Алматыда ақын Мұрат Кәлапұлының (1986-2022) өлеңдер жинағы баспадан шықты. Жарық дүниеде жасындай-ақ ғұмыр кешкен ақынның кітабы тұңғыш рет оқырман қауымға жол тартқалы отыр. М. Кәлапұлының бұл жинағының аты - "Жапырақ көңіл" деп аталады. Кітап Алматыдағы "Bilge" баспасынан шықты.

Мұрат Кәлапұлы бала шағын Арғы бет Алтайда өткізіп, бозбала күнінде Ата жұртқа деген үлкен махаббатын арқалап елімізге келген жастардың бірі еді. Әдебиетке бала күнінен әуес болып өскен Мұрат Қазақ еліндегі өмірін өзінше жырлай білді. Бірнеше қоспа жинақтарда, баспасөзде жарияланған шығармалары зиялы қауымның жақсы бағасын алып жүрді. Ақын азамат болып толысқан дер шағында тұтқиыл келген науқастан арамыздан келмес сапарға аттанды. Жарық дүниені, жақын-жекжатты көзіндей сүйе білетін ақынның қоңыр өлеңдері жинақ ретінде оқырманға тұңғыш рет ұсынылып отыр. Ана отан, түлеген топырақ, кіршіксіз сезім, тірліктегі сыйластық, т.б. тақырыптарды өнеріне арқау етіп өткен Мұраттан мұра болған бұл кітапты оқырман жылы қабылдары даусыз. Кітап жалпы көпшілік оқырманға арналған.

Автордың тұңғыш рет жинақталып отырған өлең мұрасы марқұмның жылдық асы қарсаңында жарияланып отыр. Мамырдың 21 жаңасында Талдықорған қаласында өтетін асында сүйікті оқырмандарына ресми жол тартады деп күтілуде.

АВТОРДЫҢ ҚЫСҚАША ӨМІРДЕРЕГІ

Мұрат Кәлапұлы 1986 жылы ҚХР, Алтай қаласында туған. Балалық шағы Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қарамағай ауылында өтті.  2006 жылы Атамекенге оралып, 2006-2011 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи университеті және Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде білім алған. Университеттік, қалалық, республикалық деңгейдегі түрлі мәдени, әдеби қимылдарға белсене қатысқан. Университетте өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына екі мәрте қатысып, 1 және 2 орын иегері болған.

Әдебиетке бала күнінен әуес болып өскен Мұрат Кәлапұлының алғашқы туындылары 2007 жылы студент жастардың «Поэзия бүршігі» атты жинағында жарық көрген. 2021 жылы «Талантқа тағызым» әдебиет әуескерлері тобындағы ақын-жазушылардың шығармаларынан құралған «Көсеге» атты жыр жинағында бірқатар өлеңдері енгзілсе, 2022 жылы сәуірде «Ғасыр жыры» атты антологияға ақынның туындылары басылды. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы кісілікті мінезімен өз ортасына сиымды, жақын-жекжатпен силасымды Мұрат Кәлапұлының көптеген шығармалары әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген. Бірнеше өлеңіне көмпозиторлар ән шығарды. Талдықорған қаласында өз мамандығы бойынша сүт өнімдері зауытында табан аудармай қызмет етті.

Алаштың аймаңдай азаматы 2022 жылы мамырдың 17 жаңасында шұғыл науқастан жарық дүниеге қош айтты. Мінезді азаматтың мезгілсіз қазасы кім-кімнің де қабырғасын қайыстырды. Ақынның артында аяулы жары, жас балалары және өмір естеліктеріндей болған өлең-жырлары қалды. Ұпақтары мен оқырмандарына мұра болып қалған Мұрат Кәлапұлының өлеңдері тұңғыш рет топтастырылып кітап болып шығып отыр.

Әділет Ахметұлы