Қашрет Ниқышұлы
Тиянақ Құматайұлы
Бақыт Отарбайұлы
Теңдік Берекеұлы

БАТЫР БАБА - БОТАҚАРА

Ботақара Қожамжарұлы орта жүз Абақ Керей - Жәнтекей руының Сүйіншалы атасыннан шыққан әйгілі батыр әрі ел қорғаны болған ақылгөй ардагер. Ол - сол бір тарихи кезеңдерде өзінің батырлығымен, даналығымен еліне қорған болып, Жәнтекейдің Ботақара деген руын қалыптастырған кесек тұлға. Ботақара Қожамжарұлы 1665 жылдары шамасында сыр бойында туылған, батырдың ата тегі былай тарайды:
Орта жүздегі Абақ Керей еліне Жәнтекей деген үлкен ру тармағы бар, соның бір бұтағы Сүйіншалы атасы. Түрлі шежірелерде Абақ Керейдің рулық жүйесінің арғы жағы әр қилы таратылып келсе де, Бағаналы - Байлау - Бердішорадан бергі аталар бір ізгілікті сақтаған. Бердішорадан Жәнтекей, Жәнтекейден Сүйіншалы, Сүйіншалыдан Қожамжар, Қожамжардан Ботақара туады. Ботақараның Еділ атасыннан тараған Оразалы деген шешен кезін де батыр бабасы жайлы:
Атасыннан Ботақара түкті туған,
Елі үшін жастайынан белін буған.
Жәнтекей, Сүйіншалы әулетіннен,
Ту көтеріп, кемелді биік құрған.
Болған соң жауға батыр, елге пана,
Ұлдары Ұлағатты шалқып тұрған.
- Деп жырлаған.
Ботақара батырдың дүниеге келіу жайлы: Анасы Ботақара батырға жүкті болған кезде, Бөрінің бауырына жерік болып, Бөрінің бауырын жеп жерігі басылып, ай, күні толғанда, кеудесінің аламайы мен арқасында ботаның шудасы секілді ұйаң қара түгі бар ер бала босаныпты. Содан үлкен ақсақалдар нысаналы туылған деп рымдап, атын «БОТАҚАРА » қойыпты деген аңыз - әңгімелер ел ішінде көп тараған.
Шежірелік деректерде Ботақара батырдың шешесінің атты Жәмиғат Жанторықызы, руы Кіші жүз - Шекті делінген. Ботақара батырдың балалық шағы Сыр бойында өтеді. Ботақара батыр ат жалын тартып мінгеннен бастап әкесі Қожамжар батырдың баулуында болады. Өз кезінде Қожамжар да Самырат қатарлы батырлармен бірге талай жорықтарда болып, ел-жұртын қорғаған батырлардың бірі болған адам. Сол тұстардағы аумалы - төкпелі сұрапыл соғыстардың бірінде, Қожамжар батыр шейіт болды. Ботақара батыр ата мұрасын жалғастырып, кіші әкесі Барақ, Болантай батырларға ілесіп Жоңғарларға қарсы үлкенді кішілі жорықтарға қатынаса жүріп есейеді. Ержете келе елін, жерін қорғау соғыстарында ер жүрек, атойшыл батырлығымен көзге түсіп, батыр деген атағы шыға бастайды.
Ботақара батырдың ел қорғаны, қамқоршы жан болғаны жөнінде көптеген деректер бар. Ақын Байбосынұлының 2003 жылғы « МҰРА » жорналынның 3 - санында жарияланған « Абақ Керей Ержәнібек » деген мақаласында: « Керейді асыл атандырғандардың дөкейі Жәнтекейдің немересі Барақ батыр, бірде өзінің ағасы Қожамжардың ұлы Ботақара батырды ертіп, бірқанша адаммен бірге Жоңғарлар олжалап кеткен Есназарды іздеп барады...» деп жазады. 18 ғасырдың басында Жәнтекейдің Сүйіндік атасының Алты деген ұлынан туған Есназар деген баланы Жоңғарлар барымталап кетеді, содан Ботақара кіші әкесі Барақ батырмен бірге Есназадың артынан іздеп барып, Әндіжан деген қаладан біреулердің қолында жүрген Есназарды танып, нанымды айғақ дәлелдер арқылы қарсы жағын сөзден ұтып Есназарды елге алып келеді. Осы Есназардан тараған ұрпақ Жайлау деген руды қалыптастырған аңыз- әңгіме бар. Осы деректі біз шежіреші Бақытбек Сейілұлы сақтаған « Сәлімжан шежіресінен » де кездестіреміз. Шежіреші Асылбек Қайырымұлының шежіресіненде және Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысындағы зерттеуші Тұрдығұл Шаңбайұлы құрастырған ұжымдық жинақтада осы тектес дерек жазылған.
1708 жылдары Жоңғарлардың Қазақтарға жаңа шабуылы басталады. Бұл шапқыншылық Қазақ хандығының оңтүстік өңірлеріне айтарлықтай нұқсан келтіреді. 1710 - 1711 жылдары Жоңғар шапқыншылығы Қазақтармен олармен одақтас Қарақалпақтарды Тәшкентке қарай ығысуға мәжбүр етеді. Ең ауыры 1723 жылдан 1728 жылдар аралығындағы қанды қырғын еді. Ол тарихта « Ақтабан шұбырынды Алқа көл сұлама » деген атпен ел есінде сақталып қалды. 1698 - 1727 жылдар аралығында Жоңғар шапқыншысы Севенрабданның қолы Қазақ жеріне жеті рет басып кірген. Осы деректердің бірінде Севенрабданның үлкен әскери қосынын бастаған Қалдансерен мен Шоно батырдың қалың қолының бір бөлігі Алқа көлде Қазақ жасақтары мен соғысады. Осы соғыста Ботақара батыр Жоңғардың Себин деген атақты батырымен Жекпе жекте шығып басын алып, жау жүрегін шайқалтып, ерлік көрсеткен.

Қарағанды облысы Бұқаржырау ауданындағы Ботақара тауы


Ботақара батыр егде тартқан кезінде де соғыста атойлап алда жүрген. Ботақара батырдың айағынның жаралануы туралы, ел аузында шежірелік әңгіме - аңыздар оның ерлігі ретінде көп кездеседі. Солардың бірінде Ботақара батыр соғыста жүргенде онің айағына Жоңғар батырының балтасы тиіп, айағы сіңіріне ілініп қалғанда, жаралы айағын қанжығасына таңып алып, жау шебінен қайтпай жаумен айқасып, кешке бекініске келгенде айағын өзі қиып тастаған деп айтылса, енді бір деректе Ботақара батырдың айағын Жоңғар батырының атқан темір ұшты доғал бас садақ оғы үзіп кетіп, ауыр жарақат алған дейді. Батыр сондада жау шебінен қайтпай, жаралы айағын қанжығасымен таңып ап, жаудың беті қайтқанша соғысқан деген әңгіме - аңыз бар.
Абақ Керейдің тарихына қатысты деректердің көбінде « Ордың қарағашы » деген сөз кездеседі осы күнге дейін ұқыпты отбасыларында Ордың қарағашынан жасалған бұйымдардың жұрнақтары мұра ретінде сақталып отыр. Орта жүздегі Арғын, Керей, Уақ, Найман тайпалары талай тауқыметі күндерді бастарынан кешірген ел. Керей елінің, әсіресе Жәнтекейдің Сүйіншалы ауылының Ордағы қырғында 60 азаматтан айрылған қанды тарихы 1730 жылдардың ішінде болғанын тарихшы, зерттеуші, жазушылар өз еңбектерінде жазып келеді. Ботақара ауылы сол қанды қырғын салдарынан Ордан ауып, қайтадан Нұра өңіріне келіп мекенденген.
Ботақара батыр 1750 жылдарда иағыни айағы ауыр жараланып 10 жылдан кейін ескі жарақаты асқынып Нұра бойында қайтыс болған деген дерек бар. Батырдың айағы жаралану уақиғасы жасы егделеп қалған кезде болған. Ботақара батыр жасы егделеп қалсада батырларға медет беріу үшін соғыс майданында ақылшы болып, қолына ту ұстап жасақ бастап отырған.
Жәди Шәкенұлы Ержәнібек туралы еңбегінің бірінде былай деп жазды: « Жәнібектің жас батыр атана бастаған кезінде, Уақ пен Керейдің әйгілі батырларының тәрбиесін алғаны жәйлі әр түрлі дерек бар. Арғы жағы Еркөкше, Ерқосай, Сартоқай, Жанат, Сәменбеттерден басталған сол ерлік өнегесін жалғастырушылары - Уақ Бармақ батыр, Керей Шақабай Қожаберген Толыбайұлы, Барақ, Жабай, Ботақара батырлар Жәнібекке ұстаз әрі аға болған » деседі. Міне осының өзі Ботақара батырдың Жоңғар басқыншылығына қарсы соғыс кезінде, өзіне үзеңгілес батырлармен бірге ұрыс шебінде жүріп, жас батырларға тәрбиеші, жол- жорықшы болған, аты аңызға айналған аруақты батырдың бірі екенін айғақтай түседі.
Батыр бабамыз шамамен 1750 жылдары Қазақстанның Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Нұра бойында 85 жасында дүниеден өткен. Кейінгі мезгілдерде Керей шығысқа ауа бастағандықтан бұл жерге Арғындар, Алшындар ірге тепкен. Ботақара ұрпақтары 1750 жылдардан кейін Нұрадан Сарсу Доғалаңға қарай ауа көшіп, кейін Зайсанға келіп, содан ежелгі ата мекені Алтайға қоныс аударған.
Ботақара бабамыздың дүниеден өтуі жөнінде ел арасында аңыз бар, ол кісінің артында қалтырған өсиет сөздері ұрпақтарының арасында әліге дейін сақталып келеді. Айталық, бір жолы ауыл үй тағы бір жайылысқа көшкенде Ботақара бабамыз көш соңында қалып, ауыл үй орнығып болғаннан кейін келсе, ауыл үйді көшірген жігіттер Ақ ордалы үйді жаңадан жұрт шығарып қонбай, біреудің ескі жұртына тіге салған екен, осыған батыр қатты кейістік білдірген дейді. Содан осы жұртқа отырған жылы ескі жарақаты асқынып, ауыруы ұлғайып дүниеден өтіпті. Дүниеден өтер алдында ұрпақтарына өсиет айтып: « бұдан былай естеріңде болсын, үйді біреудің ескі жұртына қондыра салмай, жаңадан жұрт шығарып қондырыңдар. Ерінбей еңбек етсең жемісі тәтті болады, жаңадан жұрт шығарып қонсаң, ісің сәтті болады » деген екен. Киелі бабамыздың өсиетін берік ұстаған Ботақара әулеттерінде біреудің ескі жұртына қонбайтын дағды сақталып келеді.
Ботақара батырдың есімі Абақ Керей елінің көптеген шежірелерінде жазылған. Сонымен қатар көрнекті жазушы Шәміш Құмарұлының «Ержәнібек » романында Моңғолиялық жазушы Солтан Тәукейұлы жазған « Ақыр Жәнібек » романда Ботақара батырдың аты аталып Абақ Керейдің батыр билерімен бірге кеңестерде елдің игі істерін бірге ақылдасқаны айтылады. « Ержәнібек » романында Ботақара ауылының Нұра бойында өткізген немересі Нұраға жасаған дабыралы тойы және бәйгеге тіккен аттары ( бәйгесі) туралы әңгіме байандалған. Ботақара батырды ертедегі ақын, жырау, бақсылар өз өлең сарындарына қосып атап өткен.
Ботақара батырдың қасиетті адам болғандығын:
« Қара Керей Қабанбай,
Қажығалы Бөгенбай.
Ботақара, Тыныбек,
Қолдай гөр ата Жәнібек. »
Деп қасиетті батырлардың атарын бір - бірлеп дізіп айтатын оны бақсы сарынынан да кездестіруге болады.
Бүгінгі күндерде де көне көз қарттарымыз ауыз екі әңгімесінде Ботақараның ақылгөй, батыр, би болғаны, немерелері мен шөбелерінің аттарының көбі қоныстанған жерлердің атымен аталғандығын әңгімелеп отырады. Ботақара ауылдары Еділ, Есіл, Нұра өзеннің маңында отырғанда туылған балаларды Еділ, Нұра, Есілбай, Теңізбай деп, сол жер атымен қойған деседі. Айталық Ботақара батырдың немересінің аты « Нұра » , әне сол Нұра өзенімен аталған. Нұра бойын Ботақара ауылдары бір мезгіл қоныс еткен. Қазыр Қарағанды облысына қарасты Нұра өңірінде « Ботақара » атты көне зираттар шоғыры, көл, тау аттары болуы да сонау тым ертеден сыр шертеді. Бұл жерлер өз заманында Ботақара батыр бір мезгіл мекен еткен қоныстар. Батыр бабамыз батырлығымен, шешендігімен, өзіне біткен байлық, дәулетімен ел арасында ықпалды болып, ел жұртын берекеге шақыра білген. Ел басына ауыр күндер түскен кезде де, батыр бабамыз майдан шебіне басқа батырлармен бірге аттанып ел намысын бірге қорғаса, ел ішіндегі даулы істерге әділ шешім айтып, жұрт көңілінен шығып, ел бірлігін қорғай білген шарапатты адам болған. Біз бұған күмән келтіре алмаймыз, арыдан жеткен бір бөлім құнды шежірелік деректер батырдың осындай қасиеттерін әйгілеп отыр. Ботақараның бұрынғы қоныстарындағы жер, су аттарының батыр бабамыздың атымен қалыптасуы бізге үлкен мерей! Кейінгі ұрпақтарға өнеге ету үшін, Ботақара батыр бабамыздың асыл қасиеттері туралы жалғасты ізденістермен зерттеулер жүргізуді орынды, игі жұмыстардың бірі деп білеміз. Соңында:
- Ақ сауыт деп айтамыз,
Атқанда оқ өтпесе.
Арғымақ деп айтамыз,
Шапқанда жылқы жетпесе.
Ақылды деп айтамыз,
Тозған елді септесе.
Ер жігіт деп айтамыз,
Жауға тастап кетпесе! Деген Қазақтың дана қарты Шоң бидің ақылиасымен сөзімізді тамамдаймыз.

2016 жылы шілде


2016 жылы қарашада шыққан « БОТАҚАРА ШЕЖІРЕСІНЕН » Кирил әрпіне түсірген:

Талапбек АЗАНБАЙ

2023 жыл 18 қыркүйек