Алдыңғы он шақты жыл ішінде талай хикімет жайлар кезікті ғой. Соның ішінде әрбір адамды жеке – жеке таразыға салып, шекесінен шертіп көріп, әркімнің өз бойына шақ әділ баға бергені де бір қызық болды. Енді бір ғажабы, өле – өлгенше өшпейтін осы таңбаны адамдардың етіне ғана емес, сүйегіне де сіңіріп, он екі мүшесін даралап атап отырып, ең лайықты деген жеріне баттита дәлдеп үрды: Біреудің кеудесіне жауыз, енді біреудің аузына суайт, тағы біреудің бөксесіне жағымпаз, тағы бір тобының маңдайына адал, қайсар деп басты. Әсіресе, қазір заман түзеліп, ел тынышталғаннан кейін, әр адамның ел көкірегінде жатталған осы бағасы, тіпті әшкере, ашық айтылатын да болды. Осы қатарда мен де өз салмағымды байқап жүрмін. Ұлы кәрілердің алғыс, алқауынан, ортадағы беделімнен, замандастарымның құрмет, ілтипатынан да өзімнің алдыңғы қатардағы азамат екенімді аңғарып келемін. Ал кейбіреулер ебін тауып, көз алдымда да көпірте мадақтайтын болып жүр. Өйткені ауыр жылдардың сынағы мені ең соңғы топқа жатқызса керек. Бұған өзім де мәзбін. Кейде іштей осынымды мақтаныш ететін сәттерім де бар. Бірақ, осындай өзіме өзім ғана емес, қарайған халық риза болған мықтылығымды ойлаған кездерімде ең алдымен анам есіме түседі. “Анамның ақ сүтінің нәрі ғой бұл” деп елжіреймін. Уа, анашым сонау балдырған бала шағымда, құжыр – құжыр құз жартастары үңіліп тұратын қыстаудағы тас үйде, ың – шыңсыз оңаша қысқы кеште бауырыңа тығылып отырып тыңдайтын ертегілерім әлі есімде: Алып қара құс бәйтеректің басындағы балапандарын сағынып, зулап келе жатады. Екпінінен дауыл тұрады. Балаларым айдаһардың аузынан аман ба екен дегенде төгілген көз жасы жауын болып сіркіреп өтеді. Асығып, аңсап келіп ұясына қонады. Бәйтерек жеті рет майысып, жеті рет түзеледі. Балапандарын аман – есен көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына басып сүйеді. Кенет адам исін сезеді. Балапандарыма қастық істегелі келген бір жәдігөй болмасын деп қорқады. “адам иісі қайдан шығады?” деп сұрайды. Балапандары айтпайды. Ашуланған алып қара құс темір тегеурінімен аямай шеңгелдеп, оларды орындарынан жұлып – жұлып алады…Құс болса да ана ғой! Мешкей ана!...

Басыма қара бұлт төнген кезде, алып қанатының астына алып, адам қатарына қосқан да сол анам еді – ау!

Бұл бір қызық әңгіме.

Істің басы былай болды. Жаңылмасам дәл 1967 жылы тамыз айының 19 жұлдызы еді. Біздің коммунада капитализм жолымен жүрген ұқықтылар мен төрт салалы элементтердің сағын сындырып, сазайын тартқызу зор қимылы жүргізілді. “түу” деген түкірігі жерге түспей тұрған қызыл жең белгілі батырлар бір күн бұрын жиын ашып, адам тізімдепті. Ертеңінде сол тізім бойынша, коммуна парткомының секретарынан тартып бір топ адам халық жиналған үлкен алаңның бір шетіне қатарлап тізіле бастады. Жиын уағынан біз де кешіккеніміз жоқ. Өйткені жеті километр жерден ат бауырына алып айдап келген болатын. Бір тәуірі жиынның дайындығы күшті екен. Көп тостырған жоқ; әр кімнің өз басына дәл келмесе де, ер басына қағаз сәукеледен бірден жетті. Бетке жағатын қара сиялары да мол көрінеді. Әуелі мойынға асатын қарғы тақтайларыасып та қалды. Бір адамға екіден “қорғаушы”да даяр екен… одан кейінгісі шым – шытырық бірдеңе: Аяқты тұсады ма керек, биік үстелге шығарып тоңқалаң асырды ма керек, әйтеуір, ойына келгенін істеді. Қайталанған қаһарлы ұрандар шақырылып, біздің «құлағанымыз» жарияланды. Әрбір бригадаға онан әрі күреске алу тапсырығы берілді.

Сол күні кеште бригададағы кезек маған келді. Бағана “сәукеле” кигенде – ақ зәрем ұшып, ес – ақылымнан айырылып қалған едім. Әуелі «сәукеленің» кең болып, шеңбер темірі кеңсірігімді қажап, жаралап кеткенін де білмеппін. Енді міне ала – көлеңке зал ішінде қалың адам айқай – сүрен салып, қыспаққа ала бастағанда бойымда жаным қалмады; жоқ, жаным мұрнымның ұшында ғана тұрды. Деседе, әнтек ес тоқтатып, жаңбырша жауған көп сұраққа: “жоқ”, “білмеймін”, “түк те жат ниетім жоқ”, “айналайын көпшілік – ау, өз қолдырыңда өстім ғой, менде қайдағы қылмыс, бригадирмен бір рет ұрсысып қалғаннан басқа титтей күнәм жоқ…” деп зарлай бастадым. Сол- ақ мұң екен, көмекейі жыртылғанша айқай салған бір “батырдың” дауысымен ілесе, бүтін зал шу ете түсті де, қалың жұдырық жауды да кетті.

Бір сәттік дудан кейін қайтадан сұраққа алына бастадым. Өне бойым қалшылдап, дірілдеп, буыным құрып барады. Қорыққандікі ме, жоқ әлде көзім шұбартып кеткендіктен бе, білмеймін, әйтеуір отырған адамдар бірінің үстіне бірі шығып – түсіп, толқи теңселіп тұрған сияқты көрінеді. Кейбіреудің көзі біресе екеу, біресе төртеу болып кетеді. Тіпті төрт құлақты, үш мұрындылары да, жалпақ беттерінде мұрын да, құлақ та жоқ, қатар – қатар тізілген қисық ауыздылары да бар секілді. Ара – тұра ашулы айқай – шулардан селк ете түсемін де, көзім бажырайып, көрінгенге жаутаңдап, жапақтай қараймын… бірақ, маған рақым қылуға кімнің батылы барсын?! Шыны қайсы, жалғаны қайсы қайдан білейін, елдің бәрі де мені жеп жібере жаздап, шатынап жарылып кеткелі тұрған тәрізді. Туған – туыс достарымның да өңі бір – ақ күнде бұзыла қалыпты. Бәрі де қатулы, ана жақ бұрыштан екі мұрты едірейіп ағам да жұдырығын түйе айғай салады. Топтың орта тұсынан інілерімнің де жұдырығы көрінеді. Енді бір тұста қара көлеңкелеу бұрыштан күні кешеге дейін мойныма асыла, “жаным” деп сыбырлап жүрген қалыңдығымның да аппақ білегі жарық етіп, кішкене жұдырықтары қайта – қайта сермеліп қалады. Қойшы, әйтеуір, көп жұдырық самаладай қалың шоқпар сияқты басыма төніп-төніп кетеді.

– Тапсыр!

– Сөйле!

– Айт шапшаң! – деген көп, шұғыл – шұғыл келте бұйрықтардың арасында «өздігіңнен тапсырсаң кеңшілік етеміз” деген ақыл – тәлімдер де құлағыма шалынып қалады.

Бұрын бұндайды көрмеген басым қайтерімді білмей дал болдым. Үміттен үрей күшті, ойланып – толғануға, қабырғаммен ақылдасайын деуге мұрса жоқ, сасқалақтай бастадым, Өстіп қысылып тұрғанда кенеттен ойыма бір ақыл сап ете түсті. Аттың жалы түйенің қомында оны да ойлап таба қойғам жоқ, елдің айтқан ақылын ұға қалдым. Өзім де зерекпін – ау, шіркін! Миыма қона кетті. Құтылудың жолын оңай таптым. Біреу келіп бір түйіп кеткен сайын басымды тіземе тигізіп шұлғып тұрып мақұлдай бердім:

– Дұрыс, бұлық айдап жүргенде төрт күнде сегіз атты зорықтырып өлтірдім…

– Мақсатың не?

– Социялизмді аудармақпын.

– Қырманнан топан әкеле жатырмын деп елді алдап, құнан өгізіме төрт дағар бидайды бір жолда теңдеп әкелдім. Асыл қошқар дейсіз бе? Дұрыс, қой жайып жүргенде иірмек ұшы шекесінен кіріп барады деген сылтаумен асыл қошқардың мүйізін кесіп тастап өлтірмек болдым. Ондағы мақсатым, ия, ия, түп мақсатым, қошқардың мүйізін кескенде ме? Айтайын, айтайын, түп мақсатым – капитализмды қайта тірілдіру.

– Одан басқа?

– …..

– Кімдерді өлтірмек болдың?

– Жасырмай айт!

– Айтайын , ия, айтайын, жасырайын деп тұрғам жоқ, ұмытып барады екем, кедей – кембағалдарды қырмақ болдым. Оның ішінде ме? Ия, атап айтайын, кедей – кембағалдар ұйымының бастығын өлтірмек едім, жоспарымды ма? Ия, қайтып өлтірмек болғанымды да тапсырайын. Тонымды аударып киіп, арықтың ішіне жата қалайын деп ойладым. Бастық қара жорғамен таипалтып келе жатып, өзіме таяй бергенде “құқ” деп орнымнан ұшып түрегелсем, аты үркіп жалт береді де, ол омақаса жығылғанда мойны үзіліп өледі деп жоспарладым…

…Қойшы, “факт” әшкерлеушілердің ешқайсысының меселдесін қайтарғам жоқ, бәріне мақұл болып, бәрін де разы еттім. Менің әр бір мойындамамның соңынан жиын басқарушы “Төраға” да елге естірте айқайлап:

– Жазып қой, Салима бригадирды қатын деген. Әйелдер теңдігіне қарсы. Өзі мойындады, үш өгіздің арқасын жауыр қылған.Ұжымның ірге тасын қазбақ, “тауықтың түсіне тары кіреді” деген … Улы мақсатпен айтқан. өзі мойындады, – деп менің қазақша айтқан сөзімді қазақшаға «аударып» саңқылдап тұр.

Сөйтіп бірінші кеш аяқтады. Ақылдылығымның арқасында көп қиналмай аман – есен үйіме қайттым. Әдет бойынша «жоғалтайық», «ит басын шағайық» деген қалың айқаймен бізді бұрын шығарып жіберуші еді. Үйге бәрінен бұрын келдім. Қолым қалтылдап тұрып каресін шамды тамыздым да, төгіп – шаша құйып алып бір шыны су жұттым. Төр алдындағы сырмаққа енді отыра беріп едім, есік ашылды да, сәл еңкіштеу келген бір қара кемпір кіріп келе жатты. Қапелімде “әкау бұл кім?” деп тесірейе қатып қалдым. Кірген адам шамға таяғанда ғана байқадым, өз шешем сияқты, шошып қалдым. Менің шешем әлі тіп – тік, оның үстіне ашаң жүзді, аққұбалау адам еді. Көзімді уқалап жіберіп қайта қарадым. өз шешем екен. Құдай сақтасын, қап – қара болып түұтігіп кетіпті. Түсі адам шошырлық: Өзім бала жасымнан қарап үйренген қабағының селдір қара түктері тікірейіп алған, әлі болаты қайтпаған, аласы аз көздері шүңірейіп, ішіне кіріп кетіпті… Ойпырай жалғыз күнде не деген жүдеген десеңші?! Адам сиқы қалмапты. Өңінде қан – сөл жоқ түнеріп тұр, қайтсін енді! Бауырындағы балапанын жүндей түтіп жатса дәті қалай шыдасын?! Сөз жоқ, мені шырылдатып, қинаған адамдарға зығырданы қайнап келген болса керек. Ол бастабында үн қатпай, сілейген қалпы маған тесіле қарап тұрды да, кенет қатқыл дауыспен інілеріме бұйрық берді:

– Есікті іліп қой! Терезені қымтаңдар!

“қорлыққа шыдамай тығылып келген ғой, есік – терезені бекітіп алып, қазір – ақ мені бассалып, көз жасын көлдетер келіп». Балажан көңілі бос адам еді – ау, қолымды пышақ кесіп кеткенде де жылап жіберетін. Мені сабап кеткен балаларды да ерінбей жалықпай қуалап кеп жүретін. Былтыр аттан жығылып аяғым сынғанда да ботадай боздап бір күн жылаған. Қазір де сөйтер. «құдай қақты ғой бүгін, аман – есен құтылдың, әйтеу, ақылыңнан айналайын, құлыным!» деп аймалар… “шіркін, осындайда анасының кеудесіне тұмсығын тыға, омырауынан искей тұрып бір жылап алса, көкіректегі дерт, шер-шемен ыдырап, бір қунап, сейіліп қалады ғой кісі” деп ойлап көзім жасаурап та кетті. Мұнымды сездірмейін деп киімімді шешіне бастадым. Үй ішінде ләм деп сөйлеген ешкім жоқ, кенет шешемнің дауысы саңқ ете түсті:

– Ей, бері кел! – деді маған бұйырып. Екі білегін сыбанып алыпты. Ойымда түк жоқ, “мені бауырына баса егіліп, шерін бір тарқатып алмақшы ғой” деп ойлап жақындап таяп бардым. Неткен пәруайсыз, мисызбын десеңші. ойда жоқта бетіме шапалақ шарт ете түсті. Көзімнің оты да жарқ етті. Шешемді мұндай қарулы деп өмір бойы ойлап та көрмеген болатынмын. Таңертеңнен кешке дейін талай жуан жұдырықтың теперішін көрсем де, дәл осындай зілді таяқты сезбеген едім. Құлағым дыңылдап, басым зеңіп кетті. Көзімнің алды қарауытып, үйдің қабырғалары қисайып, мәтшалары жылжып, сырғауылдары шыр айналып көше бастады. Қалай отыра қалғанымды өзім де байқамай қалдым.

– Ынжық! – деді шешем шашымнан жұлқа қайта тұрғызып, басымды кекжите шалқайтып алып, сұрлана төніп тұр. Ойпырай, неткен кәрлі еді! Шешемның өңі мұншалық суық екенін кім білген?! Мұны өз көзім көрмей басқа біреуден естіген болсам, сенбегенім былай тұрсын, “шешеме тіл тигіздің” деп төбелесуден де тайынбас едім. Алдымда омыртқасын опырып, он ай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін емізген анам емес, жүргі қарайып алған қас дұспаным тұрған сияқты. Қанын ішіне тартып, бекініп алған. Мұнан жаман, жас шағымда әр күні бір неше уақ қарала қожалақ бетіме, маңқасы құрғамайтын қаспақ танауыма да жиренбей құшырлана жабыса қалатын жұп – жұқа еріндерін тістеп, қанатып жіберіпті. Шуда жіптей созылған жіп – жіңішке қызыл сызық қудай болған, боп – боз иегіне қарай ап – айқын созылып ұзарып барады.

Мен “ойбай, апатай!” деп шошына айқайлап, аяғына орала кетпек болып, иіле беріп едім. Төбе құйқамды бүріп тұрған қарулы қол тіземді бүктірмеді. Соның арасында жағымның тозаңын шығара тағы да жанып – жанып жіберді.

– Ез! –деді кіжініп, тістене ысылдап, – Мен сені ұл деп туғам, еркек қой қалжа жегем… қарай гөр мұның жанының тәттісін! Бір күнгі бопсаға шыдамаған әлжуәз, – деді. Екі көзі қанталап, қып – қызыл болып, заһар шашып тұр екен. Мені ішіп – жеп бедірейе қарап, әнтек аялдады да, маңдайымнан кейін қарай нұқып қалып, жүк жаққа таман тұра ұмтылды. Көрпе – жастық, киіз – кешекті бір тарпып құлата салып, сандықтың қақпағын салдыр – сұлдыр еткізді де, лезде жаныма қайта жетіп келді. Сондай шапшаң, қимылына көз ілеспейді.

– Бүйтіп сүйекке таңба түсіргенше, өз қолыммен бауыздап тастайын сені, – деді жағамнан шап беріп алқымымнан қылқындыра бүріп тұрып. Алайыңқырап бара жатқан көзіме шешемнің қолындағы әкемнің мүйіз сапты кездігі шалына кетті. әкем қайтыс болғаннан бері шешем бұл кездікті ешқайсымызға ұстатпайтын. Тек әр жылы соғым басына үлкендерді шақырып, құран оқытқызғанда ғана осы пышақты алып шығып, бізге ет кесіп беретін де, қайтадан тығып қоятын. Міне бұл кездік енді маған төніп тұр. Пышақ ұстаған қолы қызыл қанмен ант бергелі тұғрғандай. Титтейде діріл жоқ. Қас пен көздің арасында жарқ ете түскелі дап – дайын, оқталып тұр. Осы кезде інілерім де шу ете түсті. Ұшып түрегелісіп шешемнің қолына жармасты. Ұлардай шулап, жылап, жалынып жүр. Шешем оларға да ызалы көзімен ата қарап:

– Шулама ары! Шығарма дыбыстарыңды. Мына сияқты арсыздық істейтін болсаңдар, бәріңді де осы пышақпен есіп тастаймын, – деп жекіріп тойтарып тастады.

Оқты көзі әлі мені атулы:

– Қай жерде өлтіріп жүрсің сегіз атты?

Менде үн жоқ.

– Мүйізін кескенге қошқар өліп, капитализм тіріле ме? Социялизмді қошқардың мүйізі тіреп тұр ма екен? Айт жаныңның барында! Халық дегенді, партия дегенді білемісің сен, сілімтір?

Менде тағы да үн жоқ.

– Кісі өлтіретін қарақшы аттыңалдына жата қап өлтіре ме екен? Поһ, шикіннің батырын – ай!

Менде әлі дыбыс жоқ. Тілім буылып, зауаным тұтылып қалғалы қай заман?!

“Тергеу” бірталайға дейін созылғанымен, менің қарысқан жағыма тіл кіргізе алған жоқ. Бағанағыдай емес, есімді жия бастадым. Ешқандай жауап берудің қажеті жоқтығын, өзімнің неге күнәлі екенімді де барандап аңғарып тұрмын.

Кенет тақтай шарқ ете қалды. Шешемнің қолындағы кездік үстелге кірш ете түсты. Селк етіп, шегініп қалғанымды артынан байқадым.

Шешем менің жаныма тебітіп тағы да жетіп келді де, білегімнен жұлқа тартып, есікке қарай итеріп жіберді:

– Шық үйден! Қазір бар да айт ана басшылық алқасындағыларға. “қоян жүрек қорқақпын, езбін. Сол үшін ағат айттым, өтірік еді” де. Суайттықпен жан сауғалағанша, шындықты айтып шыңырауға құласаң нетті?! Осылай өлсең мен сенің басыңа мұнара орнатар едім. Бұйырам саған бар шапшаң! әйтпесе мен сені кешеді екен деп ойлама! – деді.

Өмірі шешемнің тілін бұрып көрмеп едім. Оның үстіне бағанадан өзім де опық жеп, жерге кіріп кете жаздап тұрғам. Сүлкінім түсе сүлмірейіп босағадан аттай бердім.

Мен барғанда “белсенді топтағылар” әлі тарамапты. Құлақтарына дейін қызарысып, бірдеңеге таласып жатыр екен. Кіріп бардым.

– Не ғып жүрсің, ей, мұнда? – деп ажыраңдады біреуі мені көре қалып.

– Мен қателесіппін. Жаңа қорыққанымнан өтірік мойындап едім, – дедім мен безек қағып.

– Ол-ақ екен:

– Үй, мынау не оттап тұр?! – деп бес – алты адам орындарынан өре түрегелді. Жүгіріп жаныма келіп қоршай қалды. Көзімді шұқып кіжіне бастады. Тіпті, аздап жұмарлап та жіберді.

– Кім үйретті бұны саған?

Менің көзім терезеге түсті. Әйнегі сынған бос көзден шешем баспалап қарап тұр екен. Арқаланып кеттім:

– Ешкімүйреткен жоқ, – дедім қасқайып. Онан ары не десе де, сазарып мылқау болып алдым. Қанша кәрленгенімен, түк шықпайтынына көзі жетті ме , зерігіп үміт үзді ме, жоқ әлде өздерінің де ұйқысы келді ме, білмеймін, әйтеу, “көргілікті ертең көресің!” деп зіркілдеп – зіркілдеп таңға жақын қоя берді.

Еңсем көтеріліп, бүгінгінің бәрі ұмыт болып, жеңілейіп, ерленіп қайттым. Жол үстінде біреу қолымнан ұстай алды. Көзге түрткісіз қараңғы болса да, тани кеттім. Жазбай таныдым. Анамның қолы. Мейырбан анамның қолы. Ып – ыстық.

– Енді адам болдың, – деді шешем үйге келген соң.

Жаздың күні болса да, шешем байқұс тоңып, қалшылдап кеткен екен. Ашумен көйлекшең шығып кетіп отыр ғой. Менің тамағымды берді де, бүк түсіп, оранып жатып қалды. Мен де көпке шейін ұйықтай алмадым. Шешем де ояу жатты. Не дегені белгісіз, анда – санда күбірлеп қояды. Бәлкім, жазықсыз жаман ұлы үшін Алладан тілек тілеп, сиынып жатқан болар?! Дұғакой ана ғой! Немесе маған таңертең айтатын сөздерін жаттап жатқан шығар! Яки, әлде қандай бір ерлік шежіресін есіне түсіріп, ершіміне келтіре алмай күбірледі ме екен?!…

Ертеңінде таңертеңгі шай үстінде шешем маған:

– Ақымақ болма, балам. Жас болсаң да, ер азаматсың. Ел үміті өздеріңде. Ездікті құдай жауға берсін. Үлкен атаң да ер кісі еді. Бір жолы жортуылға барғанда, ат жығылып ортан жілігі опырылып кеткенде, Алтай мен Сауырдың арасына аяғын қанжығасына байлап келіп таңдырған екен. Кейін қисық бітіпті. Басқа бір оташыны шақырып қайта салдырмақ бопты. Оташы кәрі адам екен. “қарағым, қауқарым аз, төрт – бес жігіт шақыр, әйтпесе, мені өлтіріп кетесің. Мен сенің бір серіпкеніңнен қалам ба?” деп көнбепті. “көзімнің тірісінде кеудемді жан балысына бастыра алмаймын” депті атаң. Екі жағына екі қазық қақтырып, екі қолымен содан ұстап, «қыбыр етпеймін» деп серт беріпті. Айтқанындай қайнасып біткен сүйекті қайта сындырып, орналастырып таңып болғанша, былқ етпеген екен. Артынан ел төрт қабаттап тістеген кепешін аузынан әрең алған кезде қасқа тістері саудырап қоса түсіпті деседі үлкендер. Ойлашыөзің, аталарың осындай ер болған. Ердің ұрпағы ез болса, бақтың қайтқаны емей немене?! Үлкен апаң да мықты кісі екен. Әкеңді жаугершілік заманда көш жөнекей туыпты да, белін шылауышымен буып алып, күншілік жолға жүріпті» деп аңыз етеді ел. Бұрынғы батырлардан қалған сарқытсың. Тамаққа тойып ал да, өзіңе өзің берік бол. Ердің ерлігі өзгеге көрсеткен күшінен ғана емес, өзіне істеткен қайратынан да білінеді. Ұқтың ба? – деді.

Бір тәуірі сонан бастап үйімізде тәтті – дәмдінің бәрі менің аузыма тосулы болды. Шешем байқұс өзі түк ішпесе де мәз:

– Міне, жарайсың, жігіт болдың! Ер намысы деген дүниедегінің бәрінен де қымбат. Мен бір оқымаған надан адаммын. Жүрегімде жатталып, сүйегімде сіңісті болып қалған аталы сөз ғой бұл. Аталарың сияқты бүгін де мықты бол, - дейтін кешкі арпалысқа аттандырғалы жатып қайта қадағалап.

Кейін де көргілікті көп көрдім. Талай – талай тар, қысаң, шырғасы көп, шым – шытырық шыңыраулардан өттім. Бірақ, қандай қиын – қыстау кезде де ана әмірін ұмытқам жоқ. Аузым қанға толған сәттерде де, ана сүтінің дәмі бірге кетіп қалмасын деп ішіме жұттым. Ақ сүт қой ол! Ар – намыс шұбаты емес пе?! Маған нәр берген соның құдіреті!

Ел мені мақтаған сайын мен анамды сағынамын. Төбеме көтеріп, айға дейін алып ұшсам деймін. Өтелмеген борышым көп. Жұмыртқадан шайқалған балапанмын ғой… Самұрық дейтін алып қара құс балапандарын сағынып, зулап келе жатады. Екпінінен дауыл тұрады. Көз жасынан жаңбыр сіркірейді… Балапанын тірі көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Ақымақтығына ашуланып, темір тегеурінімен аямай бүреді… Аман болса деп тілейді… Ана ғой! Мешкей ана!

 Алтай қаласы.

6alash ұсынады