Табиғаттың тылсым сыры көп. Көшпенділер ұғымында күннің көзі 7 бөлікке бөлінеді. Аптада 7 күн. Бір ғажабы бұл атаулар өзгермейтін өлшем бірліктері. Қазақта 3, 5, 7 сандары киелі сан болып есептеледі. Жаңа туған нәрестенің шілдеханасы 7-ші күні жасалады. Қайтыс болған кісінің 7-сі беріледі. Білімдар кісіні «7 жұрттың тілін біледі» дейді. Көкте 7 қабат, жерді 7 қат деп түсіндіретін сол ата-бабалар. Тіпті жұт 7 ағайынды деген сөздің де өзі тұрмыстық жағдайдан келіп туындайтын байлам! Әз Тәукеханның 7 жарғысы мен 7 қазына деген атаулардағы 7-лік санның тектен тек тумағандығы айқын. Қауіп-қатерден аман қалған адам үшін, не анасы, не жұбайының 7 шелпек пісіруі не садақаға 7 түрлі нәрсе таратуы да наным түсініктен ғана тумаған құбылыс екен. «7-ге келгенше жерден таяқ жейсің», «7 атасын білмеген - жетесіз» деген даналық тұжырымы, ұрпақ көшінің үзілмеуін тілеген ізгі ниеттен шыққан.

Жеті ата:

  1. Бала;
  2. Әке;
  3. Ата;
  4. Арғы ата;
  5. Баба;
  6. Түп ата;
  7. Тек ата.

Жеті қазына:

  1. Ер жігіт;
  2. Сұлу әйел;
  3. Ақыл, білім;
  4. Жүйрік ат;
  5. Қыран бүркіт;
  6. Берен мылтық;
  7. Жүйрік тазы.

Жеті шәріп (жеті әулие):

  1. Меке шәріп;
  2. Мәдина шәріп;
  3. Бұхар шәріп;
  4. Шам шәріп;
  5. Қатым шәріп;
  6. Құддыс (Мысыр) шәріп;
  7. Кәләм шәріп (Құран).

Жеті жетекші:

  1. Адамның басшысы – ақыл;
  2. Жетекшісі – талап;
  3. Жолаушысы – ой;
  4. Жолдасы – кәсіп;
  5. Қорғаны – сабыр;
  6. Қорғаушысы – мінез;
  7. Сынаушысы - халық (Саққұлақ би).

Жеті ғашық:

  1. Ләйлі –Мәжнүн;
  2. Фархад –Шырын;
  3. Таһир –Зуһра;
  4. Арзу –Қамбар;
  5. Уәлік –Ғарра;
  6. Уәки – Күлшаһ;
  7. Жүсіп –Зылиқа.

Жеті ғалам:

  1. Шығыс;
  2. Батыс;
  3. Оңтүстік;
  4. Солтүстік;
  5. Аспан (жоғары ғалам);
  6. Жер (орта ғалам);
  7. Жер асты (төмендегі ғалам).

Жеті күн:

  1. Бүгін;
  2. Ертең;
  3. Бүрсігүні;
  4. Арғы күн;
  5. Ауыр күн;
  6. Соңғы күн;
  7. Азына.

Жеті апта:

  1. Дүйсенбі;
  2. Сейсенбі;
  3. Сәрсенбі (сәтті күн);
  4. Бейсенбі;
  5. Жұма (қасиетті күн);
  6. Сенбі;
  7. Жексенбі.

Жеті қат көк:

  1. Ай;
  2. Күн;
  3. Шолпан;
  4. Есекқырғын (Меркурий);
  5. Қызылжұлдыз (Марс);
  6. Сатурн;
  7. Мүштәри (Юпитер).

Жеті амал:

  1. Күннің тоқырауы;
  2. Қарашаның қайтуы;
  3. Үркердің батуы;
  4. Мұздың қатуы;
  5. Киіктің матауы;
  6. Қыс тоқсан;
  7. Ай тоғамы.

Жеті жұт:

  1. Құрғақшылық;
  2. Жұт (мал қырылу);
  3. Өрт;
  4. Оба (ауру);\
  5. Соғыс;
  6. Топан су;
  7. Зілзала.

Жеті жоқ:

  1. Жерде өлшеуіш жоқ;
  2. Аспанда тіреуіш жоқ;
  3. Таста тамыр жоқ;
  4. Тасбақада талақ жоқ;
  5. Аллада бауыр жоқ;
  6. Аққуда сүт жоқ;
  7. Жылқыда өт жоқ.

Жеті жетім:

  1. Тыңдамаған сөз жетім;
  2. Киюсіз тозған бөз жетім;
  3. Иесіз қалған жер жетім;
  4. Басшысы жоқ ел жетім;
  5. Аққу-қазсыз көл жетім;
  6. Жерінен айырылған ел жетім;
  7. Замандасы қалмаса – Бірінен де сол жетім.

Неде қасиет жоқ?

  1. Бал салмаса, ара қасиетсіз,
  2. Жанбай қалған – шала қасиетсіз;
  3. Әдепсіз болса – бала қасиетсіз;
  4. Әділетсіз болса – дана қасиетсіз;
  5. Көк шықпаса – жер қасиетсіз;
  6. Жігері болмаса – ер қасиетсіз;
  7. Жылуы болмаса – түбіт қасиетсіз.

Наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады.

  1. Тұз;
  2. Су;
  3. Ақ тамақ (атық, құрт, айран);
  4. Ет (соғымнан қалған);
  5. Кеспе;
  6. Бидай (келіге түйген);
  7. Күріш не тары.

Жеті шелпек:

Үлкендер бір нәрседен қауіп қылса, үрейленсе, болмаса жайсыз жатып, жаман түс көрсе, жеті нан, жеті шелпек айтады. Жеті нанды қасиетті жұма, сәрсенбінің сәтіне пісіріп, жеті үйге таратады.

Алушы: «Қабыл болсын», - дейді. Таратушы: Әумин! деп жауап береді. Оны таратып болған соң: «Ата-балаларға тие берсін», - деп ауыз тиіп, аруақтарға арнап, аят оқып, бата қылады. Сонда аруақтардың мұрнына нанның исі тиеді. Сосын жеті нан әрқашанда аруақ болып желеп-жебеп, бәле-жаладан қорғап жүреді, - дейді. Бұл жеті санының киелі қасиеттілігінен болса керек.

6alash ұсынады