Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай жуықта Баян-Өлгий аймағына келіп осы аймақтық орталық кітапхананың 70 жылдық мерекесіне құрметті мейман ретінде қатысып, өзінің шығарған таңғажайып бір еңбегін осы кітапханаға тарту етіп ұсынған еді. Қызыл түсті жібекпен тысталған қатты мұқабалы, аса сирек таңғажайып көркемсурет және фото кескіндермен безендірілген, салмағы үш кг осынау көлемді кітаптың сыртына «Қазақ жылқысының тарихы» деп алтын әріптермен айшықталып жазылған екен.

630 дерек көзін, сақ, ғұн дәуірінен бергі қазақ даласындағы жылқы тарихын түгендеген «Қазақ жылқысының тарихы» энциклопедиялық деңгейде шыққан бірден бір кітап.

Сексендей баспатабақпен Алматы қаласында басылып шыққан қызыл кітап жылқы туралы ұлы шежіре яғни энциклопедия деуге татырлық. Кітаптың бірер бетін ашып тамашалап отырғанда моңғол ақыны Сумъяагийн Амартайванның қазақтың ақбоз сәйгүлігі туралы өлеңін, шет елден Моңғолиясына жер көксеп қашып келген жылқышы Жанпейістің Ақбақай аты туралы аңызға бергісіз ақиқат уақиға жайындағы әңгіме қатарлы қызықты деректерді тамашалай отырып, кітапты еріксіз оқып шығуға тура келді. 1990 жылдардағы ұлы көште Моңғолдан Қазақ жеріне үйірімен айдалып барған Ақбақай ат он күннің ішінде жерін көксеп қашып шығып, туған топырағына қайта оралған екен. Өкініштісі, төрт сетігімен бесеу болып қашқанымен үш серігі жолай Ресейдің мерген шекаракшыларының оғына байланып, жалғыз серігімен бірге қашып құтылып туған жеріне жеткенінің ертеңінде жануар жантәсілім тапқан екен.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабының авторы Ахмет Тоқтабай

2000 жылдан Моңғолияға жиі келетін болған көрнекті ғалым бұл еңбегін жазу үшін Қазақ, Моңғол, Қытай, Ресей, Өзбек, Қырғыз қатарлы әлденеше елдерді отыздай жыл аралап, 200-ден астам адаммен кезігіп сұхбаттасып, 600-ден астам әдеби бұлақ көздерін іздеп тауып мәлімет жинап, ғылыми еңбегін тартымды деректермен айтарлықтай байытқан. Кітап Қазақ жері-жылқының отаны, Салтаттылық дәуір, Қазақтың байырғы жылқы тұқымдары, Ер-тұрман, Жылқыдан алынатын өнімдер, Аттың бабы мен сыны, Жылқы және халықтық мерекелер, Жылқы және әскери іс, Қазақтың әдеттік құқығындағы жылқының орны мен рөлі, Жылқы және рухани әлем қатарлы оншақты бөлімнен, әр бөлім 3-6 тараудан тұрады.

Кітаптың беташарында жазылғандай, казақ жері мен елі көне жылқының отаны. Қазіргі зерттеулер осыдан 6 мың жылдар шамасы бұрын Қазақстан территориясында тұрған көшпенді тайпалар әлемде алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, мініске, күш-көлікке пайдаланғанын, етін жеп, сүтін сусын еткенін дәлелдеп отыр. Көшпенді ұлыстардың, оның ішінде қазақ халқының өткенін жылқының тарихынсыз елестету мүмкін емес. Автор археологиялық, этнографиялық материалдарды көне жазбаларды, аңыз әңгімелерді, батырлар жырын, архив және ауызша деректерді салыстыра отырып, жан-жақты кешендік еңбек жазған. Кітаптың кіріспесінде: «Орта Азия, оның ішінде қазақ даласы-жылқының отаны, оған дәлел жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі-Ботай қонысы (Көкшетау облысының Иманбұрлық өзені жағалауында). Ботайлықтар әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер» деліне келе қазан төңкерісінен бұрын қазақ жерінде 20-30 мың жылқылы байлар болғанын атымен атап, 1923 жылы бұл елде жылқы саны 8 млн-ға жеткенін анықтаған. Өкініштісі отаршылар қазақты жуасытып жаулап алып құлдыққа салу үшін аттан түсіріп жаяу қалдыру айласын қолданған. Автор осының мысалы ретінде орыс армиясының генералы И.О. Бабаковтың «Қазақтар казактарға қарағанда тамаша шабандоз, жақсы жауынгер болу үшін оларға тек қару жетіспейді. Егер де қаруы болса, олар біздің емес, біз олардың айтқанымен жүріп, айдағанына көнер едік» деген сөзін, ХІХ ғасырдағы Зайсан казак-орыстарының атаманы Н.Рябушкинның: «Қазақ атқа мінсе есерленіп, жынданып кетеді, атымен қашса құтылады, қуса жетеді, аттан түсіп жаяу жүрген қазақты көріңіз, бұдан момын, бұдан бағынышты халық жоқ. Сондықтан бұл халықты мүлдем атсыз қалдыру керек»-дегенін мысалға алып, «Отаршылар шынында да қазақты аттан түсіріп, жаяу қалдыру үшін отырықшылдандыру дегенді ойлап тапты, оны жүзеге асырған-Кеңес үкіметі. 1929 жылы басталған ұжымдастыру саясатының мәні қазақты төрт түлік малынан айырып, ең бастысы атынан түсіріп жаяу қалдыру еді. Қытай мемлекеті де осыны жасады, олар бұл саясатты 1958 жылы жүзеге асырды. Сөйтіп екі империяның қол астына түсіп, жаяу қалған қазақтың рухы өшті» деген. Ал бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда жылқы түлігінің өсуі қайта сергіп (1,5 миллион), бұл тұрғыда ТМД елдерінің алдыңғы қатарына шыққандығын мәлімдеген.

Жылқы тарихы осыдан 65 млн. жыл бұрын өмір сүрген төрт саусақ, үш башпайлы эохипус немесе хироктетрия атты хайуаннан бастау алған екен. Миоцен кезеңінде 25 млн. жыл бұрын айыр тұяқтары қатты тұяққа айналған. 12 млн. жылдай бұрын гиппарион атанып Аляскадан бастап Азия, Еуропа, Африкаға таралған. Қазіргі сыпатына жоғарғы плиоцен кезеңінде, осыдан 5 млн. жыл бұрын келіп, дара қатты мүйіз тұяқты жануарға айналып, олардан тарпаң, зебра, есектер пайда болған. Адамдар жылқыны энеолит дәуірінде, осыдан 6 мың жылдар бұрын қолға үйрете бастаған. Жылқының арғы тегі шыққан жылқы пішіндес жануарлардың көпшілігі құрып, заманымызға тарпаң, Пржевальский жылқысы, құлан, зебра, есек сияқтылары ғана жеткен дей отырып олардың бітімін суреттермен көрсеткен.

Салтатты сақтар мен ғұндардың ерлігі ерекше баяндалған. Семей облысының 1913 жылғы архивынан алынған жазбада: «Ғұндар өздерінің салттары бойынша тәкаппарлық пен күшті бәрінен жоғары қояды, біреуге міндеттенуді, борышқорлықты намыс көреді, олар ат жалында жүріп мемлекет құрды, сондықтан басқа халықтарлдың арасында беделді, даңқы зор болды»-делінген екен. Сол кездерде қытайлар саны ғұндардан 60 есе артық бола тұра олар салтаттылардан сақтанған қытай қолбасшысы Улянның 307 жылы Иньшаннан бастап Ұлы қытай қорғанын сала бастағандығы, император Шы Хуанның: «Мен мұнан былай ғұндардың киім үлгілері бойынша тігілген киім-кешекті киюді және ат үстінде келе жатып қалай оқ атуға болатынын бүкіл халқыма үйреткім келеді» дегені де тарихпен әуестенушілер үшін қажетті дерек.

Кітаптың «Көне түркілер, қыпшақтар, моңғолдар» тарауында: «Көшпенділік үштік: ер-тұрманымен ат, жауынгердің сауыт-сайманы мен қару-жарағы (бес қару) моңғолдардың салтаттылық-серілік дәуірінің шыңы деуге болады. Шыңғыс хан әскер үшін моңғол жылқысының қай аймағындағы түрі ыңғайлы дегенде Тэс аймағының сәйгүліктеріне тоқталған екен: «Тэс өзенінің тума құлынының реңі көзге жылы, дене бітімі кесек, суда балықша жүзсе, тауда тауешкінің ортекесінше секіреді. Тез болдырмайды, күйін сақтайды, мінген адамды шаршатып-шалдықтырмайды, қуса жетеді, қашса құтылады. Сондықтан алыс жорыққа Тэстің жылқысы қолайлы»-деген. Моңғол атбегілері жылқыны таңдағанда аттың бейнесінде, дене бітімінде, мінезінде аңның белгілері болса жақсы ат деп санайды. Моңғол жылқысының алыс жолға төзімділігі, ыстық-суыққа шыдамдылығы, жемшөп талғамай, өзі жайылатын барлық дала тұқымдары сияқты қазақ жылқысынан айнымайды» дей келіп моңғолдың атты әскерлерін Плано Карпинидің жазбасына сәйкес бейнелеген. Шыңғыс хан жорыққа ат семірген күз айларында аттанып, ат-көлік арыған қыс, көктем маусымында демалып, жаз айәларында ат, түйені қоңдандырып, жеңіл жорықтарға шығып, шешуші ұрыстарды жаздың аяғына, күзге қалдырып отырған. Ибн Батутаның мәлімдеуінше Шыңғыс әскерінің тағы бір  артықшылығы: «Бұл жерде жылқының көптігі сонша, көбі ешқандай жұмысқа пайдаланылмай тек тұрады», «алыс жорықтарда бай салтатты жауынгер он атқа дейін жетелеп отыратын»-деген.

Ғалым Ахмет УәлханұлыТоқтабай бұл кітабы арқылы жылқының өсіп-өну тарихынан тартып оны малдану, бағып-күту, жылқы саудасы, ХІХ ғасырдағы жылқы шаруашылығы, аттың ер-әбзелі, қымыз және басқа өнімдері, жүйрік аттың сыны, оны баптау, ат жарысы, құлан аулау, барымташылық, жылқы мінезі, жылқыға байланысты халықтық салт-дәстүр, жалпы осы түлікке қатысты танымның бәрін де кең көлемде шұрайлы тілмен ұғынықты жеткізген. Жылқыға байланысты 89 күй, 36 ән, 4 би де тіркеліп қамтылған. Күллі оқырманға арналған аса құнды да қызықты құрал.

Шынай РАХМЕТҰЛЫ. Моңғолияның "Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері", ақын-жазушы, аудармашы.

6alash ұсынады