Жақында Қытай тарихшысы Су Бэйхайдың «Қазақ­тың жалпы тарихы» деп аталатын 4 том­дық еңбегі ҚР БҒМ ғылым комитетінің 2018-2020 жылдарға арналған «Қытай тіліндегі Қазақстан тарихына қатысты қолжазбаларды жинақтау, жүйелеу және зерттеу» ғылыми жобасы аясында қазақ тіліне аударылды. Осы орайда біз жоба жетекшісі, аталған еңбекті аударуға ерекше күш салған тарих ғылым­дарының докторы, жазушы Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫМЕН әңгімелестік.

– Тұрсынхан Зәкенұлы, көңіл-күйіңіз қалай? Мой­ныңыздан үлкен жүк түскендей әсерде шығарсыз?

– Әрине, кітаптың аудармасы толық аяқталған күні шынымен бір жеңілдеп қалдым. Қанша айлар мен жылдарға созылған еңбектің бір сәтке ұмыт болып, ғылыми шығармашылықтың ләззатына кенелгендей болдым. Бір жұмысты аман-сауымда еңсеріп тастағаныма қуандым. Орындалған жұмыстың жалпы көлемі факсимилесімен қоса есептегенде 181 баспа табақтан, 2884 беттен тұрады. Бұл біздің рухани мәдениетіміз үшін жасалған үлкен құрылыс, еліміздің төл тарихнамасына қосылған қомақты үлес, әрі қытайтану бағытындағы маңызды қадам деуге болады.

– Қанша уақытта аударып болдыңыздар? Мұны аудару ойына қалай келдіңіз?

– Мен 1994 жылы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегін аудара бастадым әрі оның алғашқы тарауларын халықаралық «Шалқар» газетінде жариялап, Су Бэйхайдың жеке басы туралы таныстыру сипатты мақала жаздым. Одан соң Алматыда «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы ретінде «Қазақ тарихы» журналы шыға бастады. Осы журналдың 1997-1998 жылдардағы санында және «Қазақ елі» газетінің 1996 жылғы сандарында, «Жұлдыз» журналында Су Бэйхай және оның еңбектері туралы мақала жазып, «Қазақтың мәдениет тарихы» атты кітабының кейбір тұстарынан аудармалар жарияладым. 1998 жылы профессор Су Бэйхай ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаевтың арнайы шақыруымен Халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасады. Академик М.Қозыбаев оның иығына қазақтың шапанын жауып, қазақ тарихын зерттеуге үлес қосқан 12 шетелдік ғалымның қатарында «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Осы сапарында Су Бэйхай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Қалдарбек Найманбаевтың қабылдауында болды. Сол қабылдауда мен де бірге болдым. Қ.Найманбаев оған «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегін маған аудартып жатқанын, келешекте оның «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегін де аудартуға ниетті екендігін айтты. Су Бэйхай мырза қатты қуанды. Кездесуден кейін маған: «Қазақтың жалпы тарихын» да сіз аударыңыз деді. Бұл сөзін ол осының алдында Тұрсын Жұртбай арқылы маған жазған хатында да айтқан еді. Сол күні Шыңжаң қоғамдық ғылымдар Академиясының вице-президенті Жақып Мырзаханұлы мен доктор Нәбижан Мұхаметханұлы үшеуін үйге шақырып дәм татырдым және қазақ тарихы туралы келелі әңгіме болды.

Сол сапарында профессор Су Бэйхай маған «Қазақтың жалпы тарихы» атты кітабының қолжазба күйінде түптелген қаракөк тысты төрт томын беріп кетті. Бұл кітаптың Қазақстанға жетуіне Шыңжаңдағы қазақтың қабырғалы ұлт зиялыларының да көмегі тиді. Ендігі жерде бұл кітапты қайтсем аударып, жарыққа шығарамын деген ой арқама аяздай батып жүрді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шығаруға уәде бергенімен, аяғында қаражат таба алмай қалды. Тек автордың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегін 2001 жылға келгенде зорға дегенде басып шығарды. Осы аралықта «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сайраш Әбішқызы мені сол кездегі Білім, мәдениет және денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Арынның қабылдауына кіргізді. Ерлан мырза бірден қозғалып, министрлік арқылы аударуға көмектесетіндігін білдірді. Осыдан соң тізгін ұшымен досым, талантты тарихшы әрі синолог марқұм Сағынтай Сұңғатайұлына барып, кітапты екеулеп бөліп аударайық, министрдің орынбасары қолдап отыр дедім. Бірақ енді қайтып Ерлан мырзаға кіру мұң болды. Артынан басқа жұмысқа ауысып кетті.

– Бұл еңбекке қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сыртқы істер минис­трі болып жүрген кезінде ықыласы ауып, аударып, Қазақстанда шығаруға қол ұшын беремін дегені рас па?

– Ол рас, 2005 жылы ақпан айында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жақсыбай Самрат кітап жайлы менен көлемді сұхбат алды. Сұхбат газетте жарияланған соң, сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маған арнайы хат жазып, бұл кітаптың егемен еліміздің тарих ғылымы үшін тигізер пайдасының зор екенін айта келіп, кітапты қазақ және орыс тілдеріне аударуға көмектесуге ниетті екенін білдірді. Артынша мені екі рет жеке қабылдап, әңгімелесті. Кітап туралы барлық мән-жайды білді. Министр Қ.Тоқаевтың арнайы қабылдап, өз қолымен хат жазуы маған үлкен шабыт берді.

Мен бұл еңбекті екі рет мемлекеттік ғылыми-зерттеу конкурсына Жоба ретінде ұсындым. Бірақ жолы болмады. Артынан екі жыл қатарынан ауырып қалдым. Осы аралықта үйге келіп, бұл кітапты жөнді-жөнсіз сұрап, бар-жоғын білгісі келген кейбір адамдар да болды. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Мен оларды бұл кітап қазір біздің мемлекеттің меншігіне айналып кетті, автор тірі кезінде өзі әкеліп табыстаған деп жолға салдым. Кездейсоқ адамдардың қолына түсіп кетуінен алаңдап, мұқият сақтадым. Ақыры ештен кеш жақсы дегендей, 2018-2019 жылғы конкурсқа қайта ұсынған кезде жолы болып, жобамыз бекітілді. Сөйтіп 3 жылда миллион иероглифтік кесек туындыны қазақ тіліне аударып шықтық және отандық және әлемдік тарихнамалық принциптерге сүйене отырып, түсініктер беріп, сараптама жасадық.

– Бұл кітап Қытайда да жарық көрмеген. Баспадан шығар алдында белгісіз себептерге байланысты шықпай қалғанынан менің де хабарым бар. Осы жөнінде қысқаша тоқтала кетіңізші…

– Автордың тағдыры қандай соқтықпалы, соқпақты болса, оның бұл еңбегінің тағдыры да солай болды. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында ол «Қазақтың жалпы тарихын» талай жыл жүрек қанын сарқып жазып шықты. Бұл еңбекті Шыңжаңдағы қазақ басшылары, зиялы қауым жоғары бағалап, жарық көруіне қанша ділгір болса да, оның өзі де кітаптың кейбір тұстарын саясатқа бейімдеп, кедергілерден аман-есен өтіп кетуді ойластырса да, бірақ бәрібір, партиялық цензураның қырағылығынан қашып құтыла алмады. Пекиндегі «Ұлттар баспасынан» өндіріске кеткелі тұрғанда шұғыл тоқтатылды. Мұның себебін ешкім де оған ашып айтып түсіндірген жоқ. Су Бэйхай өзі де ол жайында бізге ештеңе айтпады. Бейресми болжамдар бойынша, Қытай билігі өзіндегі бір азшылық ұлттық тарихын осыншама жүйелі, ауқымды етіп көрсетуге жол қоймаған. Бұл ретте менің өз топшылауым бар, атап айтқанда, Су Бэйхай өз еңбегінің алғашқы үш томында қазақ тарихын шекарамен шектемей тұтас алып қарастырған. Тек соңғы төртінші томында ғана Қытай қазақтарының тарихына бөлек орын берген. Бұл, әрине, белгілі мағынадан қазақ халқы бір бүтін, ешқандай мемлекеттік шекараларға бөлінбейді деген ұғым беретін еді.

– Сіз бұл еңбекті «Қолжазбадан аудардым» дедіңіз. Кітаптың қолжазбасы қолыңызға қалай түсті? Қытайда қызмет істеген кезіңізде Су Бэйхаймен қарым-қатынасыңыз жақсы болған ба еді?

– Иә, осы тұста бұл еңбекті неліктен «қолжазба» деп атағанымызға тоқтала кетейін. Дәстүрлі ұғымда «қолжазба» деп автордың өз қолымен қағазға жазып қалдырған шығармасын айтады. Бүгінде қоғамның дамуына ілесіп, бұл сөздің мағынасы кеңейген. Соған сәйкес қолжазбаның түрі де өзгеріске түскен. Атап айтқанда, автордың жеке архивінде сақталған, бірақ баспа бетін көрмеген еңбегі де қолжазба деп аталады. Оның үстіне қазір қолмен жазатын адамдар азайып кетті. Су Бэйхай мырза да бізге өз еңбегінің баспа әріптерімен теріліп, қаракөк мұқабада қолмен түптелген, ешқайда жарық көрмеген нұсқасын тапсырды. Осы нұсқаны оқу, аудару барысында біз мәтіннің қатаң редакциялық және корректорлық тексеруден өтпей, тек автордың алғашқы түпнұсқа негізінде құрастырылғанына куә болдық. Сол себептен біз оны қолжазба деп атадық.

Ал енді Су Бэйхаймен қарым-қатынасқа келсек, ол Шыңжаң университетінің тарих факультетінде жұмыс істеді. Мен 1981-1986 жылдары сол университеттің тарих факультетінде білім алдым. Ал Су Бэйхай болса, филфактегі қытай филологиясы сыныбындағы қазақ студенттерге қазақ тарихынан сабақ берді. Сол себепті мен оның сабақ кестесіне сәйкес сонда барып, дәрістерін тыңдап жүрдім.

– Сіздің ойыңызша, Су Бэйхай қазақ тарихын шынайы жазуға тырысқан ба? Жоқ әлде Қытайға бүйрегі бұрылып жазған тұстары да көп пе?

– Су Бэйхайдың бұл еңбегі қазақ тарихын біздің заманымыздан бұрынғы сонау 5-4 ғасырлардан бастайды. Қазақ этногенезінің тарихындағы ең ертедегі бастаулар ретінде сақ, үйсін, ғұн, юэчжи, қаңлы секілді этностардың тарихын, келген бағытын, көшкен жолдарын, олардың өз ішкі байланысын, мемлекеттілігін сөз етеді. Келген бағыты дегенде, автор олардың бірсыпырасын Хэси дәлізінен, Хуанхэнің солтүстігінен келген дейді. Қытайдың тарихи деректеріне сүйеніп, әрине. Бұл жерде сұрақ туындауы мүмкін, сонда ата-бабаларымыз Қытай тараптан келген бе деген. Мұны дұрыс түсіну үшін оқырманға үлкен тарихи-географиялық білім керек. Тым ерте уақытта халықтар батыстан шығысқа қарай көшкен. Одан соң қайта батысқа қоныс аударған. Яғни, бүгінде Қытай қоластына қарап қалған Ордос, Шұғайқұзы, Цилаянь, Лан-шань, Құлан таулары ертеде көшпенділердің – сақтардың, ғұндар мен үйсіндердің, юэчжилердің жері болған. Кейін біртіндеп бәрінен айырылған. Қытайлар сол басып алған жерлеріне көшпенділерді келтірмеу үшін ұзындығы 10 лиге созылған Ұлы қамалды салған. Тарихтың шын болмысын сол ұлы қорғанға шығып тұрып, оның бас-аяғына көз салғанда ғана сезінесіз. Өздерінің ертеден жайлаған қыстау қоныстарынан айырылған көшпенді этностар амалсыз батысқа жылжып отырған. Ғұндар Еуропаға дейін кетсе, үйсіндер мен юэчжилер Жетісуға келіп тұрақтаған және бұған дейін осында қоныстанып отырған сақтармен араласып, біте қайнасып кеткен. Сондықтан Су Бэйхай Қытайдың Қазақстанмен шекаралас жатқан Іле бойындағы, Еренқабырға етектеріндегі Сақ, Үйсін дәуіріне тән археологиялық ескерткіштерге көбірек орын берген. Қазақстан тарихында айтылмайтын немесе кемшін мазмұндарды осы еңбектен табуға болады. Кітапта қазақ халқының өзінің бүгінгі қонысында ата-бабасынан өмір сүріп келе жатқан байырғы халық екеніне, мемлекеттілік тарихының ерте кезден басталатынына маңыз берген және ғылым дәйектермен дәлелдеген. Бірақ қанша дегенмен, ол қытай халқының және мемлекетінің өкілі ғой. Қытайлық тарихнама қазақ тарихын өз мемлекеттік және ұлттық мүддесі тұрғысынан пайымдайды. Сондықтан оның Қытайға бүйрегі бұратын тұстары жоқ дей алмаймын. Бұл жерде ол, әрине, мемлекеттік көзқарасқа да өкілдік етіп отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, үйсіндерді мадақтай отырып ғұндарды, түркештерді көтермелеп көне түріктерді, Ман-Цин империясын қолдап отырып, Ресей империясын жағымсыз етіп көрсетеді. Бұл – ертедегі бөліп билеу саясатының әсері. Ол – бір Су Бэйхай ғана емес, қазіргі қытай тарихшыларының ортақ ұстанымы. Сонымен бірге Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі нендей бір «қолдан кеткен территория» туралы қытай тарихшыларының ертеден айтып келе жатқан әләулайын бұл да қайталайды. Неге екені белгісіз, мұндай тұстар Шыңжаңда құрылған жұмыс тобының алғашқы талқылауында, редакциялық жұмыстарда түзетілмеген. Сондықтан аудару барысында біз оның еңбектерінің дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп ашық айттық және отандық, әлемдік тарихнамалық принциппен талдау жасап, түсініктер мен сын-ескертпелер беріп отырдық.

– «Қазақтың жалпы тарихы» Қазақстан үшін несімен құнды? Кітапта Қазақстан тарихшылары айтпаған, ескермеген тұстар бар ма?

– Біз бұл кітапты еліміздің тарихшы ғалымдары оқысын, сол арқылы қытай ғалымдары біздің тарихымыз туралы қандай ұстанымда екенін, қандай әдістерге сүйеніп зерттеу жасайтындығын білсін деген мақсатпен аудардық. Су Бэйхай еңбегіндегі қазақ тарихының этно-мәдени кеңістігі өте кең, хронологиялық шеңбері аса ауқымды, және тарихты жүйелеуі мен кезеңдерге бөлуі мүлде басқаша. Оның үстіне қатаң ғылыми стильден гөрі жалпыкөпшілік тілмен, түсінікті сөз-сөйлемдермен жазылған. Кітапты оқыған қазақстандық ғалымдар оның түсінікті жазылғанына көңіл бөлуде. Қазақ халқының тарихы белгілі мағынадан, көптеген ру-тайпалардың тарихынан тұрады. Олардың тарихта белгілері де, белгісіздері де бар. Олардың кейбірі мүлде хатқа түспей қалған. Су Бэйхай олардың барын бардай, жоғын жоқтай тарихи деректер мен шежіре деректеріне бірлестіре зерттейді. Бұл – Қытайдағы қазақ ғалымы Нығымет Мыңжани салған дәстүр. Осы арқылы ерте заман мен ортағасырлық қазақтың тайпалық, ұлыстық мемлекеттерінің тарихы айқындалады. Сол себепті тарихи оқиғалардың географиялық шеңбері Қазақстан аумағынан шығып кетеді. Бұдан қорықпау керек. Біз қазірге дейін қазақ тарихы ма, әлде Қазақстан тарихы ма деген мәселенің басын аша алмай келеміз. Егер біз қазақ тарихын бүгінгі Қазақстанмен ғана шектеп қойсақ, онда оның тынысын тарылтып аламыз. Бүгінгі Қазақстанның шекарасы кеше ғана қалыптасқан жоқ па? Оның үстіне ол отаршылдардың бізді жан-жақтан қусырып әкеліп тіреген жері. Оған дейін біздің ата-бабаларымыз шекара сыртындағы қаншама жерлерді өз уысында ұстады. Бірақ отаршылдықтың алдында біз жеңілдік. Тіпті Ресей мен Ман-Цин империясы шекарамызды өздері бөліп алып жатқанда қазақтың бірде-бір өкілі сол бөліске қатыстырылмады. Осынымыз дұрыс па деп қазақтан ешкім сұрамады. Су Бэйхайдың жазуынша, қазақтың ежелгі этно-­территориясы 3 миллион шаршы шақырымды құрайды. Мен одан да кеңірек дер едім. Бұдан өзге қаншама археологиялық мұралар, көне қорғандар, тарихи орындар, жартас жазбалары мен ұстындар (мәтін жазылған тастар), петроглифтер шекарадан тыс жерлерде жатыр. Су Бэйхай олардың бірсыпырасын қазақ халқының мұрасы ретінде зерттейді. Айта берсек, кітапта осы тақылеттес біз үйренетін көптеген өзгеше шешімдер, пайымдаулар мен әдістемелер бар.

– Сіз қанша монографияның авторысыз? Бір еңбегіңіз республикалық «Күлтегін» сыйлығын алды. Бұл жолы 4 томмен қатар, тағы бір монографияңыз шықты деп естідім.

– Иә, бұған дейін «Ұмытылған республика», «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Ойратнама: Жоңғар мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы және жойылуы», «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық талдау» атты монографияларым шыққан еді. Солардың арасынан «Күлтегін ескерткіші» атты монографиям Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы «Күлтегін» сыйлығын алды. Мен Күлтегін ескерткішін тарихи-деректанулық тұрғыдан зерттедім. Онда айтылатын оқиғаларды, ойларды, пікірлерді, өкініш пен өсиеттерді қытай деректеріне негіздеп талдап, тарихи астарын, себебін түсіндірдім. Сондықтан бұл монографиям тілші ғалымдардың зерттеуінен басқаша. Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді, егер кімде-кім біздің мемлекеттілігіміздің түпкі идеясын, мұратын, оның жазу мәдениетін, конституциялық ойларын айқындайтын ең негізгі дерек, тарихи құндылық не десе, мен Күлтегін ескерткіші дер едім. Сондықтан оған ең негізгі ұлттық тарихи құндылық ретінде қарауымыз керек. Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесін 2001 жылы 60 миллион долларға жасатып әкелдік. Бірақ әкелгенде біраз дүбірлетіп-дүбірлетіп алдық та, сол бойы қойып қойдық. Тіпті, оны ұмытып кеттік. Ешкім оған назар аудармайды, қасына бармайды, тәу етпейді. Біле білсек, ол – біздің елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің негізін айқындайтын түп дерек, ата-бабаларымыздың мың жылдан астам уақыт бойы еш өзгермей жеткен төл сөзі. Онда тек мемлекет, халық және оның бақуаттылығы мен тәуелсіздігі туралы айтылады. Мұндай терең саяси мәнге ие құжат қай елдің тарихында бар?! Ендеше, одан өткен кие жоқ біз үшін. Бұл жолы тағы да Су Бэйхайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегін зерттеп-зерделеуге бағытталған «Қазақстан тарихына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптар» атты ұжымдық монографиямыз жарық көрді. Бұған жобаны орындауға атсалысқан Д.Махат, Ж.Смаханова, Е.Сыламхан секілді ғалымдардың ғылыми-зерттеу мақалалары мен баяндамалары, Н.Мыңжани, Ж.Мырзахан, Н.Мұхаметханұлы секілді өзге де қазақ ғалымдарының зерттеулері мен ой-пікірлері жинақталды.

– Қытай жазбаларында қазақ тарихына қатысты ұшан-теңіз мәліметтер бар. Оның біразы елге жеткізілді. «Архив-2025» бағдарламасы аясында шетелден тағы біраз деректер келер деп үміттеніп едік, айтылып қана аяқсыз қалды ма, қалай?

– Жазба деректерден өзге, шетелде көптеген археологиялық мұралар бар. Олардың көбі жұрт көзіне көрсетілмей қараңғы қоймаларда жатыр. Мысалы, Шанси, Ішкі Моңғолия провинцияларында ғұн және көне түркі дәуірінің ескерткіштері ең көп сақталған. Олардың бізге болмаса, қытайларға керегі жоқ. Уақыт өте келе көзден ғайып болуы да әбден мүмкін. Тұрфан-Дунхуан ескерткіштерінің көбі шет елдерге тасып әкетілген. Қазір Германия, Франция секілді елдердің мұрағат қорларында сақтаулы тұр. Олар, негізінен, біздің арғы аталарымыздың тілдік ерекшеліктерін, тарихын зерттеудегі баға жетпес дүниелер. Олардың көшірмесі елімізге әкелінген жоқ. Сонымен бірге Орхон, Енисей бойындағы көне түркі жазба ескерткіштерінің ғылыми көшірмелерін де толық алдырту керек еді. Ол жұмыс аяқсыз қалды. Көрші жатқан Шыңжаңның мұражайларында бізде жоқ бағалы мұралар бар. Іледегі Сақ-Үйсін молаларының өзі толық зерттелген жоқ. Соған қарамастан, бұдан бұрынғы «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» секілді ауқымды бағдарламалар мен іс-шаралардың арқасында елімізге қазақ тарихына қатысты көптеген мұралар жинап әкелінді және аударылды. Оларды жинау, реттеу және аудару жұмыс­тарының басы-қасында Бақыт Еженхан, Жанымхан Ошан және марқұм Сағынтай Сұңғатай секілді ғалымдар болды. Бұл азаматтар жаңа дәуірдегі қазақ тарихнамасы мен деректануына үлкен үлес қосты. Енді сол зерттеліп, жинақталған, аударылған дүниелер ғылыми айналымға қосылса деген тілек бар.

Жалпақ жердің бетінде қазаққа қатысты деректер жетеді. Мәселе сол деректерді деректанулық тұрғыдан дұрыс талдап, қажетке жаратуда болып отыр. Деректерге қоса шетел ғалымдарының Қазақстан тарихы туралы жазған зерттеу еңбектерінің де маңызы ерекше. Сол қатарға Су Бэйхайдың да еңбектерін жатқызуға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

«Астана ақшамынан» алынды

6alash ұсынады