Тәуелсіздік, борыштармын мен саған,

Құшағыңа шақырғаның үшін де.

Аралайтын алты құрлық алабын,

Есік болып ашылғаның үшін де.

Тәуелсіздік, разымын мен саған,

Алты алашпен қауышқаным үшін де.

«Өгей аға» көрсеткенде шет қақпай,

Өз ағаммен табысқаным үшін де.

Тәуелсіздік, жиғыздың-ау есімді,

Бұлдыр тарта бастағанда ертеңім.

Қонысымды, өрісімді қайтадан,

Нық басып өз қадамыммен өлшедім.

Тәуелсіздік, бердің маған құдырет,

Ей дүние, тыңда дара дауысымды.

Ел атынан алға тастап сөйлейтін,

Тауып алдым қамшымды.

Тәуелсіздік, сені жырлап өтемін,

Өз тіліммен,өз мұңыммен, діліммен.

Өз-өзімді көркейтемін мен енді,

Яссауилық, ұлы Абайлық іліммен.

Тәуелсіздік, сені қорғау парызым,

Бостандығым, ар-ұжданым ол менің.

Мөлдіреген жанарындай бабамның,

Мөлдірейді өзендерің, көлдерің.

Мен тілеймін, желтоқсанның ызғары,

Жүрегімді қарымасын қайтадан.

Етігімен су кешіп ер азамат,

Әруақтай арымасын қайтадан!

Мен тілеймін, бұл мекенде мәңгілік,

От қарулар жарылмаса екен деп.

Алакөз боп араздасып ағайын,

Кең даламыз тарылмаса екен деп!

Қанша жанар қадалды екен қиырдан,

Көк туымыз желбіреген аспанға.

Тәуелсіздік, ертеңіме сенем мен,

Сенемін мен Мағжан сенген жастарға!

2021 жылы желтоқсан