Бас асудың, табақ тартудың да өзіндік заңдылығы бар. Баспен қосып, кәделі жілікпен қоса қазанға мойын, жақ, жұмыр салынады. Алайда жақ пен мойын баспен бірге асылғанымен, сый табаққа қосылмай, қазан ұстаған әйелдердің табағында қалады. Қазақтың «бас пен жақты айырма», «бас пен мойынды бөлме» деген сөзі осыған қаратылған. Жіліктің безін алмай табақ тарту, сый табаққа тоқпан жілік, бұғана қосып тарту, бұғананы балаға беру надандықтың, көргенсіздік, жетесіздіктің белгісі саналады. Бұрын жіліктің безін алмай табақ тартқандар ат, шапан айыпқа жығылған. Ал тоқпан жілікті сый табаққа қосса, «тоқал қатын жемейтін тоқбас жілікті тартып қорладың» (қырғыздар күң жілік беріп құл қылдың деп ренжиді), «бұғана беріп кемсіттің» деп көңілге қатты алады.

Бас тартқан кезде бастың маңдайын қасқалап тіліп қояды. Бұл басымызға бас қосылсын, маңдаймыз ашық болсын деген ниеттен туған. Басты қонақтың алдына қойғанда, бастың тұмсығы төрде отырған қонақтың жасы ең үлкеніне немесе сыйлысына қаратып қояды. Қазақ арасында «әкесі тірі адам бас ұстамайды» деген сөз де бар. Сондай-ақ бас қосылған табақты қонақтың алдына әйел адам апарып қоймайды. Бұл жөнінде Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабында мынадай мысал келтірілген: «Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастархан басына отырдық. Байқаймын, атаның (Бауыржан Момышұлы) қабағы салқын. Бір кезде «Дастарханың толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе, «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім» дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім. «Ол не, папа?» деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі: «Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі – осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «Ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын деген ізгі тілек…».

Бақсақ, мұнда қазақтың бас тартуға қатысты тұнып тұрған мәдениеті жатыр. Бірақ басын ашып айтатын бір нәрсе, бастың тісін қағу бүкіл қазаққа ортақ дәстүр емес. Қазақстанның өзінде кейбір өңірлерде бастың тісін қақса, кейбір өңірлерде (мысалы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан) тісін қақпайды. Бұған жазушы Сәдібек Түгелдің «Шығыста табаққа тартылған бастың тісін қақпайды. Керісінше сыйлы қонақтың алдына тісі қағылған бас қойсаң, басқаша түсінеді, әуелі ренжиді. Қытай, Моңғолия қазақтары да қақпайды» деген сөзі айғақ.

– Моңғолия қазақтарында атам заманнан бері бастың тісін қағатын дәстүр жоқ. «Бастың тісін қақпау – іштегі қыжылды білдіреді, малдың тісін қақпау – тазалықсыздықтың белгісі» деген сөзді біз Қазақстаннан естдік. Алайда мұны бүкіл қазаққа ортақ дәстүр (ырым) деуге келмейді. Бұл бір өңір, бірер ру деңгейінде ғана қалыптасқан әдет деуге болады. Осыдан бір қанша жыл бұрын қазақстандық бір жазушы Өлгейге келіп, кейін «Моңғолдың қазақтары бастың тісін қақпайды екен» деп сөгіп қайтты. Өлгей ғана емес, Қытайға барса да бастың тісін қақпайды. Бұл екі елде 2 миллионға жуық қандасымыз отыр. Неге оларда мұндай салт жоқ?! Біз де Шығыс Қазақстанда, Батыс Қазақстанда қонақта болдық. Бастың тісін қақпай тартты. Осы тұрғыдан алғанда, бастың тісін қағу жалпы қазаққа ортақ дәстүр емес, сондықтан «маған бастың тісін қағып тартты» немесе «қақпай тартты» деп ырымдап, сөгудің қажеті жоқ, – дейді Моңғолия қазақтарынан шыққан этнограф, жазушы Шынай Рахметұлы.

Шынымен де біз білетін Қытай қазақтары мен Моңғолия, Түркия қазақтарында да мұндай салт жоқ. Керісінше бұл елдерде бас­тың тісін қағып әкелу басқаша мағына береді. Атап айтқанда, бастың тісі жоқ болса, «тісі төгілген кәрі қой сойыпты» немесе «алдыма тісі қағылған бас қойып, аяғыңды аңдып баспасаң, тісіңді қағып аламын» деп сес көрсетті деп түсінеді. Сосын да бұл елдерде қонаққа қой сойғанда, құлағы, тісі бүтін мал союға тырысады.

Демек, бастың тісін қағуды бүкіл халықтық сипат алған дәстүр ретінде қараудың қажеті жоқ. «Әр елдің салты басқа, иттері қарақасқа» дегендей, «бізде осылай еді» деп реніш танытудың орнына әр өңірдің, әр елдің ұстанған жол-жоралғысына да құрметпен қараған дұрыс.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

«Астана ақшамы» газетінен алынды

6alash ұсынады