Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Тассай ауылының жанындағы Омбы-Майқапшағай тас жолының бойында батыр Қазыбек Сәменбетұлы Сүйінбай немересіне арнап ескерткіш орнатылды.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», дегені бар. Сондай ұлы тұлғалардың бірінің аты өшпестей болып хатта қалып, ұрпақ санасында күні бүгінге дейін жатталса, кейінің ерлігі мен еткен еңбегі үркін-қорқынмен бірге ұмыт болғаны да жасырын емес.

Сондай бабалардың бірі – XVIII ғасырдағы Қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан қорғау соғысында қазақ қолының мыңдығын басқарған найзагер батыр, қару-жарақ жасаудың хас шебері, Абылай ханның мөр-жүзігін соққан зергер, 1757 жылдан басталған қазақтардың Ежен хандығымен (Манжу-Цин империясы) арадағы «Жылқыға жібек» саудасының неше мәрте керуенбасы болған Қазыбек Сәменбетұлы Сүйінбай немересі.

Бүгінде Абақ Керейдің белді руларының бірінің аты болып, ұрпақтары Алтайдан Анадолыға дейін тараған Қазыбек батырдың мұрасын ғылыми зерттеу жұмыстары екі жыл бұрын басталған болатын. Нәтижесінде, шаң басқан архивтерден Қазыбектің ерлігі мен дипломатиялық қарым-қатынастағы шеберлігі, т.б. жайлы деректер табылып, тарихшылар мен зерттеушілердің бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген ғылыми мақалалары жарық көрді. Зерттеулерге сүйене отырып батырдың мазары да табылды. Ұрпақтары тарапынан батыр баба басына қойылған 6,6 метр биіктіктегі зәулім ескерткіш осы жұмыстардың бір көрінісі. Алдағы уақытта Қазыбек Сәменбетұлына арналған зерттеу еңбектері кітап болып басылып, жас ұрпаққа батырдың ерлігі мен шеберлігін ұғындыру мақсатында ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған көрінеді.

Майгүл Сұлтанқызы

6alash ұсынады