(ақын, ағартушы Қадыр Жұмақанұлымен әңгіме)

– Құрметті Қадыр Жұмаханұлы, «Нарым қымбат, нарымнан арым қымбат» деген тағылымды қалдырған дана қарттарымыз ежелден адамдықтың ақ жолын ар мен ұятқа әкеліп таймастай қып тіреуінің түп тамыры неде деп білесіз?

– Қазақ халқының өнеге, тәрбие-тағылымы ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан жәдігері. Яғни, халықтық ғылм жүйесі, бұл бірде екі жүз жылдың ғана жемісі емес, халқымыздың түп-төркіннен бері қарайғы ұрпағына сіңіріп, артына қалдырған ұлағат. Осы арада бір ұғымға сәл түсінік жасауымызға тура келіп тұрғандай, қазір этнограф көбейді. Екінің бірі егіздің сыңары дейтіндей... Тіпті ішінара әңгіме повестерінің темесінің астына (этнографиялық повест), (этнографиялық әңгіме) дейтін анықтама жазып қоюға дейін барды, солар этнографияны «Тұрмыс салт танымы» деп ғана ұғып жүр. Шынын қуғанда этнография ондай жалаң ұғым емес; қайта, бір халықтың келіп шығу тегін, даму және кемелдену барсындағы қилы тарихи кешуін, тарихын, мәдениетін, тұрмыс-салтын, ғұрып-әдетін, өзіндік ерекшеліктерін, бір ауыз сөзбен айтқанда сол халықтың материялдық және рухани мәдениетін зерттейтін ғылм-этнография.

Адамзат жаратсылының бір-біріне ұқсамастығы жоқ, бәрінің басы, көзі, қол, аяғы, денесі бірдей. Бірақ, оларды даралап тұратын не? Ол күн көріс тәсілі, әдет-ғұрпы, өмір сұру формасы, ең бастысы-өзіне тән тәрбие құны. Ендеше, сол тәрбиені кімге береді? Біріншіден ата-анасы баласына береді, екіншіден үлкені кішсіне береді, білетіні білмейтіне береді, көп білетіні аз білетіне береді, тәрбие яғни өнеге міне осылай қалыптасқан. Осы арада «Беру» және «Алу» деген екі ұғым тұр, мұны қазір біз «Қабылет» деп айтып жүрміз. «Қабылет» сөзінің төркіні – «Қабыл ет!», білгеніңді өзгеге қабылдаттыра алсаң – қабылдаттыру қабылеті, егер қабылдаттыра алмасаң – қабылетсіздік. Осы ұғыммен ұлтымыздың ұлағатты тәрбиесі моралға ойысайық.

«Морал» деген бүгінгі қоғамның саяси тілі. Қазақта «Ұят», «Ибағат», «Инауат» делінетін қасиеттер бар. Осы асылдар өзін жойғызбау үшін халқымызға жалпыласа беретін, ұрпағынан-ұрпағына жалғаса беретін сенім болып қалыптасқан. Қазақтың «Құдайға сендім-саған сендім» сөзінің төркіні осында жатыр. Бұл қасиет алдымен анадан туылып, өсіп-жетіліп болғаннан кейін барып, езіп ішкізетін ішірткі я дәрі емес, еге салатын ваксина да емес, ол шыр етіп жерге түсе салған нәрестені жерден көтеріп алғаннан басталатын тәрбие. Мұны «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» дейтін формулаға түсіріп тастаған. Бұл жерде соны айтуға болады; сексен, тоқсан жасқа келетін адамға 18-20 жастарға жеткен соң барып жақсы қасиетті таңдап жүріп қайта қалыптастырып алу тіршіліктің қолынан келмейді. Бұл тәжірибені «Ана» дейтін данышпан мен «Ата» дейтін ғұламалардың; ең бергі межемен айтқанда халқымыздың бесте, он мың жылдық ұрпақ баулу тарихынан көруге Әбден болады.

Ұлтымызда «Олымнен ұят күшті» деген керемет тағылым бар, мұны ақыл-есі толық адамзат терстей алмайды. Қазақша болғанда: дүниенің билігі ұятта, ұят тұрған жерде тәубе бар, тәубе тұрған жерде-инауат бар, инауат тұрған жерде-ибағат бар, ибағат бар жерде-қорқу бар, қорқу бар жерде-тартыну бар. Сондықтан да халқымыз: «Құдайдан қорықпа, құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді, осндай құдай не?

Өзі табынатын, олымнен де күшті көретін-ұят. Ұялмау-жер бетіндегі арсыздық біткенінің көктейтін топырағы. Біз жоғарыда айтып өткен: «Сүтпен біткен сүйекпен кетеді» деген сөз қане, басқа қай халықта бар? тәрбие даралығы деген осы. Халқымыз ұрпағына аналық уызын емізген сағатта уызбен бірге ұятын да емізген. Уызбен бірге емген ұят қандай? уыз сүйегі мен етін төлежітсе, ұят-инауат мен ибағатын толыстырған. Әне, содан барып: «Сүтпен бітіп, сүйегімен кететін» қасиет маяк боп жадына сіңіп кетеді де, ұятты, ибағатты, инауатты, ар-намысты адамға айналады. Осы арада мына бір шумақ өлеңді айтайын:
Тоғыз айға толтырғанда ұшпен үшті еселеп,
Толғақ қысат бұл дүниеге неше кетіп, неше кеп.
Сол ананың құлағына бір тәтті үн естіледі;
Келдім ғой мен есіңді жиы, шеше!- деп.

Екі дүниенің ортасында, бір аяғы төрде, бір аяғы көрде дегендей толғатып жатқан ессіз анаға үстіп шырылдап құрсағынан шыққан сәбиінің дауысы жеткенде басын жұлып алып мекіренеді ғой, шіркін, ана! Анадан өзге кімнің қолынан келетін мейірім еді бұл! Айтып беруге тілің жете ме!? Айтайын десең құтың қашып, сөзің бытырап, ойыңды әрең жеткізетін мұғыжиза осы!

Жаратушы ана мен балаға «Іңгә» дейтін сол дауыспен инауат пен ұятты жанына бір-ақ сіңіріп жібергенін көре алмаған көз көз бе? Ұға алмаған сана сана ма? Міне, инауат пен ибағаттың он сегіз мың ғаламды елжіретіп тұрып, басталған жері осы болар. Бұл толғақтың ішнде сәбидің тілі бар? Жүректің мұңы бар? Құдыреттің нұры бар, әлемнің күні бар, толғақтың сыры бар, мұның бәрін сиғызып тұрған мейірімнің аты-ана, жаны-ұят. Қазіргі морал деп отырған даналығымыз ананың толғағы сынды дәл осы тумыстан балаға сіңірілген ғой. Таласуға келе ме? Шындықтың шындығы деген осы.

Жасаған тәңір әйел затына жүрек дейтін жұмыр ет бергенде аналықтың құдыретін іштен сіңіріп жіберет, бұл еркектер жүрегінде жоқ бөгенай, ғылм да, тумыстық жаралс та дәлелдей алмайды. Сондықтан ұлтымыз мұны «Бейстің кілті аналардың табанының астында» деген қортындымен ғана ұқтырған. Бейстің кілті тұрған жерде ұяттың қайнары бар, намыстың суарылатын суы бар, инауаттың қанатын уызы бар, ибағаттың тосатын мәйегі бар. Міне мөрал дегеніміз осы мазмұндардың жиынтық аты. Бұл ұлтымыз үшін ортақ қасиет, «Бесігіңді түзе» дегенде атаң қазақ жас баланың жататын бесігін ғана айтып отырған жоқ, «Балаңа жүргізетін тәрбиеңнің өзі тұзу болсын!» дегені емес пе.

– Я, Қадыр ұстаз, осы арада «Бәйтерек бұтағымен, адам ұрпағымен»- деп ұрпақ жалғауға аса жоғары деңгейде мән беріп, сапалы ұрпақ баулуға барынша көңіл бөлген халқымыздың өзгеше ұстанымдарын байымдай кетсеңіз!?

– Бала деген не? Бала ата-ананың өмірінің жалғасы, отбасының қызығы, «Балалы үй-базар, баласыз үй-мазар» дейтіні сол, ата-ананың бақыты-балада. Сондықтан да «Бесіксіз үйде береке жоқ» дейді, бұл ұрпақсыз үйдің де, ұрпақсыз халықтың да тағдыры. Халқымыз ұрпақ үшін өмір сүрген, ұрпақ үшін ұлылық іздеген. Артына масыл адам қалдырғысы келмейді, ұлы адам мен ұлағатты тәрбие қалдырғысы ғана келеді.

Қазақ халқы ауыр аяқ әйелді түнде далаға жалғыз шығармайды, қараңғы түнге телміртпейді, «Бойың тітірейді» дейді. Бұл жалғыз келіншектің өмірін қорғау емес, ең маңыздысы-бір шаңырақтың дүниеге енді келгелі тұрған иесі мен оны келтірушіге қорғаныс болған күзет. Малды да күзетеді, оның қасында мынау қандай күзет? Қандай ілтипат шығып тұрғанын, қандай инауаттың тапқырлығы екенін ойлайықшы!

Бір ұрпақты дүниеге әкеп тұрған тұмса қадамды жас ананы қандай қорғайды? Перштесі болып аймалап тұр. Әуелі ауыр аяқ кінде түйенің етін де жегізбейді, егер жесе, баланы түйеше он екі ай көтереді деген сенімі бар. Босану мезгілі кешіксе ол әйелді түйенің тамағының астынан, жуас інген болса тіпті, бауырынан бірнеше өткізіп; әрі аман, әрі тез босануына сенім тудырып береді, міне мұның өзі кісілік морал. Толғақ бастала-ақ үй ішндегі теңдер түгел шешіледі. Абдыра, сандықтардың, үпшіндердің ауызы тегіс ашылады. Қап, дорбалардың ауызы түгел сөгіледі. Толғақтағы ана әлсіремес үшін сорпа ішкізіп әл-қуат үстейді. Қындағы қанжар, пышақ, сапы бір-ақ қынынан шығарылады, балтаның қабы алынады. Басына үкі ұстап тұрылады. Толғаққа әсер жасайтын бұл ырымдар ананың да, баланың да амандығы үшін берілген сыртқы медет, ішкі аялау.
Ал, баланы жерден көтеріп алудың өзі көп бала көтерген мосқал жасты анаға беріледі. Жайдары мінезі, ыстық мейірімді, мығым денсаулықты болу таңдалады. «Бала тоғыз ай көтергенге тартпайды, жерден көтеріп алғанға тартады» дейді. Қыз баланың кіндігін дірілдеп тұрған пышақ не Ұстарамен кеседі. Ал ұл баланың кіндігін ай балтамен кеседі, кіндік ұзын кесілсе жасы ұзақ болады дейді. Тіпті нақ үлкендер болғанда тісімен егеп те кеседі. Ондағысы «Егескеннен кегін өстіп алсын!» дегені, үміт, арман, ұлылық, дәмету деген осы.

Енді шүйінші (сүйінші) сұрағанда: қыз баланы «Жылқышы» деп, ұл баланы «Қойшы» деп сұрайды. Шүйншісіндегі сол «Жылқышы», «Қойшы» дегені кейін өсіп-жетіп бозбала, бойжеткен болғанда тағы көрінеді. Бір ру ауыл болып көшкенде сол ауылдағы қыздарға ең таңдаулы атты мінгізіп, әсем киіндіріп көштің оң жағымен жылқы айдаттырады. Туада «Жылқышы» деп шақырған, ержеткенде де жылқышы болып сері құмырмен елдің еркесі, сұлулық айбыны болып көз тартады. Өйткені, қыз - ұлттың ұяты. Ал, ұят ерді де құтқарады, елді де құтқарады, дүниені де құтқарады. Әуелдегі ұл боз бала - жігіт болғанда, шүйшіндегі айту бойынша қой айдаттырады. Қызға шабан ғұмыр тілемейді, ауырлық түсірмейді, ел үшін, қыз үшін ауырлық көтеруге жігіт те сүйсінеді. Қызға барса қой кетіп, қойға барса қыз кетіп қалатын қымбаттың арасында тұрып «Қалқатай, сен ар жақта мен бер жақта» деп шырқайтын емоцияда осыдан оянып шығады.

Жаңа туған баланы ойдағыдай тәрбиелей алатын отбасы қандай? Оны да таңдай білген. Ондай жан ұяны құрметтілік пен ізеттіліктің меңгеруіндегі шаңырақ дейді. Ол үйдің иелері ау баста махаббаттасқанда ұялып тұрып махаббаттасқан, ұялып тұрып сыйласып, ұялып тұрып бір-бірімен бақұлдасып аяқтаған ұятты өмірдің иелері болады. Бұлардан туған қыз да өзіне еркек біткен батына алмайтын ұлттың айбаты болады. Мұнан денесін ұяттан бөліп алатын, жүзін төсеп, мойынын ұсынып, кеудесін керіп, кіндігін ашып, күнтимесін көкке қаратып тұрған қыз шықпайды. Нәпсіні күнәнің қайнары санайды, сондықтан бір шаңырақтың ұяты қызбен өлшенеді. Ұл шаңырақтың иесі. Міне, осылай үй атанған шаңырақ сол қалыптасымды өз ұрпағына, одан арыға қарай, мұнан да таза қалпында өздестіре беруді өсиеттейді. Жыртық күпі, жабайы тымақтың астындағы алтын бастан шыққан ұят, ибағат, инауат, ізет-құрмет деген осы ұяттың аты. Мұны қазір - морал дейміз.

– Өте тамаша! Жеткізіп айттыңыз, моралдық мұрағат дегеніміз осы болар!?

– Жоғардағыдай мейірімге бөленіп отырған еркек; жаңағы жұбайына зәредей қинанат жасау қиялына бара ала ма? Міне - ұят! Ұятпен суарылған зеде ұлттың қандай мұрасы дейміз? Өзін ұят-инауатпен қымтап жүрген аналар ең құрметпен құрметтеліп, қорғалып жүрміз деп түсінеді. Жұбайын тәңірдей сыйласа, жұбайы өзін перштесінше сыйлайды. Міне - махаббат! Мұндай ұят пен инауат 80-90 жасқа дейін бірге жасасқан әке-шешесін көріп өскен ұрпақтарына жалғасып кете беретін мұра. Әуелі айнала көршіге, ауылға, елге жайлатын даналық. Мұнда асыл намыс, таза абырой жатыр. Әр отбасынан өркендейтін ұлттың тәрбиесі мен инауаты осы. Ұл балаға ұлылық осы отбасынан дариды. Ол нені қорғайды? Ұятын, намсын, ата дәстүрін, арын адалдығымен суарып қорғайтын ерлікке ие болады.

Өзгеден талғамсыз сіміріп, өзгеге талғамсыз сіңіп, өз ұлағаты мен ұятынан жеру - теңсіздік. Ондайларда ұят болмайды. Өзінде ғана емес ұрпағы да өзінен аса бастайды. Сондықтан: «Аяғын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал!» дейтіні сол.

– Сол үшін де перезент тәрбиесіне барынша мән беріп, бесіктен белі шықпаған сәбиінің өзіне қазақ «Жаман болады», «Ұят болады», «Обал болады» деген үш ауыз-ақ сөзді татымды тәрбие қып қондыра алғанын қалай құптамасқа...

– Махаббаттың тілі не? Ұят, ибағат, инауат... Мұнан шығып кеткенде ерекелесіп отырып ерегесе кету шығады. Абайдың: «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл» дегені сол. Мұны бұрынғы қазақтар даналық мұнарасы қып орнатқан, ұрпақ жүрер өнеге қып қалдырған. Әлі де бізге жалғасып, үзілмейтін алтын шынжыр болып келе жатқаны сол. Осындай халықтың ұлы мен қызына беретін ұлағатының нақты бейнелері қайсы? Мысалға алайық.
Алашқа аты мағұлым Сарғусындық Раш ақсақал.
Танысын танымасын үлкенге сәлем бермей өтпейді, атпен келе жатса атынан түсіп сәлем береді. Жаяу тұрған тоқсандағы қарияға ат үстінен сәлем беру - ат үсті сәлем болады. Ілтипатқа дақ түсіргендік, ұят саналады. Ал, бір адам көп адамға сөзсіз сәлем береді. Неге? Ұялады.

Атты адам жаяу адамға түсіп сәлемдеседі. Мен аттымын деп кеуделенбейді, ізет-құрмет сыйламаса  - ұят болады. Жолаушы келе жатса, алдынан ауыл кезіксе айналып өтпейді, ол ауылда әулие бар, абыз бар, арбап бар деп санайды. «Ойнамаңыз арбапбенен, арбап соғар әр баппенен» деген наныммен қарайды да, ауылға түсіп, сәлемдесіп, үлкендеріне таныстық беріп, өз жайын ұқтырып, батаалып аттанады, соғып өту - ұят болады. Үлкеннің атын атамайды, үлкенге кіші бола біледі, кішіге үлкен бола да біледі деп сынайды. Көп адамға қарап түшкірмейді, есінемейді, кекірмейді, тесіреймейді... «Қандай адамнан туған, кімнің баласы» екендігіне дақ салмайды, ұят болады. Құрулы тұрған шымылдыққа мойнын созбайды, ұят болады. Жас төсекке отырмайды, ұят болады. Ауылға атпен шауып келмейді, ұят болады. Атты адам ит қуаламайды, итке қуғызып шаппайды, ұят болады. Көп ішнде білімсіп үлкеннің ауызындағы сөзге килікпейді, ұят болады. Дәм татқан дастарқанды жамандамайды, киесі атады. Жүретін жолға кір суын төкпейді, шаңырақ иесінің жолы кірлейді. Әке-шешемен қарсыласпайды, ұят болады. Дастарқанға бата беріп; жиылмай тұрып кетпейді, ұят болады. Адамның көсілген аяғынан аттамайды, ұят болады. Адамға «Сен демейді» ұят болады. Өз үйінде де, кісі үйінде де шалжаймайды, ұят болады. Қай-қай үйде де жүресінен кісіге қарап отырмайды, ұят болады. Үйде не жүзде болсын түрегеп, жүріп тамақ жемейді, ұят болады. Үйге және ел құрметтейтін орындарға да оң аяғымен кіреді. Алыс сапардың жолын кеспейді, жолы бөгеледі. Мал қораға, құлаған үйге де дәрет сындырмайды, құдыққа түкірмейді. Үлкендердің алдында жамбастамайды, ұят болады. Күнге, айға, ауылға, жолға, зиратқа қарап дәрет сындырмайды. Кем-кетікке күлмейді, күле жетеді. Жаңа естілген ел қуаншына қуаныш қосады. Ұйқыдағы адамды шошытып оятпайды, қапелім болады. Іске ұшыраушының көңілін жұбатпай кетпейді, жаман болады. Дәрет үстіндегі адамға сәлемдеспейді, ұят болады. Адамның сыртынан ғайбат айтпайды, ұят болады. Үлкендер алдында, ата-ана алдында боқтық сөз айтпайды, көп ішнде көз қысу, қас қағудай ерсілік жасамайды, ұят болады. Такаппарлық, мақтаншақтық, астамдық-күнә. Ел көзінше біреуден қарызын сұрамайды, ұят болады. Көп ортасында көсілмейді, талтаймайды, бұйырын таянбайды, қолын төбесіне қоймайды, табанын тартбайды, аяғын төрге қаратпайды, кісіге қарап тоңқаймайды, қолын кеземейді, ұят болады. Теріс қарап сөйлеспейді, теріс қарап тәмақышпейді, теріс қарап күбірлемейді, ұят болады. Сәбиді жамандық істеуге жұмсамайды, күнә болады. Өзгенің есігінен, мал қорасына сығаламайды, ұят болады. Жолаушы жүрерде әке-шешеден, ауыл ақсақалынан бата алады. Қарашаңырақтан дәм татады, жолы болады. Ата-енесінің алдында өз баласын «Балам» деп кеуделенбейді, ұят болады. Көршімен дұлдараз болмайды, ұят болады. Кісі үйінен тың Тыңдамайды, күнә болады. Өтірік, өсек, ғайбат, жала жаппайды, күнә болады. Қайта келетін есігін қатты серіппейді, күнә болады. Құмырсқаның илеуін, ұяны бұзбайды, жаман болады.

– Солай, солай айта берсеңіз толып жатыр, ауылдағы қарапайым қара шалдың аузынан шыққан алты ауыз тыйым-кейінгі ұрпаққа үзілмес өнеге, бұлжымас қағида болып ғасырлар бойы жалғасуда керемет құбылыс, иә сөзіңіыз аузыңызда...

– Ел бірлігі үшін-алдына келсе әкесінің құнын кешеді. Суды сапырмайды, сүзбейді, суға қарап мелмиіп қалады, ағайындықты бұзбайды, үзбейді, бармағын шайнап қалады. «Ағайының бар жерде – басыңда тұрар аруағың, ағайының жоқ жерде шайнауда қалар бармағың» дейді. Мал бағып жүргендерге кезіккенде «Өріс толсын!» дейді. Көшіп бара жатқандарға «Көш байсалды болсын!» дейді. «Байсалды болу» деген сөз ашу, тарылуы жоқ, қуғын-сүргіні жоқ, алаңсыз, серуенді, сетер жүріс болғандығынан байсалдылық тілейді.
Қонып жатқанға «Қоныс құтты болсын!» айтады. Қырманға барса: «Қырман толсын!» айтады.
Қандай да бір жұмыс істеліп жатқанда бәріне: «Іс оң болсын!» айтады. Қарсы жақ: «Айтсын!» деп разалығын білдіреді.
Сәби баланы зекімейді, көзін жасқамайды. Балаға өтірік уәде бермейді, алдамайды. Өзенге дәрет сындырмайды, күнә. Сөйлеп тұрған адамның арасын жармайды, күнә. Табалдырықтың екі жағында тұрып қол алыспайды, жаман ырым. Әйел көп алдында керілмейді, ұят болады. Қызға жұдырық жұмсамайды, ұят болады. Әйел шашын қиса, бақыты қилады. Ауыр аяқ әйелге күлмейді, күнә. Нанының қоқымын жеген бала бай болады. Қойдың басын балаға мұжытпайды. Үйге кірерде табалдырықтан жығылса, олжа кіреді, ол баланы төрге апарып аунатады. Қыз бала, жас келіншек басына қара жаулық тартпайды, қайғы келеді.
Қызға кәрі жілік, жауырын ұсынбайды, жаман болады. Жаңа босанған келіншек итке «Кет!» демейді. «Кет!» десе тісі түсіп қалады. Анасының омырауын ұстап жатып емген бала-сараң болады деп межелейді. Далиып отырып емсе жомарт болады.
Ұл көзін ашып ұйықтаса, алғаны сұлу болады дейді. Саби шалқасынан құлашын кең керіп, көсіліп ұйықтаса, аяғы жеткенше самғап құшағы жеткенше құшатын болады дейді. Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт иманды болады дейді.
Сәбиге көз тимес үшін маңдайына күйе сүйкейді. Қарғыс өтпеу үшін үш кемпірдің бұтынан өткізеді. Көз тыйген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын есіктің тұтқасын жуған сумен жуса жазылып кетеді деп ырымдайды.
Бөпе тоқтық тартса, тоқшылық болады дейді. Ішегін тартса жаманшылық дейді. Жаңа туған ботасы бар үйде қызыл белгі желбіретіп қояды, бота шошымау үшін.
Жақын адамдарға пышақ бермейді, пышақтасат. Иіт бермейді, ырылдасат.
Арқан аттамайды, бақан аттамайды, адам аттамайды, ас аттамайды, от аттамайды, ыдыс аттамайды, киім аттамайды.
Беиюақытта ұйықтамайды, жыламайды, жаман болады. Бас киімді теріс киген адамның тілеуі қабыл болмайды. Ұят болудан, жаман болудан сақтанатын, жақсылыққа ынталандыратын айтылымдар неше мыңдаған сөз және айтылым бар. Осының қай-қайсысы да нешелеген ғасырлардағы сынақтан өтіп жақсы, жаман болатындығының практикасы көріліп барып айтылған жоралғылар.

– Құрметті Қадыр мұғалым, «Өлімге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ»- деп арлы ұрпақ өсіргенде ұлтымыздың жетелі ұл, әдепті қыз тәрбиелеудегі ендігі бір қатаң қағидасы «Тыйымдары» енді осы «Тыйым сөздер» жайлы тоқталсаңыз?

– Иә, халқымызда тыйым сөздеріміз баршылық. Оны шынайы жияр болсақ, неше мыңдап табылады. Арам нәрселерді жемеу, сатып алмау, сатпау, ұрламау, «Ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап түнде тақпау», өтірік айтпау, өрт қоймау, кісі өлтірмеу, жалған куә болмау, жалған ант ішпеу, арақ ішпеу, құмар ойнамау, янаттамау, адам ұрмау, ғайбат айтпау, ғайбатын ашпау, жетім-жесірдің ақсын жемеу, тамақ алдында да, соңынан да қол жуу, табақтағы тамақты өз алдынан ғана алып жеу, өзгенің алдына қол созбау, тамақтану ілтипатты болу. Нанды жалғыз қолмен сындырмау, аяққа баспау... Деп кете береді. Мұнда тектілік, қастерлі ғылым жатыр. Егер осыларды талдап бірден түсіндіріп шықсақ бұған әлде неше күн кетер еді. Ұлтымыз өзінің және ұрпағының адам екенін өзі де түсініп, ұрпағына да түсіндіріп, қоғамда қалай жасап, қандай орын алудың керек екенін шексіз ғибыратлы осы ұлағат кернеп тұрған тағылыммен сомдаған.

Халқымыздың қара жерді қақ айыратын қарғыстары, қара тасты да балқытатын алғыстары, мекіренсе мешелді де атып тұрғызатын мейірімі, сараңның да сарайына сәуле түсіріп сарық терін шығаратын жомарттығы жөніндегі ақыля, тәлім-тәрбиесі ықылым заманынан бергі құндылығымен ғылым болып бізді тәрбиелеп отыр. «Көп қорқытады, терең батырады» дейтін жалғыз сөзінде бір дастандық тарих жатыр. Ал, «Бақыттың жақсысы басыңа тұрақтайтынында, күлкінің жақсысы артынан жылатпайтынында» деген мақалында бір адамды қойып, бүкіл адамзатты жамандықтан сескеніп, сақсынып өмір кешіруді үйретіп тұрған данышпандық тұр. «Өткелің таяз болса да ағаш бойлатып көр, қылығың дұрыс болса да көпке ойлатып көр» дегені, бүгінгі ең үздік демократияның неше мыңдаған жылдың алдында іске асырған қазақ моралы!

Қазақ халқының халықтық педагогикасы бар. Сол педагогикасының түп ұғымы - әдеп. Әдеп эстетика ғылымның «Этика» деп аталатын үлкен саласының ұлттық мәдениетімізге тән сентөзі. Оның қолданыстағы жүйесін ұрпақ бойына сіңіру арқылы ұрпақтың жадынан мықтап орын алдырғанда ұлттық этнопедагогикамыздың ұлттық психологиясы қалыптасады. Ұрпақ тәрбиелеудегі эстетикалық білімнің маңызы осында. Бұл халық тәрбиесінің өзегі, адам тәрбиесі деген осы. Бұл тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ нағыз қазақы тәрбие алған, жол-жосынға жүйрік, әдеп-иба уызымен мәйектенген болады. Баяғының көсілген көсемі, шешілген шешені қалдырған ұрпағымыз сіміретін құнар осы.

әңгімелескен: Жеңісхан НҮСІПҰЛЫ

6alash ұсынады