Тоқырауын амалы – қаңтардың жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Бұл –  күн тоқтаған кезге байланысты келетін амал.

Ақпан амалы – үт айының онында кіріп, он бесінде шығады. Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой  бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге ығып, далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан ақпан амалы қалған дейді.

Үт амалы – үт айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады.

Наурыз амалы – бірдің айының онында кіріп, он бесінде шығады.

Әз амалы – бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады. Әзді ақ сақалды үлкен қария адамның бейнесімен бейнелеп түсінеді.

Отамалы – көкектің онында кіріп, он бе-сінде шығады. Сіріңке жоқ заманда  көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақтан адасып үсіп өледі. Осыдан от амалы атанған.  Ел аузында "от амалы  – оңына бақса от алғанша, терісіне бақса оталғанша" деген тәмсіл сөз бар.

Сәуір амалы – мамыр айының онында кіреді. Кейбір жылы сәуірде ауа райы бұзылып 40 күнге жалғасады. Қариялар сәуір амалы кіргенде бұлтты бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойды дейді. Ол жылы сәуір амалы ұзаққа созылып, бұлт төніп, мұз жауады. Сондықтан "сәуір болмай, тәуір болмас" деген тәмсіл.

Саратан Зауза амалы – маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Сартан-Зауза  атанған.  Амалдар хақында  қазақтың әр өңірінде әр түрлі нұсқалары бар. Бұлардың сыртында "Көкірекшал", "Құралайдың салқыны", "Аласапыран", "Бұлбұл торғай" сияқты амалдар айтылады. Наурыз айының жиырмасы ке-зінде "Аласапыран" деген амал кіреді.

Құралайдың салқыны – шамамен мамырдың жиырмасында болады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Аң солай өрлеп бұлтпен тасаланып төлдейді. Амал бірнеше күнге жалғасады. Киік-тердің құралайы аяқтанады. Амал аты осыған байланысты қойылған.

Бұлбұл торғай амалы – жаз басында болады. Жаз торғайының келуіне байланысты болуы мүмкін. Елімізде қазақша ай аттары амал аттарымен ауысып қолданылып келеді. Ақпан, наурыз, сәуір деген де амал аттары бар. Монғолия қазақтары ақпанды – үттің айы, наурызды – бірдің айы, сәуірді – көкек айы деп атайды. Көне түркілерде жыл есебі реттік санмен айтылған. Кей айларды реттік санмен атау Қытай және Монғолия қазақтарында сақталған. Халық жыл маусымда күн мен түннің теңелуін, күннің ұзаруы мен қысқаруын мұқият қадағалап отырған.  Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Осыған байланысты халық арасында ертеден қалыптасқан тәмсіл сөздер сақталған. Мәселен, тоқырауда торғай адым, қаңтарда қарға адым күн ұзарады. Шілдеде шіл адым қысқарады.

Үштің айы – күштің айы дейді. Бұл – аяз күшейетін ай. Бірдің айы – сүрінің айы дейді. Бұл ет сүрленетін ай. Көкекте – көк ішек деп тағы айтады. Көкекше көк шығып малдың ішегі көгереді. Мамырда – май ішек дейді. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретін ай  деген сөз. Халқымыз осылай жыл он екі ай мен жұлдыздар әлемін, ауа райы құбылыстарын жақсы білген.

kostanaytany.kz сайтынан алынды

6 алаш ұсынады