ҚАЙРАУ

( лирикалық поэма)

Талапбек АЗАНБАЙ

Қалам алса қосылып сия мұңға,
Бір ой туар ақынның қиялында.
Аламанда шапқанда адымымен,
Алымдылық тұлпардың тұйяғында.

Қасқыр менен бақсада қойыңды кім,
Өзге жұрттан өзгеше ойың бүгін.
Көк бөріге қалайша тартқан сенің,
Арлан мінез бір қыңыр мойындығың.

Қалам алып қолына, ал жырласын,
Шалдығып бір, мейлі, еркі қалжырасын.
Ат кекілін кесісіп кетер біреу,
О дүниеден көрсетіп "
"қанжығасын".

Ақылыңды қоссаң да ақылына,
Жатты қойшы, жақпайсың жақыныңа.
Дүние емес, бір әлем ар азабы,
Шындықты айтып күш берер ақынына.

Жазған жырын егерде сезінсе әлем,
Қоярға бір жер таппас өзін әрең.
Өзін-өзі қайраумен келеді ақын,
Шабыт мініп қиялмен кезіп
әлем.
* * * * *
Қалам алып жырлайын ары қарай,
Өзін әркез кетсе де танып Абай.
Кеше жүрген бүгін жоқ достарыңды,
Деме ағайын көргенде қалың қалай?

Қалың нешік дейсің бе көз көргендер,
Не болғанын бұрынғы сезді өлгендер.
Қасіреттің орнаған қара бұлтын,
Түсінеді басына кез келгенде ер.

Ақын айтса шындықтың шырқап әнін,
Мойнын жұлып аласың шылша бәрің.
От пен суды қолына кезек ұстап,
Басып өмір келеді қырқаларын.

Бізді қарғам демеші несін екті,
Қорланды айтсаң біреудің есі кетті.
Ақын тағдыр осы екен неге жылап,
Мұқағали десем мен өксіп өтті.

Анау жайсаң десек те, асқар, алып,
Өз әнін тек айтып жүр масқаралық.
Қарамайды ел-жұрттың зар күйіне,
Ұрсаңда тау басыңды тасқа барып.

Дүниенің кім кепіл барлығына,
Болып жүрсе егерде арлы кінә.
Жомарт ердің жоқшылық қолын байлар,
Қайда барсаң ниеттің тарлығы ма?

Осы кейде қалсаңда ел есінен,
Қызығыңнан айырма беу несібем.
Жүргендер бар ұрып құр даңғырлатып,
Нан пісіріп қаңылтыр кеудесімен.

Бар десек те бір мықты әр ауылда,
Құлқын үшін жан беріп, жан алуда.
Не боларын білмейсің елік жаның,
Аңдып атар ілінсе қарауылға.

Айтсақ да сын жарамас оның десіп,
Қайда бардық нәпсінің соңына ілесіп.
Қай биікке шығамыз жақсылардың,
Жүрсек әр кез білдірмей жолын кесіп.

Бес күнде өтер, өмірің жалған мына,
Қолың жетпей созған бір арманына.
Тозаң болып дүние ұшып кетер,
Салған Тәңір шыдамай салмағына.

Көрсетіп бір көкесін масқараның,
Талай жанның жанарын жасқа малдың.
Қалай жауап бересің ар алдында,
Төрде отырған шіреніп қасқаларым.

Десекте біз дүние-ай тынысы кең,
Қайсың бірге менімен у ішіп ең.
Қабағына қарап тек мықтылардың,
Әлсіздердің болмаппыз жұмысымен.

Шетсіз, шексіз болсада қиыр далам,
Жақсылық пен жамандық үйір маған.
Жарты әлемді билеген Ескендірге,
Бір тиында өлген соң бұйырмаған.

Естіп соны білсек де ертегідей,
Өмір заңын келдік бе жете білмей.
Тау ғып үйіп байлықты жүргендер бар,
Алып ертең көріне кететіндей.

Ақын көңіл лепірсе арыны асып,
Саған пенде жоламас жаны пасық.
Жоқ қараған келеді жолаушыдай,
Таба алмаған малы жоқ арып - ашып.

Жазбасамда кейде осы жартып нені,
Әулиеден көреді ел артық мені.
Ойдың соқпақ шытырман жол азабы,
Тұрады әр кез етектен тартып кері.

Білмесе де, білсе де сырын танып,
Береді елге жүрегін жұлып алып.
Бірде бала, бірде абыз ақын деген,
Туған өзі түсінер мұны халық.

Айдан есен шықсаңда, жылдан аман,
Деп ойлама басымды мұңға малам.
Өткен әрбір минут пен секундтар,
Қай пенденің өмірін ұрламаған.

Қойсаң сұрақ тағдырым, қиын маған,
Тәңір берсе несібе, сыйыңды алам.
Том-том болып шаң басқан тарихта,
Жолың жатыр ақындар шиырлаған.

Тұрса бүгін басыңа қонып бағың,
Деп тілеймін бір кесір жолықпағын.
Кезіп әлем қиял мен ой үстінде,
Сары далада кетесің болып сағым.

Жүргізсе де ғаламға әмірін кім?
Сыры терең жатпай ма тамырының.
Адал берген ақынға несібесі,
Бұлда сыйы жаратқан Тәңірімнің.

Рухың биік көтерген санаңда асқақ,
Егер көшті әкетсең дара бастап.
Әділетсіз қоғамда шындықты айтып ,
Отыр ақын көз ілмей қалам жастап.

Айтатын бір енді сөз келді бейім,
Деген мына ойым жоқ елді үрлейін.
Сауық-сайран салып жүр күнде думан,
Не ойлап жүр бас біткен мен білмейім.

Бақ па, сор ма, ақынның жыр-басына,
Кімнің қандай қарамас тұлғасына.
Жалғыз шауып келеді ұйытқып соққан,
Қарамай бір сар аяз бұрқасынға.

Болса да ауыр көтерген тоны батпан,
Айсыз түнде адаспай жолын тапқан.
Дәл тисе де көзеулі нысанаға,
Менікі деп айтпаған оғын мақтан.

Түгемес дау қалсада басы мүңға,
Ата мұра жыр менің асылымда.
Деп шырылдап дат айтып кеткен ақын,
Баспанасыз Аманжол Қасымың да.

Талай жанның кез болсаң күндеуіне,
Бұралқы иттің кім кепіл үрмеуіне.
Атыларсың жаралы арыстандай,
Келмеген соң қысқа жіп күрмеуіне.

Шалқысада шаттық пен көңіл көгің,
Бермес, сірә, еншіңді өмір тегін.
Қылт еткенің кететін өсек болып,
Топырағың не деген жеңіл сенің.

Салып шалқар кемеңді жыр-айдынға,
Қарсы жүзіп ағынға мұңайдың ба?
Еркін қылып жаратқан дүниеге,
Ақын деген бір құлы Құдайдыңда.

Өтер уақыт білінбей келте күнің,
Бізге бәрі десек те ерте бүгін.
Кетсе шығып шеңберден кей шақтарда ,
Түсін халық ақынның еркелігін.

Болсаң пенде жаралған бағың дара,
Күңіренген ел-жұрттың зарын қара.
Жыр жазатын ақынның жұпыны үйі,
Артық алтын патшаның тағыннан да.

Тұрсада елге тең келмес күшін біліп, Ақын
Қалай алға шығады кісімсініп.
Беті күліп тұрғанмен қызғаныштың,
Қызыл иті жатады ішінде ұлып.

Ұйтқып боран соқсада дауыл келіп,
Әз басының болмайды қауымда ерік.
Бір қастандық жасайды ала тайын,
Аламанға қосса егер бауыр сеніп.

Жеткізсеңде шындықты құлаққа әрең,
Абыз жанды зарлатып жылатпа әлем.
Табалмассың ақыннан басқа адамды,
Өлген күні міні жоқ бірақ та сен.

Байлық, мансап қарамай бет-мүсінге,
Сеніп ақыл, қайратпен тек күшіне.
Қарсы жүзер ағынға бөгеу бермес,
Ит өмірдің түссе де тепкісіне.

Шырылдатып алса да жанын қыспақ,
Намыс жырдың кеудесін жалынға ұстап.
Келген кезде шыр етіп дүниеге,
Түскенбе екен қолына ар уыстап.

Өлімді айтса қалай деп жасқанбас кім?
Соғып жарды әкетер асқан тасқын.
Ойы шүңет, шыңырау ақын деген,
Кетер кезіп қиалмен аспан астын.

Тозаң жұқпас тотығып асыл арың,
Шығарса да жағаға жасырғанын.
Неше толқып күркіреп заман өтті,
Қатарында қаймығып ғасырлардың...

Қалса айдында қайрандап қайран кемең,
Өмір өзі кіл соғыс майдан дер ем.
Маң маң басып келеді нар атандай,
Шалқып ақын шабытын қайрауменен!

Соңғы

2022 жыл 3 тамыз

Талапбек АЗАНБАЙ