Қода және қода құрып балық алу. 2015 жыл, Ертіс бойы.

Алтын кеуде ақсақалдардың әңгімесі мен тарихи материялдардың мазмұндары бізге балықшылық қазақ халқының байырғы кәсіптерінің бірі екенін, балықшылыққа байланысты мол мәдениеттің барлығын аңғартады. Төменде қазақтың балық аулау тарихы, балық аулауды бастау салты, балық аулау құралдары, балық түрлерін атауы, балықшылыққа қатысты ырым-тыйымдары, балықшылыққа қатысты мақал-мәтелдері және өлеңдері туралы қысқаша тоқталамыз.
Шаруашылығы табиғатпен тамырласып жататын қазақтың алғашқы елді мекендерінің бірі, өзен сағасы, көл жағасы еді.

Ата-бабаларымыз алғаш отырықтануды ойлағанда-ақ олардың назарына отты-сулы алқаптар алдымен ілінді. Тіршілігіне тиімді осындай өңірлер олардың өркен жаюына өз септігін тигізді, мал бақты, аң аулады, егін салды деген сияқты. Осыдан кейін өзен, көл бойларын тұрақтаған халықтың жаңа бір кәсібі − балықшылық басталды. Ол туралы өзіндік өндіріс үлгілерін жаратты, балықшылық мәдениетін қалыптастырды. Мұны өзен өркениеті дейтін мәйекті мәдениеттің мазмұнынан бөле қарауға болмайды. Ежелгі елді мекендер мен көне қалалардың өзен-көл жағаларынан бой көтергенін, онда балық аулау барынша етек алғанын байырғы балық ұстау, балық ыстау құралдарының археологиялық қалдықтары дәлелдейді.

Балық аулау бізге палеолит дәуірінен бері белгілі, мезолит және неолит дәуірлерінде балық аулау бұрынғы аң аулаумен тепе-тең маңызды кәсіп көзіне айналған. Бұл кәсіптің негізгі белгілері мәглемөзе мәдениетінің (б.з.б 5000−6800 жыл) ескерткіштерінен айқын көрінеді. Кезінде «Балық» деген атаудың «Қала», «Кент» деген мағынасы да болған, VI-VII ғасырлардағы қалаларға осындай ат қойылған. Ертедегі «Балық» атауымен айтылатын ескі қалалардан: балық, балыхсы, хан-балық, құбабалық немесе құбалық, бесбалық, іле-балық, т.б бар.

Тілімізде балықшылыққа қатысты архейзм атаулары баршылық, осының бәрі балықшылық кәсібінің қазаққа таңсық еместігін, тарихының тым арыда жатқанын аңғартады. Ежелгі қазақ балықшы ауылдарының балық аулауды бастайтын өзіндік топтық салты болған. Балық аулауды бастау тұрақты бір күнге тураланады, мұнда ұлтымыз қоныстанған өңірлердің маусымдық парықтары зор болатындықтан, жергілікті халық сол араның орайлы мезгілін таңдайды. Бұл күні ауылдағы барлық адам балық аулауға шығады. Ауылдың үлкен ақсақалдары балықшыларға ізгі тілектерін білдіреді. Балық аулау басталған осы күні ауланған балықтан алдымен ауылдағы кедей-кепшік, жетім-жесір, қолғанатсыз қарттарға сыбаға бөлініп беріледі, мұны «Өлі сыбаға» деп атайды. Онан қалғанын басқа барлық отбасына тең үлестіреді. Сол күннің ертесінен бастап балық аулау жұмысы ары қарай жалғасын табады. Балық ұстайтын орындар шүмек, шабыра, ойнақ, қазан, өткек деп аталады да, балықшылар ауды сондай жерге салады.

Қыс күндері көкше мұздың қызылшұнақ аязында балық аулаудың да өзіндік сән-салтанаты болатын-ды. Адамдар «Сүйменші», «Нәрелші», «Аушы» деген сияқты арнаулы жұмыс бөлістерін алып, балық аулау жұмысын ақ сауыт киіп, көк маржан тағып жүріп бірге орындап отырады. Жұрт балық ауға көп түскенде «Ау майланды!» деп құттықтасады. Жалпы қазақ ұлты балық тары шашатын кезінде балық ауламайды, үлкендер: «Жыңғыл бүрлегенде балық тары шашады» деп, ол кезде де балық аулауға тыйым салады. Балықтың тары шашып, көбейетін мезгілін «Тулау», балық салуға тыйым салынған су аумағын «Жабық», балық ауланатын мезгілді «Жәркеу» деп атайды. Балықшылардың балық өңдейтін жері болады, оны «Батаға» деп атайды, ұстаған балықтарын өткізетін арнаулы орны болады, оны «Тартым» дейді.

Қазақ халқының балық аулау құралдарын жасап пайдалану тарихы 7000 жылдан асады. Балық ұстау құралдарын жасауда қамыс, ши, шілік, ағаш, сүйек, қола, темір сияқты материялдардан пайдаланған. Көне балық аулау құралдарынан: қода, самала, ау, тор, құрма, қалта, сарқыма, сере, шанышқы, жұтпа, қармақ, керме, абақ, ақпа, аусар, жылым тор, қабадан, қаза, қама, құрма, сере (Найза), шанышқы, сүзекі, сүзгі, сүңгі, керме, тұзақ, т.б бар.  Балық аулауда көлік ретінде қайықты пайдаланады, қайықтың түрлері де көп болған: қамысты кептіріп, оны қатарластырып буу арқылы жасалатын сал, ірі қара терілерінен жасалатын тері қайық, ағаштан жасайтын ағаш қайық (науа қайықты да қамтиды). Қайықтың мұнан басқа бөкелі, бөлдірге, бөтелке деген кішкене түрлері болған. Ертедегі сақтар ірі жануарлардың қарынынан жасалған шанашты (қалта, дорба) үрлеп, жүзу құралы ретінде пайдаланған. Балық аулайтын қосымша құралдардан және жорамал − ұстаған балықты тізетін тізбек, салмақ − балық кептіретін ағаш, қарашақ − ау торын бекітетін арқан, ақтаяу − балықты аудан сүзіп алатын құрал, қоқан − үлкен балықтарды суға байлайтын тізбек арқан, шүңкі − судан балық іздейтін қалақша сияқтылар бар. Қазақ халқы жасаған өңірдегі балықтың түрлері төтенше көп, оның әрқайсысына өзіне жарасымды тамаша ат қоя білген: жайын, қызыл, мекіре, құртқа, шортан, табан, сазан, ақ шабақ, қара балық, алабұға, алтын балық, ит балық, ақ қайран, шөміш балық, түйме балық, бекіре, теңбіл балық, жылан балық, қашаған, сары балық, таспа балық, лақа балық, көксерке, алақанат, т.б ұстаған балықтарын сақтау, ұзаққа тасу, кіре тарту керек болғанда, балықшылар балықты әдемілеп кептіреді.

Кептіру жолы мынадай болады: алдымен балықты жонынан жарып, ішін аршиды, онан соң тұздап бірінің үстіне бірін қабаттап тұз сіңгенше қояды. Тұз сіңген балықты қамыстан жасаған кепенің ішіне арсалап кептіреді. Қамыс кепенің іші салқын, жел өтісіп тұратындықтан балық тобарсып, жақсы сүріленеді. «Балық басынан сасиды» деген мақал бар. Сүрілейтін балықтардың Айқұлағы толық алынып тасталады. Қолма-қол тұтынатын балықтарды көбінде ішінен жарады, кертіп-кертіп тұздап қойып барып тобарсытып алады. Балықты тұтынуда асып жеу, қуырып жеу, қақтап жеу негіз етіледі. Басқа тағамдармен араластырып ас әзірлеу де болған. Жалпы алғанда, балықты өзінің алған суына қайнатып жесе дәмді болады.

Қазақ халқының балықшылыққа қатысты ырым-тыйымдары да баршылық. «Балыққа бата жоқ», деген мақал бар. Әдетте балыққа бата жасамайды. «Балық көті жылмағай» деген мақал бар. Сондықтан балықтың құйрығынан ұстамайды, бұлай қылса, ауға балық түспейді деп ырымдайды. Балықты «Же!» демейді, жегенде үндемейді, бұл тамаққа қылтан тұрып қалудан сақтанғандық. Бұл туралы «Балық жеген бағыспас, жан-жағына қағыспас» деген мақал бар. Табақтағы жеп отырған балықты аудармайды, мұндай болғанда, қайық аударылып қалады деп ырымдайды. Тамағына балықтың қылтаны тұрып қалған адам қалыптасқан әдет бойынша «Суға түсіп өлейін-ай!» деп көлге қарай тұра жүгіруі керек, сонда тамақтағы қылтан шығып кетеді деп біледі.

Ұлтымызда балыққа қатысты мақал-мәтелдер де аз емес. Олардың кейбірі балықтың өзіне қаратылып айтылса, кейбірі балықшылық кәсібіне қарата айтылады. Енді біреулері балыққа байланысты өмір философиясын түсіндіреді. Мысалы, «Бастау басынан тұниды, балық басынан шіриді», «Өрлеген балық ауға жолығады, өр кеуде жігіт дауға жолығады», «Екі елі балықты бір елі балық жұтады», «Өлмегенге өлі балық жолығады», «Балық үндес, бақа тілдес», «Балықшының түсіне ау енеді, батырдың түсіне жау енеді», «Боранды күні балықшының жаны тыныш, жауынды күні егіншінің жаны тыныш», «Балықшы көлін мақтайды, егінші жерін мақтайды», «Балықшы күнде арманда, егінші жылда арманда», «Сабырсыз балық сағасынан ілінеді», «Балықтың бәрі бекіре болмас, шөптің бәрі кекіре болмас», «Балықшының балағы кеппейді, қайықшының қалағы кеппейді», «Қармақ балықты қаппайды, балық қармақты қабады», «Жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен», «Ет көп болса, мал байлығы, балық көп болса, көл байлығы», «Балық жесең басын же», «Метіре еті тұрғанда, тоқты еті топырақ татиды», «Ағын су бал татыр, ақ шабақ май татыр», «Желбезекке жебе дарыса, балық орге жүзе алмас», «Балықтың тәттісі − құртқа, құстың тәттісі − ұлар», «Балықшының баққаны − ау, дәукестің баққаны − дау», «Жақсы мен жаманды халық біледі, су тереңін балық біледі», «Ауына балық ілінсе, кім болса да қуанар», «Балық жемеген қылтан жұтып Қақалар», «Балықшы суда жүрсе де сусап жүреді», «Ажалды балық жемге шабар», «Балықшыға балықшы жол береді», «Иірімі жоқ судан иірілген балық не табады», «Балығы жоқ көл қысыр», «Балық жоқта бақа да балық», «Балықтың басы бір, қабырғасы жік-жік», «Балықшының аты шөлден өледі», «Балықта сүт жоқ, баласын теңіз асырайды», «Жар құласа жайын өлер», «Балық аулай алмаған суды лайлайды», «Ауды тартсаң аумақтағы жиналар», «Селдің суына сенген балық егіндікте қаңғырады», «Балық жеген бағыспас, жан-жағына қағыспас», «Балығы жоқ көл қысыр, басы жоқ көл қысыр», «Балық басын алады, егін есесін алады», «Балықтың байлығы етек-жеңі кепкенше», «Балықты судан ізде, алтынды құмнан ізде», «Балықшының үйіне барсаң қарма жейсің, егіншінің үйіне барсаң жарма жейсің», «Қайығы бар балықшы − шайлығы бар балықшы», «Етікшінің ернінен балықшының балағы таза», «Құданың құдасы − балықтың сорпасы».

Қазақ ауыз әдебиетінде балыққа қатысты өлең-жырлар, жұмбақ, айтыс өлеңдер және ертегілер ерекше көп. Өлең мазмұны көбінде балықтың ерекшелігін баяндау болып келеді. Балықшылыққа қатысты өлеңдерді әдетте «Балық өлең» деп атайды, олар балықшылыққа қатысты өлең-жырлар тобына жатады.

Үліңгір көлінің байырғы төрт балығы ақшабақ, алабұғы, табан балық, қара балық еді, балықты 11 түрге бөлген балық өлеңде сол төртеуі былай сипатталады:

«Балықта он бірінші − шабақ екен,
Әуелі жылқы өсірер жабағы екен.
Ұшқан құс, жүгірген аң −барын-дағы,
Өсірген жәндік етіп тамақ екен».

***

«Біреуі он бір балық − алабұға,
Бастаған жыртқыштықтан аты шыға.
Жауына тікен жалын тікірейтіп,
Тасада жемін аңдып жатар бұға».

***

«Біреуі он бір балық − табан балық,
Жүрмейтін қамшыласа шабан балық.
Басқа балық тереңге кетсе-дағы,
Жалқаулықтан қалады артқа қалып».

***

«Біреуі он бір балық − қара балық,
Басқаға ұқсамайтын дара балық.
Болғанмен сырты қара, еті аппақ,
Жігіттер жүрмегейсің қапы қалып».

Осыған ұқсас, халық әндерінде де балыққа қатысты мазмұндар, жолдар көп кезігеді. Балық өлеңнің қайсы бірі болмасын бізді балықтың аты мен түр-түсіне, балықшылық кәсібіне қатысты бір қыдыру деректермен қамдайды. Мысалы,

«Қонғаны ауылымның балғын көлді,
Балғын көлдің балығын алғым келді.
Кетсе де жер түбіне Көшіп ауылың,
Соңыңнан ат жаратып барғым келді».

***

«Көзіңнен айналайын күлімдеген,
Дұшпанға басқан ізің білінбеген.
Ішінде дарияның сен ақ сазан,
Салсам да алтын қармақ ілінбеген».

***

«Ертістың алмақ болсаң метіресін,
Сереңді оқтап суға тесілесің.
Сәті кеп бір метіре ұстап алсаң,
Етін жеп, сорпасына кекіресің».

***

«Таң атса қара Ертіске қармақ салдым,
Күніне шелек-шелек балық алдым.
Балықты асып та жеп, қақтап та жеп,
Күн көрер сөніменен қатын-балам».

***

«Бір балық суда өскен құртқа балық,
Екені құртқа балық жұртқа анық.
Балықтың еті тәтті, сорпасы ыстық,
Жүрмесін аузың күйіп ұрттап алып».

***

«Балықтың және бірі қызыл екен,
Қанаты құйрығымен ұзын екен.
Өзеннің терең жерін мекен қылып,
Тәңертең ішіменен жүзеді екен».

***

«Бір балық көлде жүзген табан балық,
Жүрмейді орге таман шабан балық.
Көлде ойнап көлкілдеген табандарды,
Ұстадық шүңет жерге қамап алып».

***

«Бір балық көлде жүзген сазан балық,
Сала бер ұстағанды қазанға алып.
Балықтың атауларын білмек болып,
Қоймадың айта бер деп мазамды алып».

***

«Бір түрі балықтардың шортан екен,
Бұл-дағы жұртқа мәлім ортақ екен.
Топтасып сейіл құрып, серуендеп,
Айналып ұлы көлді жортады екен».

***

«Ертеде аты шыққан қара балық,
Сезімі басқалардан дана балық.
Балықты судан алған мен тастайын,
Үйіңе арқалап бар санап алып».

***

«Бір балық көлде өскен ақ балықты,
Қырағы басқалардан сақ балықты.
Жиналып барлық балық кеңескенде,
Бәрінен мен ақпын деп мақтаныпты».

***

«Патшасы он бір балық − бекіре екен,
Қайраңын қара Ертістың қылған мекен.
Артқысын ұстап жатсаң алдыңғысы
Үйездеп тұра берер алмай секем».


Қайрат ІБІРӘЛІҰЛЫ 

 6alash ұсынады