"Арқау" сайты оқырмандарына жасындай жарқ етіп ғұмыр кешкен, ақын Мұрат Кәлапұлының (1986-2022)бір топ өлеңдерін ұсынады. 

О, МЕНІҢ АҚБОЗ ҮЙІМ АҚ ШАҒАЛАМ

Өсіп-өнген ұл-қызы, немересі,

Қарттары бар том астан өнегесі.

Ақбоз үйдің аңсадым берекесін,

Алты қанат жайылған керегесі.

Самырсыннан иген уықтары,

Қараша үйдің кең еді тыныстары.

Қара пештен жылынған қайсар жанға,

Әсер етпес қаңтардың суықтары.

Көк аспанға бой созған шаңырағы,

Балқып піскен қазанда бағыланы.

Малшы ауылдың тірлігін көріп өскен,

Балалығым, қайдасың мағыналы?!

Шилері өрнектеліп көмкерілген,

Бабамның салт-дәсүрін шерте білген.

Анамыз ақ сүт беріп аяалаған,

Сіңіріп бесік жырды ертегімен.

Жауқазындай қуат ап күн нұрымен,

Бала шақта жарысқан бір-бірімен.

Күндеріміз тәтті екен шыныменен,

Ай сығалап жататын түңлігінен.

Қорада мал, басынан бақ кетпеген,

Белдеуінен байлаулы ат кетпеген.

Жатсадағы есігі айқара ашық,

Ешкім ұрлап байлығын ап кетпеген.

Ұлттық рух сақталған бар осында,

Данасын да түлеткен, қарасын да.

Ақбоз үйдің қадірі бөлек еді,

Бой көтерген қазақтың даласында.

О, менің ақбоз үйім ақ шағалам,

Мен сені, сен де мені жат санаман.

Өлгенше ұмытпаспын қасиетіңді,

Аттап кетіп жатсам да басқа ғалам.

АЛТЫН КҮЗ

Сағақтан үзіліп жапырақ,

Сары алтын түске енді атырап.

Мөп-мөлдір тамшыдай шық пенен

Қырау шалып шөптердің басын ақ.

Қош айтып жаз бенен көктемім,

Озгеріп, таулы алқап, беткейім.

Диқандар жинап жүр қарбалас,

Тер төгіп көктемгі еккенін.

Желі өтіп өңменнен іңірдің,

Саябақ сыр шертіп сыбызғы үн.

Сұры бұлт аймалап аспанды,

Көбейіп жауыны күзіңнің.

Көз салып қарасаң таң қалар,

Тынымсыз тіршілік жан бағар.

Құмырсқа секілді дән тасып,

Астыққа толысқан қамбалар.

Сүреңсіз күй кешіп бағымда,

Сарғайтқан сағыныш сағым ба?

Жылы ұя іздеуге қамданып,

Қайта ұшты тырна мен қазың да.

Сарыға бояп бір жер өңін,

Қайың, тал, қара ағаш, терегің.

Жалаңаш күй кешіп қалғандай,

Шешкесін жап-жасыл желегін.

Бетіңді шымшылап қарыған,

Аязда суреттер салынған.

Күз өтіп, қыс келер қытымыр,

Ақ ұлпа көрпесін жамылған.

06 09 2020

 

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА БАЛАСЫ ЕМ

Арманда арман, арманда,

Өткінші мынау жалғанда.

Ардақты, асыл ана мен

Әкедей асқар тау бар ма?!

Гүліндей бүрлеп көктемнің,

Төсінде ойнап көк белдің.

Саялар әке қанатын,

Есімнен кетпес өткен күн.

Шет қонып қиыр жайлаған,

Шаттық шомар айналам.

Қазақтың қара баласы ем,

Сақасын алтын ойнаған.

АРМАНЫМ АРУ

Жаным деп сүйіп, жапырағым деп,

Аймалап құшып отырамын көп.

Арман аруды ай мүсін келген,

Қылығын тəтті бақылағым кеп.

Мөлдіреп тұрған көздеріңменен,

Сыңғырлы сұлу сөздеріңменен.

Жұлдыздар маған жымыңдап қарап,

Тіл қатқандай сезгемін ерен.

Гүл тере жүріп қыраттарыңнан,

Шөлімді басып бұлақтардыңнан.

Маңдайдан сипар анамдай асыл,

Қуат ап күн нұры, шуақтарыңнан.

Сүйгендей құлай бір сұлу қызды,

Қан жүріп бойға нұр сіміргізді.

Арманым, музам «Поэзия» деген,

Үйреткен маған құлшынуды ізгі.

20 қыркүйек, 2019 жыл.

ҚОРҚАМЫН

Белес те белес, елестен қорқам,

Орынсыз даулы егестен қорқам.

Байқаусыз тайып кетемін бе деп,

Өмірдің жолы дөңестен қорқам.

Жалғанда, жалған, жалғаннан қорқам,

Аяқсыз қалар арманнан қорқам.

Ұйқыдан аман оянған сәтте,

Тұнжырап атқан таңдардан қорқам.

Кеудесі жоғары паңдардан қорқам,

Қайырымсыз өскен жандардан қорқам.

Адамды адам бауыздар малша,

Ақша билеген заңдардан қорқам.

Түрленген құстай заманнан қорқам,

Пиғылы өзгерген адамнан қорқам.

Өмірдің көрген қатігез тұсын,

Өркендеп өскен баламнан қорқам.

Жазықсыз жабар жаладан қорқам,

Жын ойнақ болған қаладан қорқам.

Шақалақтарын қоқыста тастар,

Тасбауыр әке, анадан қорқам.

Су болып ағар сенімнен қорқам,

Ойыншыққа айналған сезімнен қорқам.

Үлкенді сыйлап бас имек түгіл,

Қайқаңдап сөйлер келіннен қорқам.

Ез болып өскен ерімнен қорқам,

Береке қашса төрімнен қорқам.

Тірлігінде елің бағалай алмай,

Тұтқиыл келер өлімнен қорқам.

Қоқамын, қорқам, бәрінен қорқам,

Ем болмас ішкен дәріден қорқам.

Аузында бата, дұғасы жоқ-ты,

Қылмыңдар қызға кәріден қорқам.

2020 жылы 22 қаңтар.

 

О, ЖАРЫҚ КҮН

О, жарық күн аймалап нұрыңменен,

Көздеріндей арудың күлімдеген.

Мейіріміңе бөлей көр мына мені,

Аяз мұңға еріксіз дірілдеген.

О, жарық күн жылтсын сəулең мені,

Күндестіктен қажыған əл-дәрмені.

Қатып қалған жүректі жұдырықтай

Қара тас болып мынау кеудемдегі.

О, жарық күн мұңайма бұлт оранып,

Тұманменен тұншығып, тұмшаланып.

Сен қамықсаң беймаза күй кешемін,

Кететұғын ән таппай шырқап алып.

О, жарық күн жаныма шуақ бергін,

Шуақ бергін, сарқылмас қуат бергін.

Бақытты күй кешсінші ұрпақтары,

Жұмақ төрдің үстінде мұратты елдің!

ПЕНДЕМІН

Күз көңілім құлазиды күрсініп,

Жаным жаурап ызғарымен тым суық.

Күйбеңдіктің күйзелісі жүдетіп,

Мұң тұманнан тырбынамын тұншығып.

Бірде тәтті, татып бірде кермегін,

Сынағына Жаратқанның көнгемін.

Адам басы добы деушы ед Алланың,

Мен де сол бір жұмыр басты пендемін.

Дәмін таттым бұрыш пенен шекердің,

Тері шылқып тіршілік деп шекемнің,

Маңдайға Алла не жазғанын білмеймін,

Бір күндері мен де өмірден кетермін.

Саудың ішіп тамақтарын харам ғып,

Сөзін сөйлеп жүргенім жоқ есердің.

Біреу күндеп, біреу тілдер көп мені,

Жүректегі кімге айтамын өкпені.

Бұл өмірде жалғыз ғана сырласым,

Отты өлең мен Көк Тәңірім көктегі.

Шибөрі боп алқымнан ап төбетім,

Мейірім азып құшырлана өбетін.

Қу нәпсі үшін құлқын жыртар жан артты,

Қабіріңді қазғылары келетін.

Дайындаған: Әділет Ахметұлы