Көк түріктен мұра боп жалғасқан мүшел бойынша жыл санауды, яғни 12 жануардың аты берілген күнтізбені қазақ халқы бірнеше ғасыр бойы қолданды. Кейін Григориан күнтізбесін пайдаланды да, бұрынғы мүшел бойынша жыл санаудағы ай аттарын жаңаша жыл санау­ға көшірді. Осыдан барып жаңаша жыл санау мен қазақтың байырғы жыл санауы өзара араласып кетті. Мәселен, қазіргі қалыптасқан қағида бойынша 1 қаңтарда жаңа жыл кірді дейміз де, жылды қаңтардан бастап санаймыз. Былайша айтқанда, қазақ ұғымы бойынша жыл басы наурыз екенін жұрттың бәрі білсе де, жыл жануарларын мезгілінен ерте кіргізіп, уақытынан бұрын шығарамыз. Наурыз мерекесін де Григориан күнтізбесі бойынша 21, 22 наурыз күндері тойлап жүрміз. Мұның қазақтың көне есебімен сәйкес келмейтінін көнекөз қариялар болмаса, қазіргі жастар көп біле бермейді. Яғни біз қазақтың көне есебі бойынша Наурыз мейрамын өз мерзімінен бұрын тойлап жүрміз. Осыдан барып «қазақтың наурыз келгенде Самарқанның көк тасы еріп, жер бетінде теңгедей қар қалмайды дейтіні қайда қалды?» деген сұрақ туады.

Жыл басы деген ұғымды білдіретін наурыз сөзі бізге парсы тілінен енген. Яғни қазір марттың орнына қазақша ай аты ретінде қолданып жүрген наурыз сөзі парсы тілінде «жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Міне, осы жыл басы саналатын наурыз сөзі қазақ тілінде айдың және жазғытұрым тойланатын мейрамның атауы ретінде қолданылып жүр. Бұл күнді ұлтымыз «Ұлыстың ұлы күні» деп те атайды. Бұл жөнінде хакім Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «Хибаги», «Хүзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Нау­рыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп жазады. Демек, наурыз сөзі әуелде қазақ тіліне ай аты емес, мереке-мейрамның аты ретінде еніп, кейін көне ай атының орнын басып кеткен. Ендеше наурыз қалай айдың атауына өзгеріп кетті? Неге біз ақпан айы мен көкек (сәуір) айының ортасындағы үшінші ай қалайша наурыз деп аталды? Міне, бұл – бүгінге дейін түйіншегі шешілмей келе жатқан талас­ты тақырып. Сәуір демекші, қазақта бұрын сәуір деген ай аты болмаған. Сәуір атауы Кеңес Одағы кезінде саяси мақсатта енгізілген, «сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал да арабша ай атындағы сәуірмен байланысты.

Біз ай аттарын қаңтар, ақпан, наурыз, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан деп белгілеп жүрміз. Алайда қазақша ай аттары туралы жазылған еңбектерге үңілсек, олардың кейбірінде наурыз деген ай аты жоқ. Мәселен, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бір жылдағы ай есебі ретінде отамалы (маусым), сарша, тамыз, қыркү­йек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (наурыз, екі ағайынды), көкек (сәуір), мамыр деп анықтама беріп, жыл басын отамалыдан басталады деп көрсеткен. Бірақ қазақ есепшілерінің көбі тоқпанды амал аты ретінде қарастырады. Тіліміздегі «ақпан соқса азбайтын, тоқпан соқса өлмейтін», «ақпан-тақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген тұрақты тіркестер – соның мысалы. Дегенмен, шынымен де, тоқпан амал атауы емес, ай аты болуы әбден мүмкін. Мәселен, қазақта сары атан – зуза деген амал бар. Маусымның (көнеше) онында кіріп, он бесінде шығатын бұл амал жөнінде қазақ арасында «жоғалып кеткен сары атанды іздеп шыққан Зауза қыз үсіп өледі. Ауа райының осы тосын құбылысын еске сақтау үшін қазақ бұл амалды «сары атан – Зауза» деп атап кеткен» деген аңыз бар. Алайда мұндағы сары атан мен зауза 12 шоқжұлдыздың арабша атауларына негізделген парсы күнтізбесіндегі ай аттары (амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәди, дәлу, хұт) екенін көп ешкім біле бермейді. Тіпті біздің «амал» деп жүргеніміздің өзі парсыша ай аты болып шығады. Бұдан 14 наурыздағы «көрісу күні» деп аталған амал мерекесі де парсыша жыл басын меңзейтін амал деген аймен қатысты емес пе деген ой келеді. Ал «Тауарих-и Хамса Шарқи» (қазақша «Шығыстың бес тарихы») да жоғарыдағы парсыша ай аттарын қазақша ай аттарымен салыстырып, төмендегідей көрсеткен: бірдің айы – хұт (февраль); көкек – амал (март); мамыр – сәуір (апрель); маусым – зау­за (май); шілде – сары атан (июнь); тамыз – әсет (июль); мизам – сүмбіле (август); қазан – мизан (сентябрь); қараша – ақпан (октябрь); желтоқсан – қауыс (ноябрь); қаңтар – жади (декабрь); үштің айы – дәлу (январь). Сондай-ақ мұндағы бірдің айы бірінші айды, яғни жыл басын көрсетеді, бірдің айының 20-сынан кейін наурыз мейрамы тойланады деп ескерткен.

Демек, қазақ халқы ай аттарын белгілеуде ай аты, жұлдыз аты, амал атын пайдаланған. Бірақ уақыт өте келе бұл үшеуі өзара араласып, оған араб, парсыдан кірген ай, амал аттары қосылып, қазақтың ай аттары мен амал аттары үлкен өзгеріске ұшыраған. Бұл жөнінде Шәкәрім қажы 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде жазған «Қазақша ай аты неге жоқ?» деген мақаласында «Біздің ай аты деп жүргеніміз – жұлдыз аты. Жұлдызға қойған атты сол кездегі туған айға қоя саламыз да, ай аты деп ұғынамыз. Сол себепті кейде «Бұл бәлен ай» деп таласамыз. Мысалы, декабрь жұлдызының он бесінде туған айды жартымыз «қаңтар», жартымыз «ақпан» дейміз. Менің ойымша, біздің ескі тұқымда (ескі түрікте) ай аты болса керек. Бірақ ол ескі аттар не біржола ұмытылды, не жұлдыз аттарына араласып кетті-ау деймін» деп жазады.
Оның үстіне, қазақ даласының кеңдігі, әр өңірдегі қазақтардың ай, амал аттарын белгілеуде парықтардың болуы себебінен де қазақша ай аттары әртүрлі аталып кетті. Мәселен, қазақ мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген ғалым, этнограф Әбубәкір Диваев 19 ғасырдың соңында Жетісу жерінен жазып алған қазақша ай аттарын (ретімен): көкек, мамыр, маусым, саршатамыз, шілде, сүмбіле, мизан, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, наурыз деп көрсетсе, ғалым, филология ғылымдарының докторы Бейсенбай Кенжебаев қазақша ай атауларының 3 түрі барын көрсетіпті. Мұның бірінші нұсқасы – әз, отжақпас, көкек, шілде, сарша, қыркүйек, мизан, қараша, қазан, қаңтар, ақпан, бірдің айы. Екінші нұсқасы – көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, мизан, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, бірдің айы. Үшінші нұсқа – екі ағайынды, наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз сарша, қыркүйек, мизам, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар. Міне, осылардың бәрін жинақтасақ, халқымыз 12 айды белгілеуде 22 түрлі ай атын (одан да көп болуы мүмкін) қолданғанын байқаймыз. Ал олардың ішінде жыл басы ретінде бірде бірдің айы көрсетілсе, енді бірде отамалы көрсетілген. Осыған қарағанда және хакім Абай жазған дерекке негізделгенде, наурыз атауы қазақ халқына әуелде мейрам ретінде келіп, кейін ай атының орнын басқаны анық.

Сонымен, қазақтың жыл есебі бойынша қиындыққа толы болған тышқан жылын шығарып салып, сиыр жылын қарсы алып тұрмыз. Әр жылға әртүрлі сипат берген қазақ есепшілері сиыр жылының «мінезін» де әртүрлі түсіндіреді. Кейбір болжаушылар «сиыр жылы тарихта көбінде ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарға толы болған» десе, астрологтардың кейбірі «сиыр жылы молшылық жылы болады. Қазақ халқы сиыр жылын жақсылыққа балаған» деген уәж айтады. «Сиыр жылы жаңбырлы болады, астық бітік шығып, молшылыққа кенелтеді», «сиыр жылы мөшке сиырдай молшылықтың жылы болады» деп те айтылады. Ал қазір отандастарымыз сиыр жылы туралы не айтады дегенге келсек, қазір ел ішінде екі түрлі пікір айтылып жүр. Отандастарымыздың көбі атақты Мәшһүр Жүсіптің айт­қан сөзін алға тартып, «келе жатқан жаңа жыл Қазақ еліне үлкен жақсылық, көл-көсір молшылық әкеледі» деп сиыр жылын жақсылыққа балап жүр. Алайда 1937 жылғы қуғын-сүргінді, 1949 жылғы Семей ядролық полигонының жарылысы болғанын еске салып, бұл жылдың да өз қиындығы бар деп қарайтындар да бар. Дегенмен Қазақстан тарихына үңіліп отырсақ, астаны Алматыдан Есілдің жағасына көшіру шешімі сиыр жылы, яғни 1997 жылы қабылданса, келесі сиыр жылында (2009) елордада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы сияқты аты мен заты сай танымал нысандар ашылыпты. Осыған қарағанда, сиыр жылы тә­уелсіз Қазақстан үшін жаман жыл болмаған.

Әрине, Кеңес Одағы кезінде тойлауға тыйым салынған Наурыз мерекесі ел тәуелсіздігінен кейін әр жылы аталып өтіп келеді. Мереке кезінде 5 күн демалыс беріліп, маңызды шаралар ұйымдас­тырылады. Ұлттық рухты оятып, дәстүрді дәріптеуде бұл өте қажет. Алайда күллі түркі халқы неше мың жылдан бері тойлап келе жатқан осы бір ұлттық мереке жаңа жыл мерекесімен салыстырғанда жетім қыздың тойындай ғана аталып өтетіні жасырын емес. Әр жылы желтоқсан айынан бастап алып шыр­шалар орнатып, қаланы әлем-жәлем түске бөлеп, қағаз оқтар атып, ақшаның бетіне қарамайтын әкімдіктер наурызды жеңіл-желпі ғана атап өтеді. Керісінше, қарапайым халық көп көжесін жасап, әртүрлі шаралар өткізіп, мерекенің сәнін келтіріп жатады. Мәселен, көрші ел Қытай да жаңа жылды екі рет қарсы алады. Бірақ олар қаңтардың бірі тойланатын жаңа жылды өздерінің ұлттық күнтізбесі бойынша жыл басы саналатын «шаған», яғни көктем мерекесінен ешқашан артық қойған емес. Билік те, қарапайым халық та жаңа жылды былайша атап өтеді де, «шағанын» ұлттық мереке ретінде аса дабыралы тойлайды. Біздің елде де осындай дәстүр қалыптасса игі еді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

"Астана ақшамынан" алынды

6alash ұсынады