Ұлы даланың ұшан-теңіз руханиятының бір қиыры шекара сыртындағы қандастар қоныстан аймақтарда екені баршаға аян. Әсіресе, қазақтың күйшілік мектебінің аса ірі бір бұтағы саналатын Алтай-Тарбағатай мектебінің басым көп санды өкілдері Шығыстағы көршіміз ҚХР-дағы Алтай, Іле, Тарбағатай және Еренқабырға аймақтарында өмір сүргені белгілі. Еліміз тәуелсіздігін алған отыз жылдан бері атажұртына оралған ағайынның өнерпаз азаматтары аталған өнер мектебінің аз болмаған мұраларын ел қазынасына әкеліп қосты. Бұл әрине егемендігіміздің арқасы.

Республикалық күйшілер одағы Алматы филиалының «Күй әлемі» атты мәдени шарасы кеше (2021 жылы 21 желтоқсанда) Мультмедиялық дәстүрлі музыка орталығында өтті. Шараның сөз тігзігінін белгілі күйші, шығыс шертпе күйлерін зерттеуші Мұқаш Таңғытұлы ұстады.

Аталған шарада Күйшілер одағына жаңадан мүше болған он өнерпазға мүшелік куәлік беріледі. Күйші, ұстаз, Несіпгүл Шәкеева Шарынбайқызына «Құрманғазы» төсбелгісімен марапалса, күйші, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының оқытушысы Асылбек Кеңейгесовқа «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілді. Таласбек Әсемқұлов атындағы күйшілер байқауының бірінші орын жүлдесі Ертай Барлықовқа тапсырылды. Шығыс күйлерін бір кісідей зерделеген Мұқаш Таңғытұлына «Халық күйшісі» төсбелгісі табыс етілді.

Аталған игі шараның ең үлкен жаңалығы – Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің негізінде құрылған «Шығыс шертпесі» атты ансамбльдің тұңғыш рет ресми тұсауы кесілді. «Шығыс шертпесі» ансамбльі Кәмал Мақайұлының күйі «Менің домбырамды» күмбірлетті.

Кешке аталған мектеп өкілдері, зерттеушілер және өнерсүйер көпшілік қатысты. Аталған мектеп аясында құрылған ансамблден еліміздің күтер үміті көп. Бұл мектеп еліміздің өнер және руханият саласында толыққанды жалпыласса, мыңжылдық мұрамыз болған күй тұлпарының жал-құйрығы тұтасымен толыса түсер еді.