Мұхаммад Али мен Чак Уэпнер кездесуі. АҚШ. 1975 жыл. Наурыз.

"Рокки Бальбоа" - Чак Уэпнер әйгілі Мұхаммед Әлиді нокдаунға жібереді де, тренеріне бұрылып:
- Банкке тарттық. Біз - миллионерміз! - дейді. Сонда тренері оған:
- Балам, артыңа бір көз салсаң-етті! Ол орнынан тұрды және саған өте ашулы секілді, - деген екен.
Чак Уэпнер ұзақ уақыт не атаққа, не байлыққа қол жеткізе алмай жүрген боксшы еді. Қан-жоса боп таяқ жейтіні соншалық, кезекті бір жекпе-жектен кейін дәрігерлер оның бет-әлпетінің 120 жерін тігуге дейін барған. Оны тіпті "Байонн қандаласы" деп те атап кеткен көрінеді. Алайда ол қанша жарақат алса да, әйгілі Мұхаммед Әлимен рингте кездескенше төбелесуін тоқтатпаған.
Әлимен кездесуінде букмекерлік кеңселерде Әли-Уэпнер кездесуі 40-қа 1 ставкамен көпшілікті қызықтырыпты. Таңқаларлығы, бұл кездесу Әли үшін шынымен де оңайға соқпайды. Уэпнер жақсы бокстесіп қана қоймай, 9-раундта Әлиді флеш-нокдаунге түсіреді. Қатар соққан екі соққының соңғысы Әлидің жүрек тұсынан тиіп, ол құлап түседі. Зал шулап, көрермендер есі кете айғайлайды. Бәрінің ойында "егер Әли жеңілсе қыруар ақша ұтамай қаламын" деген ой болды деп жазады тілшілер қауымы.

Бірақ, Әли өзінің шын чемпион екендігін көрсетіп, орнынан жедел тұрады және рингте оңай жеңіле салатын босбелбеу емес екендігін дәлелдеп.., жекпе-жектің аяқталуына 20 секунд қалғанда оң қолының ауыр соққысымен Уэпнерді нокаутқа жібереді. Уэпнердің бет-аузынан түк қалмай, қан-жоса боп құлайды...
Кездесу соңында Әли өзінің нокдаун алмағанын, тек Уэпнер оның аяғын басып қалып, тепе-теңдікті ұстай алмай құлап түскенін төрешілерге айтады. Алайда бұл жағдай фотосурет арқылы расталса да, оның сөзін тыңдамаған төрешілер Әлиге нокдаунды тіркеп жібереді.
Бұған дейін Джордж Формен мен Сонни Листоннан нокаутпен оңбай жеңілсе де, Әлимен кездесуден соң Уэпнердің атақ-даңқы бұрқ ете қалады. Чак Уэпнер чемпиондық белбеуді ала алмаса да, танымалдылық пен құрметке ие боп шыға келеді.

Әли кездесуден кейін Уэпнер мен оның әйеліне өзінің суреті жарияланған плакатқа тілек жазып, достық ниетпен сыйға тартады. Онда былай деп жазылған екен:
«Чак пен Линдаға естелік: Құрметті достарым, сендерге Мұхаммед Әли сәттілік тілейді! Мен секілді адам енді туылмайды! P.S. Чак, менің аяғымнан аулақ жүр!»

Кейін, 1976 жылы аса таныла қоймаған Голливуд әртісі Сильвестр Сталлоне сценарий жазып, Чак туралы "Рокки" атты фильм түсіреді. 1 миллион долларға түсірілген картина 225 миллион доллар табыс тауып, 1977 жылы үш бірдей "Оскар" жүлдесін ие болған.
2016 жылы Чак Уэпнердің шынайы өмірін суреттейтін "Нағыз Рокки" атты көркем фильм түсіреді.

Ұларбек ДӘЛЕЙ

6alash ұсынады