Алматыда «Көкжиекте күн сәуле» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

Арғы бет Құмыл аймағы Аратүрік жерінде туып-өсіп, өз ортасына шығармалары арқылы таныс болған Әсербай Байтоллаұлы тәуелсіз атамекеніне келгеннен кейін, еркін елдің ауасымен тыныстай жүріп, көкейдегі өлең жолдарын кітап етіп оқырманға ұсынып отыр.

Кітап көпшілік қауымға арналған. Алғы сөзін Сағатбек Ақыметқажиұлы жазған бұл жинақ «Үшқиян» баспасы арқылы оқырманға жол тартуда. Ақын өлеңдерінде:

Өмір қайда бір теріде азапсыз,

Намысы өр мәңгүрттіктен азатпыз.

Көк байрақты Сары арқаның төсінде,

Тұлғасы тау, тұғыры тас қазақпыз.

 

Жыр дейтұғын ғашығымен өртенген,

Шежіремді шемен болған шертем мен.

Абылай мен Абай туған қазақтан,

Үлкен үміт күтіп жүрмін ертеңнен.

Қазақ емес өр намысы ерте өлген, - деп көсілсе, ал бірде:

Қашанда ұлтқа деген тілек тұнық,

Жеттік әйтеу отанға білек түріп.

Өз еліңде ұлтарақ болған абзал,

Туған жерге ту тігу – жүректілік! деп Ана отан, туған жер алдындағы парызын бейнелейді.

Айта кетелік, Әсербай Байтоллаұлы 1959 жылы қарашаның 21 жұлдызы ҚХР, Құмыл аймағы, Аратүрік ауданының Нарынкір деген жерінде дүниеге келген. Аңсап жеткен Атажұртында қаламын еркін сілтеген ақын, 2018-2022 жылдары Алматы облысының Мемлекеттік архивінде жұмыс істеген. Өткен ғасыр басындағы құнды құжаттар мен тарихи мұраларды бүгінгі жазуға түсіріп, ғылыми айналымға енгізуге бір кісілік үлес қосуда.

Ә. Байтоллаұлы қазір Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жамбыл ауылында тұрады.

«Көкжиекте күн сәуле» – автордың оқырмандарға ұсынған тұңғыш жыр жинағы.

Мирас Алтай