Әр ұлттың өз тарихы, өз мәдениеті бар. Сол таңбалы тарихын зерделеп, ұлттың өркендеуіне ерекше үлес қосқан ұлы тұлғаларды ұлықтауды, ұрпақ санасына ұялатуды ешбір ұлт назардан қағыс қалдырмайды. Қазақ халқының биыл Әбу Насыр әл-Фарабиді, Жошы ұлысын және ұлы Абайды айрықша атап өтіп жатқаны – соның айғағы. Әсіресе, қазақ мемлекетшілдігінің дәстүр сабақтастығын жалғауда айрықша маңызды орын алатын Жошы ұлысын ұлықтауымыз – тарихымызға жасалған үлкен құрмет. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ «Жошыны ұлықтау біздің мемлекетшілдігіміздің дәстүрін ғасырлар тереңінен алып шығуға жол ашады» деп санайды.

– Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде екенін көп ешкім біле бермейтінін айта келіп, «Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет» деген еді. Сізше, Жошыны ұлықтаудың маңызы неде?

– Жошыны ұлықтау – біздің мемлекетшілдігіміздің дәстүрін тереңдей түсіну және оны мойындау деген сөз. Себебі біздің мемлекетшілдігіміздің басы сонау ғұн дәуірінен басталады. Халықты 3 қанатқа бөлу және әскердегі ондық жүйе Мөде ханның тұсында басталған. Оны көк түріктер жалғастырды әрі оның құрылымын байытты. Олар өз шекарасын нығайтып, қорғаныс­ты күшейтумен қатар, «Мәңгілік ел» идеологиясын жасап, империя қол астындағы халықтардың рухына сіңірді. Шыңғыс хан дәуірінде Шыңғыс ханның бас уәзірі Шынқай Шынсан моңғол империясының құрылымын жасақтағанда, бұрынғы көк түріктердің әкімшілік және әскери құрылымын сол қалпында пайдаланған. Оған дейін «моңғол» деген атау болмаған. Оған дейін біздің бүгінгі «моңғол» деп жүрген халық түркі тілінде сөйлеген. Моңғол деген халық ІХ, Х, ХІ ғасыр­ларда қалыптасты. Содан кейін тілі бөліне бастады, бізден біртіндеп алыстай бастады, себебі олар мәнжу, түнгүс, кидан, қытайлармен жақын болды. Солармен қоян-қолтық жақындасқандықтан, солардың әсерімен моңғол тілі пайда болып, Шыңғыс хан дәуірінен бастап толық қалыптасты. Мысалы, өткен ғасыр­дың басында өзбек тілі деген тіл жоқ, қазақ тілімен бірдей еді ғой, қазір, міне, 100 жылға жетпейтін уақытта өзбек пен қазақтың тілінде үлкен айырмашылық шыға бастады. Міне, дәл осылайша ІХ-ХІІ ғғ. аралығында түркілерден бөлініп, алыстай отырып моңғол қауымы, моңғол тілі пайда болды. Сөйтіп көк түріктердің мемлекетшілдік дәстүрін Шыңғыс хан, Жошылар жалғастырды. Кейін Қазақ хандығы дәстүр жалғастығын үзбей алып келді.

– Жошы ханның Қазақ хандығында алатын орны қандай?

– Жошы хан, оның ұрпақтары Қазақ мемлекетін құрып, қазақты ұлт ретінде, Қазақ елін ел ретінде қалыптастырып, қабырғасын қатайтуға ерекше үлес қосты. Қазақтың хан ұрпақтарының барлығы да Жошы әулетінен тарайды. Қазақ мемлекетінің бір қайнар көзі Жошының тұңғыш ұлы Орда (Орда Ежен) және оның ұрпақтары басқарған Ақ Орда болды. Қазақ хандары осы Орда Еженнен тарайды. Ақ Орданы шыңға шығарып, Жошы ұлысы державасын билеген Шымтайұлы Ұрыс хан Орда Еженнің VIII ұрпағы әрі «Қазақ хандарының атасы» саналады. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек – Ұрыс ханның шөберелері. Сондықтан қазақ мемлекеті үшін Жошы хан, Орда Ежен, оның ұрпақтарының алатын орны өзгеше. Жошыны моңғол деп айтуға келмейді. Ол құрған Қыпшақ хандығы өз алдына әйгілі держава болатын.

– Жошыны ұлықтауда неге көңіл бөлу керек?

– Жошы хан құрған мемлекеттің аты «Жошы ұлысы» немесе «Жошы Қыпшақ ұлысы» деп аталған. Ресей зерттеушілері мемлекеттің атын 1564 жылы шыққан «Қазан хандығының тарихында» «Алтын Орда» деп атап жібергендіктен зерттеу­шілерді көп адастырды. Мемлекет алғаш Қыпшақ даласында бой көтерді. Әскері оң, сол – екі қанаттан құралды. Жошының басқаруындағы елдің «Қыпшақ ұлысы» деп аталуына келсек, 1224 жылы Шыңғыс хан Ертістің бойына келеді, қазіргі Зайсан көлінің құйғанындағы Бұқабигі деген жерде батыстағы майданда соғысып жатқан Жошыны шақыртып алып, «Саған бұрын Саян Алтайды беріп едім, енді мынау қыпшақтың ұлы даласы да сенің еншіңде. Ұлысыңның аты «Жошы – қыпшақ ұлысы» болсын деген. Сондықтан ендігі жерде тарихи қателікті түзетіп, «Жошы-қыпшақ ұлысы» деп атаған дұрыс. Бұл жөнінде танымал тарихшы Зардыхан Қинаятұлының «Жошы және қазақ мемлекеті», «Шыңғысхан және қазақ мемлекетшілдігі» деген еңбектерінде өте жақсы айтқан. Сол еңбектерде қыпшақ ұлысының тарихын 1224 жылдан бастайды. Ал орыс және батыс ғалымдары 1242 жылдан бастап есептейді, бұл қате. Демек, Жошыны ұлықтау – ол қазақ елінің тарихын ұлықтау деген сөз. Мемлекет басшысы бұл бастаманы өте жақсы көтерді. Осы игілікті бастаманы науқанға айналдырып жібермей, нәтижелі жұмыс жасаған дұрыс. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуге қауырт дайындық жасалып жатыр. Қазіргі қазақ кім десең Абайды, қазақ мемлекетшілдігінің дәстүрі десек, Жошыны ауызға аламыз. Мұның бәрі қазақ халқының рухын көтеріп, жігерін тасқындататын елеулі шаралар екені айтпаса да белгілі.

Жошы кесенесін кешенді ескерткішке айналдырып, оның маңына тарихымызды, мәдение­тімізді бейнелейтін нысандар салып, туристерді тартуға да ден қойған жөн. Қазақ тайпаларының бас қосқан жері де Ұлытауда. Осының бәрі еліміздің туризмін дамытуға серпін береді.Көне жазуда көп сыр бар

– Жақында жарық көрген «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» туралы да айта кетсеңіз…

– Бұл кітап – менің өмір бойы жиған қазынам. 2015 жылы дайын болған еді. Төрт жылдан бері түрлі себептермен жарыққа шықпай жатты. Енді ғана баспа бетін көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Үш томдыққа осыдан 2 мың жыл бұрынғы ата-бабаларымыздан қалған мәтіндерден бастап, тасқа басылған бітік жазулар енгізілген. Оларды түпнұсқада зерттеп, аударып, тілдік түсіндірмесін, тарихи маңыздылығын саралап түсіндірдік. Бұған дейін шетел ғалымдарының жазбасы арқылы ғана оқып-біліп келген жаңсақ ақпараттарды енді түпнұсқадан оқуға мүмкіндік бар. Бұдан бұрын мұндай атлас жасалған жоқ. Түріктер де, орыстар да жасауға ниеттенген, бірақ ойлағандарына жете алған жоқ. Тасқа басылған көне мәтіндерді оқу үшін тіл білу аздық етеді, көне салт-дәстүрді, ұлтымыздың байырғы дүниетанымын білумен қатар, археологиялық білімнен де хабардар болу керек.

– Сонау көк түрік дәуірінен бастап есептесек, біздің халқымыз неше түрлі жазуды пайдаланыпты?

– 11-12 түрлі жазу қолданған. Соның ішінде көк түріктер «бітік жазуы», еуропалықтар «руна жазуы» деп атаған жазумен көптеген мәлімет сақталған. Бұл жазудың 2000 жылдық тарихы бар. Кейін соғды жазуын пайдаландық та, бұл жазу қолданыстан қалды. Ұйғыр қағанаты тұсында, дәлірек айтсақ, 795 жылдан соғды жазуын азырақ өзгертіп, «ұйғыр алфавитін» қолдана бастаған. Бірақ бұл арадағы ұйғыр мен қазіргі ұйғырдың ешқандай қатысы жоқ. «Ұйғыр» деген атау – сүттей ұйып, бірлесіп, біріккен деген мағына беретін саяси атау. Қағанат құрылғанға дейін Орталық Азияда көк түрік империясы билік жүргізген. Олардың билеуші тайпасы Қыпшақ тайпалық одағы-тын. Осы билікке оппозиция болып басымыл, қарлуқ, тоғыз-оғыз­дар екі ғасыр бойы күресіп келіп, 744 жылы билікті тоғыз-оғыздар қолға алды. Осы үш үлкен тайпалық одақтар бас біріктіріп, хандық құрғандықтан, «ұйғыр қағанаты» деп аталған. Бұл – саяси атау. Ислам діні кіргеннен кейін араб жазуы бізге еніп, Берке ханның тұсында араб жазуы үлгісінде жасалған шағатай әрпін қалыптастырды. Бұл да – біздің рухани аса үлкен мұрамыз. Әлем өркениетінің дәмін татып, оларға қайтарымын беру – ұлылықтың бір белгісі.

– Күлтегін ескерткішінің сыры қалай ашылды?

– Батыстың ғалымдары көне түркі жазуын алғаш рет 1723 жылы Сібірден ұшыратты. Бұл қандай жазу деп олардың басы қатты. Бұл жазуға орыстар, готтар, ирандықтар, славяндар, финдер таласып, әркім өздерінің ата-бабасының қалдырған мұрасы етіп дәлелдеуге тырысты. Финляндиялықтар да бұл жазуды өз ата-бабаларының жазуы деп ойлады. Өйткені финдер кезінде Сібірде өмір сүрген.

Кейін сібіртанушы ғалым ­Н.Ядринцев Моңғолияға экспедицияға шығады. Оның ойы бұл жазуды табу емес, Шыңғысханның бұрынғы астанасы – Қарақорым қаласын зерттеу еді. Ол Қарақорым қаласының солтүстігіндегі 44 шақырым жерде жатқан Қарабалық қаласының орнына келеді. Қаланың негізгі аты – Ордабалық. Қала маңында өте көп ескерткіш сынығы жатады. Қараса, ғалымдарды таңғалдырып 200 жыл бойы құпиясын ашпай келген әрі өзі Сібірде көрген жазу сол қалпында тұрады. Ескерткіштің екінші жағында – қытай жазуы. Н.Ядринцев олардың бәрінің эстампажын жасап алады. Мұндай жазу енді қайда бар деп тұрғылықты халықтан сұрайды. Жергілікті тұрғындар Орхон өзенінің шығыс жағында шамамен 20 шақырым жерде үлкен ескерткіштің тұрғанын айтады. Ол кезде оның Күлтегін екенін білмейді ғой. Батыстың ғалымдары таңғалып жүрген руника әріптері тас бетіне айпарадай айшықталған. Бір жағында – қытай жазуы. Қытай жазуы тұр деген сөз – оның кілтінің табылуы оңай деген сөз.

1890 жылы қаңтар айында Санкт-Петербургтегі Ресей императорлық академиясында археологтардың сегізінші халықаралық конференциясы өтеді. Онда Ядринцев баяндама жасайды. Конференцияға ­О.Гейкель бастаған финнің бірнеше ғалымы қатысқан. Гейкель Ядринцевпен жүздесіп, мән-жайдың бәрін сұрап біліп алады да, көктемде Моңғолияға аттанады. 1890 жылдың маусым-шілде айында Моңғолия­ға жетеді. Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің эстампажын алып суретке түсіреді, бәрін егжей-тегжей жазып-сызып алады. Еліне барады да, оларды үлкен атлас етіп шығарып жібереді. Міне, осы күннен бастап Ресей мен Финляндияның арасында бәсекелестік басталады.

– Радлов Томсеннің еңбегін пайдаланып кеткені рас па?

– Рас. Орыстың ғалымдары В.Радлов (оның тегі неміс қой – Қ.С.) пен О.Доннер жазудың кілтін табуға талпынады. Осы кезде Финляндияның ғалымы В.Томсен да құпия жазумен шұғылданады. Ол – тіл жағынан өте білімді теоретик. Ол бар ынтасын салып, алтын уақытын сарп етіп жүріп, 1891 жылы 25 қараша күні құпия жазудың кілтін ашады. Ол әуелі Гейкельдің қытайдағы орыс елшісінің көмекшісі, аудармашы П.Поповқа жіберіп, оқытып алған қытай мәтіннің алғашқы толық емес аудармасын пайдаланады. Попов қытай тілін жақсы білген. Бірақ ол көне мәтінді дұрыс оқи алмаған. Тасқа жазылған Тукию деген сөз «түрік», Куйютеле-Күлтегін деген сөздерді жаңғыртып оқыған. «Түрік», «Күлтегін» деген екі сөзді оқу арқылы құпия жазудың кілтін ашады. Ол кезде батыстың ғалымдары өте ақкөңіл, адал болған. Дереу В.Радловқа хат жазып, мен кілтін таптым, мынау мынадай екен деп әр таңбаның мәнін тапқан сайын жіберіп отырған. Ал В.Радлов­тың қызғанышы соншалық, Томсеннің ашқан жаңалығын пайдаланып, Күлтегін мәтінінің оқылымын Томсеннің рұқсатынсыз өз атынан жариялап жібереді. Осыған қатты ренжіген Томсен ауырып қалады. Бір жарым жыл ауруханада жатыпты. Сауыққан соң Радловтың әлгі еңбегін мұ­қият­ қайта қарап, өрескел қателіктер жібергенін көреді. Осыдан соң Томсен жаңа оқылымын жасап, Радловтың қателіктерін көрсетіп, байырғы түрік тілінің грамматикасын қоса жасап, қайта жариялаған. Оны көрген Радлов шошып кетеді. Енді басқаша әрекетке көшеді. Қазақ, қырғыз тілдерін жақсы білген П.Мелиоранский деген жас ғалыммен бірігіп іске кіріседі. Екеуі бірігіп 1897 жылы екінші басылымын жариялайды. Кейін Мелиоранский ұстазы Радловпен келіспей қалса керек. Мелиоранский өзі бөлек 1899 жылы Күлтегін мәтінінің оқылуын үшінші рет кітап етіп бастырады. Осымен 4-5 жылдың ішінде Күлтегін ескерткіші туралы еңбек 4 рет жарияланып кетеді. Олардың бәрі де Гейкель, Радлов түсірген түпнұсқамен жұмыс жасаған. Одан кейін ешкім түпнұсқамен жұмыс істеген жоқ. Ал бұл кез – 1892-1899 жылдар. Сөйтіп байырғы түркі жазуын зерттеу арқылы түркологияның іргетасы қаланды.

– Сіз Күлтегін ескерткішін зерттеуге қалай араластыңыз?

– Бірде моңғолдың белгілі ғалымы Чой Лувсанжав «Моңғолиядағы тарихи ескерткіштер – монғолдікі емес, сенің мұраң! Иесі сенсің. Бұл – сенің ата-бабаңның дүниесі, осымен айналыссаң қайтеді?» деді. Бұл 1968 жылы болатын. Ертесінде уағдаласқан сағатта бардым. Үстелін кітапқа толтырып қойыпты. Ішінде 1951, 1952, 1957 жылдары шыққан ­С.Маловтың кітаптары бар, ­Радловтікі бар, көне түрік сөздігі – 5-6 кітап. Осылардың бәрін ал да, «келер жылы дәл осы уақытта келіп емтихан тапсыр» деп әлгі кітаптарды құшақтатып бөлмесінен шығарып салды. Кітаптың бәрі орысша, мен орысша білмеймін. Ең бірінші орыс тілін үйрену керек болды. Күндіз-түні отырдым. 6 айдың ішінде орыс тіліндегі кітапты оқи алатын дәрежеге жеттім. Одан кейін профессор Ғ.Айдаров мақаласы арқылы үйренген байырғы түрік бітік алфавиті көмегімен көне түрік жазуын үйренуге кірістім. Тағы алты айдай уақыт Чой Лувсанжав ұстаз берген кітаптарды түгел қотарып, мүжіп, 8 дәптерге көшіріп аюдай алысып еңбектендім. Бір жыл өтті. Дәл сол айтқан күні, айтқан сағатта бардым. Жақсы қабылдады, емтихан алатын сыңай танытты. Бұл енді үлкен ғалым, білмей қалсам ұят болады-ай деп қобалжи бастадым. Қолына кітапты алды да, Күлтегіннің түрікшесін, яғни руникасын оқы деді. Өзі транскрипциясын қарап отырды. Зырылдатып оқып бердім. Сөйтсем, үлкен ғалымым көне түрік жазуын білмейді екен. Әбден оқытқызып алды да, енді мына сөйлемді моңғол тіліне аудар деді. Өзі оның орысшасын қарап отырды. Аударып бердім. Мұқият тыңдап алды да: «жә, саған беретін менің түрік тілім осымен аяқталды. Мен көне түрік тілін білмеймін. Менің мақсатым сені дайындау керек болатын, сен менің ойымнан шықтың, енді осының соңына түс. Қандай кітаптар пайдалану керек екенін ұқтың ғой» деді. Мені кітапхана бастығына ертіп апарды да, әлгі кітаптардың бәрін менің атыма жаздыртып, кітаптарды университетті бітіргенге дейін сұрамауын өтінді. Сөйтіп жүріп көне түрік жазуын игеріп кеттім.

– Томсен болмаса Күлтегіннің сыры ашылмас па еді?

– Томсен болмаса да ескерткіштің сыры ашылатын еді. Себебі 1909 жылы Жапонияның бір ғалымы Тұрпандағы Қарақожа деген жерден бір беттік фрагмент тапқан. Сол фрагментте көне түрік жазуының нақты мәнін манихи алфавитімен берген.

– Соған дейін Томсен қате оқыды ма деген күмән болған жоқ па?

– Жоқ, себебі Томсен өте үлкен ғалым ғой. Тіл жағынан өте сауатты адам еді. Оның қолында кезінде Еділ патшаның тұсында жазылып, немістерге дейін пайдаланған алфавит болған, ол соған сүйене отырып, көне түрік жазуының сырын ашты.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Бұйырса, көк түріктің академиялық тарихын жазсам деген ойым бар. Бұл туралы ешкім жазған жоқ. Л.Гумилевтің жазғаны – публицистикалық еңбек. Оның ғылыми жағынан гөрі публицистикалық жағы басым. Қазақтың өзінің төл тарихы әлі толық жазылған жоқ. Әсілі, ұлтымыздың тарихын өз ұлтымыздан шыққан тарихшылар өзі жазуы керек. Сонда ғана халықтың жүрегіне жақын барып, рухани аңсарын басып, мақтанышын тудыра аламыз. Әлі күнге дейін басқаның бұрмалап жазған немесе атүсті жазған тарихын пайдаланып жүрміз ғой…

Онда ісіңізге сәттілік тілейміз, аға!

Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

«Астана ақшамы»

6alash ұсынады