Мұзтау. Оралхан Бөкеев шығармасының басты тақырыбы болған осы бір шың Қазақстан Ресрубликасындағы Алтай тауының төріне орналасқан. Жалпы пошымы түйенің өркешіндей болып жатқан қос шоқының шығыс жақтағы бір бөлігінің биіктігі 4506 метр де, батыстағы екіншісінікі 4435 метр. Мұзтауды әлемдегі биік таулар қатарына кірмегенімен оның қауіптілігі басқа шыңдардан асып түспесе, кем емес. Себебі, мұндағы сүңгіленген мұз қатпарларының көптігі соншалық, жоғарыға өрмелейтін жердің өн бойы өңшең сірескен мұз дақтардан тұрады. Аталмыш тау басына апаратын жалғыз ғана жол бар. Ал қалғанының барлығы әлпинистерге тыңғылықты дайындықты талап етеді.

Оның ашық болатын күндері сирек. Көбінесе ол киіздей ұйысқан жабағы бұлтпен тұмшаланып жатады. Бұл шың үнсіздікті, өлі тыныштықты бойына бұқтырып жатқан жұмбақ нүкте. Осыған қарап оны мұндағы ауа райы ғана емес, жер жағдайы да әр сәт сайын озгеріп тұратын жанды табиғат құбылысы кейпінде көзге елестеткендей боласың. Оның беткейіндегі күніне әлде нешеРет қайталанып тұратын тас көшкіні мен қаркошкіні біз сөз етіп отырған шыңның бұлжымас ерекшеліктерінің бірі.

Өзінің болмысына жұмбақтықты, тілсімдықты, құпия­лықты ұстап тұрған осы бір нүктеге әлемнің талай саяхатшылары таңданыс білдірген. Мәселен, XXғасырдың басында атақты суретші николай рерих біз сөз етіп отырған тау туралы: «Орталық Азияның кең байтақ кеңістігіндегі ұлы дала мен асқаралы алтайдың шырқау шыңы – Мұзтау. Ғарыштан құдыретті қуат алатын жер бұл. Мынау ғаламдағы барлық әулиелердің аруақтары бас қосатын, киелі шамбаланың қасиетті де ардақты елі ол» десе, одан кейін мұнда ат басын бұрған ағылшын алпинисы сәмиюел тернер былай дейді: «Қарсы алдымнан сұлулығын суреттеуге тіл жетпейтін табиғаттың тамаша көрінісі ашылды. Соған қарап тұрып, бұл тау туралы әлі көп сөз зергерлерінің қалам тартпағаны, көркемдіктің осы келбетін фото камерәнің жөн-жосықсыз қорлай қоймағандығы және мұндай мүмкіндікті көрудің адам өмірінде бір-ақ кездесетіні туралы санамдағы ойдың Жылт етуі мұң екен, жолшыбай Бастан өткерген қиындықтардың бәрі ұмытылып сала берді».

Иә, бұл тау қасиетті, киелі орын. Ғылыми пайымдауларға қарағанда, ғарыш сәулелері мұнда сынбай, шашырамай, еш озгеріссіз таза күйінде келіп жетеді. Көктен келген қуаттар осы тау шыңына озының толыққанды күйінде келіп жетіп, жер бетіне таралады. Жер мен ғарыш арасындағы көзге көрінбес байланыс дегеніміз осы шығар, сірә.


Авторы: Жанболат Аупбаев
Фото: Ерболат Шадрахов

6alash ұсынды