Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.

Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,

Дей алмаймын ағашына мін қойдым.

Сайын дала оның мекен-тұрағы;

Бірде көрсең, терістікте тұрады.

Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай,

Бір қарасаң, түстік жақтан шығады.

Шым жібектен мықты желбау байлаған,

Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?

Кірсең жылы іші қыз-қыз қайнаған,

Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң.

Тауқыметтің көріп едім талайын,

Бұл киіз үй болды менің сарайым.

Айлы түнгі көлеңкесі-ай көлбеген,

Қыста осымен бірге өтеді сан айым.

Туырлықтың сыртын қырау шалса да,

Ызғар өтпес соқсын боран қаншама.

Сән-салтанат іші кірсең шыққысыз,

Көрген пенде таңдай қағар тамсана.

Жыршы төрде бұлбұл құстай сайрайды,

Бақсы билеп от басында ойнайды.

Балдай қымыз балбыратып денеңді,

Алпыс екі тамырыңды бойлайды.

Қою түннің құшағында аунаған,

Қандай ғажап жалынды ошақ лаулаған.

От сәулесі аймалайды іргені,

Дірілдеген қызыл гүлден аумаған.

Кең ашылып түнгі ауаның құшағы,

Қасиетті түтін көлбеп ұшады.

Сәл сөйлесе, кенет көктем суындай

Тасқындаған өлең көпті құшады.

Мұнда отырған жанда қандай бар қайғы,

Ұжымаққа шақырса да бармайды.

Шөп күркеде күн кешкендер күйбеңмен,

Май тоңғысыз қыста-дағы жаурайды.

Қайыршы да киіз үйді армандап,

Алыпсатар қарызданар қалбандап.

Мен осында ұрпағымды өрбітіп,

Дәм-тұзымды жаям келген жанға арнап.

Салтанатты сарайына патша мас,

Сарай барлық үмітіңді ақтамас.

Киіз үйдің құдіретіңе жоқ талас,

Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас!

Аударған Несіпбек Айтұлы

Фото Б.Жүмәділ