Кеше, наурыздың 16 жаңасында Алматыда еліміз руханияты жөнінен аса маңызды, жаңадан құрылған қордың тұсаукесері өтті. Қордың аты – Mäŋgitas (Мәңгітас) Алаш руханиятын қолдау қоры деп аталады. Идея авторы әрі жаңадан ашылған руханият жоқтаушы қордың жетекшісі Әділет Ахметұлы өзінің жобаларын былай деп түсіндірді:

Қордың мақсаты: Ұлт руханиятын, ғылым-білім өресін көтеру. Өткен тарих пен болашақты жалғау.

Жұмыс үлгісі: қор арқылы еліміздің тарихы мен болашағы тұрғысынан аса құнды кітаптарды баспадан шығару.

Алдағы бірнеше жылда шығатын кітаптар:

  • Құнды қолжазбалар.
  • Алаш Орда мұрағаттары.
  • Шынжаңдағы классик әдебиет үлгілері.
  • Ұрпақтар санасын ашатын әлемдегі құнды кітаптарды аударып баспадан шығару.

Алматы қаласы, Орталықытандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапханада өткен игі бастамаға әдебиетсүйер әлеумет пен ақын, жазушы, тілтанушы, қолжазбатанушы ғылыми қауым өкілдері қатысты.  «Mäŋgitas» атты бұл қорды құру ойына қалай келгенін Ә.Ахметұлы былай деп түсіндірді:

Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптары мен қолжазбалар қорында және Орталық ғылыми кітапханада сақталған бағзыдан жеткен бабалардың мыңдаған мұраларының басылым көріп, халыққа жетпей шаң басып тұрғаны елдігімізге сын. Сол салада бірнеше жыл жұмыс істеу барысында осыншама көптеген мұраларды оқып, бүгінгі жазуға түсіріп, халық қазынасына қайта қосу аса маңызды жұмыс екенін тоықтай сезіндік. Аталған екі кітапханада ғана емес, халық арасында да небір жауһар мұралар бар. Олар біздің тарихымыздан сыр айтады. қай елде болмасын сирек кітаптар мен қолжазбалар, ел ішіндегі ауызша, жазбаша деректер баға жетпес рухани байлық саналады. Егер, шағатай, қадім, төте, латын әріптерімен жазылған сол мұарларды бүгінгі және болашақтағы оқырманға жеткізе алсақ, ұлтымыздың рухани жақтан байып, еңсесі көтерілер еді. Бұл іс біздің бас тартпас борышымыз.

Наурыздың шүле шұғыласымен бірге жұртқа жария болған ұжымдық бастаманың іс-шарасы аясында енді ғана құрылған «Mäŋgitas» Алаш руханиятын қолдау қоры жағынан баспадан шыққан алғашқы кітаптың да тұсауы кесілді. Екі елді тел емген ақын, қиссагер, қаламгер Сағдолла Нұралыұлының (1909-1981) «Зуқа батыр» атты кітабы  аталған қордың тұңғыш жұмыс жемісі ретінде жарық көріп отыр. С.Нұралыұлы өткен ғасыр басында бала шағында қиын заманда елмен бірге Қытайға өткен, Қытайдағы қандастармен бірге аласапыран заманды еңсерген құймақұлақ, зиялы адам. 1958 жылы Бергі бетке өтіп, ғұмырының соңына дейін туған елінде болған. Екі елде де құбылмалы құйын заманды бастан кешкен ақын көптеген қисса, дастан, шежірелердің авторы болған. «Mäŋgitas» Алаш руханиятын қолдау қоры жұрт назарынан тыс қалып бара жатқан бірегей тұлғаның көптеген еңбектерінен ішінен «Зуқа батыр» атты дастанын кітап етіп шығарып отыр.

Басқосуда «Mäŋgitas» қорының басбелгісі (логотипі) мақұлданды. Астанада тұратын жобагер, ағылшын тілінің маманы Атой Болат Керімұлы аталған қоғамдық қордың өзі жобалап шыққан басбелгісін көпшілікке көрсетіп зиялы жұрт алдында қорғап шықты.

««Mäŋgitas» (Мәңгітас) – осыдан он бес ғасыр бұрынғы Көктүрік қағанатының ескерткіштері Мәңгітас, бітіктас және құлпытас аталып келеді. Мәңгілікке мұраға қалған сол ескерткіштердің орнын бүгінгі таңда құнды кітаптар басып отыр. Өркендеген алпауыт елдердің барлығы тек кітаптың құдіреті арқылы алға озғаны белгілі. Кітап ұлтты оятатын, қуаттандыратын ұлы күш. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді».     

«Mäŋgitas» Алаш руханиятын қолдау қоры арқылы баспадан шыққан кітаптар Ел қазынасына мәңгі қалады», – деп белгі авторы сөзін түйіндеді.

Осылайша жиылған жұрттың ыстық ықыласымен «Mäŋgitas» Алаш руханиятын қолдау қорының басбелгісі төмендегідей болып бекітілді. Арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері тілеулестік білдіріп, ақ баталарын арнады.

Тұсауын енді ғана кескен «Mäŋgitas»-тың тұңғыш жиналысында, құрылғанына екі жылға жуықтаған «Bilge» баспасының да басбелгісі көпшілік назарына ұсынылып, ақсақалдардан бата алды. «Bilge» баспасынан бұған дейін жарық көрген бірнеше кітаптың тұсауы да осы айтулы шарада кесілді.

Алаш мұраларын түгендеуді көздеп іс бастаған «Mäŋgitas» қорына кім-кімнің де мүше болуына мүмкіндік бар. Ай сайын, ұлт руханиятының жанашырлары ерікті түрде қорға қаржылай көмек салып отырады. Жиналған қор жоғарыдағыдай халық арасында ұмытылып бара жатқан, тарихи құнды мұраларды қайта шығаруға жұмсалады.