"Ықылас" (романнан үзінді) Ілия ЖАҚАН

Оқыған: Күнсайын ҚУАНЫШҚЫЗЫ


Жақанов Ілия 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, қазіргі Ақтоғай ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1959).
1959–1963 жж. «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963–1984 жж. Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарған. 1984 жылдан шығармашылық жұмыста.
«Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) повестері шықты. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас жайлы «Кертолғау» (1989) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде «Ықылас» (1990) деген атпен жарық көрді. «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы, сондайақ «Қарабура» (1977) тарихитанымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты қырғыз тілінен аударылған (Қасымбеков шығармасы) тарихи романдары шықты. «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», т.б да салсерілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары бар.

Ықылас Дүкенұлының күйі "Жез киік"

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) - қазақ халқының дәулескер күйші-қобызшысы. Ол Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Оның атасы мен әкесі қобызшы болған. Киелі өнер ұлдарына да қонып, Ықылас қобыз әуенімен ер жетеді. Қорқыт ата аян беріп, әкеден балаға жеткен өнер, қобыз үні тағы да үзілместен жалғасын табады.

Ықылас - қазақтың ұлттық ыспалы аспапты музыкасының көрнекті өкілдерінің бірі. Тұлғасы рухани тарихымыздың төрінен орын алған. Ол - атақты Қорқыт бабадан кейінгі қобызға тіл бітірген адам.

Қобыздың құдіретті үнін түрлендіріп құбылтқан Ықылас - ғасыр үнін ғасырларға жеткізген асқан күйші. Оның «Аққу», «Ерден», «Қасқыр», «Жалғыз аяқ», «Жез киік» және тағы басқа күйлері - халықтың асыл мұрасы.

Көнеден жеткен қобыз өнерін артында қалған мұрагерлері жалғастырып келеді.

6alash ұсынады