Алматыда «Кек» атты жаңа роман баспадан шықты. «Bilge» баспасынан шыққан тоғанағы мол томның авторы Асқап Жанқара. Кітаптың айқара (титул) бетінде мынадай анықтама берілген:

Өткен ғасырдың орта шені қай елдегі қазаққа да оңай соққан жоқ. Ілгерінді-кейінді аспан астын қырғыншылыққа ұшыратқан екі реткі жаһандық соғыстың жасыл шардың астында шарпымаған аймағы қалмады. Алпауыт елдер арасындағы бұл қиян-кескі арпалыстың шалығы шағын елдерге, әсіресе, толыққанды тәуелсіздік алмаған ұлттарға ауыр тиді. Қазақ халқы да қаймағы кетіп, қайманасы қалған қасіретті ғасыр бойы тартты. Шығыстағы тарихи көршіміз ғаламдық текетіреске төтеп берумен бірге өз елінің ішіндегі саяси қайшылықтарымен арпалысып жатты. Қытайдағы билік басына таласқан екі партия – Гоминдаң мен Гончандаң (Қытай коммунистік партиясы) арасындағы мүдде қақтығысынан болған қантөгістер Шығыс Түркістандағы қазақтарды ауыр қырғынға ұшыратты. Шығыс Түркістан республикасын құру мен құрту жолындағы ішкі-сыртқы күштердің дүмпітуінің әсерінен ондағы қазақтар ауыр жағдайда қалды. Елдің білікті басшыларын, билерін, көзі ашық ел ағаларын ұстап түрмеге тықты. Сол кезде еркіндік пен есе теңдік үшін атқа мінген Алтай қазақтары бастаған ұлы күрес күллі Шынжаңды шарпып, тіпті шекара сыртына дейін алқып өтті.

Бабадан қалған байтақты жат қолына бермеу жолында шайқасқан қазақтардың бірбөлімі Шынжаңның шығысындағы Баркөл өңірніде қоныстанған болатын. Баркөлдегі ел ағасы Әліп үкірдайдың ауылын жау шауып, жазықсыз жүздеген адам қырылды. Әліптің ұлы қызыл қырғын ішінен елін бастап, әке кегін, баба жерін қайтаруға бел шеше соғыс ашты. Бірнеше жыл есепсіз жаумен шайқасып, қырғыннан аман қалған елді бастап, құрбандық бере жүріп, соғыс салып, әлемнің жотасы атанған Гималай тауынан асып, Пәкістан жеріне ел қондырды. Кейін бұл елдің көп бөлімі Түркия және Еуропа елдеріне жетті.

Асқап Жанқара осы қиын тағдырды бастан кешкен елдің тумасы. Қанды тарихтың көнекөз куәгерлері айтқан әңгімелер мен кітаби деректер негізінде, Елісхан батыр Әліпұлы бастаған қауымның кекке толы күресін тақырып етіп, осы романды жазып шыққан. ғұмырының жарты бөлімін осы романды жазуға арнаған автордың бұл кітабындағы тарихи оқиғалар шындыққа жақындығымен құнды. «Кек» тұтас қазақ тарихының бір қанатынан сыр шертетін, оқырманға берері мол, айтары ақиқатқа толы роман.

Кітап жалпы көпшілік оқырманға арналады.

Иә, өткен ғасыр басында төркіл дүниені шарпыған алапат саяси толқулар қазақ баласына да ауыр сын болды. Әсіресе, Алтай мен Еренқабырға етегінен есетеңдік жолында Бұланай тауын бағындырып, Пакістан мен Үндістан арқылы Еуропаға жеткен елдің қаралы көші жөнінде де қалам тартқан жазушылар мен тарихшылар бар. Қазақтың тұтас тарихының қанды беттерінің парағы сынды Ел бастаған Елісхан төңірегіндегі шындық негізінде жазылған ірі көркем шығарманың өмірге келгені қуанышты жаңалық саналады. Ал, кітаптың қай деңгейде жазылғаны жөнінде баға алдағы уақыт пен келер ұрпақтың еншісінде.

Он жыл бойы осы тақырыпты қаузаған автор кітабының алғашқы нұсқасын қолына алғанда көзінен қуаныш тамшысы сырғанап түсті дейді баспа қызметкерлері. Алдағы уақытта аталған жаңа  роман – «Кектің» тұсаукесері Алматыда өтеді.

Мирас Алтай