Алматыда «Қазақтың қазыналы Ғазизі еді» атты кітап баспадан шықты. «Bilge» баспасы арқылы оқырманға жол тартқан кітапқа Ғазиз Райыстың өмір жолы мен ғылыми еңбектері жөнінде жасалған баяндамалар, естеліктер, арнаулар топтастырылған. Кітапты Бақытжан Зиядаұлы құрастырған.

Жинақтың бірінші бөліміне белгілі әдебиеттанушы, ғалым-ұстаз Ғазиз Райыстың Қытай Халық Республикасында өткен 70 жас мерейтойында, сол елде тұратын қоғам қайраткерлерінің, қаламдас достарының, ғалымдардың және әріптестерінің баяндамалары; екінші бөліміне Атамекені Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін, осы жердегі жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында бірге қызмет атқарған  әріптестерінің Ғ. Райыс дүниеден озған соң айтқан, жазған естелік сөздері енгізілді.

Жинақта Ғазиз Райыстың басып өткен өмір жолы, еңбеккерлігі, ұлтжандылығы секілді адами қасиеттері ғана сөз болып қалмастан, оның қазақ әдебиеті, әдебиеттану, эстетика, педагогика жөнінде жазған ғылыми зерттеу еңбектеріне жасалған талдаулар бар. Сондықтан, аталған кітапты Ғазиз Райыстың өмірі мен ғылыми еңбектеріне, әдебиетке, әдебиеттануға, эстетика ғылымына, оқыту методикасына қызығушылық танытатын, осы саланы зерттейтін, ізденіс жасап жүрген жас ғалымдардың – докторанттар мен магистранттардың, студенттердің пайдалануына болады.

Ғазиз Райыс 1944 жылы 10 қыркүйекте Толы  ауданының Бұғыты өзенінің бойында дүние есігін ашқан. 45 жылдық ағартушылық өмірінде 68 мақала, 34 оқулық, 5 ғылыми кітап жазды. 1978 жылы лектор, 1987 жылы доцент атағын алған. Факультет деканы болған. Ол Қытай Жазушылар одағының, Қытай Фольклоршылар қоғамының, Қытай аз санды ұлттар әдебиетін зерттеу ғылыми қоғамының, Шынжаң Жазушылар одағының, Шынжаң Ауыз-әдебиеті қоғамының мүшесі. Оның өмір жолы мен өнер жолы, аты-жөні, жазған шығармалары «Қытайдың әлемге әйгілі адамдар», «Қытай ғалымдары», «Қытай азсанды ұлт ғалымдары», «Қытай таланттары» қатарлы төрт энциклопедиялық сөздіктерде таныстырылған-ды.

Ғазиз 13 кітаптың, 97 мақаланың авторы. Әр дәрежелі оқу орындары үшін 34 оқулық құрастырған. «Бабалар сөзі» атты 100 томдық ірі ғылыми жұмыстың жеті томын жасауға қатысқан. Араб жазуымен жазылған 29 батырдың сипаттамаларын қазақша кирилл жазуына аударған және қазақ фольклорының электрондық жинағының 34-томын дайындауға қатысқан көрінекті маман, белгілі мәдениет қайраткері.

Ғазиздің Қазақстанда жарияланған еңбектері:

  1. «Самұрық» (тарихи роман,«Үш қиян» баспасы, 2007)
  2. «Шыңыраудан шыңға» (мақалалар жинағы, «Мирас» баспасы, 2010)
  3. «Сөз өнері теориясы» (оқулық, «Таңбалы» баспасы, 2010) Бұл оқулық түрік, Қазақ университетінің талабы бойынша 2011 жылы қайта басылған.
  4. «Эстетика» (оқулық, 2012 жылы «Өнер» баспасы)
  5. «Қарағайбастау» (өлеңдер жинағы, «Өнер» баспасы)
  6. «Барлығы ұрпақ үшін» (мақалалар жинағы, «Өнер» баспасы).

Саналы ғұмырында ұлт үшін ұшан теңіз шаруа тындырған Сан қырлы тұлға өткен жылы қайтыс болған еді. Марқұмның жақындары бірегей қалам иесінің мұраларын алдағы уақытта халық қазынасына қосуға дайын.

Мирас Алтай