Ақпан айының 17-25 аралығына дөп келетін бір амал бар. Ол – «Бөрісырғақ». Қазақ ұғымында ат құлағы көрінбейтін борандар осы айда күш алады деген болжам бар. Сол себепті ақырған ақпанды «Бөрісырғақ» деп атаған. Яғни, ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндерінде қасқырлардың ұйығуы басталады екен. Сырғақ деп – бұршақтан кіші, мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көне көз қариялар бұл амалдың атауы осы бөріге байланысты екенін айтады.

Бөрісырғақта күн суытып, ызғар күшейіп, қар жауып, ауа-райы борандатып кетеді. Амалдың «Бөрісырғақ» аталуының себебі: қасқырдың «жерік айында» болуы. Бұл амал басталғанда қаншығы күйлеп, арланы мен қаншығы жұптасады.

Қасқырлар бір-ақ рет жұп құрады. Жұпқа түсетін қасқырдың арланын – бөрі дейді. Бөрі өзінің үйірін құрайтын қасқырлардың аналығын таңдауда жаңылыспауы керек. Ол өзінің жұпасатын қаншығын жазбай тануы керек. Бөрінің таңдауы түскен қаншықты «бөрте» дейді. Бөрте күшігін 63 күн көтереді. Қарақұлақтарын сәуір айының аяғында туады. Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктемейді.

Қасқырдың үйірін – әуек дейді. Осы әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Сол қасқырлардың барлығы бірдей бөрі бола бермейді екен. Қасқырлардың тұқым шашатыны біреу болады, сол біреуді «БӨРІ» дейді.

Бөрі мен бөрте басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жұптаспайды. Олар әуектен (үйір) бөлініп, көзден таса жерде жұптасады. Қасқырлардың ұйығуы бір жетіге созылған ат құлағы көрінбейтін ақпанның ақырған боранды кезінде болады. Осы «Бөрісырғақ» амалы ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.

Бұл күндері қасқырлар көзге түскендерді аямайды. Басқа күндері мал мен адамға көп соқтыға бермейтін, адам көрсе жақындай қоймайтын дала тағылары осы амалда көздері қанталап, былайғы «әдептерін» ұмыт қалдырады. Адам болсын, мал болсын жолынан шыққанды жайратып салып, кете береді. Көнекөздер бұл амал кезінде малын алысқа ұзатпай, адамдарына да сақ болған екен.

«Бөрісырғақты» ұмытқан қазақ, бөрілігін де ұмытады...

6alash ұсынады