Үнді жайрасы (Hystrix indica) кемірушілер тобының жайратектес­тер тұқымдасына жататын дене тұрқы қомақты ірі аң. Оның денесінің ұзындығы 80-90 см, орташа салмағы 13-20 келіні құрайды. Күздің соңында семірген кезде салмағы 25 келіге дейін тартады. Құйрығы қысқа, оның ұзындығы 12-14 сантиметрдей.

Жайраның сыртқы түр-тұрпатын ешбір жануармен шатастыру мүмкін емес. Өйткені оның денесінің жон арқасы мен екі бүйірін түрі өзгерген әрі мүйізденген өте жеңіл, ірі іші қуысты сояулы инелер қаптап жатады. Ондағы мүйізденген инелердің ұзындығы әртүрлі, яғни 3 сантиметрден 30 сантиметрге дейін жетеді. Денесіндегі 30 мыңдай инесінің салмағы 100 граммдай ғана. Бұл инелер жолақтанып ақ және қара түсті болып келеді. Ірі инелердің ұшы ақ түсті әрі үшкірленіп тұрады. Ондай инелердің сыртында қармақтың ұшына ұқсас ұшы үшкір ұсақ өскіндер кері бағытталған. Ал құйрық тұсындағы қуысты инелерінің ұшы жалпақтау болып, қауіп төнгенде бұл инелі түктерін бір-бірімен үйкелеп сылдырмақтың сылдырындай дыбыс шығарып жауынан қорғанады. Инелеріндегі ақ түсті жолақтар түнде жауларынан сақтандыру қызметін атқарады. Құйрық тұсындағы инелерінің ақ түсті болуына сәйкес жайраны кейде «аққұйрықты жайра» деп те атайды. Жайраның мекендейтін жерін оның түлеп түскен сояулы инелері арқылы індерінің маңынан және суатты жерлерден байқауға болады.
Көрнекті жазушы және мемлекет қайраткері Балғабек Қыдырбекұлы (1929-1995) «Түгел сөздің түбі бір» атты өте құнды еңбегінде (1993) жайраның екінші атауы «тағылан» деп аталатынын айтады. Тіпті қазақтар жайраны үлкен кірпікшешен дейді. Жартастардың қуысын мекендейді. Үстінде 20-30 сантиметрлік инесі болады. Онымен жауынан қорғанады. Қазақ жігіттері оның тауда төгіліп қалған инесін шашын ауыстырмай жару үшін сұлуларға сыйлайтын болған» деп жазған. Ол тағылан атауы жазушы Сафуан Шаймерденовтың шығармаларында кездесетінін де атап көрсеткен. Жазушы Мұ­ха­меджан Етекбаевтың «Тағылан» атты әңгімесі бар екендігін де ескертіп кеткен.
Қаламы қарымды атақты жазушы І.Есенберлин «Қаһар» атты кітабында жайраның, т.б. жабайы жануарлардың қазақ даласында сирек кездесетіндігін жазғандығы да белгілі.
Жайраның екінші атауы «тағылан» деп аталатындығын Қытай елінде тұра­тын қандас бауырларымыз да қолда­натындығын «дерті оның кеудесіне қадалды, таудағы тағыланның инесіндей» деген теңеу сөз тіркестерінен де бай­қалады.
«Қазақ тілінің сөздігі» (1999 ж.) және «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (2007 ж.) атты кітаптарда жайраны – «кірпінің бір түрі» деп өрескел қате жазылған. Жайраның кірпіге ешқандай туыстық қатысы жоқ. Оны «үлкен кірпікшешен» деп атау да мүлде дұрыс емес. Өйткені кірпікшешен жәндікқоректілер тобына жатса, ал жайра – кемірушілер тобының өкілі, яғни екеуінің бір-біріне ешқандай туыстық қатысы жоқ аңдар екендігін атап айтқан жөн.
Жайраның құрсақ тұсының түктері ірі қылшықты болып келеді. Оның денесіндегі жалпы ұсақ түктері қара, қара қоңырқай түсті.
Жайраның аяқтары қысқа болғаны­мен өте жақсы жетілген, саусақтарындағы тырнақтары үлкен әрі өткір болып ін қазуға бейімделген. Ол өте сақ аң, түнгі қараңғылықта белсенді тіршілік етіп, қорек іздеуге шығады. Сондықтан да күндіз көзге көрінбейді. Іннен шығар кезде іннің айналасын мұқият тексеріп, қауіптің бар-жоқтығын алдын ала байқайды. Түнде інінен ұзап кетпей, 300-400 метр қашықтықта қорегін іздеп табады.
Жайраның көру және есту мүшелері нашар дамыған, оның есесіне иіс сезу мүшесі өте жақсы дамыған. Мұрын қуысы кеңейіп келіп, ін қазған кезде оған түскен шаң-тозаңдардан тазартып отырады. Бұл жануар бір орында тұрақты тіршілік етеді. Қыста ұйқыға кетпейді, тек қыс мезгілінде тіршілік белсенділігі баяу­лайды. Жайраның жақ сүйектеріндегі азу тістерінің үстіңгі беті біртегіс болып келеді. Оның бассүйегінің пішіні жұмырланып келген.
Жайра індерін тастың қуысты таса жерлерінен қазады. Бір ұяласының 2-3 індері болады. Аузы кең, биіктігі 50-60 сантиметр, оның ішіне адам еркін сыйып кетеді. Інінің ұзындығы 20-30 метрге дейін созылады. Інінің екі-үш кеңейген жерлері болады, онда өздері күндіз тығылып жатады. Ішіндегі температура 25 градустан аспайды, сондықтан індегі ылғалдылық үнемі бір қалыпты болып тұрады.
Жайра негізінен өсімдіктектес­термен қоректенеді. Ол өсімдіктердің тамырларын, пиязшықтарын және түйнектерін қорек етеді. Қыста бұталардың, ағаштардың сабақтарымен және қабықтарымен, кейде құрлықтағы ұлулармен де қоректенеді.
Жайра қауіп төнген кезде құйрық тұсын жауына қарай бағыттап, денесін қатты жиырып, ірі инелерін жауына қарай 30-40 сантиметр қашықтыққа дейін атқылайды және құйрық тұсындағы инелерін бір-бірімен үйкелеп дыбыс шығарып қорғанады. Оның жаулары – аю, қасқыр, түлкі. Олар жайраны көбіне инесі болмайтын тұмсығынан тістеуге ұмтылады. Ірі жыртқыш құстар да жайра үшін қауіпті.
Жайра Маңғыстау облысының оңтүстігінде, Қаратаудың сырдариялық алқабында, Кіші Қаратауда, Өгем тау жотасында, Талас Алатауында, Іле Алатауында және Шу-Іле тауларының қар аз түсетін әрі өсімдігі мол оңтүстік беткейлері мен тау етегіндегі өзен аңғарларында теңіз деңгейінен 2000 метрге дейінгі биіктік алқаптардағы бұлақ, қайнар және өзен маңдарын мекен етеді. Түнде тіршілік ететіндіктен, оның биологиялық және экологиялық ерекшеліктері аз зерттелген. Сондықтан да келешекте оны зерттеуге ерекше көңіл бөліну қажет. Тіршілігіне қыс мезгіліндегі қар қалың түскен аязды күндер қатты әсер етеді. Мысалы, 1968-1969 және 1993-1994 жылдарғы қатты қыста жайраның қырылғандығы туралы нақты деректер бар. Жайра майының шипалық қасиеті (борсық майы сияқты) үшін ертеде көптеп ауланып, саны тіпті азайып кеткен. Қазіргі кезде де оны жеуге жарамды еті үшін заңсыз аулау байқалады. Жайра хайуанаттар бағында қолға тез көндігіп ұрпақ береді және онда жиырма жылдай тіршілігін жалғастыра алады. Алматы хайуанаттар бағында жайра 1983 жылдан бері мекен етеді.
Қазіргі кезде жайра Қаратау, Ақсу-Жабағылы табиғи қорықтарында, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында, Кендірлі-Қаясан табиғи қорықтық белдемінде қор­ғауға алынған. Ол Қазақстанның Қызыл кіта­бына ­(2010ж.) тіршілігі аз зерттелген әрі сирек кездесетін төртінші санат ретінде тір­келген. Сондықтан да жайра қатаң қорғау­ды қажет ететін түз тағысы болып саналады.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

"Ана тілі" газетінен алынды

6alash ұсынады