Орындаған: Қазыбек ӘДІКЕЙ

БІЗДІ "АҒАЖАЙ АЛТАЙҒА" ЖЕТКІЗГЕН КЕШ НЕМЕСЕ «ЖЕР САҒЫНҒАН АДАМҒА ҚИЫН ЕКЕН»

Кеше, 13 ақпан күні Алматыдағы Ғылым ордасының концерт залында "Ағажай- Алтай" атты дәстүрлі ән кеші өтті. Аты айтып тұрғандай, бұл керемет кеште қазақ дәстүрлі ән-күй мектебінің байырғы бір арнасы саналатын Алтай- Тарбағатай ән-күйлері орындалды. Бұл кеште белгілі күйші, өнертанушы Мұрат Әбеуғазы мен Талғат Әбеуғазының "Ағажай - Алтай" атты кітабының тұсауы кесілді.
Кеімсал кештің керемет болғаны сондай, бізді, көрермен қауымды қасиетті Ағажайға бір жеткізіп тастағандай болды. Бұл айтулы өнер кешіне барған да арман да, бармаған да арманда. Арысы адамзаттың, берісі түгел түріктің түпқазығы деп танылатын айбатты Алтайда айтылатын зарлы сағынышқа толы әндер мен шер мен мұңға толы, келелі кеңес әйінінде шертілетін күйлердің қазірге дейін өнертанушы мамандар жағынан тұрақтанған Арқа, Сыр, Батыс, Іле-Жетісу мектептерімен бірге аталатын Алтай-Тарбағатай дәстүрлі ән-күй мектебі екенін қазақ өнеріне сүйіспеншілігі бар әр тыңдарман біледі. Кешегі кештің көп кештерден өзгешерек болғаны рас. Қазақтың бұлбұл көмей әншісі Еркін Шүкімән сөз алып, тұңғыш рет тыңдарман мен оқырманға жол тартып отырған "Ағажай - Алтай" кітабы туралы, Алтай-Тарбағатай дәстүрлі ән-күй мектебі туралы кеңірек көсіліп, керемет әңгіме шертті. Аталған мектептің қалыптасу тарихын, Тәкелсіз қазақ елінің рухани кеңістігіне жеткізушілерді, зерттелу жұмыстарының кенже қалған тұстарын, ондағы себептерді көкірегі даңғыл көрерменге жіліктеп жеткізді. Бұл күнде Қазақ, Орыс, Қытай, Моңғұл– төрт мемлекеттің территориясына тәуелденіп кеткен, тұтас түркі өркениетінің бастау көзі болған айбарлы Алтай топырағында сақталған сазды сағынышқа толы бұл мектептің бұған дейін жоқтаушылары жинап-теріп, қаймана қауымға ұсынған деректер, жинақтар арқылы, Қазақстанда енді Алтай-Тарбағатай мектебін зерттеу, мұрагерлерін жетілдіру одан ары қолғаалына бастағанын, Әбеуғазы ұлдары құрастырып жазып шыққан кітаптың осы саладағы алғашқы ғылыми оқулығы екенін, Құрманғазы атындағы Ұлттық консервоториясында аталған мектеп ән-күйлерін үйрететін сыныптр ашылғанын шүйіншілеп, жиналған жұртты бір желпідіріп тастады.
Осыдан кейін біз асығып жеткен айтулы кеш басталды. Қазақтың танымал әншісі Қазыбек Әдікей ішегіне ғасырдың сазы, сағынышы, шері ілінген қылқобызбен "Ағажай Алтайды" әуелетті. "Ойхой шіркін-ай", "қайран дәурен-ай" десіп, жанарларының жиегі дымқыл тартып отырып тыңдады алқалы жұрт. "Ағажай Алтай" күллі Еуразия даллсын тұлпардың тұяғымен дүбірлектен қыпшақы түрік жұртының, қара орман қазақтың тарихтың ұлы сахнасынан шегініс жасап, "әттеген-айлап" асқаралы Алтайды қолдан беріп алған сәттегі тұтас қауымдық өкініштің, зардың, алтын бесікке деген ұлы махаббаттың гимні еді ғой. Алпыс екі тамырыңды иітетін осынау ғажайып әнді бұған дейін де небір дүлдүл әншілер орындаған. Кім орындаса да көзге жас үйіріп, көңілдің шемен шерін қозғайтын еді осы ән. Өз басым Қазыбек Әдікейдің "Ағажайды" орындауын тыңдап отырғаным тұңғыш рет емес. Ең алғаш Қазыкеңді мен сонау жылдары Бейжіңде оқып жүрген студенттік шағымда әлеуметтік желіден тыңдағам. Қазақтың қабырғалы ақыны Жүрсін Ерман бастап барған өнер үйірмесі Париж қаласында бір керемет кеш берген онда. Бекболат Тілеухан ағамыз бен осы Қазыбекті француз елінде тұратын, ата-бабасы Алтайдан қызыл қытай қырғынында толарсақтан қан кеше жүріп, Бұланай (Тибет үстірті, Гималай) асып, еуропаға ауып кеткен қандастар қайта-қайта қолқалап сахнаға шығарып ән салдырып еді. Жүректен шыққан әнді жүрекке жеткізген сол кешті мен күні бүгінге дейін компьютерімнен қайталап көріп жүремін. Кейін Алматыға көшіп келгеннен кейін Қазыбек Әдікейге бір тойда кездесіп, осынау қош көңілімді, ақжарма тілегімді де жеткізген едім. Енді мінеки ғылым ордасының төрінде ел сағынышының ескерткішіндей туындыны Қазыбек пен қылқобыз қос дауыстап орындап отыр. Көрерменнің қошаметінде шек жоқ.
Естен кетпес хикмет өнер кешінде Мұрат пен Талғаттың кітабында жинақталған жүз ән-күйдің он нешеуі орындалды. Бірінен бірі өтіп тұр. Орындаушылардың шеберлігінен әндегі иірім мен сазға, сағыныш пен зарға тұла бойымен еніп кеткен өнерпаздарды көрдік. Өзімді айырқша әсерлендіріп қуантқаны - осы кеште Алтай-Тарбағатай ән-күйін орындаушылардың дені Арқаның, Жетісудың топырағында туған өнер иелрі болғаны. Яғыни Алтай мен Тарбағатай топырағында тумаса да, сол топырақтың басынан кешкен қанды қасіретті көзімен көрмесе де, құлағымен естіп, көкіректеріне құйған сәулені домбырамен, қобызбен, жетігенмен жиналған әлеуметтің жүрегіне шығандата жеткізгені болды. Бұл тойда естіген ән-күйіне, текті өнердің есті иелеріне бәрекелді айтпаған адам жоқ. Көрерменнің де қарасы мол болды.
Жалпы он неше ән-күйдің ішінде бұған дейін торқалы тойда, ел арасында азды-көпті орындалып жүргенімен, Қазақстандағы өнердің үлкен сахнасында орындала бермейтін ән мен күйлердің де үлкен сахнада алғаш орындалуына куә болдық. «Дәурен-ай», », «Заман-ай», «Алтай сағынышы», «Жігіттер ән салыңдар», «Жиырма жеті қыз», Бәйжігіттің күйі «Бөкен жарғақ" қатарлы ғасырлардың бұралаң керуенінен аман-есен жеткен өнер туындылары көкіректерге құйылды. Жалпы, кешегінің көзіндей бұл шығармалардың үлкен сахнадағы «алғашқы сапары» айтақалсын жақсы болды. Жұрттың бірде сілтідей тынып, бірде «бееееу делеп» отырғанынан соны аңғардық. Кезек әйгілі «Сұлубайдың» әніне келгенде тебіренбеген кісі жоқ. Әсіресе, қынабынан қылыш суырып, қызыл империяға қарсы оқ атып, киелі Алтайды қорғаған баһадүр, ақын, сал-сері, жорық жыршысы, елі үшін шайт болған Сұлубай батырдың бұл әнін Тілеулес Құрманғали бебеулеткенде бәріміз де осынау ғажап туындының құдіретті күші алдында бас идік. Тікең де бұл залда отырғандардың дені өнердің жанашыры, құймақұлақ тыңдармандары екенін, сол Сұлубайдың жерінен, елінен келген ұл мен қыздардың бар екенін ескергендей, ауыр жылдарда от кешкен аяулы есіл ердің ән арқылы қалған ұлы мұрасын жеріне жеткізе шырқауға тырысқаны байқалады. Менің естіген әннің әрбір сөзін, күйдің әрбір қайырымын ден қоя тыңдап зер салатын әдетім бар еді. «Басында мәуесі жоқ қу қайыңның» деп басталатын тармақтан әншінің аз-кем жаңылғанын да аңғарып үлгірдім. Бірақ, ән аяқталғанша Сұлубайдың ұлы сағынышына ет жүрегімен енген әнші, «ат құлағынан ақсамайтынын» дәлелдеп, буырқанған көңілдің буынын босатты.
«Астымда алқоңырым желмедің ғой,
Құдайым сұрағанды Бермедің ғой.
Талпынып қанша қанат қақсамдағы,
Қысқа жіп күрмеуіме келмедің ғой-ай!

Бұлғары белбеу бұраң бел,
Бұрылар ма екен біздің ел?!»
Жатқан бір ұшы-қиырсыз дүние. Бұған дейін орындалып жүрген нұсқаларында әр екі тармақтан кейін «Шіңгілің мөлдір суындай, деп салған әнім Сұлубай», «Қайқая шапқан қаракер, қайырылар ма екен қайран ел?!», «Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай, есен бол ел-жұрт, құрбым-ай», «Саялы бұлақ, көк жасаң (жайсаң), арман жоқ күліп-ойнасам» қатарлы қайырмалар қайталанып отыратын. Ал, Тілекең бүгін әр екі тармақтан кейін емес, төрт тармақтан (бір шумақтан) кейін бір қайырма жіберіп отырды. Тыңдап көрсек бұл да керемет екен. Оны да өнертанушылар зерттеп, осылай тұрақтандырған болуы керек деп түйдім. Осы Атақты «Сұлубай» әні туралы айтар бірнеше ерекше оқиға бар еді. Оны келер жазбаның еншісіне қалдыра тұрайық. Жарықтық Сұлубайдың біздің үй Ертістің бойында отырғанда, жол-жөнекей құдайы қонақ болып, қонып аттанғаны туралы «Апам білетін Алтай әңгімелері» деген желілес жазбамда азды-көпті тоқталған едім.
Шынайы жүрекпен емініп отырғанда одан әрі толқытқан енді бір ән «Алтай сағынышы» болды. Халық әні атанып кеткен бұл керемет әнді Еркін Шүкмән ағамыз әуелетті. Бұл ән де қазақ өнер сахнасында алғаш рет орындалып отырғаны екен. Дегенмен, мен бұл әнмен осы Еркін ағамыз орындауы арқылы бұрыннан таныспын. Бір дастарқан үстінде айтқаны болуы керек, осыдан екі жыл бұрын, Ерағаң орындаған осы ән дыбысты нұсқада әлеуметтік желілерді кезіп жүрген жерінен «ұстап алып» тыңдап, қайран қалып, қайта-қайта тыңдағаным есімде. Өткен жылы 5-қыркүйекте тағы да осы ғылым ордасының «қысқы бағында» өткен, Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған ғылыми конференцияда дәстүрлі өнерден шашу шашқалы келген Ерлан Төлеутай мен Еркін Шүкмән ағаларымызбен аз-кем әңгімелесіп қалып, осы ән жөнінде сұрап қалғаным бар. Сонда осы ән Халифа Алтайдікі болып қалар деп едім, Еркін ағамыз бұл туынды Халифанікі емес, халықтыкі екенін түсіндірген болатын.
Бүгінгі сахнада Еркін ағамыз тағы да еркін көсілді.
«Айналайын атыңнан Алтай сенің,
Құтқа толы қойнауың – алтын кенің, ей, Алтай!
Заңғар биік, шүйгін шөп қандай бір тау,
Алтай сенің табылар, қайдан теңің, ей, Алтай!

Қара көзім талды-ау,
Қайран мекен қалды-ау.
Бас ауырса жан қайғы,
Медетің бер Алла-ау!

...............
.................
Жер сағынған адамға қиын екен,
Қайран мекен қалдың-ау, қалдың кейін, ей Алтай!»
Құлақтан кіріп бойды алған текті өнер туындысын әнші осындай толқытып, толықсытып, көкке өрлетіп барып тоқтады. Бұл енді ғажап туынды, ғажайып орындау. Қазақ қазынасына қайта қосылып жатқан осындай есті әндер талай сахнада тыңдарманын «жылатар». Мүмкін, бабалар мұрасына осындай тазалықпен, адалдықпен қарап, жоқтаушы болып жүрген өнердегі әріптестеріміз бұл әннің де авторын табатын болар.
Мынау киелі сахнада орындалған әрбір ән-күй туралы тоқталып ұзақ жазуға болады. Біреуі бір мақала тіпті бір үлкен еңбекке жүк боларлық, Алтай-Тарбағатай әуендері туралы бірдеңе жазу үшін де терең білім, үлкен ізденіс, өнертанушылық қырағы қасиет керек. Және тарихтың да десте-десте қатпарлы қырларына үңілу керек. Біз тек бір саналы тыңдарман ретінде көзіміз жетіп, көңіліміз әсер, рухымыз шабыт алған тұстарды тізбелеген болып отырмыз. Тұсауы кесілген кітаптың авторы Мұрат Әбеуғазы шерткен қойдан қоңыр, жылқыдан торы күй де құлағымда жаңғырып, көкейіме терең ұялап қалды.
Керімсал кеш шымылдығын жапқанда, жүзімізден әлдебір қуаныштың, сенмінің нұры ойнап, өнер жолындағы азаматтар мен аруларымызға бақ тілесіп аттандық. Әркім өз білгенінше түсініп жүрген «Рухани жаңғырудың» жолында шынайы еңбектеніп, Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақ рухани мұраларын түгендеп жүрген есіл азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Тәуелсіздіктің жалпақ әлемде екінші баламасы жоқ қадірі мен қасиетін осындайда тағы бір сезінесің. Өлгеніміз тіріліп өшкеніміз жанғандай болған рухани өнер жиналысында түйген ойымызды осылай жинақтадық. Әсіресе, көненің қатары сиреп, арғыны білетін аталы сөздің көзі жұмылып бара жатқан бүгінгі таңда, қазақтың киелі даласының ұлы бастаулары саналған, қазақ рухының белгісіндей асқаралы Алтай топырағы тағдырдың талқысына түсіп жатқан алағай да бұлағай ғасырда, бабалар мұрасының мұрагерлерін көзімізбен көргеніміз үшін шын қуандық. Тәуелсіз Қазақ еліне көшіп келу – мың жылдық ұрпағыңда азат ету үшін болса, тәуелсіз қазақ еліндегі тәуелсіз өнер мектептерінің гүлденуі – күллі арғы-бергі беттегі алаш баласының мұрасын мынау ұлы топыраққа сіңіру екеніе көзіміз жетіп, көңіліміз тоғайып қайттық.
Жер сағынған адамға қиын екен!


Әділет Ахметұлы, ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері

6алаш ұсынады