Қытайда өткен 2019 жылғы күрес түрінен аға жүлдегерлікке таласу жарысында қазақ балуаны тағы да топ жарды. Атап айтқанда, Гансу өлкесінің балуаны Ерланбек Кәтейұлы еркін күрестен басүлде алды.

Қытайдағы балуандардың кіл мықтысын саралайтын бұл реткі республикалық жарысқа 137 құрама, 1120 спортшы қатысқан. 9 күн бойы 10 түрлі салмақ бойынша бақ сынаған байрақты бәсекеде қандасымыз Ерланбек 65 келі салмақтағылар арасында ағажүлдегер болды.

2009 жылы Қытай мемлекеттік спорт жарысына тұңғыш рет қатынасқан Ерланбек қарсыластарын допша ақтырып, жүлделі қайтқан болатын. Содан кейін мезгілдерде Қытайда өткен жарыстардың бәрінен жүлдесіз қалып көрмеген Ерланбек Азия және әлем чемпионаттарына да қатысып, 2016 жылы Рио-де-Жанейро олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Алайда бұл жарыста қарсыласына есе жіберді.

Ерланбек Кәтейұлы және жаттықтырушы ұстазы Сырңгүлін

Ерланбек Кәтейұлы Қытайдың Алтай аймағы Қызылтас ауылында туған. Ол 2009 жылы Қытай біріншілігінде 65 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанып, Қытайдың Гансу өлкелік ұлттық құрамасына алынған. Ол қойшы шаңырағында дүниеге келгенін, бала кезден қой бағып өскенін айтады.

– Алты ағайындымыз, мен кенжесімін. Күресті кешірек бастадым. Басында ата-анам қарсы болды. Бірақ қой бағудан шаршап, күреске бет бұра бастадым. Ішкі Қытайдағы күрес орталықтарына бардым. Сол жерде күреске түпкілікті бет бұрдым, - дейді балуан.