүліс жапқан,
Аумайды Тарбағатай күміс тақтан.
Барлық тау батыстан қол бұлғаса,
Орқашақар бой созады шығыс жақтан.

Ерке еміл өрме арқандай шиыратылған,
Жағасы бақыт, байлық, ырыс жатқан.
Құлыстайдың құйқалы бөлшегіндей,
Қоңыроба былқылдап бұрыс жатқан.
Есіл ел арман қуа айналып кеп,
Құт мекен Құлыстайдан тыныс тапқан!

Иә, Барлық тауынан құлдап, Тастыдан шығып батысқа қарай аз жүрсеңіз Қоңыроба сазына жетесіз. Өлкелік 318 жол бойында бұл ұлтанды жайлаудың масаты кілем жамылғандай бетегелі жазық белдері алыстан көз арбайды. Батыс өңірдегі Жібек жолы бойындағы аңызға айналған бұл мекен шыбын, шіркейсіз қоңыр салқын жанға жайлы келеді. Осыбір үлкен саздықты майлы мен барлықтың көк жұмыр адырлары қаумалай қоршаған. Ортасы көл, төңірегі солқылдаған сәнді сазда аққу қонып, қаз ұшып дуға басса, төңірегі шағаладай үйлермен жұрындалып, ақбас тауларымен құп жарасқан. Үйездеген жылқы, ірімшіктей қызыл қой, өрісті толтырып, қоңыр басты бетегені қуат қып мыңғырып жатыр. Қоңыртаудың құшағындағы қоңыр ауылда күрпілдеген саба дауысы мен көл сырпылы бірігіп, қоңыр желден қоңыр әуен туындап, Қоңыробада қоңыр-қоңыр күй шертілуде. Ол Ақымжанның «Қоңыры», Қайрақбайдың «Молқоңыры», Кәсімбайдың «Құлстай қоңыры», Базғаламның «Жолаушысы», Ғизаттың «Дауылпазы», Бәдеттің «Қызылқаринары», Қызырбектің «Қызғыш анасы»... Күй, тағы да күй! мынау дала күймен тербеліп, күймен қалықтап тұрғандай!

Сәбидің еңбегіндей былқылдаған,
Қоңыроба сазыңнан сыр тыңдағам!
Күмістей балқып аққан тасты өзені,
Бардам барлық барқыттай жыртылмаған!

Емілдің гәкку-назы, аққу-қазы,
Қаз-үйректің қанаты сымпылдаған!
Мыңбұлақ, мың арманның куәсіндей,
Орқашардай биіктеп тұрсын далам.
Басбай, барлық сияқты бір ұғымдай,
Жүрегіңдей ақшоқы дүрсіл қағам.

Тәйткенің биігі, басбай асқан,
Тарих тасың түгел жылтылдаған!
Үш Құлыстай бесігі тіршіліктің,  
Халқым да аман, болса екен жұртым да аман!

Аттанып барам, қоңыр белден қайта қайырылдым. Артымнан қызғыш еріп келеді екен шырылдап, мені ұзатып салды. Бәлкім, «Көл менікі болғанмен, ел сенікі, кіндігің қалып, кірлігің жуылған жер сенікі, келіп тұр» деді ме екен, кім білсін! Басымды бір айналып ұшты да көліне қайта қайтты. Ал, арыдан күй күмбірлейді. Қызғыш құс, «Қызғыш анам-ай»!

2021.3.26

Қуаныш ІЛИЯСҰЛЫ

6alash ұсынады