Қазақтың ерте заман тұрмысында кем болса болмайтын дүниелер бар. Оны білу жас ұрпаққа парыз.

Көнек – шикі теріден жасалған бие сауатын ыдыс, онымен бие сауғанда бауын білекке іліп алып, түбін тізеге тірей сауады. көнек жеңіл әрі метал ыдыстар сияқты даңғырлап дыбыс шығармайды. Қазақта «Көнектен шошыған бие оңбас, көптен  бөлінген үй оңбас» деген сөз бар. Сол себепті, көнекке сауғанда мал мазасызданбай жақсы иіп, сүтті мол береді.

Көнекті көбінесе жылқының жон терісінен және түйенің мойнағынан бітеу сойу арқылы жасайды. Ол үшін жас терісін түгінен арылтып, мойнақтың кең жағын түптеп тарамыспен тігеді де, бір бүйірінен теріден шүмек бекітеді.

Көнектің ауыз жағына жас тобылғыдан иіп шеңбер салып, оны сыртына қарай терімен көмкереді. Содан соң көнектің ішіне құм толтырып, жас тері көлеңкеде әбден кеуіп, көнге айналған соң ішіндегі құмды төгіп тастайды. Тері кепкенде мүйіз сызғышпен батыра өрнек салады. Іші-сыртына тұздалмаған жылқы майын сіңіре жағады да, тобылғы, арша тәрізді ағаштардың жас бұтақтарын жалындатпай бықсытып жағып, түтініне ыдыстың аузын төңкере іліп, бірнеше сағат ыстайды. Ыс сіңген соң тері қызыл қоңыр түске еніп, әрлене түседі әрі құйылған астың иісі мұрныңды жарып бабына келеді.

Көнектің екі бүйірінен (ауыз жағына таяу) метал шығырықтар орнатылады да, оған қайыстан  өрілген бау тағылады. Жақсы ысталған көнекке бір-екі күн ашыған айран құйып, шикі дәмін кетірген соң пайдалана беруге  болады. Теріден жасалған ыдыстар өңезденіп, көгеріп кетпеуі үшін айына бір не екі рет майлап, ыстап отырған жөн.

Талқы – теріні керіп-созып иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап. Талқының ирек, сүзгі, созғы, баспа талқы, тіс ағаш дейтін түрлері болады. Талқының бұл түрі қатар өскен аша ағаштан жасалады. Екі ашаның ортасына еркін сиятын, астында кертілген тістері бар бастырғы болады. Талқының екі ашасына бастырғының кертілген тістері қарама-қарсы орнатылады. Онымен тері илеуді «теріні талқыға салу» дейді. Талқымен тері илегенде бір адам теріні түгін ішіне қарата шиыршықтап бүктеп, бастырғының астына төсеп, жайлап айналдырып отырады. Екінші адам бастырғыны көтеріп-басу арқылы терінің құрыс-тырысын жазып, жұмсартады. Ертеректе құрулы тұрған талқыны көре тұра баспай кету жас жігіттер  үшін ұлкен әбестік болып саналған. Ал талқыдан шыққан теріні «кермелеген тері» дейді. Тіліміздегі «талқыға түсті», «талқыға салынды» деген сөз тіркестері осыдан шыққан болса керек. «Талқы ерге пайда, тамшы жерге пайда» деген аталы сөз де осыған қатысты жарыққа шықса керек. Талқыдан шыққан тері қазақтың қара сабынын жасайтын сақармен жуылады.

6alash ұсынады