ЗУҚА БАЯН

(дастан)

(Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдық мерей тойына)

Бисмиллә істің басы иманды елге,

Имансыз дүние бекер жиғанмен де.

Шашылып шапағат нұр құйылмай ма,

Алланың адал құлы тұрған жерге.

Жөңкіліп талай заман,талай ғасыр,

Уақыттың керуені заулап жатыр.

Алаштың иманды ұлы кешегі өткен,

Есімі елге мәлім Зуқа батыр.

Өмірін ер Зуқаның баян етіп,

Жазайын, барады өмір зая кетіп.

Құламас бір ескерткіш қалдырайын,

Жырды қуат, қаламды қамал етіп.

Қазақтың ұлан байтақ даласында,

Алтай мен Шыңғыстаудың арасында.

Тұрыпты Нұрмұхаммед деген абыз,

Зайсаң мен Мархакөлдің жағасында.

Абыздың баласы еді Сәбит молла,

Иманды жеті жастан түскен жолға.

Қазан мен Бұхарадан білім алып,

Он тоғыз жылда оралған елге зорға.

Уәлдән хазреті оның ұстазы еді,

Білімі ол кісінің ұшқары еді.

Ұстазбен бірге аралап талай жерді,

Үпі мен Самарханды қыстап еді.

Қыс,көктем табиғаттың күзін көріп,

Ұлы ұстаз жетілдірді білім беріп.

Сәбитті қимастықпен аттандырды,

Ақ некемен немере қызын беріп.

Оралып Сәбит молла мекеніне,

Елінің көшін алды жетегіне.

Оятып ұйқыдағы надан жұртты,

Сананың шырақ жақты мешеуіне.

Сәбиттің отбасына бақыт орнап,

Бәтимә жүкті болды Алла қолдап.

Өмірге іңгәләді тұңғыш ұлы,

Толғанда айы, күні жетіп толғақ.

Зуқа деп баласының атын қойды,

Талпынды балдай бала ақылды ойлы.

Шашырап жүзінен нұр,көзінен от,

Десіде көп баладан басым болды.

Білімге құштар болып бала жастан,

Оқыды медреседен әкесі ашқан.

Әкесі мешіт салып,медіресе ашып,

Халықтың санасына жарық шашқан.

Есепші өзі діндар көсем бала,

Ілікті ел көзіне  жалғыз дара.

Кенеттен ауыр қайғы басқа түсіп,

Зуқаның болды жастай көңлі жара.

Келмеске аяулы әке көзін жұмды,

Сынаққа салмас дейсің өмір кімді.

Қалды артта жесір ана, жетім бала,

Көз жасты,көкірек шерлі, көңіл мұңлы.

Адамның болмас іске бар ма амалы,

Тірінің тіршілігі жалғанады.

Көшіріп үйін Зуқа алып келді,

Қасына туысқанның Қалбадағы.

Жетімек үш інісі арттан ерген,

Аға боп оларғада көңіл бөлген.

Шикі өкпе балалармен жесір ана,

Сүйеніп жан бағуға мұнда келген.

Әрқашан сөз сөйлемес салмақтамай,

Бала боп өсті Зуқа қайратқа бай.

Керуендей қаралы күн көше берді,

Әкеге бесік болды Майқапшағай.

Жасынан жаны ауырып қаралы ұлдың,

Бал дәмін тата алмады бала күннің.

Анасын әмеңгерғып алмақ болған,

Қинады қылығыда ағайынның.

Төрт бала Зуқа,Дәкен,Шакірт,Білжәй,

Шетінен болып өсті ақылды ыңғай.

Он бес пен он алтыға келген Зуқа,

Отбасын асырады жатпай-тұрмай.

Басына жас баланың түсті салмақ,

Қатайтып қауырсынын ұшты самғап.

Жалданып бай жылқысын бақты баптап,

Астына сайлап мініп күшті саңлақ.

Аялсыз аунап жатты айлар, жылдар,

Басына ердің түсті талай сындар.

Өмірдің асқар асу жолы бұраң,

Алдында тұрды талай биік шыңдар.

Үйреніп көп өнеге заманынан,

Жан жағын барлап өсті бала қыран.

Ит мінез шекпендіге іші ашыды,

Бейуаздың алып жатқан балағынан.

Ел бұзар қарсы шығып жөнсіздерге,

Жоқ-жітік көмектесті әлсіздерге.

Шешті көп түйіншекті әділдікпен,

Төзе алмай теңсіздікке аршыл кеуде.

Ақтарып аят,құран,хадистерді,

Үйретті елге білім әдістерді.

Абайдың ақыл сөзін алға тартып,

Дамайсыз шешіп жүрді әр істерді.

Асқынып ақ патшаның заң жарлығы,

Көбейді қарапайым жандар мұңы.

Орыстың ойран салған қыспағына,

Алаштың төзе алмады айбарлы ұлы.

Тыңайтып ат көліктің арқа белін,

Жанына топтастырды арқалы елін.

Жеріне салқын Сауыр көш бастады,

Қалба мен артқа тастап Марқакөлін.

Қалды деп қуанғанда кәпір орыс,

Мұндада кәпір екен өріс-қоныс.

Қазаққа қарақшы деп жала жауып,

Салыпты қара қытай талай соғыс.

Адамның қандай жақсы бауырмалы,

Елгеде бауыр басты Сауырдағы.

Ұстаз боп талай шакірт тәрбиелеп,

Халыққа пана болды ауылдағы.

Биліктің басқа шығып зұлымдары,

Қабаған қаншық иттей ырылдады.

Қазақтың өз дауыда өршіп тұрды,

Жер дауы,жесір дауы,ру дауы.

Білікті би төренің тыңдап сөзін,

Бәріне көнді Зуқа шыңдап өзін.

Әуелі ел ішінің дауын шешіп,

Жеткізді берекеге шындап көзін.

Жақсының жаттығы жоқ деген осы,

Зуқаның жайылды елге өнегесі.

Шақырды Сарсүмбеден медіресеге,

Әйгілі Көгедайдың немересі.

Тастамай Жеңісқанның сөзін жерге,

Ондада қызмет қылып көрінді елге.

Шенділер шекесімен қарағанда,

Бұлдырап бұлттап жүрді көңіл кейде.

Заманның сұрқын сезіп қорқынышты,

Керіліп ала алмады кең тынысты.

Күн сайын қараша елдің қамын ойлап,

Асқынды кеудедегі дерті күшті.

Тоқтатып жол ортадан ұстаздығын,

Шешуге тура келді жүрт тағдырын.

Солақай саясаттан соққы көрген,

Аз ұлттың сезді мұрттай ұшқандығын.

Сауырға қайта оралды есіл жігіт,

Жүйрігін мінгізді жұрт көсілдіріп.

Құстарша ұя салған бәйтерекке,

Жиналды ел саясына көшін бұрып.

Зуқаның қуаттанды күші мұнан,

Ығысты ел саясаттың қысымынан.

Зуқа елі Өралтайға қанат жайды,

Іргесін жаудан бөліп құтырынған.

Батырдың Қызыке еді асыл жары,

Сүйеу боп ақыл қосқан қасындағы.

Бір болса ақылды әйел осы болар,

Жеңіске жеткен ердің артындағы.

Жүйріктің бес тұрманын сай ғып мініп,

Құс салып,аң аулады,салдық құрып,

Ардақты әке болып ұрпағына,

Ұлтының салт-дәстүрін келді ұқтырып.

Тұңғышы Солтаншарып,Шами кенже,

Сүйікті бала болды бәріде елге.

Шаймардан ,Шерияздан, Шәдеттері,

Алланың берген сыйы салымды ерге.

Тіліне тоғыз ұлттың аттай желген,

Көзінен құралайды атқан мерген.

Бар еді бір басында тоқсан өнер,

Бабаның салтын жастан сақтай білген.

Әлсізге есе теңдік алып берді,

Қақ жарған қараңғыны жарық болды.

Салықтан елді қорғап қалу үшін,

Сабылып сан есікке барып келді.

Ер Зуқа күні-түні таппай тыным,

Жасағын жалықпастан баптайтығұн.

Алдына арман мақсат қоя білді,

Амандап ел мен жерді сақтайтығұн.

Алтайдың арғы жағы бәйтік,Қаптық,

Қазақтың қонысы еді малға жаттық.

Моңғолдар мекен етіп басып апты,

Шамасы болмаған соң елдің сақтық.

Жоңғардың тұқымына қаны қайнап,

Атына мінді Зуқа абылайлап.

Бойына қайрат жинап қолын бастап,

Шығарды шегарадан бәрін айдап.

Есесін алып берді кенбағалдың,

Оятып көкірегін көп наданның.

Сол үшін қарақшы боп қолға түсті,

Кербақпа кесірінен кер заманның.

Орай жоқ ел- жұрты мен тілдесуге,

Сарғайды Сарсүмбенің түрмесінде.

Күн санап ай аунатып жыл өткізді,

Батырға сабақ берді бұл кешірме.

Алтайға аты шыққан Мәми бейсі,

Басынан көріп еді бұл істі ерсі.

Батырды босаттырды жазығы жоқ,

Араға салып жүріп үлкен елші.

Тордағы бұлбұл құстай болған батыр,

Жалғады бостандыққа таңдарды ақыр.

Еңіреп елі жұрты құшақ ашып,

Еріне қару-жарақ сайлап жатыр.

Бала ғып жетімдерді асыранды,

Баурына батыр Зуқа басып алды.

«Зәбір көрсең Зуханы ізде» деген,

Тәмсіл сөз ел ішіне шашырады.

Әкесі ер Оспанның Сіламбайды,

Көрмесе тағы Зуқа тұра алмайды.

Әрдайым адал доспен сыр бөліспей,

Көміліп көңілінде тұрар қайғы.

Қарайтын Оспанға өз баласындай,

Тәлімін бере жүрді ағасындай.

«Қазақтың кері жақ батыры боласың»деп,

Беріпті бала Оспанның бағасын жай.

Ерін ел пана тұтқан дәуір болды,

Қасына жер қайысып ауыл қонды.

Ұлт демей,ұлыс демей,ру демей,

Келген жұрт батырына бауыр болды.

Ер Зуқа қару алып тұлпар мінді,

Жүйрігін жасақ ертіп бусандарды.

Олжалап елге тиген шеріктерді,

Елінің етек жеңін қымтап жүрді.

Лаң салған ел ішіне қарақшы деп,

Зуқаға жала жапқан жалақшы көп.

Биліктің бір сұмдығын сезген Зуқа,

Тайынбай өтер судан балақ түрмек.

Батырды тосамыз деп қалтарыстан,

Қаңбақтай домалады қанша дұшпан.

Дидарын қылыш шауып қан жусада,

Жауынан жеңілмейтін арпаалысқан.

Ашылып билік жақтың араны көп,

Зуқаға талай құрық салады кеп.

Құлшынып мың тоғыз жүз бесінші жыл,

Меккеге барды Алланың қалауы боп.

Адамға парыз өтеу мұсылмандық,

Жүрегін жаратқанға ұсынғандық.

Сыртынан қара қытай қақпан құрып,

Зуқаның аңдып жүрді ісін барлық.

Олжасын ел-жұртына үлестіріп,

Ас ішті ат жалында күрес қылып.

Ауыру, жетім-жесір, жоқ-жітікті,

Асырап жүрді аман күн өткізіп.

Алтайдың арпалысы жетпегендей,

Бір құйын кірді тағы шеттен ендей.

Ақ орыс Сарсүмбені басып алды,

Жұт  барма жер аударып көшкен елдей.

Собеттің қызылынан қысым көріп,

Генарал Бәкіш жиды күшін берік.

Бір түмен әскерімен келіп кірді,

Алтайдан оңалам деп бүтінделіп.

Уәли  Алтайдағы  Жу дау иің,

Орысқа оқтаған жоқ бір қаруын.

Өлтірді құсаланып өзін өзі,

Халыққа жағдай болды бұлда қиын.

Шенділер ақ орысқа бүгежектеп,

Бағынды басын иіп тізерлеп кеп.

Ұсынды тапқан тарту таралғысын,

Жан тәтті өлмей аман түнемек боп.

Қазақтың бұлап ,талап дүние мүлкін,

Апарды ақ орысқа дүркін,дүркін.

Сарсүмбе маңындағы мазасыз ел,

Зуқаның даласына ауды бір күн.

Ағылып Сарсүмбеден қашқан халық,

Қанзу, дүңген,ұйғыр боп топталды анық.

Еңіреп ер Зуқаның елін тапты,

Түнде көшіп жартасқа жапсарланып.

Ауған ел бордай тозып зорға келді,

Елін батыр құтқармақ сордан енді.

Жүз елу отбасы екен санағанда,

Ер Зуқа жарылқады қормал елді.

Шонжыға ел іргесін жайды апарып,

Қазанына ас, алдына малда салып.

Осылай тебінгісі тарге шіріп,

Қол бастап жүрді батыр алға шауып.

Асқынып ақ орыстың жендеттері,

Өрмелеп Өралтайға келмек бері.

Жіберіп ел ішіне тыңшыларын,

Елді тағы езгілеп шеңбектеді.

Баспалап батыр Зуқа ізін жаудың,

Көбін қолға түсірді зұлымдардың.

Тұтқыннан генаралға хат жазады,

Нүктесін қою үшін ұзын даудың.

Мынадай хат мазмұны қысқа ғана,

«Алтайға Бәкіш мырза сұқ қадама.

Жерімді өз еркіңмен босатпасаң,

Басыңды батыр Зуқа құтқарама .

Хатыма жауап қайтар оқып анық,

Жасқанар жан емеспін басы ғарып.

Келмесең келісімге қаныңды ішем,

Ертістің жағасынан тосып алып».

Зуқаның сырттан естіп атақ даңқын,

Генарал бағып жүрген істің артын.

Мына суық хабарды естіген соң,

Үрей билеп тартты оның жүзі салқын.

Жайылған шебін жинап даладағы,

Батырдың жазған хатын саралады.

Қазақтың қаруланған жасағына,

Күшінің жетпейтінін шамалады.

Бағынып байтақ дала батырына,

Қалың жау жер аударды жасырына.

Естерін есеңгіреп әрең жиды,

Моңғолдың жаткен кезде асуына.

Ержүрек Зуқа неткен нар тұлға еді,

Орыстан азат қылды Сарсүмбені.

Жаудан жерін қызғыштай қорғасада,

Биліктің қабағы оған қатулы еді.

Уй жың го деген қытай әкім келіп,

Алтайды уысқа алды қасын керіп.

Қабырғасы қайысты қалың елдің,

Алман салық ерекше басым болып.

Үйжыңго бастық емес, қастық болды,

Созбады оған Зуқа достық қолды.

Қалжырап қара халық күн-күн сайын,

Ел ішіне жоқшылық, аштық келді.

Халықтың халын көріп қатардағы,

Тағыда бекер қарап жата алмады.

Салыққа қарсы тұрып күрес ашты,

Биліктер онан арман қаһарланды.

Уйжыңго Мадарыңды бөлектейді,

«Соғысқанмен Зуқадан жел өтпейді.

Оңтайлы амал тауып оңашада,

Зұлымның көзін құрту керек дейді».

Мадарың дүңген еді қолы қанды,

Жасақ сайлап қаруын қолына алды.

Ауылға алдыменен тыңшы салып,

Мәлімет ел ішінен толық алды.

Тауып ап Ибраһим мен Жақияны,

Мадарың оңашаға шақырады.

«Періште жолдан тайды алтын көріп,

Адамның осы болар ақымағы.

Жақия жетім қалып жастан дара,

Баурына басып Зуқа баққан бала.

Ибраһимда осы үйдің асын ішіп,

Есін жиып етегін жапқан бала.

Шомылып тыныштыққа қалың адыр,

Ел көшті күзеулікке абыр- сабыр.

Батырлары аттанып жер шалуға,

Зуқа қалды тыныштық бер деп тәңір.

Бұл орай жаудың күткен мезгілі еді,

Жүз әскер Мадарыңның келді легі.

Батырдың басып кіріп ордасына,

Аямай адамдарды езгіледі.

Орнынан тұрып батыр тездікпенен,

Жамсатты бірнешеуін кездікпенен.

Амал не жаудың оғы қансыратып,

Шығарды соңғы демін ерлікпенен.

Қайран ер қапияда жұмды көзін,

Айта алмай көңілдегі ақтық сөзін.

Малғұндар ерді малша бауыздады,

Жұлып ап басындағы аппақ бөзін.

Қапия жаудың түсіп қорлығына,

Саялы бір бәйтерек солы мына.

Бас кесер Сарсүмбеге тартып кетті,

Батырдың басын сап ап қоржынына.

Басшылыр қанпезерді мадақтасып,

Олжаны бір кәдеге жаратты ашық.

Қыранның көпіріне іліп қойды,

Батырдың алтын басын салақтатып.

Мық тоғыз жүз жиырма сегіз күзде,

Белқұдық қанға батты жалғыз түнде.

Алтайдың он екі абақ елі түсті,

Зар шегіп запыран құсқан ауыр күйге.

Жүдетіп ауыр қайғы жүректерін,

Сезбеді ел айға жуық күн өткенін.

Батырдың басын даулап бас қалаға,

Ұрпағы барды арқалап тілектерін.

Енді ешкім жасамас деп бүлікшілік,

Қанды қол басты берді күліп тұрып.

Есті ұрпақ басты әкеліп көмді көрге,

Батырдың денесімен біріктіріп.

Жақсының өзі кетіп аты қалды,

Артына өлмес дастан хаты қалды.

Руқына құран дұға бағыш етіп,

Есілін елі күнде есіне алды.

Еліне үлес қосып еселі көп,

Ер Зуқа өтті елінің сетері боп.

Адамдық қасиетінен құнар алған,

Ұрпағы өсті бүгін жетелі боп.

Қазағым өткен заман болды қиын,

Зухадай жау қолында солды гүлің.

Бабалар армандаған тәуелсіздік,

Басына алты Алаштың қонды бүгін.

«Ұлы дала еліне» ұран болып,

Жасасын батыр рухы жыр-ән болып.

Бақыл бол,оралмасқа кеткен бабам,

Ұрпаққа өнегеден тұмар беріп.

"kerey.kz" порталынан