Алматыдағы "Bilge" баспасынан, өткен ғасырдың 30-жылдары Итжеккеннен аман келіп, қудалаудан құтылу үшін, қос сәбиін жетелеп, жаяулатып, тау асып, тас басып, Қытай шекарасынан өтіп, Өр Алтай жеріне бірер жыл бұрын көшіп барған Әбдікәрім болыстың еліне қосылған бас кейіпкер Қабдырахыманның баласы Шорман ақсақал жазған, екі тізгін, бір шылбыр қазақтың қолынан кеткен қасіретті ғасырда арғы бет пен бергі бетте қырғынға, қуғын-сүргінге, саяси айыптауларға, жалған жалаға ұшырап, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін кең көсіліп керемет ғұмыр кешпеген қандас ағайынның аса аянышты тағдыры бейнеленген "Бодандық" атты кітап басылып шыққан болатын.


Аталған кітаптың тұсауы кеше Алматыдағы N 4-кітапханада кесілді. Кітап аты айтып тұрғандай, бодандықта болған еліміз тарихының бір бөлегі сіңірілген бұл еңбектің жұртқа алғаш жария болған жиыны өте жоғары деңгейде, әсерлі толқыныстар ішінде өтті.


Тұсаукеерге ақын Сламхат Сейітхамза, Шығыстанушы жас маман Eldes Orda, Әдебиеттанушы Ерзат Еркінұлы Ерқаған. Ер, Кітапхананың у.м.а. меңгерушісі Мира Мағазқызы қатарлы зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүй ер оқырмандар мен қаламгердің жақындары, ұйымдастырушы кітапхана қызметкерлері қатысты. Аталған кісілер кітап авторына ыстық ықыласты лебіздерін білдірумен бірге, өткен ғасырдағы ұлтымыздың ел іші-сыртындағы ірілі-кішілі ұлт азаттық көтерілісерінің тарихи мағынсына тоқталып өтті. Арасында күмбірлі күй, әсем ән орындалды. Авторға жақындары сый-сияпат көрсетті.

Кітапты баспадан шығарған "Bilge" ұжымы тыңнан түрен салған ақсақалға алғыс хат берді. Жиналған жұртқа еліміздің есе-теңдігі қолдан кеткен кезеңдегі қиын да қышқыл тағдырын тарих баян үлгісінде, өзінің басынан өткен, әкесі және дәуірлес ақсақалдар тап болған тарихи оқиғалар негізінде жазылған "Бодандықтың" берген әсері мен тағылымы ерекше болды. Ел егемендік алғаннан кейін асыға жүріп атажұртқа жетіп, қаламын еркін сілтеген ақсақал – Шорман Қабдырахманұлы шараға қатысушыларға шексіз алғысын білдіріп, ағынан жарылып, ақ батасын берді. Келелі кездесудің соңы ақ дастарханға ұласты.


Біз балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан қанды ғасырдағы қазақтың бейнесін айнытпай жазып, Сарыарқасының самалына кеудесін тосып, Алатауына арқа сүйеп отырған авторға қолдаушы болып, зор денсаулық, биік шығармашылық табыс тілейміз!

Әділет Ахметұлы